ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРДІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Бекайдар Қазкеевті қабылдады.Кездесуде өңірдегі әскери бөлімдердің тыныс-тіршілігі, материалдық-техникалық базасы мен инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері талқыланды.
«Өздеріңізге белгілі, облыс аумағында Шекара қызметі департаменті, Қорғаныс министрлігіне қарасты 66597 және 99215 әскери бөлімдері, сондай-ақ Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімі бар.
Қазан айында аталған әскери бөлімдерді арнайы аралап, жұмысымен танысып шықтым. Инфрақұрылымды, материалдық-техникалық базаны жаңартуға қатысты мәселелер анықталды. Осыған байланысты жергілікті демеушілерді тарта отырып, жұмыстарды қолға алдық.
Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімі – Қызылорда гарнизонындағы ірі әскери бөлімдердің бірі. Мұнда мыңнан астам әскери қызметші ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарып келеді.
Сондықтан әскери бөлімдердің әлеуетін арттырып, инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық мүмкіндіктерін заман талабына сай дамыту – біздің ең басты міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыстар тікелей бақылауымда болады», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Кездесуде қоғам тұрақтылығын сақтау, әскери бөлімдердің инфрақұрылымын дамыту, заман талабына сәйкестендірудегі жұмыстарға жоғары баға берілді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



