№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Қаламсап


Жалпақ жұртқа жаңалықтың жаршысы, жанының жалауы бола білген үнжарияның тоқсан жылдық шежіресінде қолтаңбасы қалған аға-апаларымыздың біразы жарық өмірден өтіп те кетті. Осынау ағалар аманатына адалдық танытқан жазарман қауым санатында бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп, ел өміріне рухани қолтаңбасымен қажырлы қызмет етіп келе жатқан тұлғалардың бірі Ұлдар Жолдасованың есімін ел ұмыта қойған жоқ. Бүгінде алпыстың екеуіне келіп отырған апамыз Алматы қаласында тұрады.

Биыл газетіміздің тоқсан жылдығына орай аудандық басылымда қолтаңбасы қалған тұлғаларды тауып, насихаттау арқылы өткен жылдар шежіресін тірілтуді мақсат етіп отырмыз. Тарихты тұлғалар жасайды. Бұл бастамамызды оқырман жүрегін тағылымды тартуларымен байытып, бірге өмір сүріп, қуанышы мен мұңын бөліскен төл басылым алдындағы асыл парызымыз деп түсіндік.

ҚАЛАМҒА БАЛА ЖАСЫМНАН ЫНТЫҚ БОЛДЫМ

Біздің алғашқы кейіпкеріміз – Ұлдар Жолдасова апамыз – Қандөз ауылының тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың ұрпағы болып келе­ді екен. Ата-анасы кешегі ашаршылық кезінде Шәуілдір жаққа ауа көшкен екен. Әкесі Тәшкенбай 1911 жылы туылған. Жары Тұрсынай екеуінен өрбіген Серік­бай, Майгүл атты перзенттері сол қиын­шылық кезде көз жұмған. 1938 жылы әскер қатарына алынған Тәшкенбай Жолдасов сол кеткеннен соғыс бас­талғанда әскер қатарына алынып, елге 1945 жылы бір жанарынан айрылып, жарымжан болып бір-ақ оралған. Кейін екінші әйелі Зылиқадан  алты перзент – үш қыз, үш ұл болған екен. Ұлдар солардың үлкені.
Тәшкенбайдың отбасы Сырдың арғы бетіне 1967 жылы қайта көшіп қоныс аударыпты. Қандөз ауылының  жаңадан құрылып жат­қан кезі. Атамекенім деп сағынып жеткен азамат жұмыс таңдамай колхоз шаруасына жегіліп кете барыпты. Балалық шағы туралы Ұлдар апа былай деп әңгімелейді:
– Менің оқуға, білімге деген ықыласымды оятқан әкем. Ол Қандөз қаракөл қой шаруашы­лығының «Таспара» деген фер­масында жұмысшы болды. Бұл жерде он бес шақты кісі жұмыс жасайтын. Фермадағы жалғыз үй - біздің отбасымызда ертелі-кеш осы кісілерге дастархан жайылып, үйімізден қонақ арылмайтыны есімде. Бұл неғылған кеңшілік, бау­ырмашылдық. Кісі пейілін кеңге жайса жер беті гүлхан береке, бірлік, қызықшылыққа толы, тіпті әр күнің мереке екен ғой. «Көппен көрген ұлы той» деп қазекем содан айтса керек. Дастарханыңның мол-аздығынан бұрын, бір табақтан ас жеген көптің тілегінің шарапаты ма, ырысымыз ортаймай, көңіліміз­дің тоқ жүретінін айтсаңшы.  Қо­лымызда ұстап отырған біраз малымыз бар, анам төрт қызына тірлікті бөліп берген. Күніге сиыр сауып, сүт пісіру, май шайқау, құрт жаю,  он-он бес таба нан жауып, ас пісіруден қолымыз тимейді. Бірақ қабақ шытып жатқан біреуіміз жоқ. Ауыл халқының ауызбірлігі мығым, бірінің жағдайын көп болып шешуге ұмтылғандықтан ұнжырғасы түсіп, торығып жүрген ешкім жоқ. Қоңыр да болса құбатөбел тіршілігіне тәуекел етіп, адал маңдай теріне сыйынған көптің ортасында өсіп-өндік. Осы күні ойлап отырсам, өмірімнің ең бір жарқын сәттеріне теңеймін сол күндерді» дейді ол ағынан жарыла.
