№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Біртұтас тәрбие - ұлттық құндылықтар

Біртұтас тәрбие - ұлттық құндылықтар

Жаңақорған аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Жайылма ауылындағы №195 мектепгимназияда «Біртұтас тәрбие – ұлттық жаңа сана, ұлттық құндылықтар» тақырыбында облыстық семинар өтті. Мақсаты – білім саласы мамандарының өзара тәжірибе алмасуы, тың идеялармен бөлісу, кәсіби шеберлікті арттыру және қандай да бір бағыт бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығаруға негізделіпті. Расында, тарихқа үңілер болсақ әрбір халықтың, әрбір ұлттың өз мәдениеті, тұрмыс тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүрі, тәрбиелеу тәсілі бар.

Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып сан сыннан өткен, сол халықтың ойарманымен, тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, дамып және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұрасы. Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырларға созылған өзіндік тарихын ұмыт қалдырмай ұрпақ санасына сіңіру бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта ұйымдастырылған семинар «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы», «Жеңгелер мектебі» атты сыныптарды ашып, онда облыстық «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығының директоры Фархат Досаев сөз сөйледі.

– Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Онсыз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп айтқан әл-Фараби бабамыздың сөзінің астарында терең мән жатыр. Біздің ұлттық құндылығымыз қазіргі таңда бала бойына берілмегеннен кейін, өзіміздің насихаттайтын дүниелерімізді ұмытып бара жатырмыз. Абайға әжесі, әкесі қандай тәрбие берді? Біз осы ата-әжелерімізді қозғау арқылы бала бойына ұлттық құндылықты сіңіруіміз керек. Бүгінгі іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Тәлім аларлық дүниелер көп болды. “Ата-аналарды қолдау орталығы”, “Жеңгелер мектебі” деген қандай жарасымды. Мұндай тәжірибені жалпы республикаға таныту қажет, – деп ұстаздарға сенім артты.

Мұнан соң жиналған көпшілік акт залына беттеді. Онда семинардың ашылу салтанаты өтіп, бағдарламалармен танысты. Шараның ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы Бекжан Есенбаев көпшілікке жылы лебізін білдірді.

– Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет-өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы, келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу кезек күттірмейтін іс. Жер бетінде 3 мыңға жуық ұлт болса, соның 200-нің ғана тілі, діні, өзінің белгіленген жері бар мемлекетті құрайды. Қазақ халқының тәуелсіз ел атанғанына биыл 32 жыл толып отыр. Бұл тәуелсіздіктің артында ата-бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін, жерін қорғаған бабалар аманаты жатқанын жас өрендер бойына сіңіру біздің парызымыз. Ұлағатты ұстаздар баланың бойына өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін сіңіру сіз бен бізге парыз, – деп сенім білдірді.

Семинарға қатысушылар өзара кері байланыс орнатып, алдағы уақытта бүгінгі семинардан алынған әдіс – тәсілдер мен мәліметтерді өз жұмыстарынан көрініс табатындарын айтып, алғыстарын білдірді. Білім саласы мамандарының біліктілігін, ұжымның ұйымшылдығын, ұстаздың жауапкершілігін, оқушылардың зеректігін анық байқадық.

Ең бастысы мектепте ата-анамен байланыс жақсы жүйеленгені ерекше сезіліп тұрды. Өйткені, семинарға баласының қадамын қолдау үшін арнайы келген ата-аналардың сөзі бұған дәлел. Мұнан бала өміріне бей-жай қарамайтын ата-ананы, қызметіне адалдық танытатын ұстазды, ұлттық мүддені алдыңғы орынға қоюды үйреніп келе жатқан ұрпақты көрдік. Айта жүрер, есте қалар ерекше семинар жұмысынан қатысушылар да үлкен хор алып, мол тәжірибе жинақтады.

Әсел Рзаева
06 желтоқсан 2023 ж. 862 0