№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ең үлкен құрмет – елдің бағасы

Ең үлкен құрмет – елдің бағасы


Кешегі елге қасірет әкелген қанқұйлы кезеңдерде көл болып төгілген көз жасының өтеуіндей көрер жарығы түгесілмей, там-тұмдап туған жерге оралып, артта қалған ата-ана, туыс-бауырды қуанышқа бөлеген тәбәрік сынды соғыс жауынгерлерінің қатарында Мұсабайдың Зейнабыдыны қырық жыл қырғыннан аман қалып, мың тоғыз жүз қырық алтының көктемінде Төменарықтағы қара шаңырағына маңдай тіреп, ұшқан ұяға тәу ету бақыты бұйырыпты. Үйленіп, бір басы екеу болып, 1948 жылдың 11 мамырында дүниеге келген ұлына өзі «Серік» деп ат қойыпты.Жеңістің 50 жылдық мерекесіне дейін жыл сайын орталық алаңда өтетін соғыс ардагерлері парадында осы кісінің жалғыз өзі бір көлікте салтанатты кейіпте кетіп бара жататын көрініс көз алдымызда. Сөйтсек, бұлай дәріптеудің сыры, ол кісі Жаңақорған ауданы бойынша майданда ұшқыш-радист болған жалғыз жауынгер екен.


1939 жылы әскер қатарына аттанған жиырмадағы жігіт Челябинскідегі авиациялық училищеге оқуға жіберілген екен, 1941 жылы тура осы жерден соғысқа аттанған. Майданда радист-летчик болған. Жанарынан зақым алып, соның зардабынан өмірден өтерінен он жыл бұрын суқараңғылық дертіне шалдығыпты.
Елуінші жылдары елде мұғалімнің тапшы кезі, сырттай пединститутта білім алып, өзі аудан мектептерінде анатомия-биология пәнінен сабақ берген. Абыдын ағайлары туралы сол кездегі шәкірттері санатында Зинабдин Шермұхамедұлы, Өмірсерік Тақырбасов, Сәулебек Дүйсебековтердің естеліктерінен таныспыз. Жалпы аудан көлеиінде «біздің Абыдын ағай» деп елжірей еске алып отыратын кісілерді көп кездестіресіз. Бұл кісі кейін өзі туып-өскен Төменаоық кеңшарындағы мектепте ұстаздық етті. Сонымен қатар партия комитетін басқарған. Одан бөлек ол кісіге «Ауылдың Мичурині» атағы тегін берілмесе керек. Қазірде ауылдағы тамыры тереңге кеткен жасыл бақтың көлеңкесіне саялаған әркім осы Абыдын ағаларын еске алады.
Өз әкесінен үйренген болса керек, күйшілік өнері де ерек болған. Әкесі Мұсабай домбыраны башпайына да қыстырып желдіртіп ойната білген өнерпаз болған екен, Абыдын ағамыз Тәттімбеттің «Тепеңкөк» күйін «Қазақ радиосына» барып орындап, ол қазір «Алтын қорда» жазулы тұр екен. 2018 жылы жарық көрген Серікқызы Айжанның «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» деген кітабын оқи отырып, әулет мүшелерінің осындай өрімді қырларымен танысқан сайын қадірменді тұлғаларға құрметіміз одан әрі арта түскені анық.

Бүгінде жасы жетпістің бесеуіне толып отырған ел ағасы Серік ағамыз туралы айтамыз деп отырып, әкесі, соғыс жауынгері Зейнабыдын (ел аузында Абыдын атанып кеткен) Мұсабайұлы туралы терең тоқталып отырғанымыздың мәнісі жоқ емес. Өйткені ол кісінің кіндігінен тарап, бүгінде нешеме түтіннің егесі болып отырған ұрпақтарының бойында не құндылық болса да соның әрбіреуінде ата өнегесінің бір-бір ұшқыны жатқаны әмбеге аян.

