Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ғасыр бәйтерегі


Ас атасы – нанды жесең – топырақ, сол топырақта жайқалып өсіп тұрған ағашты көрсең – жапырақ еске түседі. «Қарға тамырлы қазақпыз». Сәл түсініксіздеу тіркес, дұрысы – жазушы Рымғали Нұрғалиев ертеректе жазғандай, қарағай тамырлы қазақпыз ба?! Енді осы халқыңды ойыңа оралтсаң, жеті атаға дейін қыз алыспағанымыз, шырықты бұзып, көргенсіз қылық көрсетпесе, бір-бірімізге қамшы салыспағанымыз алдымен жадыңа оралады. Асылы, ақ ордалы алаш жұртын, түзген де, түзеген де – ағайын, оның ардақты азаматтары.


Жақында ғана, дәлірегі – кенеттен қайтыс болған жан досым Амангелді Әбдірахмановтың қазасына көңіл айтқалы қаңтардың 15-і күні Шиеліні бетке алып, пойызға мінгенде жеткен жайсыз хабар ауылдағы ағайынның ең жасы үлкен ағасы, тоқсан деген жастың ортан беліне көтерілген ақсақал Жолшы Мұятұлының өмірден өткені. Жүз жасайтын шығар деп жүргенбіз. Соңғы барғанымда, араға көп уақыт түсе қойған жоқ, Кәрім Құрманбекұлы екеуміз сәлем беріп шыққанымызда әлі дилы көрінген. Оны айтасыз, жағдай-жөн сұрасып қана қоймай, «Аман-сау жүріңдер, азаматтар!» деген. Бұрын сәлемдескенімізге разылық танытып, азаматтар дей қоймайтын. Осыған орай көңіліме бір алаң кірген: қатарының жоқтығына қамығу ма, амандасатын есті азаматтардың сирегеніне елеңдеу ме? Төсек тартып жатқан адамның жіиі жағдайын біліп, көңілін көтеру өте ғанибет екенін қаперімізге ала бермейтініміз шындық қой.
Жолшы ағамыздың қайтыс болғанын естігенде осы бір жәйт қана емес, талай-талай өткен өмір көріністері көз алдымнан кино кадрларындай елестеп өте берген-ді.
Орта ғасырлардағы Көккесене жұрты қирағаннан кейін (бұл жерде қалашық та, аттас көл де болған деседі) әрине, кеңес өкіметі кезінде «Қандыарал», Молотов атындағы, «Коммунизм» елді мекендері орнаса керек. Біздер жетіжылдық мектеп бастауышқа қысқарып қалуына байланысты «Жайылымадан» қоныс аударсақ, бұл кісілер – Аят, Мұят, тағы басқа ағайындар шаңырақтары жоғары жақтан (Өзбекстан, бәлкім Жетісай жерінен) көшіп келген. Шамамен 1959-1960 жылдары. Әсіресе етжеңді, мол денелі, ақсары Мұят атам ұмытылмайды, әуелі еске түседі.
Тұтас бір буын-ұрпақ сол кісінің арқасында кімнің кім екенін, жеті атасын біліп өсті десем қателеспеймін. Ол кезде қазақы әдет-ғұрып, тәрбие әсері күшті. Бесігімізден сіңген. Сондықтан да үлкен кісілердің алдын кеспеу, көргенде сәлем беру – міндет. Солай болса да өз басым Мұят атам кездесіп қалмаса екен деп қашқақтайтынмын.
– Ассалаумағалейкүм, ата!
– Уәлейкүм ассалам, балам. Бар бол, таудай бол. Сен енді мынаны айтшы. Кімнің баласысың?
– Сарбаланың.
– Ол кімнің баласы?
– Тоғызбайдың...
Осылайша Мұят атамыз жеті атамызды түгендетпей тынбайды. Қателессең, түзейді. Соңында:
– Ау, Бақыт балам. Сарбала өмірден қайтқалы көп болды ғой. Ол атаңды көрген де жоқсың. Шыныңды айтшы, кімнің баласысың? Сен осы бояма емессің бе!
– Жоқ, мен – Сарбаланың баласымын.
Былай шыққан соң, әрине, ойланасың.
Бірақ ол кездегі балалар тым аңғал, адал болатын. Мен бала кезімде Сарбаланың баласы екеніме сенетінмін. Күдікті сеніту үшін үйге келгенде Зауыткүл әжемнен сұраймын.
– Атам жоқ. Жасың келген әжесің. Сонда мені қалай туғансың?
– «Аһ!» дегенде аузымнан түсіп қалғасың...
