Қазақтың ежелгі астанасы саналатын тарихи мекенімізде мәңгілік тыныс тапқан қасиетті бабалар – «Хорасан ата», «Қылауыз ата», «Бақсайыс ата»,«Қылышты ата», «Төлегатай ата»,«Қырық садақ», «Шаһ бүзірік», «Шәмші Бүзірік» кесенелері бір шеңбердің бойында жатыр. Бүкіл өмірлері адамдар жүрегіне Алланың хақ жолын егіп, елді бірлікке, бейбітшілікке, туралық пен тазалыққа үндеумен өткен осынау тақуа жандардың тағылымын сөндірмей, болашаққа шырақ етіп ұстау санасында сәулесі бар әрбіріміздің міндетіміз.
Тәуелсіздіктің таңы туысымен, көкіректе сайрап тұрған асыл киелеріміздің есімін де айтуға ерік бермеген кешегі кезең саясатының құрсауынан арқасын ажыратып, асылы пен ардағын қастерлеуге құмбыл кіріскен құштар жүректердің бас түйістірген берекелі тірлігі талай баянды іске бастамашы болып, иен далада иесіз қалған қасиетті бабалардың атын қайта тірілтті. Солардың қатарында тарихи «Өзгент» қалашығының дәл іргесінде жатқан «Үш ата» кесенесі де бар. Үш ата – Әл-Әмин баб, Шаһ бүзірік, Шәмші Бүзірік бабаларымыз көне Өзгент жерінде XIV-ХV ғасырда өмір сүрген. Осы үш бабаға арналған үш күмбезді кесене құрылысы 1997 жылы жергілікті халықтың асарлатқан көмегімен салынып бітті.
Бұл жөнінде баба ұрпағы, қоғам қайраткері Ибрагим Абибуллаев былай дейді: «Бабалар рухына тағзым ету, зиярат жасау – ұлағатты ұрпақтың айбынын асырар абзал борышы, аманатқа адалдығы. Бұл бір жағы өткенді түгелдеп, бүгінгіні байырқалап, ертеңге бағыт ұстайтын мінәжат мезіретіміз, жорлалғылы жолымыз. Оның ұрпақ тәрбиесінде алар тағылымдық орны үлкен. Ұрпақ сабақтастығының күні бүгінге дейін күрмеуі үзілмей,келешеккне арна тартуы осы тарихи тамырластыққа адалдықтың көрінісі болса керек».
Ибрагим Абибуллаұлының Жаңақорған ауданына әкім болып келген кезең егемендіктің елеңалаңындағы дағдарысты жылдармен тұспа-тұс келді. Бұл жылдар тарихта тоқырау жылдары деген атпен қалды. Кеңестік жүйе күйреп, жаңа мемлекетіміздің іргесі бекіп болмаған, елдің әл-ауқатының да кенеуі кетіп, әбіржулі күй кешкен қысылтаяң уақытта Құдіретті танып, құлшылығын арттырған ағайынға бір Аллаға деген сенімнің күші таяныш болғаны анық.
Осындайда туған жер қойнында жатқан Құдайдың сүйген құлдары – адамзаттың соңғы әулие-әнбиелеріне құрметті арттыруға ұмтылған көпшіліктің ниетін танып, бір арнаға тоғыстыра білген басшы елдің басын ынтымақты іске ұйыстыра білді. Абд-әл Жәлел баб (Хорасан баба) қорымына, Ақтас мешіті мен Айқожа ишан кесенесінің қалыпқа келуіне күш жұмсады. Жол салып, электр жарығын орнатып берді. Сығанақ қаласында Хисамеддин баба басына кесене салдырды. Ол кезде бюджет қаржысы тапшы, қазіргідей қалталы деген ұғым жоқ, осы істің барлығы жұртшылықтың шынайы ықыласты демеуімен атқарылды. Жаңақорғанда бастап кеткен осы іс 1997 жылы баянды жалғасын тауып, «Үш ата» кесенесі бой көтерді. Сейілбек Шаухаманов ағамыз әулиенің қасына екі ұңғыма қаздырып, су шығарып берді. Қазір ол жерде 15 гектар аумақта бау-бақша жайқалып өсіп тұр.