Әкесі бір айлығын тұтас жұм­сап болсын, мерзімді басылымға жазылуды әдет қылған көрінеді. «Жұлдыз» журналын  малға шық­қанда етігінің қонышына салып алып кетуші еді дейді. Ол кез адамдарының көпшілігі сондай бол­ған. Оқуға ынтық, дүниенің бар жақсысы, жаңалығын жеткізе­тін газет-журналды жанына серік етіп, болмыс-бітімін байытып, көз­қарасын ұштап, зерлі көкіректе өзіндік салмақты көзқарас  қалып­тастыруға көңіл бөлген.
Қазіргідей газет-журналға жазылу науқанын жеке басы құқығына қол сұққан зорлық­қа балап, оған қарсы шығып жүрген­дер­дің деңгейінің  қан­дай екеніне осы­ған қарап-ақ баға беруге болатындай. Дүниеде байлық атаулының биігі – рухани құндылықты бойына дарытқысы келген жан кітапқа, газет-журналға жақын болса керек-ті.
Ауылға көшіп келгенінде алты жас­қа жаңа толған кішкентай Ұлдар әлі әріп танымаса да әлгі газет-журналды бас әрпіне қарап іріктеп, текшелеп жинап қояды екен. Осы әдет оның қанына сіңіп кеткен-ау, кеше отбасына барғаным­да аудандық «Жаңақорған ты­нысы» газетінің 50 жылдық мерекелік санын әлі күнге дейін сақтап келеді екен, менің қолыма ескерткіш ретінде ұста­тып жіберді. Отбасылық архивінде сақта­ған жас тілші кезіндегі мына сурет­тері (газетте осы бетте) марқұм Тұмарбай Жәненовтың фотолары ғой.
– Мен мектепте жүрген кезімнен бастап қабырға газетін шығаруға қатты қызықтым, – дейді ол. Орта мектепті бітірген соң совхозда комсомол жастар бригадасында бір жыл жұмыс істедім. Партия қатарына өтіп, маған жоғары партия мектебіне жолдама бермек болғанда одан бас тартып, келер жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Әкем сырқат болғандықтан оқуға сырттай түсіп, ауылда жұмысымды жалғадым. Бірақ талап өте қатты еді. Төрт айлап созылатын сессияда бір жылдық бағдарламаны сығып алардай емтиханнан өттік. Бұл біздің келешек мықты маман болып қалыптасуымызға жол ашты. Осындай күндердің бірін­де аудандық «Жаңақорған тынысы» газеті жұмысқа шақырып, алдымен корректор болып орналастым. Көп ұзамай ауыл шаруашылығы бөліміне әдеби қызметкер болып ауыстым. Ре­дакторы Құдабай Ертаев еді. Аудан орталығында туысымыз Нәлшібекова Мария апаның үйінде жаттым. Бұл кісі өзі де  баспаханада жұмыс істепті.
Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев сынды ақын ағаларымды күнде көріп жүрдім десем болады. Олар өздері басқаратын мәдениет ошақтарының жұмысын жазып әкеліп тастайтын. Оны мәшеңкеге басатын Арыстанова Бейсенкүлдің әлі жап-жас кезі. Адырбек Сопыбеков ағамыз жауапты хатшы. Менімен бірге оқитын курстасым Ма­ғираш Тұрсынова да еңбекші хаттар бөліміне тілші болып орналасты. «Қыз­дарымыз көбейіп, редакциямыз гүл­деніп кетті ғой» деп қояды іштегі Үсен Әбшенов, Жұмабай Әбілев, Әкім Мейірбеков сынды ағаларымыз. Ол кісілер талантты қаламгерлер еді. Әсіресе, Үсен, Жұмабай ағалармен бір сәттік сұқбат немесе талқылаулар­дың өзінен ғалымдардың лекциясын тың­дағандай әсер алатынбыз, – дейді ол.
