№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Сәулет – мәңгіліктің символы

Сәулет – мәңгіліктің символы


Үлкен-кішілігі маңызды емес, адамдар қоныс еткен кез келген мекеннің архитектуралық келбетіне қарап тұрғындарының әл-ауқатына, мәдени деңгейіне баға беруге болады. Бұл бағытта басты мәселе туған жерді түлетуге бағытталған трансферттер тұрғылықты жерді басқарып отырған тұлғаның мүмкіндігін шектемеуі тиіс. Осы орайда өз жерімізде өрісті өркен жайған жетістіктеріміз бар ма? Жаңақорғанның болашақтағы келбетін қалай елестетесіз? Осы сауалдар төңірегінде ой өрбіткенде біздің есімізге туған жеріміздің түлегі, КСРО Сәулетшілер Одағының және ҚР Сәулетшілер Одағының мүшесі, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Файзуллла Ягмусовтың есімі алдымен оралады.


Бұдан отыз жыл бұрын, еліміз бойынша өнер мен мәдениеттің маңдайы тасқа тіреліп, дарын біткен дағдарысқа түскен уақытта мегаполиске қоныс аударып, бойда барды тұншықтырып алмау үшін элитаның ортасынан пана тапқан жігерлі жас содан бері елден бір байланысын үзген емес. Жақсылығына қуанып, кемшілігіне дер кезінде сынын айтып, перзенттік парызына әркез адалдық танытып келеді.
Соңғы кездері Жаңақорған кентінің келбеті жаңарғаны сондай, көрген көзге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Алдымен көзге түсетін оқтаудай түзу жолдары, көшелердің кеңдігі. Жалпыға бірдей жайлы ахуал орнықтырған осындай жетістігіміз бір күннің жемісі емес, онда өткен күннің өлермен талапшылдығы, қарыс қадам жерді қарауылдап бей-берекет қа­зық қақтырмаған жауапты тұлғалардың жанашыр еңбегінің жемісі тұнып тұр. Міне, ауданымыздың кешегі келбетінде кемел қолтаңбасы болумен қатар үлкен беделді иеленген, 1983-1996 жылдары Жаңақорған ауданында бас сәулетші қызметін атқарған Яғмысұлы Файзулла ағамызбен сұхбат сырына келсек, өткеннің өнегесіне бас иіп, сол кез қоғам мүшелерінің мінсіз мемлекетшіл болмыс-бітімін мойындап қана қоймай, осыны көппен бөлісуді мұрат етіп отырған жайымыз бар.
Әлқисса. Бүгінде Алматы қаласының тұрғыны Файзулла Яғмысұлы 1957 жылы 7 маусымда Бірлік ауылында дүниеге келген. Орта мектептен соң Алматы қаласындағы Сәулет-құрылыс институтына оқуға түседі. Оны бітірген соң туған жерге келіп, 1979-83 жылдар аралығында ауданда құрылыс мекемелерінде инженер-құрылысшы болған. 1983 жылдан бастап ауданның бас сәулетшісі болып тағайындалған.