Мектепке бармаған балаң шақта осыған сенгенімді қалай жасырайын. Әрине, кейін өсе келе немерелердің ең үлкені болғандықтан әжемнің бауырына басқанын түсіндік.
Екінші айтарым – Жолшы ағамыздың отбасымен біздер құдайы көрші болып тұрдық. Мұят атамызға қоса әжемізді де көрдік. «Коммунизмге» мен 7 классты оқитын жылы көшіп келсек, шамасы, сол кезде де менің тарихқа құлағым түрік, алғаш Жолшы ағамыздың атын естіп, өзін көргенімде есіме бірден әйгілі Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы Жошы ойыма оралды. Өйткені, оның атының түп негізі де – Жолшы. Жол үстінде туғандықтан осындай ат қойылған. Ал, мына көкеміздің ныспысының да Өзбекстанда көшіп-қонып жолда жүргенде туғандықтан осылай қойылған. Орталау мектеп қабырғасында жүргенде естіп-білгендіктен, неге екенін қайдам, атақты Алтын Орданың негізін қалау­шы Жошының дене бітімі осы Жол­шы көкеміздей-ақ болған шығар деп ойлайтынмын. Егер ағамыз сол заманда туғанда дана қолбасшы болмағанмен, бір батыр, қайратты сарбаз болатыны күмәнсіз деп сенетінмін. Өзі де ірі, сөзі де ірі, адамның ісі де, ізі де ірі болмауы мүмкін еместей.
Кеңес өкіметі руға бөліну – артта қалғандық, байлар-қанаушы тап өкілдері, қазақ оқымаған, надан халық деп оқытып, тәрбиеледі ғой. Сүйікті Коммунистік партия басшылығынсыз күн көре алмаймыз деген насихатқа сеніп өссек те, өз еңбегімен байыса, байлар неге жаман болуы керек, адамзаттың арманы – жарылысы мен байы тең, биігі мен сайы тең нұрлы қоғам құру болса, жерім, елім деп ғұмыр кешкен бек, би, бай, болыстарды бір қалыпқа салып, жамандай беру әділетсіздік қой деген күдік те бас көтеретін. Оның үстіне эпостық жырдағы қыз Жібектің көші, сән-салтанаты қандай?! Ертөстіктер мен Алпамыстар жауды жеңіп, бай болып, мұратына жетсе, біздерге де осылай ер болу, ел болу – асыл арман, асқақ мұрат емес пе?!
Жолшы Мұятұлының шаңырағының Кеңес өкіметі кезінде де бақуатты болуы, еліміз егемендік алған кезде бай болуы – осындай шындықтың айғағы. Тақырбас Никита Хрущев кезіндегі құбылу, әпербақандық жайлы, келісті кісі Леонид Брежнев кезеңіндегі мамыражай тыныш өмір Жолшы ағамыз еңбегін еселеді, байлығын арттырды. Абай айтқан қос қасиет-құдірет: Ақыл мен Еңбек Жолшы әулетін өсірді, өндірді, байытты. Бұларға «жылы жүрек», таудай талап, қанағат, терең ой, рахым да қосылатыны өзінен-өзі түсінікті. Мұның бәрін жинақтап, саралағанда Жолшы Мұятұлының аталмыш абыз ақынымыз айтқандай, төрт құбыласы түгел толық, кемел адамға да жататыны күмәнсіз. Әттең, оқымаған, жоғары білім алмаған. Солай болса да бұл ағамыздың XIX ғасырдағы көшбасшы, кемеңгер болысы, ел ағасы Нәлібай атамыздың ізін өшірмей, ісін жалғастырып (өз отбасы, ағайын арасында) абыройын төмендетпеуі – кемел кісілік емес пе?!
Бұған айдай анық мысал – 1992 жылы ата-баба қонысында, бүгінгі Қожамберді қонысында бір бабадан тараған ағайын – құйысқансыздардың бас қосуын, заманға сай жиын-мәслихатын өткізуі. Оған қанша адам келді? 2 мың ба, 3 мың ба? Мен санамалай-ақ қояйын, көзі көрген куәгерлер әлі бар. Ауылдастар қол ұшын беріп, қызмет жасап көмектескен-ақ шығар, алайда ауыр жүкті Жолшы ағамыздың отбасы бір өздері көтергені ердің тірлігі, қам-қаракеті ғой?!