2019 жылдан бастап «Үш ата» кесенесіне апаратын жол бойындағы үлкен коллектордың үстіне кө пір салынды. Кесене маңайы ретке келтіріліп, қажетті құрылыстар жүргізілді. 4,5 шақырым жерге электр желісі жүргізілді. Осы жұмыстардың барлығы ынталы азаматтардың ықыласты көмек-қолдауының арқасында мәресіне жетті.
24 қыркүйек күні бабалар рухына арнап ас беруге ниеттенген ұрпақтары «Аталар жолы – иманның кені, тәрбие тірегі, білімнің қайнар бұлағы» деген тақырыпта танымдық конференцияның өтуіне мұрындық болды. Осы күні еліміздің түкпіртүкпірінен баба ұрпақтары, дін тарихын зерттеуші ғалымдар, жергілікті халық өкілдері кесене басында берілген асқа жиналып, бабалар рухына арналып жайылған дастарханда бас қосты. Құранға қол жайды. Арнайы тақырыпта өткен танымдық шарада баяндама жасаған филология ғылымдарынң кандидаты, шығыстанушы, Мәнсұров Нұрлан Берденұлы «Мәулене Шәмші Бүзірік бабаның тұлғалық сипаты» жөнінде ой тербесе, тарихшы, шежіреші Сейтомар Саттаров «Шах-Бүзірік ата ұрпақтарының қазақ тарихындағы орны» туралы әңгімеледі. Қорқыт ата атындағы университеттің профессоры Қозыбай Құдайбергенұлы «Әл-Әмин Баб атаның тарихнамасы» жөнінде баяндап берді.
Жиында сөз алған Ибрагим Абибуллаевтың сөзі төмендегіше өрілді: «Қадірлі жамағат. Бүгінгі шараның құрметті қонақтары. Әділетті Қазақстан құруға ұмтылған, оң өзгерістер серпін алған мемлекетімізде мерейімізді асырған шаралар қатарында дінге деген шынайы құрметтің орны бөлек. Кеше, астанада өткен Әлемдік дәстүрлі дін көшбасшыларының жетінші сьезінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Елдің өсіпөркендеуі, хал-ахуалының жақсы болуы, қарама-қайшылыққа жол берілмеуі жүздеген ұлт, дін өкілдерінің қарым-қатынасына, татулығына, түсіністігіне байланысты болатынын» айрықша айтып өткен еді. «Алауыз елден бақыт, несібе, дәулет айналып өтеді» деген шығыстың даналығы бар. Осы ретте алқалы елдің ауызбірлігін арттыруда бүгінгідей шаралардың мән-мазмұны бөлек» дей келе ауыл-ел халқының амандығына тілектестігін қосты. Алқалы жұрт алдында сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовтың сөзі де «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген даналықтың ақиқатын айқындап берді.
Осы күні бабалар құрметіне берілген асқа жиналған мыңға жуық халыққа Ислам дінінің бастау алар тұсы мен оның жер бетінде берік орнығуына зор еңбек сіңірген Мұхаммед (С.А.У) Пайғамбарымыз бен оның ең жақын жақтас серіктестері болған алғашқы тура жолды төрт халифа қатарындағы Әбу-Бәкір Сыддық, Омар ибн Хаттаб, Осман Ибн Әффан, Әзірет Әлі туралы және бұлардың үшеуінен өніп, қазақ жерінде Ислам дінінің кең тарауына үлес қосқан тікелей ұрпақтары – Үш Ата - Шәмші Бүзірік, Қырықсадақ, Шах Бүзірік тайпаларының жұрағаттары жайлы жарық көрген «Үш халифтің ұрпағы» атты кітап таратылды. Кітапты жинақтап шығарушылар Ибрагим Абибуллаев және Серік Пірназар.
Баян Үсейінова