Сәулетшінің туған жердегі ең бір айшықты қолтаңбалары осы жылдар еншісінде сайрап жатыр екен. Оның жарқын бір себебі бар. Бұған дейін аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарып келген Сәмит Далдабаев осы жылдары Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалады. Ол бірінші күннен бастап ойда жүрген игі істерге екі жеңді сыбана кіріседі. Жаңалыққа жаны құмар , ең бастысы сәулет өнерінің киесін бойынан өткерген биік болмыс иесі қобыраған қағаздың ортасында өз қиялымен өзі әлек болып, ішінен ең таңдаулы деген идея-эскиздерін қабырғаға жапсыра беретін дарынды жастың ең таңдаулы жұмысын қалт жібермей, барынша қолдауға тырысып бақты. Бірінші хатшының қолдауымен жедел қаржы­сы шешіліп, қазығы қадалған қаншама құрылыстар бүгінге дейін мызғымай, қалың елдің кәдесіне жарап келеді. Мәдениет сарайы, орталық стадион, оған қарай баратын көпір, орталық базар, оның ішіндегі өзгеше стильде соғылған төбесі үшкір дүңгіршектер, райисполком ғимараты, орталық саябақ, ардагерлер үйі, осы нысандардың барлығы сол жылдары салын­ды. Бұл туралы ауданның сол кездегі бас сәулетшісі Файзулла Яғмұсов былай дейді:
– Барлығы да қаланың Бас жоспарына байланысты. Біз алдымен ескірген жобаны қайта жаңғыртып, заманауи үлгіде түзіп алдық. Ауданның бірінші басшысының қолдауы бізге үлкен дем берді. Жарқын идеяларымыздың бағын жандырды. Біз сол жылдары аудандық құрылыс-сәулет бөлімі жанынан облыстық құрылыс-жобалау институты мамандарымен бірлесіп жұмыс істейтін орталық аштық.
Басты ұстанымымыз – тәртіп пен талапшылдық. Ортақ жауапкершілікте оңаша мүдде деген болмайды. Нақ сол жылдары орталық көше бойларында оңды-солды салынып кеткен, тротуарға шығып кеткен небір дәулердің жеке иеліктерін бұздырып тастауымызға тура келді. Мұны көрген қарапайым халық тәртіптен қия баспаудың үлгісін шынайы сезініп, жолсыздықтарға орын берілмейтініне көздері жетті.
Бас жоспарда өртенетін, жанғыш құрылғы сана­латын газ, бензинколонка сынды нысандар жанынан 30 метрге дейін ешқандай құрылыс сызбасы түскен емес. Бірақ, бір өкінерлік жағдай, соңғы жылдары бұл тәртіпті белден басып, қалаған жерге қазық қадайтын мықтылар көбейіпті. Кент келбетін өрескел бұзушылық өз алдына, қауіпсіздік мәселелеріне де көзжұмбайлықпен қарайтын қаперсіздік тіпті қарын аштырады, – дейді ол.
– Сіздің пікіріңізше, сәулет өнерінің мәні неде?
– Қай ғасыр, қай дәуірде тусын мейлі, сәулет өнерінің мәні – мәңгіліктігінде. Өмір өтеді, су ағады. Табиғаттың өзінен туған сәулет өнері ғасырдан ғасырға жасай береді.
Менің туған өлкем – Жаңақорғанның табиғаты бай. Тарихы терең. Оның осы сырлы шежіресін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп тұратын саф таза сәулет өнері десек қателеспейміз.
Кеңестік кезеңнің жайы белгілі. Онан соң қабырғасы қатып үлгермеген жас мемлекетімізде құлашты кеңге сермеу оңай болған жоқ. Ал бүгін жағдайымыз жаман емес, халықтың руханиятқа, өнердің өлмес мұраларына көңіл бөліп, қамқор­лық жасайтын дер шағы туды. Елде қалтасы қалың, мықты иевесторлар да аз емес. Міне, осы азаматтардың бойында ұлт тарихына, оның сырлы шежіресіне деген шынайы көзқарас қалыптасуы тиіс.
Ұрпағымыз рухты болып өссін десек халықтық салт-дәстүрлерімізді көз алдымызға әкелетін «Көш», «Атакәсіп», «Киелі керуен» «Ілім шырағы» сынды бабалар жүріп өткен жолдар­дың сәулелі елесін ел есінде жаңғыртатын жан­ды галереяны сән-салтанатымен көшелеріміздің бойына көшіріп әкелетін болсақ қарап тұрып қан қыздырар рух құдіретіне кез-келгеніміз куә болуымыз мүмкін.
– Жаңақорғанда соңғы кезде қадасы қадалған қандай құрылыстар көңіліңізден шықты?