Журналистикада әйел-ер деп бөл­мейді. Тапсырма бәріне бірдей беріледі. Талай екінші тың ерлерін жазамыз деп Қызылқұмның мидай құмының ара­сында совхоздың берген көлігін мініп, малшыларды аралап, очерк жаз­ған сәттерін ұмытпайды. Амандосов ағайларының «журналистика қыз бала­ға қол емес» деген қағидасына талай сына қағыпты осылайша. Қайта нәзік жандылардың жұрт  аңдай бермейтін көп иірімді мәселелердің тереңіне бойлап, жан-жақты жазуға мүмкіндігі бар. Өздері барған шопан үйінің қазан-аяғына дейін араласып, отбасының іші бауырына кіріп кететін нәзікжандылар  еңбекші­нің әлеуметтік тұрғыда мұң-мұқтажын шынайы түсіне алса керек. Сондықтан да олардың жазған дүниелері жүрекке жақын келеді.

АҚЫННЫҢ ЖАРЫ БОЛҒАН ҚАНДАЙ БАҚЫТ

Бұл біздің кейіпкеріміздің Адырбек ағаның отбасында болған сәтте түйген ойы. Ақындардың бәрі сондай ма, жоқ, Адырбек ағаға Құдайдың берген мінез кеңдігі ме, Шарипа апамызбен екеуі арасындағы тұнық сыйластық, өзара қарым-қатынасы қатты қызықтырыпты. Ауылдан жырақ жүрген соң ба, Шәрипа апасы Ұлдарды жиі үйіне шайға шақырады, сонда байқап, шіркін-ай, менің жарым да осы ағай сынды шығар­машылық адамы болса екен деп іштей тілегені рас.   
Бұлар үшінші курстың жазғы сес­сиясына барған жыл болатын. Өзбекстан жағынан келіп оқитын Үсен деген ақын жігіттің өзінде көңілі бар екенін іштей сезетін. Ол да биязы жігіт, ашығын айтпаса да, батылы жетіп, қызға бір күні Ташкент қаласын аралатып, саяхаттап қайтуға қолқа салды. Жақсыны көр­мекке деп, бұл да көніп, вокзалға бірге келді. Бұларды мәз-майрам шы­ғарып салып тұрған Мағираш пойыз қозғалғанда барып, жүрегі секем алып, көңілге күдік түсіп, жан құрбысын біреу қолынан жұлып бара жатқандай, вагонмен қатарласа біраз жүгірген. Ұлдарға ғашық жігітіміздің біраз жыл өткенде «мамаларыңды пойызбен алып қашқам» деп бала-шағасына мақта­нып отыратын себебі осы. Жылап-жылап көзі ісіп кеткен келіндерінің рең-басынан шошып «немене, кәрістің қызы ма?» деген келген жұрты алғашында таңқалысыпты. Анасымен бірге тұратын күйеуі күнделікті жұмысына кетеді, ал бұл ешкімді танымайды, екі шелегін алып, үй жанында ағып жатқан Шыршықтың жағасына келіп, мұңын төгіп, екі көзі­не жалынғаннан басқа шарасы жоқ. Келін түсті дегенді естіп үйге келген қайынатасының інісі, өзінің бір қолы жоқ, соғыс ардагері екен, келіннің ауылына барып хабар салуды өз мойнына алыпты. Қалыңмалын қамдап, құдалық жолын жасап келуге аттанған әлгі ағалары үш күннен кейін келіпті. Қыз әкесі де соғысқа қатысқан, екеуі әбден білісіп, екі жақ разы болғанға ұқсайды.
