№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Түгіскен төріндегі мереке

Түгіскен төріндегі мереке

Наурыз – барша түркі жұрты ғасырдан ғасырға ұластыра тойлап келе жатқан ұлттық мереке. Көктем келіп, наурыз айы басталғаннан-ақ жер беті жаңарып, төрт түлік қысқы түгін тастап,қайта түлейді. Қысқы ұйқыдан мүлгіп оянған қара жерге де жан біткендей боп бәйшешек бас көтеріп, қырлардан қызғалдақ көріне бастайды.

Күлімдеп кірген кербез көктем көңілге қоса еніп, адамзатқа үміт сыйлап, тіршіліктің тынысын ашады. Осылайша бар жақсылық атаулының жаршысы болған - әз Наурыз алдағы молшылықтың нышанын сүйіншілей жеткізеді. Ұлттық мәдениетіміздің биік шыңының көрінісін бейнелеп, ерекше құрметпен аталып өтілетін наурыз мейрамы қарсаңында Түгіскен ауылында да салтанатты шара өткізілді. Мерекелік шараны ауыл әкімі Серік Туғанбаев ашып, ізгі тілегін білдірді.
– Әз-Наурыз – ата-бабамыздың ерте­рек кездегі қиын қыстаудан, аяусыз соғатын аяздағы небір әбігерлерден аман-есен шыққан соң, көктемдегі күн шуағымен көңіл жадыратып, тіршіліктің қайнайтын кезеңін, егін мен астықтың молшылығын тілеп, жылы жүзбен жағдай сұрасқан бауырмал халқымыздың ұлттық міне­зіне куә болатын мерейлі мереке. Жер жүзіне көк бітіп, мал төлдеп марқайтқан, егін егіліп үмітке үміт жалғаған қуаныш тойдың орны қашан да биік. Жаңа жылымыз­дағы несібеміз артып, тоқшылықта болайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш боп татулықта күн кешейік”, – деді ауыл әкімі.
Ауыл әкімінің ақ тілегінен кейін ауыл ақсақалдары ниет-лебізі мен ақ батасын беріп, салтанатты шара әсем ән мен мың бұралған биге ұласты. Ауылдық клуб үйінің ұйымдастыруымен өткен шара барысында ауылымыздағы балабақшалар мен мектептер арасында тартысты сайыстар өтіп белгіленген төрелік етушілердің бес балдық бағалауымен қорытындыланып отырды. Өз өнерлерін ортаға салып, сайысқа түскен балабақша ұжымдары әр түрлі көріністер көрсетіп көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Тартысты сайыс нәтижесінде “Рауан” балабақшасы бас жүлдені жеңіп, “Асылназ”, “Рауғаш”, “Айдана”, “Сағыныш” балабақшалары мен мектеп ұжымдары әр түрлі номинациялар алып, тиісті жүлделермен марапатталды. Клуб үйіндегі арнайы концерттік бағдарламадан кейін ауыл әкімдігінің ғимаратында ақ дастархан жайылып, қонақтарға ас ұсынылды. Бірлік пен татулықтың символы болған наурыз көжеден бастап, қазақтың ұлттық тағамдарына дейін ас мәзірінде болып, ауыл халқына сый-құрмет жасалды. Ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, қос етекті көйлек пен ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безіндірілген камзол киінген қыз-келіншектер де мерейлі мерекеде сән түзеп, көрер көзге әсемдік пен әдемілікті баса бейнеледі. Алаңға жиналған ауыл жастарының жүзінен қуаныштың лебі еседі. Алтыбақан аясында әуелете ән салып, құрбы-достарымен төл мерекенің қызығына куә болған мектеп оқушыларының жүзінен төгілген шаттық нұры да шырайлы көктем мерекесіндегі көңіл-күйді көрсетіп тұр. Төл мерекеге түгел жиналған ауыл жұртына ынтымақ пен береке тілеп, той тойға ұлассын дейміз.

Жәмила ЕРМАХАН
23 наурыз 2024 ж. 314 0