– Жаңақорған қақпасы өте сапалы жасалған. Бұл қақпаны орнатып, оның жанына қазақтың ортақ батыры – Алпамыстың зор кеуделі мүсінін қою мәселесі көтеріліп, бұдан он бес жыл бұрын 25 сәулетші конкурсқа арнайы дайындаған өз дүниелерімізді арқаланып Қызылорда қаласында бас қосқанымыз есімде. Сол күні бізге қаржының тапшылығынан бұл жоба іске аспайтын болды де­ген хабарды айтты. Сәулет өнеріне деген көзқарас бізде әзірге осындай.
Жақсы, жеке кісілердің демеушілігімен Гүлбаршын анамызға ескерткіш қойылды. Бірақ бұл да мемлекеттік деңгейде атқарылмағандықтан арғы-бергісі сараланбай тарихи тұлға кексе жастағы ана бейнесінде ғана бедерленген тәрізді. Қанша маман болсақ та соған ақша бөліп отырған жекеге сөзіміз өтпейтіндіктен өңеш жыртып әуре болмадық. Ал өздері таңдаған сәулетшісі өзіне міндеттегеннен асып кете алмады. Әйтпесе, Алпамыстай батырдың жары, патшаның қызы, жап-жас Гүлбаршын сұлу Тайбурылды жетелеп, батырға тарту етіп тұрған өр мінез, өжет бейнесімен әспеттелгенде қалың елдің көкейіндегі айдай нұрлы асқақ бейнесі мәңгілікке айшықталып қалар еді. Өміршеңдігінде дау жоқ, мүсін жүзжылдық дауыл мен нөсерге дес бермес табиғи тастан соғылды. Міне, сондықтан да мүсін өнерінде «саналар сілкінісі» тоғысуы аса маңызды.
– Біздің ауданымызда «Тірек ауыл» болуға сұранып тұрған елді мекендер бар. Осы ауылдың басшылары қандай бағытты ұстанғанда ойдағыдай деңгейге жете аламыз?
– Аудан орталығы, елдімекендер болсын Бас жоспардың масштабы сақталуы керек. Осы ереже сақталғанда нешеме жылдар өтсін жүйе сақталады. Мәселен, мен өзім туған Бірлік ауылын сәулеттендіруге байланысты жылда жоба ұсынамын, іліп алып, жұмыс жасаймын деген азаматтар болса, қаражат игерілмей кейін қайту деген болмас еді. Бір өкініштісі, ауылдық жерлерде қаржының барлығы шаруашылыққа қатысты жобаларға ауып кетеді де, қоныс келбеті кейінге ысырыла беретіні бар.
– Сіздер кезінде облыста өтетін «Алтын күз», «Ауыл шаруашылық өнім­дері жәр­меңкесінде» бірінші орынды бер­медіңіздер. Мұның сыры неде?
– Ауызбірлікте. Мекемелер түгел жабылып, қолда барымен көмектесті. Біздің міндетіміз – ұйымдастыру болатын. Біркүндік шара дегенмен ауданның тұтас тынысы, мәдениеті сол бір күннің аясына сыйып, нақты бағамызды алып қайтатынбыз. Намысты елде бұл дәстүр әлі де заңды жалғасын тауып келеді деп сенгім келеді.
– Әрине, талант – ұлттың ортақ меншігі. Сондықтан ол бойындағы барын, маңдай терін туған ұлтына қызмет етуге арнайды. Бұл тұрғыда сізді өкініші жоқ азамат ретінде бағалаймыз. Алда қандай мақсаттарыңыз бар?
– Тоқсан алтыншы жылдары Алматыға шығар­машылық жұмысымның жағдайымен келген жайым бар. Өткен күнге өкпем жоқ, аудан көлемінде бірнеше мектеп, балалар бақшасы, спорт кешендері, мешіт, ескерткіш жобаларының авторы болдым. Туған ауылым – Бірліктің орталығында өз қаржыма бірнеше ғимараттар салдым.