Алғашында бұл жақтың әдет-салт, жөн-жоралғысынан бөлек, тілінің өзбек­шеге бұрмаланып кеткеніне Ұлдар мүлде көндіге алмаған ұқсайды. Көндіге алмай жүрген тек өзі емес, жары Үсен де өзі жұмыс атқаратын «Коммунизм үшін» газетінде шама-шарқынша ұлттың жоғын жоқтап, насихаттап, тіл тазалығы үшін барын салып жүр екен. Жас келіншегі де осы газетке жұмысқа тұрған бола­тын. Көп ұзамай  үйдің жанындағы Мұх­тар Әуезов атындағы қазақ мектебіне жұмысқа орналастырды. Ұлдар мектепке қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі болып сабаққа кірген. Қолындағы пән таза қазақ тілінде. Сабақты қазақ тілінде өтуі керек. Бірақ қатты таң қалғаны, балалар өзбек тілінде сөйлейді. Қазақша сөйлейін десе де тілі бұралып, бұзып айтқан шәкірттерінің тілін түсінбей көңілі іріді. Бұл шын қасірет еді. Өз туған жерінде, өз атамекенінде тұрып ана тілден ажырау деген не сұмдық. Оңтүстіктегі бірнеше аудан елу алтыншы жылдары Хрушевтің солақай саясатымен өзбектерге беріліп кеткен. Кейін қазақтың шекарасы өздеріне қайтарылғанымен үш аудан бөтен мемлекеттің қарамағында қалды. Солардың ішінде Бостандық ауданы бар еді. Территориясымен бірге тілі де тәуелденіп кеткен  жағдайын көріп, жас жүрегі тілімделген бұл жолдасының шырылдап жүретін жағдайын енді түсінді.  Бәрін қойып отбасында бірге тұрып жатқан жанұя мүшелері ана тілінде бір-бірін түсінуден қалып, тіпті өзі әлі жаңа ортаға сіңісіп кете алмай жатқан бишара күйіне ызасы келді. Ана алдында отырған қаракөздерге қайтсем де қазақ тілін меңгертіп шығарам деп өзіне серт берді. Бұған 9-10 сынып берілген еді. Сабақтан тыс шараларды да көптеп өткізуге бел буды. Жұмысынан жақсы нәтиже көрсете алған жас маманды аудандық оқу бөлімі басшылығы жоғары бағалап, өздеріне қазақ тілі, әдебиеті пәні бойынша методист етіп жұмысқа қабылдады. Ауданда 52 мектеп  болса соның 27-сі  қазақ мектептері екен. Ұлтжанды азамат осы білім ошақтарында қазақ тілінің мәртебесін биіктетіп, ұлт тарихын тереңдете оқыту жағдайына жанашырлықпен жұмыс жасады. Қа­зақ жеткіншектерінің жүрегіне ұлт тарихының құндылықтарын егуге көңіл бөліп, мектеп ішінің қабырғаларына үш бидің, Алаш қайраткерлерінің портретін ілгізіп, олар туралы танымдық тақырыпта жиын, кештердің ұйымдастырылуының жобасын түзді. Ұлт үшін еткен ерен еңбек ескірмейді екен. Өткенде Га­залкенттегі сол мектептердің біріне кездесуге шақырылғанда сол қойып кеткен құндылықтардың өз орнынан таймағанына көңілі елжіреді.
Баяғыда ақын ағасына қызығып, менің де жарым осындай болса  деген періште тілек қабыл болып, ері Үсен өте жұмсақ мінезді, қарақан басынан бұрын қазағының жағдайына жаны ауыратын, бүкіл қажыр-қайратын соның жолына арнаған үлкен жүректі азамат болуы екеуінің ұстанымын бір арнаға тоғыстырды.
