№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ғасыр адамы

Қазақта «отызда орда бұзбаған, қырқында қырға шыға алмас» деген тәмсіл бар. Рас, бойына қонған қасиетті қадірлей алған әрбір азамат өзінің отызында-ақ еті тірілігімен, таланттылығымен ел аузына ілініп, көзге түсе бастайды екен ғой. Сондай ерте елдің, биліктің көзіне түсіп, басшылық тізгінін ұстаған жерлесіміз, ініміз Бердібек Машбекұлы едіау деп оны бүгін сағына еске алып отырған ел ақсақалының бірімін.

Шындығында да, Бекең Елбасы мен елдің сеніміне ие болып, Қызылорда облысына әкім болып келгенде ол 42 жаста ғана екен. Сол уақытқа дейін де өзінің біліктілігімен, алғырлығымен экономист қызметінде бөлім басшысы, тіпті вице-министр лауазымын атқарып жүргенде-ақ «орда бұзар отыздағы» шағы екен. Әлі есімізде, Сыр еліне С.Шаухамановтай тәжірибелі де іскер хатшы әкімнен кейін (1995 жыл) аймағымызға бірден әкім болып келген жап-жас, балаң жігіттің талабына, жігерліжүректілігіне Сыр елі халқы таңдана да тамсана қараған еді. Бекеңнің сол кезде тәуекелі күшті, жүрегінің оты бар, қайсарлығы, туған жердің намысы қамшылап, атқа қонған жас қыран екен ғой. Ізінен өшпестей өнеге қалдырған қайраткер, заңғар тұлға ортамызда болғанда ақпан айының 9-жұлдызында 71 жасқа толар еді...

Бірде Бекең білім беру жүйесінің вице-министрі кезінде Қызылордаға келген сапарында Жаңақорғанға арнайы ат басын бұрды. Аудандық білім бөлімінің басшысы А.Асанов ағамыздың үйінде 2-3 мектеп директоры барып, Бекеңмен алғаш рет бірге дастархандасб олдық. Бұрын жүздеспегеннен бе, шамалы тосырқап, әңгімелесе келе ішіміз жылып, жас та болса, өзінің салмақтылығымен, лауазымына сай жан-жақты білімділігімен ерекшеленіп, әңгіме қозғап отырды. Сол жолы министрлік тарапынан аудандық оқу-өндірістік комбинатына (учкомбинат) бір Беларус тракторын сыйлап беріп кеткені есімізде қалыпты. Президент сенім білдіріп, көп ұзамай Бердібек Машбекұлы Қызылордаға облыс әкімі болып келді. Мен ол кездері аудан әкімінің орынбасары қызметіндемін.

Аудан әкімі М.Смайлов, ал, И.Әбибуллаев көрші Шиелі ауданына ауысып кеткен болатын. Бекеңнің талабынан шыққысы келді ме, бәрімізді орындарымыздан ауыстырды (ротациялады). Мені білім бөлімінің меңгерушілігіне ұсынды (Обл ОНО-ға ұсыныс берді). Сол кездерде Қазалы, Тереңөзек аудандарында да білім бөлімінің меңгерушілерін жаңартуға ұсынған екен. Сол жылдардағы басшысы Ә.Мүсілімов үшеуміздің құжаттарымызды келісім алуға облыс әкімдігіне алып барса, біздің саламызға қарайтын әкім орынбасары Г.Алтынбекова «күнде ертеңмен» бір аптаға созбақтады. Жобасы үшеуміздің де жасымыз 50-ден асқан, шашымыз ағарған. Осы жайды естіген Бекең тікелей өзі тапсырып, бұйрық бергізгені де еске түседі. Тағы да бір жылы (менің білім бөлімінің бастығы кезімде) мұғалімдердің кезекті тамыз мәслихатына Бекең сол кездегі білім министрі Ж.Күлекеевті ертіп келіп қатысқаны бар. Министр келіп қатысады деген соң, біраз дайындық жасағанбыз. Бірақ қиын кезең, 1996-1997 жылдары. Сондықтан болар, «Министрге, облыс әкіміне» деп дайындаған дастарханды Бекең үйден беруге рұқсат бермей, мәдениет үйінің бір залында бергенбіз. Біз, әсіресе үйдің отанасы «үйде болғанда ғой» деп өкініп жүргені бар.

