№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Тәуелсіздік тұғыры – тыныштық пен тұрақтылық

Тәуелсіздік тұғыры – тыныштық пен тұрақтылық

«Шай үстіндегі әңгіме» айдарында белгілі азаматтарды қонақ етіп, ашық ой алаңында қоғамдағы негізгі мәселелер турасында сөз етіп келеміз. Бұл жолы елдің бірлігі мен берекесі турасында әңгіме-дүкен құрдық. Қонаққа мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер Бақытжан Төлегеновті шақырдық.
Іскер азаматтар уақыттың құнын жоғары бағалайды ғой, келіскен уақытта Бәкең редакцияның есігін ашты. Шай құйылып, ортақ әңгімені бастай бергеніміз сол еді, қасымыздағы мешіттен азанның даусы естілді. Екінтінің келгенін хабарлап жатты. Өзгенттен келген қонақ сөзді тыйып, азанға назар аударды. Осы уақытта сан-саққа жүгірген ойды жинақтап, сұрақтарды саралап, кейіпкердің болмыс-бітімін салмақтай түстік.

Алғашқы сұрақты көне Өз­гент шаһары бағытына бұрып, баба­лардың адамгершілік, адалдық та­қы­рыбындағы ойлары турасында сұрадық.
– Ұлы дала елінде Сыр бойы өркениет орталығы саналды. Мұнда ірі-ірі сауда және мәдени орталықтар болды. Біздің ауданды ғана алсақ, Сығанақ, Сауран, Аққорған, Өзгент шаһары жайлы кеңінен айтуға болады. Оған әлі сырын ашпаған Балапан төбе, Келінтөбе, Абызтөбе сынды тарихи орындарды қосыңыз. Біз Өзгент қаласының топырағында туып, оның қасиетіне қанып өстік. Адам кіндік қаны тамған топырақтың қасиетінен нәр алады. Бұлай дейтінім, мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов, Сейілбек Шаухамановтың да кіндігі осы қасиетті топырақта кесілді.
Сырдың ескі арнасы Өзгент шаһарының іргесінен көруге болады. «Үш ата» кесенесіне зиярат етіп барушылар көне қаланың орнынан орта ғасырға тиесілі теңгелерді жиі тауып алып жатады.
Өзгент шаһарының тарихи мәніне тоқталғанда – сол маңда ағарту саласының ірі-ірі өкілдері мәңгілік тыныштық тапқанын айту керек. Көне шаһар маңында Әбдіжәлил бап, Қылауыз ата, Төлегетай-Қылышты ата, Бақсайыс бап кесенесі тұр. Дін-ағартушылары елсіз, жерсіз жерде болмайды ғой! Олар Өзгент шаһары мен сол маңдағы шағын қоныстың тұрғындарына дін үйретіп, адамдық пен адалдықтың дәнін септі.
Өзгенттің шығысына қойылған Үш ата – Шаһ бүзірік, Шәмші Бүзірік, Әл Әмин баб көне шаһардың тұрғыны болғаны тарихтан белгілі.
Әл-әмин бабты халық «Қырық садақ» атаған, ол Қасым ханының белгілі батырларының бірі болған. Шәмші Бүзірік «Көне Өзгентте» мешітте  имам болып, бұқараға тәлім берген, медресе ашып сауат ашқан. Ол Бұхарада ілім алып, «Сыр бойындағы әулиелер белгісіз аяқ асты болып барады, солардың қай жерде екенін анықтап, егелік ет» деген ұстазының аманатын орындап, Хорасан атадан бастап Қасым ата (Төбесі ойық), Қылауыз ата (Жақып ата), Қылышты мен Төлек ата, Садыр ата, Қойлақы ата т.б әулиелерді анықтайды.
Шаһ-Бүзірік молда Шәмшіден қара танып, Бұхарада, сонан Бағдатта оқып, діни ғылымды меңгеріп, «имам» атағын алған кісі.
Олардың тағылымды өмірі мен өнегелі істері үлкен кітапқа арқау болатыны сөзсіз...
– Шаһ бүзірік, Шәмші Бүзірік, Әл Әмин баб бір дәуірде ғұмыр кешіп, Өзгент шаһарына қатысты тұлғалар болғанымен, оларға топырақ әр жерден бұйырды. Үш атаның кесенесін салу идеясы қалай, қашан пайда болды?