Ағамыз әттең жоғары білім алмаған, қызмет істеп, билікке араласпаған деп өкінеміз ғой. Бұл да орынды. Алайда Аят-Мұят әулетінің басқа елде жүргенде оқуға, тоқуға жағдайы болмағаны анық. Атажұртқа оралғанда кеш болды. Үй болып, түтін түзеткен соң, отбасын, үйілмелі-сүйілмелі бала-шағаны бағып-қағу керек. Ағамыз бұл жағынан кеш қалды ма? Жоқ. Қайта қатарынан озды. Мыңғырған малы бар, өсіп-өнген жаны бар атақты ел ағасы Нәлібайдың бір әулеті болуға қолын созды. Қолы жетті. Жолы ел ағалығына жалғасты. Рас, бұл кісінің міні де бар шығар. Тіпті көп шығар. Алайда ағалығы, кейінгі жұртқа жағалығы басып түсіп жатса, майда шүйде міндер көрінбей де қалады. Елеуге тұрмайды. Міне, сондықтан Жолшы көкеміз көбінесе жөн сөз, жақсы төрелік лебіз айтып жүрді.
Мысал керек пе?
Осыдан төрт-бес жыл бұрын барғанымда көшелі, елдік сөзіне куә болғанмын.
– Бақыт, сенің нағашыларың шала­қожалар қазір қожаларға айналып, таза қожа болып жүр екен. Бұл дұрыс емес, шындыққа да сәйкес емес қой. Жалған шежіре, тарихты бұрмалау кімге керек? Ана бір басшы болып жүргендеріне айтып тастадым, – деп еді.
Жолшы ағамыздың мұндай жөн лебіздерге, елге ағалық, жұртқа жағалық сөздері көп-ақ. Әрине, оны жазып алып, жинап жүрген ұрпақ жоқ. Күнделікті сөздер, үлгереміз деп ойлаймыз.
Бір жолыққанда Сарбалаұлы Жүрсін ағасы-бауырына қатысты мына бір әңгімені сүйсініп, есте болсын дегендей айтып еді.
Шамасы, әкеміз Тұрсын Сарбалаұлы қайтыс болған уақыт. Оның отбасына сыймаған жұрт көрші үйлерге жайғасады. Ас-тамақ сол үйлерге беріледі. Біздің әулеттің құдалары: Жақсыбайдың қайын атасы Әбдіжүсіп, Боранбайдың қайын атасы Оспан осы Жолшы ағамыз шаңырағында ет жеп, шай ішеді. Жандарында – құдалары Жүрсін бар. Ет желініп болған соң, әңгімеге де кезек тиеді. Алдымен Семейден келген құда Әбдіжүсіп сөз бастайды.
– Мен Арғынның Қаракесегі ішінде Шормын. Құдайдан да зормын, - дейді.
Бұдан кейін сөзге кіріскен Ақтаудан келген Оспан құда:
– Өздеріңізге де таныс сөз шығар, мен «Танысыңдар – адайыңмын, танымасаңдар – құдайыңмын! – дейді.
Мұндай керемет сөздерді естіген Жүрсін көкеміз де қалыс қалмайды. Арқасы қызса керек:
– Жақсы сөз айттыңыздар, құдалар! Ризамын. Алайда біздер де қаражаяу емеспіз. «Ердің жақсы болмағы – нағашыдан» деген мақал бар. Мен өзімді алға тартпай-ақ, нағашымды таныстырайын. Сунақтың ішіндегі Аташ. Туған нағашым – соның ішіндегі Жөлекбай. Өзі – батыр, әрі диқан болыпты. Жаумен алысқанда жағасын жыртатынын айтпай-ақ, қауындық жерді шапқанда кетпенінен жарқылдап от шығады екен. Сондықтан да сол кісіден: «Қарсы келген көк жауды, қайырып қойдай айдаймын». – Мен кетпенді шапқанда, Көктен түскен жайдаймын», – деген сөз қалыпты.
– Уәжіңізге ризамыз. Нағашыңыз мұндай болғанда өзіңіз қандай бол­мақсыз, – деп қос құда сөзге тоқтаған екен.
Сау-саламат жер басып жүрген саналы пенденің ең басты міндеті – Адам болып өмір сүру болса, соның атқарылуы, орындалуы ата-баба жолын жалғастырар ұрпақ өсіруден де көрінбек. Қажетінше ас ішіп, аяқ босату – тірі жүруіңнің, еңбек етуіңнің негізгі арқауы десек те, сол тірі жүруіңнің, ғұмыр кешуіңнің мән мағынасы – жұбыңды тауып, ұл-қыз өрбітуіңнен көрінеді. Тіпті жаратушы Алла тағаланың адам баласына жүктеген бірінші миссия міндеті де осы шығар. Мұны халқымыз «Балалы үй базар, баласыз үй – ма­зар» деп бір-ақ ауыз сөзбен керемет айқындаған ғой.
