Әбдіғаппар ауылының тұрғындары Кенжебаевтар әулеті туралы сөз қозғағанда осы мәтелдің шынайылығы еске түседі. Неге десеңіз, бұл әулеттің егесі Шерубай Кенжебаев кезінде осы ауылдың іргесін қалаған, ашаршылық кезінде өзге елдерге ауып кеткен ағайынның басын атамекенге қайта жинап, жаңа шаруашылықтың күнкөрісін тіктеп, соған өзі басшылық жасаған кісі. Бұл кісінің көзін көрген кісілердің аузынан басқарма Шерубайдың өте іскер, кісінің бетіне тура қарамайтын, бірақ елдің өтініш-тілегін көңілімен құп алып, тап-тұйнақтай атқаруға тырысатын ұқыпты адам болғанын талай естіп те жүрміз. Бүгіндері осы кісінің қарашаңырақтағы ұлы Серік Шерубайұлының да әке жолымен елге бас болған, өзінің қысқа ғұмырында қараша ел бетке тұтарлықтай азамат болып өткенін дәріптейтін кітап ел қолына тиіп отыр. Кітапта еңбек адамы туралы өзінің замандастары, жолдастарының естеліктері қамтылған. Сондаяқ, перзенттері де туған әкеге деген өз сағыныштарын бөлісіпті.
Серік Шерубайұлы 28 наурыз 1953 жылы Жаңақорған ауданы Қыраш елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектептен соң кеңес армиясы қатарында қызмет етіп, одан оралған соң шаруашылықта еңбек еткен. Шымкент облысы, Ванновка ауданындағы гидромелиорация техникумын су мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын Задарья совхозында егіс бригадирі болып бастайды. Осы жұмысты атқара жүріп, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын бітіреді. Совхозда қырман меңгерушісі, одан әрі бас агроном болып істейді. Совхоз тараған соң шаруа қожалығын құрып, соның төрағасы болды. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін Әбдіғаппар ауылы аталып кеткен «Қыркеңсе» елді мекенінде қызмет жасады. Қырдың басында орын тепкен Шерубай басқарма отыратын ауылдың кеңсесін кезінде жұрт осылай атап кеткен екен.
Кеңестік шаруашылық жүйесі бойынша совхозда жұмыс атқарып, мамандығын жетік меңгеруі арқасында үздік орыннан танылып, социалистік міндеттемелерін асыра орындағаны үшін ауыспалы вымпелді қолдан бермей келген Серік Шерубай ұлының бригадасы ел ырыздығының еселеп артуына көп үлесін қосты.
Елде тұлғалық болмысы бай, сөзі өтімді, кісілік қарымқабілетімен ерекшеленетін Серік Шерубайұлының жоқ-жұқанаға көмек қолын созып, ауыл мешітіне жүйелі қамқорлық әрекеттері жөнінде әркім-ақ айтып бере алады.
Кеңестік жүйе күйреп, шаруашылықтар жекешеленген соң нарық талабына икемделуге тура келді. Серік Кенжебаев 2007 жылы «Бұқарбай» жеке шаруашылығын ашып, соның жұмысын басқарды. 2011 жылы ауылдық қоғамдастық кеңесі төрағасы қызметін атқарды. Ол ел ағасы ретінде көп мәселеге бас-көз болып, елге ортақ игіліктердің иесіз қалмауына да қамқорлығын аямаған екен. Жастар арасында өтетін түрлі жарыстардың жалғасын тауып отыруына, елді мекенде дәстүрлі түрде мерекелік шаралардың ұйымдастырылуына да қолдау көрсетіп отырыпты. Жылына екі рет «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, ауылдағы жағдайы төмен отбасыларына өз атынан да, өзі басқаратын шаруашылық атынан да қолұшын беруден алыс тұрмапты.
Сенбі күні Серік Шерубайұлының бауырлары, балалары болып, әке атын жаңғыртып, Әбдіғаппар ауылындағы №213 мектеп базасында жаңа кітаптың тұсауын кесті. Әке атында футболдан турнир өткізді.
Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков, ауылдағы зиялылар қауымы, шара иесінің перзенттері мен туған-туыс, бауырлары қатысты.
Шараны ашқан Дархан Есалыұлы кезінде өз балалық шағы өткен өзінің де ауылы туралы жарқын естеліктерін айта келе, ауыл тұрғыны Серік және Алмагүл апайы туралы лебізін бөлісті. «Алмагүл апай бізге сабақ берген аяулы ұстазымыз. Өмірден өткеніне он жылдан аса уақыт өтіпті. Бірақ жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ сақталады» – деді ол.
Шара барысында Серік Шерубайұлының бауырлары Әріп және Тотыгүл, Серік пен Алмагүлдің ұл-қыздары: сәкен, Айнұр, Рүстем, Айгүл, Мұратқалидың естеліктері көптің көңілін толқытты.
Жүректегі қос шырақ
Осы күні тұсауы кесілген «Жүректегі қос шырақ» деп аталатын кітаптың авторы осы отбасының ортаншы перзенті – Айгүл Серікқызы екен. Кітаптың мазмұны отбасы іргетасын мықты сақтау үшін қажет қағидалармен бекітіліпті. Мәселен: Балаға жақсы тәрбие берудің үш бағыты. Әулетте беделді иеленудің басты шарты. Отбасындағы қамқорлықтың жемісі деген тараулар бір ғана жанұя емес, қазақ отбасындағы құндылықтарды дәріптеуімен көпшілік көңіоінен жылы орын алды деуге болады.
Осы күні ұйымдастырылған турнирде үздік ойынын көрсеткен жеңімпаздарға Шерубаевтар отбасы атынан ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Баян ҮСЕЙІНОВА