– Бұл алдыңғы толқын ағалардың елдің бірлігін, ағайынның татулығын арттыру үшін атқарған игілікті ісі. Мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов, Сейілбек Шау­хаманов, ел ағалары Дәумен қажы Шоманұлы, Ибрагим Абибуллаев және т.б бастамасымен басталды. Бұл – 1995 жыл еді.
Әнәпия Әлжанов, Насыр Османов, Назарбек Шаухаманов, Әсет Шоманов та бас-қасында болып, ағайынның ауызбіршілігін арттыратын бастамаға демеу көрсетті.
Осындайда мемлекетшіл тұлға Сейілбек Шаухаманов ағамыздың Үш атаның басын бір кесенеге қосудағы негізгі мақсат – ағайын-туыстың ауызбіршілігін нығайтып, жастарға тәлімді үлгі көрсету дегені ойға келеді.
– Ұлтымызда «қасиетті жер­лер» деген ұғым бар. Соның бірі осы Өзгент даласы. Білуімше, Өзгенттің іргесінде, Үш ата кесенесінде жылда дүйім ел жиналып, қасиетті жерге зия­рат етіп, ата-бабаларды ұлық­тап, олардың рухына Құран бағыштайды. Соңғы бір-екі жылда баба басына жол, электр жарығы барды. Көпір салынды. Бұл оңай шаруа емес. Мұны жақсы білеміз. Іс қалай басталды?
– Әрине, кез-келген іс елдің ынтымақ-ырысынсыз жүзеге аспайды. Бұл жұмыс та ағайын-жұрттың татулығы мен тұрақтылығының, бірлігі мен берекесінің арқасында бітті.
2019 жылдың 26 желтоқсанында Алтынбек Шоманов ағамыздың шаң­ы­рағында келелі жиын өтті. Онда Ибрагим Абибуллаев, Шәмшия Әбді­кәрімова, Әсет Жиенқожаев, Жол­дас Мәдіқожаев, Жұмақожа Баязитов, Әліпбай Шәменов, Ислам Сейтмұратов, Мұхтар және Мақсұт Шоманов, шымкенттік ағайын ара­сынан Қыдырбек Мамиров, Әбдісейіт және Қуаныш Мамиров тағы басқалар бас қосып, Үш ата кесенесіне баратын инфрақұрылымды жетілдірудің маңызын талқылады. Яғни баба басына баратын жолды Қылышты мен Төлек ата кесенесінен сәл жоғарыдан (Қыркеңсе тұсынан алып баруды, оған дейін Машбек ауылы арқылы баратын) тарту, К-2 (су қашыртқысына) кана­лына көпір қою, шырақшының үй-жайын заманға сай қайта салу және т.б назардан тыс қалмады.
2020 жылдың 19 қаңтарында Алтынбек Шомановтың техникалары келіп, Қазыбек есімді ағамыз көпір құрылысына басшылық етіп, 2 айда бітірді.
Бірінші каналдың табанынан төмен қарай 3 метр қазып, іргетасы қаланды. Сосын тіреуіштер құйылып, 18 метрлік белағаш (плита) қойылды. Жобамен 28 млн теңге қаржы жұмсалды.
2020 жылдың 23 қаңтарда біздің шаңырақта бастамашыл азаматтар жиналып, көптің ісін тиімді үйлестіру, сапалы жүргізудің мән-жайын ақыл­дасты.
Ашық әрі жариялы жұмыс атқар­ғандықтан болар, көптің көңілі толып, бастаған жобаны қаржыландырудан тартынып қалмады. Сөйтіп, 4,2 шақырым жолға қиыршық тас төселіп, 4,5 шақырымдық электр желісі тартылды. 16×19 көлемінде шырақшының үйі салынып, 300 адамға арналған бастырма (навес) тұрғызылды. Шырақшының үйінен кесенеге дейінгі 300 метрге жаяу жүргіншілер жолы (тротуар) салынды. Одан кейін 14 гектар жер қоршалып, кіре беріске арка тұрғызылып, ескерткіш стела қойылып, үш кесене қайта жаңғыртылды.
– Шынымды айтсам, мұндай ауқымды жұмысты бітіру оңай емес. Мұның бәрі ағайынның ауызбіршілігімен бітті ғой!
– Дұрыс айтасыз, ағайын ауызбіршілігінің арқасында бастама байыпты болды. Сенесіз бе, күніне 70 адамға дейін асарға жұмылып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» істі баянды етті. Әсіресе, Қожакент, Өзгент елді мекені мен Жаңақорған кентінің тұрғындары белсенділік танытты. Игіліктің іс­ке атсалысқан барша азаматтың отбасына амандық, деніңе саулық тілеймін!
