№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Наурыз күні істелетін ғұрыптар

Наурыз күні істелетін ғұрыптар

Наурыз күніел-жұрт "Ұлыстың ұлы күні" деп орындарынан ерте тұрады. Ерлер қолдарына кетпен-күрек, қыз-келіншектер әртүрлі азық-түлік, сусын алып далаға шығады да, "бастау көрсең көзін аш" деп, төңіректегі бұлақтардың көзін тазалайды. Қариялар "атаңнан мал қалғанша - тал қалсын", "бір тал кессең, Наурыз күні он тал ек" деп, өзен мен бұлақ бойларына ағаш егеді. Әжелер шығып келе жатқан күнге тәуәп қылып: "Армысың, қайырымды Күн-ана!" деп, күнге иіліп сәлем береді. Одан соң "кеудесі түкті, жан-жануар, өсімдікке жүкті Жер-ана, құт дарыт, жарылқа!" деп, аршылған бұлақ көздеріне май тамызып, жаңа отырғызылған ағаштарға ақ бүркеді.

Қазақ халқы Наурыз күнін береке мен мерекенің, қуаныш пен шаттықтың күні және қара жердің иіген қасиетті күні есептейтіндіктен, бұл күні ешкім түс шайысып, бет жыртыспайды. Хан мен қараның, шал мен баланың терезесі теңеліп, бір дастарханда қатар отырып тамақтанып, күліп-ойнап көңіл көтереді. Өкпе-реніш, тіпті, өткен өш, кеткен кек кешіріледі. Суық сөз, сумақы қылық доғарылады. Ақсақалдар мен билер көк төбеге жайылған "береке дастарханы" үстінде бас қосып:
– Ал, ағайын, ақылдасайық! Арамызда жарым көңіл жесір, шер көкірек жетім жоқ па, кемдік, қорлық көріп жүрген кімдер бар? - деп, ел ішінде азып-тозып жүргендерге ақыл-көмек көрсетеді. Араздасып, бір-біріне қырын қарап жүрген адамдар мен ауылдарды бір араға бастарын қосып, береке дастарханынан дәм татқызып татуластырады.
Одан соң: "Қисыны келмей, үйлене алмай жүрген кімдер бар? Қатын-баласын аздырып, отбасын тоздырып жүргендер бар ма?" - деп сұрау салып, үйлене алмай жүргендерді үйлендіріп, берекесі кеткендерді жөнге салып, кейбір жетім-жесірлерге отау көтеріп береді. Одан кейін "бетке салық, сүйекке таңба болмасын" деп әл-ауқаты нашарлап, қайыршылық шегіне жеткен кедей, мүгедек жандарды ауқатты, бардам кісілерге және туыс-туғандарына бағып-қағуға тапсырып, түрлі пәле-қаза, өрт, жұт және нәубат, зұлыматқа ұшырағандарға жылу жиып беріп, олардың отбасы тыныш, бала-шағаларының бақытты өмір өткізуіне мүмкіндік жасап береді.
Ал, сотқар-сотанақтар мен ел ішіне ірткі салған басбұзарларды көп талқысына салып тектеп, жақсы адам болу жөнінде олардың аузынан көп алдына уәде-серт алады, тіпті ант ішкізеді. Сөйтіп, наурыз күнін мереке мен қуаныштың, береке мен бірліктің, татулық пен достықтың күніне айналдырады.
18 наурыз 2019 ж. 741 0