Жолшы Мұятұлының отбасы – біз білгелі базар. Жұмагүл жеңгеміз екеуі жарық өмірге 10 ұл-қыз әкеліпті. Бүгінгі дәстүрге бағып санамалап жатқанымызбен Құдайдың бергені. Аз да емес, көп те емес. Зулап бара жатқан өмір күні кеше ғана үбірлі-шүбірлі бала еді, бүгінде олардың өздері де – әке-шеше, алды әже-ата болып та үлгеріпті.
Қазақта: «Әкенің малы балаға мал болмайды» деген де қанатты сөз бар. Алайда әкенің дәулеті неге ұлға дәулет болмасын ұл жақсы, еңбекқор болса. Мұят атадан қалған, Жолшы әке молайтқан төрт түлік малды, дәулетті Сәбит қаншалықты көбейтті, мен оны білмеймін, алайда соны төгіп-шашпай, қарашаңырақта қалған ұл жұтатпай сақтағаны – ақиқат. Осының бәріне ие болып, үдесінен шығу – тек Сәбиттің қолынан келген іс. Керемет еңбекқор. Ал, мұндайғы риза болмау, Сәбитке тілектестік білдірмеу – ердің мінезі, елдің мүддесі емес.
Айтпақшы, Сәбиттің есімінен мен үшін, тіпті түсіне білсе ел үшін де бір рухани тәлім-тәрбие сабақталады. Кәдімгі «Сәбит Мұқанов советтік сөзге қаламы көрмеген әсте мұқалып», кеңестік дәуірдің бір ұлы қалам қайраткері. Жолшы Мұятұлы шаңырағында – көкеміз сөзге жақын ба, әлде жеңгеміз Жұмакүлдің жүрегі ақын ба – кілең жазушылар есімдері ұлдарға еншіленеді. Ғабит. Атақты Ғабит Мүсіреповтің аты. Жамбыл. Жүз жасаған ұлы жырау Жабаевтың ныспысы. Араларында Кеңес одағыны екі рет батыры Бигелдиновтың ардақты есімі де бар. Бұған 23 жасында жұлдыздай ағып өткен комжасодақ көсемі, шынайы алашшыл қайраткер Мұратбаев Ғанидың құрметіне қойылған Ғани Жолшыұлын қоссақ, ардақты батыр ана Жұмакүл жеңгеміз перзенттері түгелденеді. Бұларды да әуелі өзім танысып, оқырманға табыстырып жатсам артық емес екені анық.
Жолшы Мұятұлы әулеті немере, шөберелермен толығып-молығып жат­қандықтан, бұл көкеміз де бір бұтақтары найқалған жапырағы жайқалған Мәуелі алып-шынар Ғасырға жуық замана Бәйтерегі. Ерлерге ағалығын, ағайын, айнала жұртқа жағалығын айтпағанда Жұмакүл жеңгемізбен бірге қазақ халқының өсіп-өркендеуіне қосқан осы демографиялық үлесінің өзі – ұмылтылмас ұлағат, қаламгерлер жазар хикая, жырлардың жүгі ғой.
Қайсы бір адам баласы да бақты, жақты, тақты болу үшін жаралған. Өйткені, ақылман абыз ақынымыз Абай Алла тағала «Махаббатпен жаратқан адамзатты...» Нақ осы себептен де өлшеніп берілген өмірде жүз жылдық ғұмыр кешу түгіл жүз күндік жарық сәуле жұтудың өзі де бақыт. Гәп – әділетті өлшемде, мағыналы махаббатқа жақсылыққа, толы күн кешуде. Алайда осы мейір-махаббат, пейіл-жақсылықтың кұн-қажеті неде?! Мұның қыры, сыры, қайталауға сайса да анықтау парыз – адамдық Арда жатса керек. Ажырамайтын егізін қоссақ, намыста. Қайран ата-бабалар сондықтан да «Малын – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп айтса керек. Десек те адамдар сан түрлі. Біреулерге – жан-қайғы болса, біреулерге – мал қайғы. Кемелдерге ұлылық – бақ болса, немелдерге ұрлық – бақыт. Ақиқат осыған сайғанмен. Ар-намыс алдында бәрі шегінеді, көбі жеңіледі. Мұның үстіне жеке бастық ар-намыстың ағайындық, елдік, ұлттық ар-намысқа ұласары бар.