Бекең облысқа келген соң, аймақты тығырықтан шығаруға батыл әрекеттерге барғанына куә азаматтардың біріміз. Оның бірі облыстың өз құнды қағазын (заем) шығартып, облыс экономикасын жақсартуға шұғыл қадамдар жасады. Президентпен келісіп, Қызылордада еркін экономикалық аймақ құрды. Оған басшылыққа мықты экономист, талантты ұйымдастырушы, ізденімпаз ғалым, университет ректоры Б.Досманбетовты тағайындады. Ректорлығын өткізіп, біраз жаңашыл, тиімді жұмыстар жүргізді. Қызылордадан кейін президент Бекеңді сол жылдары инфрақұрылым төмен, әлеуеті ауыр Оңтүстік Қазақстан облысына ауыстырып, тағы шыңдады. Бекең «жанын салып» еңбек етіп, 1,5-2 жылда елді, азаматтарды ұйымдастырып, осы қиындықтарды жеңіп шыққанын халық аңыздай қылып айтып жүрді. Мұның бәрі Бекеңнің ақыл-парасатының, өмірлік тәжірибесінің, мемлекетшілдігінің арқасы еді. Ол ел үшін, өзін де, денсаулығын да аяған жоқ, тіпті сол жылдардың бірінде азамат болып қалған аяулы ұлы- Бауыржаны жол апатынан қаза болғанда да, қанша ауыр қайғыны көтере жүріп аймақтың тағдырын өзінің жеке басының өте ауыр қайғысына көміліп кетпей, көтере білді. Одан кейін де билік Бекеңді еліміздің Шығыс, Батыс аймағындағы үлкен де өндірісті екі облысына жіберіп, неше бір игі істерде іске асырғанының куәсі болып, жерлесімізді бүкіл қазақстандықтармен бірге мақтан тұттық. Халқы орыстанып кеткен Өскеменнің орталық алаңындағы күн көсемнің ескерткішінің орнына бір түнде ұлы Абайдың мүсінін (ескерткішін) орнатқаны қазақ деп соққан ыстық жүрегінің батылдығы еді. Қызылордалықтар арнайы барып, ашылуына қатысқан орталық мешіттің бой көтеруінің сауабы бір төбе десе болғандай. Бердібек Машбекұлының соңғы әкім болып істеген төртінші, бесінші облыстарда да ел-халықтың ауызбіршілігін сақтап, қазақтың тарихи тұлғалы батырлары жатқан қасиетті орындарды Қабыланды, екі Есет батыр, Абат Байтақ батыр, кешегі қазақтың қос шынарының бірі Әлия туған жердің қасиетін дәріптеуде де көп жұмыстар атқарған. Оны біз қызылордалық Т.Маханов, О.Сапарбаев, С.Далдабаев, Ж.Шарипов, А.Абдуллаев бастаған бір топ ағалары Ақтөбеге іздеп барған күндерде көріп-білгенбіз. Сондай-ақ ол ақтөбеліктердің Бекеңді Астанаға шығарып салғандағы қимай қоштасқан ықыластарынан да көрініп тұрды.

Жамбыл облысына Бекең өте қиын кезеңде барды. Бекең қай аймақта істемесін, туған жерін, елін ұмытқан емес, әрдайым уақытын тауып келіп тұратын. Әкесі еңбек ардагері- Машбек ақсақал мен анасы Бибіш апаның басына келіп (Әбдіжәлел бап-Хорасаната әулие жанындағы үлкен бейітке жерленген), зиярат жасап, елге Құран оқытып кететін. Бекең елге келген кезінде қасында сол жылдардағы Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев әрдайым бірге болып, ел ақсақалдарымен, ел ағаларымен сұхбаттасып кететін. Біз де ол кісілермен бірге дастархандас болып, талай-талай Қазақстанның бүгіні, болашағы жайлы елдік әңгімелерін тыңдағанбыз. Сондай-ақ Бекең жыл сайын туған ауылында өткізілетін спорт бәсекелерінен «Еңбек ардагері», «Құрмет» орденінің иегері, ауылды құрушылардың көшбасшысы болған Машбек ата атындағы спорт жарысына (турниріне) әр жылдары келіп қатысып кететін. Бұл дүбірлі дода келе-келе халықаралық дәрежеге көтерілді. Көрші Ресейден, Монғолиядан тіпті Грузиядан атақты балуандар келіп, елде спорт мерекесіне айналып кетіп еді. Сондай-ақ Бекең туған аулына мектеп, мешіт салдырудың да көздерін тауып, еліне сый жасай білді. Сол сияқты Бекең өзі оқып бітірген, орта білім алған Жаңарық аулындағы №167 орта мектепке келіп, ұстаздарына сәлем беріп тұруды да ұмытқан емес. Бір жолы (2000 жылы) Бекең өзінің мектеп бітіргеніне 30 жыл толу дәстүрлі басқосуына арнайы келіп, сыныптастарына бірге кездесу өткізіп мектепке «Газель» автокөлігін сыйлап кеткеніне куә болғанбыз. Сол жылы Талап ауылындағы №54 орта мектепте істейтін, кезінде өзіне класс жетекші болған И.Жолтаев ұстазын арнайы алдырып, сағына жүздесіп, ыстық ықыласын білдірді. Арнайы өзін оқытқан барлық ұстаздарына да құрмет көрсетті. Аудандық «Жаңақорған тынысы» газетіне «Әкімнің класс жетекшісі» деген мақала да жазылды. Біз, жерлестері, Бердібек Машбекұлын халқымыздың біртуар азаматын, еліне сіңірген өлшеусіз еңбегін, кеңбайтақ Қазақстанымыздың бес аймағына бірінші басшы болған бірден-бір дарынды да іскер перзенті болып өткен, тарихта есімі үлкен әріппен жазылып қалатын мемлекеттік қайраткер тұлға болғанын мақтаныш тұтамыз. Ұлы Абай айтқандай, «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп бүкіл қазақ еліне еңбегімен танымал, құрметті болған, нағыз Еңбек Ері десе болғандай, халқының ұмытылмайтын сүйікті ұлы, Қызылорда облысының «Құрметті азаматы», Жаңақорған ауданының «Ғасыр адамы» еді ғой қайран Бекең... «Жаны жәннатта, топырағы торқа болсын!» дейміз елдің атынан.
Зинабдин ШЕРМҰХАММЕДҰЛЫ, ардагер ұстаз,
облыстың «Құрметті ардагері», ауданының «Құрметті азаматы»


09 ақпан 2024 ж. 384 0