Жауынгер әке бойындағы қайтпайтын қажырлылықты үлгі тұтты ма, оның ұлы Серік те кәсіптің ауырын таңдап, 1961 жылы Шымкент қаласындағы трактор-машинист, аппаратшы даярлап шығаратын техучилищеге оқуға түседі. Одан әрі бір жыл «Бөржар» кеңшарында трактор айдайды. Түркістан индустриалдық техникумына оқуға түсіп, «техникалық еңбек пәні мұғалімі» мамандығы бойынша Төменарықтағы №53 орта мектебіне жұмысқа орналасады. Осында еңбек етіп жүргенінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген жас жігіттің іскерлігін таныған аудандық партия комитеті оны Жаңақорған ауданы бойынша «Қайрат» ерікті спорт қоғамының председателі етіп тағайындайды. Ол бес жыл осы салада жұмыс атқарып, Жаңақорған спортын дамытуға айрықша үлесін қосады. Әрбір елді мекендерде спорт жетекшілерінің штаты ашылуына мұрындық болады. Аудан көлемінде жаппай өріс алған өркенді жетістіктер нәтижесінде сол жылдары Жаңақорған ауданы облыста жүлделі үшінші орынға шығуында, Ыбырай Жақаев жүлдесі үшін өткен спартакиадада бірінші орынды жеңіп алуында осы біздің кейіпкеріміздің еңбегі зор.
1976 жылдың желтоқсан айынан бастап Серік Абыдынұлы Төменарық ауылдық кеңесіне жауапты хатшы болып жұмысқа жіберіледі.
Бұл кезде Төменарық ауылында 7,5 мың халық тұрады. Көпшілігі өзге ұлт өкілдері болатын. 13 өзге ұлт өкілдері – шешен, грек, орыс, корей, түрік, басқа да этнос өкілдерінің тығыз топтасқан жері осы Төменарық кеңшары болатын. Ауылдық кеңеске айналасындағы бөлімшелер – «Коммунизм», «Байкенже» сынды елді мекендер де қарады, Осы тұрғылықты жерлерде өмір сүрген халықтың жал-жағдайы, тыныс-тірішілігіне түгелдей сол кезде нақты жауапты тұлғалар қатарында бұл азаматтың иығына да ауыр жүк артылды. Қай отбасының жағдайы қандай екенін бес саусақтай білумен қатар елді жұмылдырып, ауыл мәдениетін оңалту, тұрғындардың саулығы мен саламаттығын арттыру бағытында жоспарлы жұмыс жүргізді. Міне, осындай жұмыстар нәтижесінде елдің саяси ахуалы тыныш, көп ұлтты болса да көңілдері бір арнаға тоғысқан, еңбектің көрігін қыздырған шаруашылықтың ісі ілгерілеп, ауданда ең алдыңғы өркениетті кеңшар атанды.
Серік Абыдынұлы осы салада жауапты хатшы, орынбасар, одан соң ауылдық кеңес төрағасы болып он бір жыл қызмет атқарған соң 1987 жылы «Горняк» орта мектебіне қоғамдық пайдалы өнімді еңбекті ұйымдастырушы ретінде қызметке келеді. Бұл сол кездері білім ордасына эксперимент ретінде ендіріліп жатқан тәжірибе еді. Бұл сында жақсы нәтиже көрсетіп, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін танытқан ұстаз сол жылдары саланың Құрмет грамотасымен марапатталады. Балаларды пайдалы еңбекке баулып, қосалқы шаруашылықта табыс тауып, тіпті өз еңбегінің нанын жеуге жағдай қалыптастыруы талай өреннің келешек жолын ашты, кәсіби бағдарын бекемдеп берді.
Одан әрі мектепте зейнетке шық­қанға дейін аға психолог болып жұмыс атқарды.
Осы кезеңдері ол кісінің қосымша қоғамдық қызметі – бастауыш партия ұйымының төрағасы ретінде тұрғын­дардың арыз-ша­ғымы бойынша жауап­ты мекемелерді аралап, өзінің нақты талабымен ықпал етіп, заңдылықтың салтанат құруына сіңірген еңбегін ауыл жұртшылығы ұмыта қойған жоқ. Же­ке адамдардың проблемасын қарақан басы жағдайынан кем көрмей, күрмеу­лі мәселелердің оңды шешілуіне қос жеңін сыбанып кірісетін оның мінезіне тәнті болған әркім Серік ағаны пана тұтып, әділдікке қол артуда жәрдеміне сүйеніп келді. Осындай еңбегімен облыс бойынша «Ең үздік бастауыш партия ұйымы төрағасы» төсбелгісі қазірде ол кісінің құжаттар көрмесінде өткен күннің бір белгісіндей жарқырап тұр.
Отбасында жары, талай жыл ау­ыл­дағы балалар бақшасының мең­герушісі бо­лып қызмет атқарған Сәр­сенкүл Жора­бекқызы екеуі ұлағатты перзенттер өсіріп жетілдірді. Тұңғышы Айжан мамандығы журналист, Астана қаласы әкімшілігіне қарасты “Руханият” ММК-нің бөлім меңгерушісі, ұлы Ербол аудан орталығындағы №110 мектебінде жауапты маман, екінші ұлы Олимпбек ҰҚК саласында қызмет атқарған, бүгінде Сунақата ауылындағы спорт кешенінің директоры, қыздары Алтыншаш мұғалім, Сандуғаш кәсіпкер екен. Ұл-қыздарынан 19 немере, 1 шөбересі бар. Немерелері ішінде Нұр­сайлауының есімі Президенттің «Ақ тілектер ағыны» кітабы ішіне енгенін мақтанышпен айтты. Нұрсайлау қазірде Қаныш Сәтбаев атындағы техника­лық университеттің геология факультеті студенті екен.