Мақаламды аяқтауға жақындағанда мұндай биік өре, салмақты өнегелі өрістің көлденеңдеуінің де себебі бар. Жолшы ағамыз соңғы жылдарда жолыққанда ауылдық, ағайындық мәселелерді былай қойып, аймақтық көлеміндегі тақырыптарды қозғайтыны бар еді. Мұнысы көбіне – көп «ердің атын ел шығаратынына, елдің атын ер шығаратынына соғатыны» бар еді. Мемлекетіміздің дамуы, деңгейі қалай? Қытай мен орыстан қауіп қатер жоқ па?! Ағайыннан шыққан бүгінгі бек, билердің өзгелерге қарағанда неге еңсесі төмен? Соған орай адамдық өкінішімізді да айтайын. Біздерге көбінесе көңілі толмайтын Жолшы ағамыз бабасы Қожамберді батырға еңселі ескерткіш бой көтеріп, ас бергенде арқа­ланып, алғыс айтқанына куә болып едік. «Жарайсыңдар, азаматтарым! Ай­наладағы ағайыннан мерейіңізді асырдыңдар!» деп разы болғанды.
Жә, бұл жерде мәселе туған ау­данымыздағы ағайындармен жары­сып, таласуда Қаратаудың Шоқмазары төбесінен жан-жаққа көз жеткенге мәз болмай, Алатау, Астана шыңына көтеріліп, жан-жаққа: елдерге, ер­лерге қарасуда. Кешегі Мырзан би, Алаш арысы Серқұл Алдаберген ұлын ұмытпай, Өзбекстанда мақта комбайнын жасаған ғалым Алтынбек Нұралиев, жер жүзі қазақтарына қаламгерлігі­мен де, қайраткерлігімен мәшһүр Қалдарбек Найманбаев іздерін, істерін жалғастыруда.
Мұндай сөзді қозғауға, әрине, кешегі атақты болыс Нәлібай, оның балалары Аят болыс, ел ағасы Мұят аталарымыз тектілігі, бүгінгі Бақыт Мұятұлы, басқаларға жалғасқан са­бақтастық бір себеп. Екінші себеп – бұл әулеттің ежелден малды, жанды, құтты шаңырақтар екендігі. Қыдыр қолдаса, қойшы да оқ жонады. Бақ қонса, бақташы да атқа мінеді. Береке бар жерде тірлік қана емес, елдік-бірлік - ірілікте бар. Құдайға шүкір, Жолшы Мұятұлы әулеті – бақ қонған, қыдыр дарыған, береке орнаған әулет. Бұл – бір менің ғана пікірім емес, көп мойындаған шындық. Құдайым содан айырмасын. Жолшы Мұятұлы әулетіндегі бүгінгі бас, орта, жас буындағы ешкімнің қанатын қайырмасын.
Бұрынырақта бір әділ, жұртының қамын ойлаған патша болыпты. Сол өз уәзірлерінің билігін асыра пайдаланып, бір сәулетті моншаға барып, суға түсіп, рахаттанып демалып жүргенін естиді. Осыны анықтап, рас болса уәзірлерін жазалау үшін бір күні қарапайым киініп сол моншаға барады. Күзетшісі: «Мұнда үлкен кісілер – патшаның уәзірлері жуынып жатыр» - деп кіргізе қоймайды. Мүсәпір кісі екенін айтып, жалынып-жалпайып әрең ішіне енеді. Қарапайым адамдарға арналған жуынатын бір бөлмесіне енсе, онда бір тақуа кісі отыр екен. Әлгінің қанағатшылыдығы ұнап, әңгімелері жарасады. Оған риза болған патша «Келіңіз, мен арқаңызды ысып берейін» - деп жөкесін алып, ысқылауға кіріседі. Содан соң патша тақуаға:
– Көрмейсің бе, анау сән-салтанатты үлкен бөлмеде патшаның уәзірлері жуынып жатыр. Оларға жақсы, рахат қой, - дейді. Сонда тақуа:
– Қайтесің олардың мансаптық бағын қызғанып, Адамнан келген бақ бір жел соқса, ұшып кетеді. Жаратушы Тәңірден тіле. Тәңірім қабыл алса, бақ берсе, патшаның өзі моншада арқаңды ысып береді, - депті. Сонда патшаның қолындағы құмырасы жерге түсіп кетіпті...
Өзіңіз арыңды сақтап, ақылыңды жұмсап, еселі еңбек етсең, онда Тәңірдің тілегіңді қабыл алары хақ. «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректің» (Абай) алмас қамалы жоқ, жеткізбес амалы жоқ. Жолшы Мұятұлы әулетінің ізін басып, жарқын жолын жалғастырып білсе, жаңа жас ұрпақ арасынан әртүрлі өмір саласында көзге түсер асқар Белдер, еліне еңбек етер Ерлер шығатынына күмән кем.

Бақыт Сарбалаұлы,
қаламгер, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері

17 ақпан 2024 ж. 913 0