1996-2000 жылдары Алматы облысы, Сәулет-Құрылыс басқармасында сәулетші, ҚР Сәулетші­лер Одағының директоры қызметін атқардым. 2008 жылы ҚР Мәдениет қайраткері атағының иегері атандым.
Алматы және Астана қаласында көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттардың жобалаушысы және құрылысын жүргізуші ретінде көп қолтаңбам қалды.
Барлығынан бұрын, Астанадағы «Бәйтерек» биік талғамның көрінісі ретінде өз-өзіме құрметімді еселеді. Авторлығы үлкен кісінің еншісінде кетті. Әрнәрсенің уақыт-сәті туады, өз меншігіме қайтарылар күнді де күтіп жүрмін.
– Қазіргі хоббиіңіз?
– Зейнетке шыққалы шығармашылық екінші тынысым ашылды. Бұл заңды. Атақты суретшілер­дің көрмесіне жиі барамын. Шабыт аламын. Қарашаңырағымның төрінде 500-дей картинаны салып бітіппін, соның 400-дейі ұлттық нақышты бейнелейді. Яғни оларда қазақтың салт-дәстүрі, табиғаты, тұрмысы, батырлары бейнеленген. Мұның мәні – болашаққа ой қалдыру.
Әрбір салған ұлттық нақыштағы картинаның артында фон арқылы сол дәуірді тұтас үйлесімді бейнелеуге тырысамын. Бұл оңай нәрсе емес, бірақ содан ләззат аламын.
Сәулет өнеріне келсек, Ахмет Яссауи, Айша бибі, Алаша хан, Шыңғыс ханның, Қозы Көрпештің тастан қаланған кесенелер мүсінін салдым. Соны­мен қатар натюрморт өнеріне келсек, қазақтың ағаш ыдыстарға құйылған қымыз-қымыранын, бауырсағын, төрге жиналған әдемі жихаздарын насихаттаудан жалыққан емеспін. Оның қатарында қазақы үйдің шашақ баулары, тұскиізі, төсек жабдығы, оның әрбір ою-өрнегі, керегесі мен уығы – барлығы да көне дүниелерді көз алдыңа әкеледі. Мұның көбін өзіміз де көріп өстік.
Аналарымыз пісіретін таба нан, тандыр нан, қолдан тоқылған кілем – көзіміз қанып өскен тіршіліктің көзі көкіректен шынайы құйылып түскенде әсері бөлек.
Мүсіндерді гипстен, ағаштан жасаймын, қаншамасын жолдас-жора, туған-туысқа сыйлыққа тарту етемін. Жақында тағы бір көрмемді өткізгелі отырмын.
– Үйіңіз – шеберханаңыз. Дүниежүзілік масштабта өнер адамдары сізге сол арқылы баға береді. Оған өзіңіздің көңіліңіз тола ма?
– «Ұста пышаққа жарымайды» дегенді айтқан қазақтың нақылы берекесіздікке қарсылықтан туған. Бұған менің де жаным қарсы.
Әлемдік деңгейде ақын-жазушылармен ара­ласамын. Олар үшін менің үйім ғана емес, киім киісім, жүріс-тұрысымның өзі идеал болып тұру керек. Әйтпесе, жеке басыңа ғаға емес, ұлтыңа сөз келеді. Бұл бағытта өте талғампазбын. Меніңше, өнер деген, әсіресе сәулет өнері дегеніміз – ол сұлулық. Ал сәулетшінің тәні де, жаны да сұлу болу керек.
– Жолыңызды жалғаған перзенттеріңіз бар ма?
– Жарым Айсұлу екеуміз 6 перзент өсіріп жетілдірдік. Екі қызым архитектор, университетте ұстаздық етеді.
– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.

Баян ҮСЕЙІНОВА
17 қаңтар 2024 ж. 470 0