№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бақ қонған бәйтерек

Бақ қонған бәйтерек

Жас ақындар мүшайрасы осы тақырыпта өтті
Ақпан айына жоспарланған ақындар мүшайрасының түрлі себептермен жылжып-жылжып келіп, нақ осы атаулы күн – 1 наурыз – Алғыс айту күніне орайластырылуының да өзіндік хиқметі бар-ды. Ортақ отанды мекендеген барша жұртшылықтың бір-біріне риясыз алғыс айтуына арнайы белгіленген бұл күні жас толқын алдыңғы аға буынға жақұт жырдан өрген жүректегі сөзін арнап жатуы – сәтімен өрілген өнегенің, сыйдың, құрметтің белгісі.


Ақжол ауылында, яғни өзінің туған жерінде ұйымдастырылған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет», 1 дәрежелі «Барыс» ордендерінің және Ресей Федерациясының «Достық» орденінің иегері, Қызылорда, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының «Құрметті азаматы» Сапарбаев Бердібек Машбекұлын еске алуға арналған шарадан біз осындай ой түйдік.
Жаңақорған ауданы мәдениет және спорт бөлімінің қолдауы және Машбек Нәлібаев атындағы ауылдық клубының ұйымдастыруымен өткен мүшайраға қатысушылар байқаудың 1-ші кезеңінде «Сыр елінің сырбаз азаматы» тақырыбында Бердібек Сапарбаевтың өнегелі өмір жолы мен еңбегін жырға арқау етсе, екінші кезеңінде «Жырым саған арналады, туған жер!» тақырыбында өздерінің төл шығармасын оқуға мүмкіндік алды.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, көп еңбектеніп, тақырыбын жан-жақты зерделегенмен осы бір көкіректе қордаланған қорғасын ойды сараң сөзге сыйдырып, салмақты ой сабақтауда «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» орамды ой тіркестері оңайлықпен өріле салмасы анық. Содан да біріндегі: «Еңбегі оның артық болды патшадан» жар салған жадағай өлең жолдары немесе «Есімі озық шыққан аты дара, Кір келтірмес атына күйе қара» деп кете берер сыдырма сөз, зорлықпен телінген ұйқас ақындық деп аталар қасиетті өнерді кім көрінгенге қолжаулық қылуға болмайтынын ұғындырып тұрған сияқты.

Өлеңінің әрбір қатары сәтті құрылған, сөз жасамдары теңеу, образға бай, байыпты көркем тілменен аға келбетін барынша жарқыратып суреттей білген Шалқия ауылынан келген ақын қыз Айманның беталысы көрерменді қатты сүйсіндіргенін айтуға тиіспіз. Сол сияқты қосүйеңкілік Жанна Мейірбекованың жырындағы өзіндік характер, өзіндік мінез тұлға табиғатын ашуға тың сүрлеумен түрен салып, нәзік жылылығымен баурады.
Байқау қорытындысында діттеген тақырыбына жан-жақты дайындықпен келген, жүректен төгілген жыры көркемдік деңгейінің биіктігімен көп көңілін баураған жас ақын Ұланбек Бексаба туған ауылында өтіп жатқан аламанда бас бәйгені қанжығаға байлады. Бірінші орынды Шалқия кенті Мәдениет үйінің қызметкері Айман Үсенова, екінші орынды жаңақорғандық Шәкәрім Ибадуллаұлы, үшінші орынды бірліктік Мадияр Оспанов пен №110 мектеп мұғалімі Азамат Тәуекел иеленді.
Тұлғалы азаматтың өмірі мен еңбек жолын туған жердің тарихымен қоса зерделеп, өлең жолдарымен өрген жас толқынның талабына сәттілік тілеп, үлкендік батасын берген Айсара, Пәзілбек және Әлібек Нәлібаевтар жақсы адамның өзі кеткенмен кемел тіршілігі тоқтамай, халқына қызмет ете беретінін өз өмірімен дәлелдеген ғибратты тағдыр иесін жырға қосқан жас таланттарға ризашылығын бүгіп қалмады. Жүлдегерлерді лайықты сый-сыяпатпен марапаттады.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
09 наурыз 2024 ж. 450 0