Ұлдар Жолдасованың ері, Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сазгер Үсен Өмірзақовтың есімі жалпы оқырман мен тыңдарман қауымға жақсы таныс десек болады. Ол кісі арамызда аман-есен жүргенінде биыл 63 жасқа толғанын тойлар еді. Оның «Жүрегімнің қалдырам қазынасын», «Өмір-өлең», «Ақын тағдыры», «Та­мыл­жыған тамызым», Өзбекстан ақын­дарының жыр жинағына енген «Алтын алқа» жыр топтамасы ақын жүрегінің барша арман-мақсатын оқырманына айшықты әйгілеп тұр. Ол сонымен қатар ақын жырларына ән шығарған сыршыл сезімнің иесі.
Аудандық газетте жүргенінде өзі театр ашып, қазақ тілі мен дәстүрін насихаттаған пьеса, спектакль қойы­лымдарының өзі сценарийін жазып, тауып келген әртістерін үйде дайындап сахнаға алып шыққан ерен еңбегін жары Ұлдар жаны толқи отырып әңгімеледі. Қайткенде қазақтың қанында тілге, ділге деген құрметтің оты сөнбей, болашаққа рухты күйде жалғауды ойлаған жаны таза азамат осы әрекетінің өзімен қаншама адамның көкірегінде ұлттық намысты оятты. Осы қызметіне жан-тәнімен көмектескен жары Ұлдар екеуі кейін республикалық деңгейде жарық көретін «Нұрлы жол» газетіне жұмысқа тұрып, таңғы 5-те жүре бастайтын электричкамен бірнеше жыл Ташкент қаласына қатынап жұмыс жасағанда кезекшілік күндері түнге қалып кетіп, баспаханада газетті жастанып, көз шырымын алған сәттер көп болғанын көзіне жас ала отырып баяндап берді әріптесіміз. Мұндай қиямет қадам, өлермен тірлікке өз мамандығын жа­нымен сүйетін адам ғана бара алса керек.
2013 жылы бір отбасындағы қос қа­ламгер Талдықорғанға қоныс аударып, шығармашылық жұмыстарына кең тыныс біткен тәоізді. Алғашында Бикен Римова атындағықазақ драма театрында жұмыс істепті. Оған қоса «Жетісу» мемлекеттік университеті жанынан шыққан он екі беттік газетте екеуінің де қолтаңбалары қалыпты. Осында қызмет атқарған он жыл жоғары оқу орнында білім алып жатқан шәкірттер арасында өнерден, жазу-сызудан хабары бар талай жасты сайыстарға қатыстырып, бүгінде олар­дың көбі «Жетісу» арнасында таны­лып жүрген белгілі журналистер, теле­жүргізушілер екенін мақтана жет­кізді Ұлдар апамыз.
2020 жылы елге келген аты жаман індет ұлтым десе ішкен асын жерге қоятын асыл ағамызды арамыздан жұлып әкетіпті. Осының алдында бір ай бұрын ғана туған күн кешінде құдай қосқан қосағы, шаңырағының берекесі, сүйікті жары Ұлдарға арнаған әнін тарту еткен екен. Осыдан отыз алты жыл бұрын шаңырақ көтерген отбасында үш перзент тәрбиелеп жетілдірген бақыт­ты шаңырақтың гимніндей шырқалған бұл әнді асыл жан соңына өлмейтін ескерткіш ретінде тарту етіп үлгіргенін ол кезде ешкім де білмеген еді.
Өзі де руханиятқа жақын қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүше­сі, бүгінде ұл-қыздарымен Ал­маты қаласында тұрып жатқан Ұлдар апамыздың отбасына арнайы соғып, жарының соңында қалған дүние­лерін жинақтап, жаңа кітаптың қол­жазбаларын іріктеп отырған үстінен түстім. Ия, жазушы еңбегі мәңгі түгесілмейтін тұңғиық әлем ғой. Жақында Түркістандағы Әл-Фараби атындағы  кітапханаға жары, ақын Үсен Өмірзақовтың соңғы шыққан кітапта­рын тарту етіп, оқырмандармен кездесу өткізіп қайтыпты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
07 ақпан 2023 ж. 552 0