» » » Мұражай – құндылықтар ордасы

Мұражай – құндылықтар ордасы


Адам баласының өмірінің өткенін танытуда мұражай үлкен рөл атқарады. Өзім Жаңақорған өлкетану музейіне арнайы барып, ерекше әсерге бөлендім. Тарих беттерінен оқып білген халқымыздың өткені мен салт-дәстүрін, мәдениетін көзбен көріп, тегімізді танытатын төл мұралар мен бүгінге шашауы шықпай жеткен жауҺарлы жәдігерлер сақталған баға жетпес құндылықтарға куә болдым.


Жаңақорған аудандық өлке­тану музейінде қаншама жақұт жауһар­лар сақталып тұр. Әсіресе, ұлт­тық бұйымдардың әрбір ою-өрнегі халқымыздың озық мәдениетінен сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Ертеректе бойжеткендердің тұтынған сәндік әшекейлеріне қарап-ақ оның жасын, тұрмыстағы келіншек немесе айттырылған ару екенін сөзсіз ұққан деседі. Музейге кіргенде көзіме оттай басылғаны бай қызының арты­нан келген жасауы десем болады. Таза күмістен соғылған тұмар, алқа, сырға, шашбау мен жүзігі де ерекше үйлесімділікпен жасалғаны көрініп тұр. Қаншама жылдар өтсе де құндылығын жоймай, керісін­ше бағасы арта түскен әшекейдің әдемілігі қызықтырмай қоймайды.
Ата-бабаларымыз қыз баланы қонағындай құрмет тұтып, сый көрсеткен. Халқымыз «қыз – жат жұрттық» деген түсінікпен оның барған жерінде абыройлы болып, тастай батып, судай сіңгенін қалайды. Сондықтан қазақ халқы ерте кезден қыз жасауына зор мән бергені­не осындай құндылықтарға қарап та­ғы көзімізді жеткізе түсеміз. Қыз баланың мәртебесі оның зергерлік бұйымдары мен киім-кешегіне қарай бағаланғанын тарих беттерінен оқып жүрміз. Расында, зергерлік әшекей бұйымдар байлық пен сәндік белгі­сі ғана емес, ұлттық құндылықтар мәдениетінің ажырамас бөлігі деуге болады.
Музейге арнайы барған сапа­рымда мұражай басшысы Ажар Жанаева апайға осы құндылықтар төңірегінде көкейімдегі сұрақтар­ды қойып, бұрын-соңды естімеген тың деректерді білгенде тарихи мекенге деген қызығушылығым арта түсті.
«Музей – біздің баға жетпес мол мұрамыз. Өзің сияқты жас өрендер жиі келіп, тарихи жәдігерлермен танысып кетеді. Мына, алдыңда тұрған бай қызының жа­сауы. Таза күмістен, арнайы жасал­ған зергерлік бұйым. Ата-бабамыз­дың көзіндей болған бұл жауһар жәдігерлерді сақтау – біздің негізгі міндетіміз» деген сөзін естігенде өткен тарихқа құрметім арта түсті.
Меніңше, музей тек құндылықтар сақтайтын орын ғана емес, өткен мен болашақты жалғастырушы мекен. Елдің өткені, бүгіні, болашағы осы мұражай арқылы танылады. Біз мұражай арқылы тарихымызды, өз-өзімізді танимыз.

Тасан Дидар,
Билібай ауылы №255 орта мектебі, 9 сынып оқушысы

02 сәуір 2024 ж. 385 0