САЯЖАЙДЫ САЯЛЫ БАҚҚА АЙНАЛДЫРАМЫН

Осыдан он жылдай бұрын Жаңа­қорғанға қоныс аударған Мұсабаевтар отбасы Саяжай мөлтек ауданының алғашқы тұрғындары болды. Ол кезде бұл аймақта инфрақұрылым толық жүргізілмеген, бес-алты жылдай жағ­дайсыз, сусыз, қара батпаққа батып өмір сүруге тура келді. Соңғы екі жыл­да осындағы тұрғындарға жан-жақты жағдай қалыптасты. Көшелерге тас төселді, толық жарықтандырылды, Су мәселесі шешілді. Алдағы жылы «Жай­лы мектеп» құрылысы осы маңнан түскелі отыр. Саяжайдағы 9 көшенің екеуіне балалар ойын алаңы салынды, Бұл үшін жаңадан келген әкім Мұрат Тілеуімбетовке тұрғындардың алғысы зор.
Кеңес үкіметі кезінде «Мичуриннің ізбасары» атанған әке дәстүріне адал­дық танытқан ұл жүрген жерін жасыл баққа ораудан жаңылмай келеді екен. Жаңақорғанға жаңадан қоныс аударып келген жылдары жұртшылық көк шықпайды деп жылы жауып қоя салған аймақты ащы терін төгіп жүріп, суландырып, бүгінге дейін 300 түп ағаш отырғызып, әлеуметке үлгі болды.
Серік Мұсабаев 2019 жылы аудан әкімі Руслан Рүстемовтың қолынан «Ең үздік ау­ла» номинациясын алды. Десе-дегендей, Серік ағаның үй айналасы нағыз дема­лыс орны, жанға жайлы, бау-бақшасын­да алма, өрік, жүзім сынды жемістің де түр-түрі самсап тұр.
Үй тұрмысында тиянақты еңбекқор­лығымен ерек танылған Серік аға­мыздың саяси өмірдегі белсенділігі бұдан да әлеуетті. Ол кісі қоғамда орын алған келеңсіздіктерге бұл менің ісім емес деп қарап отыратын жан емес. Бастысы, әділдік аяққа басылмауы керек. Қарапайым жандардың құқын қорғап, сөзін сөйлеуде көптің алдына түсіп, елдік проблемаларды көтеруден жалықпайтын бұл кісіні жиналыстарда ең алдыңғы қатардан көреміз. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін қозғап, кемшіліктердің алдын алуға ағалық кеңесін беріп отырады. Егер сын шын болса бұдан қоғамның ұтары көп.
Серік Абыдынұлы осынау жетпіс бес жылдық ғұмырында Президенттің сенімді өкілі ретінде алтыншы сайлауды өткізіпті. Қазірде аудандағы «Аманат» саяси кеңесінің мүшесі. 2019 жылы Ауданның «Құрметті азаматы» атағын алды. «Билер алқасының» төрағасы. Ал қарапайым өмірдегі бар ұстанымы – туралық. Турасын айтам деп туғанына жақпай қалатын кезі көп болса да осы мінез мінберінен түспей келпеді.
Жасы келсе де жүрек жалынын сөндірмей, жан дұниесіне ұдайы күш беріп тұратын елге деген жарқын тілектің шұғыласы ма екен? Әйтсе де әрбір кісіге дем беріп тұратын бір әлеуетті рух болады екен. Баяғыда, мектепте жүргенінде оқушылар Парламенті шәкірттер арасында «Ең әділ ұстаз кім?» деген сауалнама жүргізіп, сонда бұл қасиетті атақ көпшілік білімгерлер даусымен Мұсабаев Серік ағайларына бұйырып еді. Ұстаз үшін шәкірттерінің пәк көңілді бағасынан артық мадақ та, марапат та болмақ емес. Сол кезде көңілі бір өсіп, еңбегі жанғандай, бір жасап қалған. Сол ұлық баға мұның бүкіл ғұмырының мәні мен мағынасына айналып, бүгін де шыққан биігінен аласартпай келеді. Ұстаз бақыты дегеніміз, бәлкім, осы шығар!

Баян ҮСЕЙІНОВА

03 мамыр 2023 ж. 430 0