№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сырдың ұлы ең, Алашқа атың белгілі!

Сырдың ұлы ең, Алашқа атың белгілі!



Уақыт шіркін тұлпардай желіп орнында тұрмайды. Өзінің мағыналы ғұмырында өнегелі істерімен соңына өшпес із қалдырған Сыр елінің сырбаз азаматы, ұлт тұлғасы Бердібек Машбекұлының өмірден өткеніне де 40 күн толыпты.
Бердібек Машбекұлының жүріп өткен жолы баршаға белгілі. Оның әсіресе Сыр өңіріне қызметі елдегі өтпелі кезеңмен тұспа-тұс келді. Ел Президентінің 1995 жылғы 29 қыркүйектегі Жарлығымен Қызылорда облысына әкім болып тағайындалған тұста облыс экономикасы өте күрделі кезеңде тұр еді. Көптеген кәсіпорындар нарық қыспағына килігіп, жұмысы тоқтап тұрған. Облыс өндірісіне шикізат жетіспеді. Бар өнімді өткізетін жер табылмады. Көптеген мекемелер қысқарып, жұмысы тұралады. Осындай тығырыққа тірелген алмағайып кезеңде облыс әкімі Бердібек Машбекұлы шұғыл шараларды қолға алып, аймақ тынысына қан жүгіртті. Тынбай ізденуінің арқасында Қызылорда облысының арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алуына қол жеткізді.
Ал 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына басшылыққа келгенде Түркістанның 1500 жылдық тойын ел болып дүркіретіп өткізіп, Түркі дүниесі үшін тарихи орынның алтын қазына екенін ұрпаққа тағы да ұқтырды. 2003 жылы Шығыс Қазақстан облысына әкім болып барғанда Абай елінде ақынға да, қазақ тіліне де құрметтің кемшілігін байқап, осы бағытта шұғыл шешімге келеді. Қазақтың руханияты үшін, Абай рухын қайта жаңғыртып көп ұзатпай Абай ескерткішін тұғырға қондыруға күш салады. Сондайақ осы өңірдің белгілі азаматы, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаевты арнайы іздеп барып, сәлем беріп, оның кітабын шығаруға мұрындық болған. Ал, Жамбыл облысында дұнғандар мен қазақтар арасындағы түсініспеушіліктен туған дауды басуға Президент осы өңірге Бердібек Машбекұлын басшылыққа жіберуі де мәмілегер тұлғаның іс түйінін шеше білетін дегдар қасиетін жоғары бағалағандығын танытады. Бұл айтылғанның бәрі қайраткер тұлғаның халыққа жақын, елмен егіз жүріп қызмет жасайтындығының дәлелі болса керек. Журналистерге берген бір сұхбатында: «Менің ең бірінші міндетім – халыққа жақын болу» – дегені бар. Оны ол ісімен көрсетті.
Бұл ретте қазақтың халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың: «Бердібек Сапарбаев – халыққа болса екен деп, ел ішінде жақсы атым қалса екен деп, таңның атысы мен күннің батысы аянбай тер төгетін азамат. Ең бастысы, бүгінге емес, болашаққа жұмыс істейтін қайраткер. Жүрек жылуы мол адам», – деп баға беруі, шын сүйсінуден, шын ризашылықтан, жазушының ақ ниетінен шыққан баталы сөзі болар. Ол 2015 жылы Ақтөбе өңіріне әкім болып келгеннен бастап осы аймақтың дамуына өлшеусіз еңбек етті. Абзал ағаның басшылығымен өңірде білім, мәдениет ошақтары көптеп бой түзеді. Елдің рухани әлемінде де ұлт құндылықтарын ұлықтар жаңаша жобалар дүниеге келді. 2023 жылдың сәуір айында облыстық мәслихатының шешімімен Бердібек Сапарбаевқа “Ақтөбе облысының Құрметті азаматы” төсбелгісі тағайындалған.
Міне осы марапатты Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Сапарбаевтың туыстары, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері қатысуымен өткен жиында марқұмның жары Қалдығайша Сапарбаеваға табыс етті.
Ел Тәуелсіздігінің берік тұғырын қалаған тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың өмір жолында елге еткен қызметінің өтеуіндей оған өз уақытында табыс етілген «Құрмет», «Парасат» ордендері, бірінші дәрежелі «Барыс» ордені, «Астана» медалі мен мерейлі мерекелік медальдары, 2015 жылы Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық қатынастарды нығайту жолында еңбегі үшін берілген «Достық» ордені оның азаматтық бейнесі мен рухының жоғары екендігін көрсетсе керек. Бекең ұлтына адал ұл еді. Өкініштісі, өмірі келте жіптей 71-де шорт үзілді. «Өлді деуге бол ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» – демекші, Бекеңнің екінші өмірі басталды. Оның жарық ғұмырындағы елге сіңірген еңбегі, әлеуметке бірдей жанашырлығы, қарапайымдылығы мен қанағатшылдығы бүгінгі ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге. Осы орайда Қорқыт бабамыздың «Адам еңбегі оның жасаған жасында емес, өзінен кейінгілерге қалдырған игілікті ісімен бағаланады» – деген сөзі ойға оралады. 71 жыл ғұмырында артында тарихқа мұра таңдаулы іс қалдырған қайраткер, Алашқа аты белгілі Бердібек бауырымызға арналған жүрекжарды естелігімді төмендегі жыр жолдарымен өрнектегім келеді:
Сыр ұлы едің,
Сырыңның мақтан етер 
Алашқа атың тау тұлға болып жетеді.
Жырақта жүрген қаршыға ұлын бақ санап,
Тілеуіңді тілеп мақтаныш етер ел сені.
Көгіме балап биіктік дедік бәйтерек,
Тектілік болар тегіне қонған қайта кеп.
Еліңнің артқан сенімін ақтап жүрген соң,
Маңдайға берген бірегей ұл деп айтар ек.
Көкендей бабаң аруағы сені қолдаған,
Болатын жанға тосқауыл ешкім болмаған.
Қарына тартып қазағым дейтін өзіңдей,
Өрісі биік, санасы терең бар ма адам?
Сырына мақтан, Қаратауымның қыраны,
Ісіне берік, сертіне адал қырағы.
Жаныңдай жақын бауырға тартқан қара орман,
Ел-жұртың сені дұғадан жоқтап тұрады.
Иә, Беке, Сіз туған еліңіздің, бүкіл халқыңыздың ойында берік сақталып, есінде жүрер біртуар тұлғасыз. Сіздің жүріп өткен жолыңыздағы өнегеөсиетіңіз келешек ұрпақтың санасында берік орын алып, бойтұмарына айнала беретініне күмән жоқ.

Файзулла Сахиев,
Халықаралық жазушылар одағының мүшесі,
ақын-журналист, ауданның «Құрметті азаматы»
15 шілде 2023 ж. 256 0