– Жоғарыда шырақшының шаңырағын қайта салдық де­діңіз. Осыны тарқата айтсаңыз…
– 2001 жылы Дәумен қажы Шоманұлы шырақшының үйін салып берген-тұғын. Ол кезде Қуандық Сейітмұратов ағамыз шырақшылық қызмет атқарып, қасиетті жердің шамын өміршей, қызмет етті. Бүгінде Исмайыл Сейітмұратов әкесінің ісін жалғастырып, шырақшылық етуде.
Уақыт озған сайын жаңа талаптар мен міндеттер алдымыздан шығуда. Сондықтан шырақшының үйін қайта салдық.
– «Ағайын тату болса – ат көп» деген осындайда айтылса керек-ті. Хорасан ата кесенесінің маңы жасыл желекке оранып келеді. Солай емес пе?
– Иә, Хорасан ата кесенесінің маңында мемлекет және қоғам қайраткерлерінің отырғызған көшет­тері бүгінде саялы ағашқа айналды.
2021 жылы Үш ата кесенесінің маңында 2 гектар жерге 500 түп көшет отырғызылып, тамшылатып суару тәсілі іске қосылды. Былтыр көшеттер көктеп, көгерді. Күтім болса бірнеше жылда баққа айналып, жемісін береді.
– Бәрекелді! Көшеттер саялы ағашқа айналып, көктей берсін!
Бәке, Жаңарықтың тұсын­да салынған көпірдің жырын жақсы білеміз ғой! Ал, сіздер ағайынды ұйытып, көпір де, жол да салдыңыздар. Аз қаржы емес, 90 млн теңгенің жобасында жұмсалыпты...
– Қазақ – ежелден ұйымшыл, берекелшіл халық. Оның бір айғағы «Көп түкірсе – көл» деген мақалдың мәйегінен көруге болады.
Бүгінде бір іске адамдарды сендіріп, жүргізу оңай емес.
Егер ашықтық пен жариялық болса, басталған бастама аяқсыз қалмайды. Үш ата басында біткен қыруар шаруаға қарап осыны айтуға болады.
Одан бөлек, Өзгент пен Ақсуат елді мекенінің ортасында Бабан қожа зияраты бар. Онда ескі мешіт болған. Қоңыраты да, қожасы да аралас жатыр. Өткен жылы бастама көтеріп, зираттың кіре берісіне арка қою ұсынылды. Күнделікті жиналған қаржы мен жұмсалған шығынына арнайы чаттар арқылы есеп беріліп, жұмыс ашық жүргізілді. Нәтижесінде бастама сәтті жүріп, арка тұрғызылып, Шәмші мағзұм мешітіне баратын 250 метрлік жол салынды.
– Қоғам белсендісі ретінде қаңтар оқиғасынан не түйдіңіз? 
– Тәуелсіздіктің тұғыры – ты­ныштық пен тұрақтылық. Мұнын салмағын кешегі оқиғалар салмақтап, санаға бекіте түстік.
Иә, сындарлы сәтте елдігіміз шайқалып, ата-бабаның сан ғасыр бойы аңсаған азаттыңын аяқ асты ете жаздадық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында көк туымыз аспанымызда қалықтап тұр. Шүкір!
Енді атқарушы билік халықпен санасып, елдің әлеуметтік-эконо­микалық әл-ауқатын арттыру бағы­тында жүйелі жұмыстар атқаруы тиіс.
– ХХІ ғасырда дамудың жо­лын табу оңай емес. Өркениет көшіне ілесуде бағыт-бағдар­ымыз қандай болу керек?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Мәжілістің отырысында орын алған олқы­лықтарды атап, бағытымызды ай­қындап берді.
Біздің алдымызда экономиканы әртараптандырып, өнім өндіруге басымдық беру міндеті тұр. Кәсіп­керлік саласын дамытуда әділдік принципі негізінде бәсеке алаңын қалыптастыра білу де маңызды іс. Сонда ғана әлеуметтің әлеуеті артып, тұрақты дамудың жолын табамыз.
ТҮЙІН. «Ағайын – ағайынның айнасы» деген рас екен-ау! Елдік істе бірігіп, ауқымды бастаманы бітірді. Мұны кімге болса да үлгі етуге әбден болады. «Шәй үстіндегі әңгіме» айдарына игілікті істің бастамашыл азаматының бірі – Бақытжан Төлегеновті шақырып, сөз етуіміздің сыры да осы.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
22 қаңтар 2022 ж. 9 376 0