№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Газет өмір айнасы

Газет өмір айнасы


Журналистердің кәсіби мерекесі күні дәстүрлі басылымдар жөнінде ой толғауды жөн көрдік. 
Қазір қоғамда ақпараттық технологиялардың дамуымен қатар дәстүрлі басылымдардың рөліне де ерекше мән берілуі керек.

Ғаламторды қанша жерден мақтасақ та, ол газет пен журналдай бола алмайтынына сенімдімін. Заман талабын ескерген дұрыс шығар, бірақ тасқа басылған дүниелердің салмағы қашанда жоғары деп ойлаймын. Бүгінде осыған байланысты екі жақты пікір бар. «Газет-журналсыз өмір сүру мүмкін емес. Бұрынғылар ғаламторсыз-ақ газет оқып, көзін ашқан. Ал жаңа заман адамдарының өмірін онсыз елестету қиын.
Ғаламтор адамды елітіп, өзіне тәуелді қылады. Қолдану дұрыс та шығар, бірақ газетсіз елдің тіліне нұқсан келеді» деп аға буын өкілдері баспасөз болашағына алаңдаушылық танытса, енді біреулері: «Қолымыздағы тетікті бассақ болғаны, ақпараттың барлығы дайын тұр. Газет-журналға жазылып, ақша шығарып не керегі бар? Тіпті болмаса, сол газеттің электронды нұсқасын оқуға болмай ма?» деп қарсы дау айтып жатады. Бүгінгі ақпараттық технология қарыштап дамыған қоғамда ғаламтор айнымас досымызға айналғандай. Әйтеуір бәрі керемет, бәрі оңай. Дегенмен, ғаламтордың пайдасынан бөлек, зиянды жағы да жетерлік.

Телефонға телмірген жастардың қоғамдық көлікте құлағын бітеп алып, әлеуметтік желілерден шықпай, ешкімді елеместен міз бақпай отыратынын қайтерсің?! Тіпті кіп-кішкентай бүлдіршіндер де ұялы телефонның мүмкіндіктерін біліп алған. Ғаламтормен санасы шырмалған бүгінгі буын ертеңгіге қандай өнеге бермек?! Жастарымыз рухани жұтаңдыққа ұшырап жатқан жоқ па?! Көкейімізде сан сауал... Өз басым, бос уақытымды әлеуметтік желіге арнағаннан гөрі, газет-журналмен дос болуды артық санаймын және мұны әдетке айналдырдым.

Ғаламтормен жұмыс істеу тиімді әрі жедел болғанымен, ондағы ақпараттың дәлдігі мен шынайылығына ешкім кепілдік бере алмайды.
Ал баспасөз беттерінде нақты мәліметтер ғана жарияланады. Елдегі болып жатқан елеулі оқиғаларды жұртшылыққа жеткізіп, жан дүниеңді байытып, ой-өрісіңді өсіретін, сезімге сезім, ойға ой қосып, таным көкжиегін кеңейтетін де газет емес пе? Қажет ақпаратты экраннан оқығаннан гөрі газетті қолмен ұстап, сезініп оқыған көңілге де қонымды, жүрекке жақын. Өзіме солай. Газет – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын айтқан журналистердің мірдің оғындай өткір сөздерін газет бетінен ғана табатын сияқтымын. Алайда қазір жастар газет, кітап оқуға құлықсыз деген пікір қалыптасқан. Мен бұл пікірді теріске шығарар едім. Сол үшін газет-журнал оқырмандарының көп болғанын қалаймын. Сөз соңында айтарым, газет оқу бұл – зиялылықтың белгісі.

Лаура БИБАСАРОВА
06 маусым 2022 ж. 1 457 0