№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Батырдың ауылында батыр аналар тұрады

Батырдың ауылында батыр аналар тұрады


Он жасында әкесі майдан даласына аттанып, содан қайтып оралмаған, артында қалған бауырларымен бірге жесір ананың қолында жетіліп, тұрмыс құрып, он бала туып, бүгінгі күнге есен-сау жеткен ананың басынан өткен тағдырына ой жіберсеңіз, ғасыр жасасын мейлі, адамның арманы ешқашан бітпейтінін, артында қалар жалғыз-ақ жұбанышы – жарық күндерде қалған жарқын ііздері ғана екенін мойындайсыз. Тоқсанның төріне озған,осынша уақыт ғұмырын он сегіз жасында келін боп түскен Қожамберді ауылындағы алтын босағасының ар-абыройына дақ түсірмеуге арнап, отбасына адалдықтың үлгісін көрсетіп отырған ана – тыл ардагері Назым Ұзақбайқызын арнайы іздеп барып, хал-жағдайын білдік.


– Мен Сұлутөбенің «1 май» колхозын­да 1932 жылы дүниеге келдім. Әкем мал бағатын. 1942 жылы соғысқа аттанған әкемнің артында қалған жетім-жесір елдегі шаруаға да еге болып, ертеден кешке дейін қара бейнетке жегілдік. Он-он бір жасар кезімізден ойын дегенді білмей, қара қойдың соңында жүрдік. Әкеміздің міндетін түгелімен арқалап, қарауындағы колхоздың қойын санап алып қалған анамызбен бірге аналық қойларды сауып, сүтінен ірімшік жасап өткізуге тиіс болдық. Ауылдағы белі бекіп, бұғанасы қатпаған жас балалар көл жағалап, балық аулап, оны кептіріп, басқармаға әкеп өткізетін. Соның барлығы майдандағы жауынгерлерге жөнелтіліп жататын. Соғыста әкеміз де жүр ғой, солар аш қалмасын, жаурамасын деген бала көңіл де бар, сол үшін жоқтан бар жасап, түн баласына қой жүнін иіріп, шұлық тоқып, көз ілмеуге бар едік. Үлкен-кіші демей, мен-сен деспей, қайрат қылған қияпат бейнет, зілмандай қасірет бәрімізді бір ананың баласындай етіп жіберіп еді ол ауыр күндері.
Сталинград шайқасында жүрміз деп хат жазып тұрған әкемізден хабар үзіліп, сол бойы қайта оралмады, денесі соғыс даласында қалды
Әкем соғысқа аттанғанда іште қал­ған Тілеуберген деген інімнің амандығын тілеп, көкемнің көзіндей көрген пейіліміз ол тұтатып отырған әке шаңырағын кие тұтып, зиярат жасап отырамыз. Менен соң екі сіңлімнен кейін туылған бұл бауырымның өзі де кейін бақилық болған, келіншегі Құрманай екеуі үш перзент өсіріп тәрбиелеп, олардан өрбіген ұрпақ бүгін төркіндеп барғанда төріне шығарып, алақанына салып құрметтіп келеді бізді.
Әкем көп ағайынды еді, Ыбырайдың кіндігінен тараған Ысқақ, Әйтімұрат, Төремұрат, Бердімұрат деген бір ту­ған бауырларының барлығы соғысқа аттанып, елге үшеуі аман-сау оралған екен. Менің шалым әкесінің емес, ата­сының атына Нұрымов болып жазылған екен.
Бала күнімізден қара еңбекті пір тұтып, колхоздың ең ауыр жұмысына жегіліп, ел үшін еңбек еттік. Мен Айша Меңлібаеваның қарамағында ком­со­мол жастар бригадасында болдым. Ай­шаның Түймеш деген қызы да бар еді қатарымызда. Бригада құрамы егіндікке дайындалған жерлерде ала жаз күріш, бидай ектік, оны күзде орып, жиып алу да біздің мойнымызда. Осылай жүргенімде құда балам мені көрші аудан­ның азаматына сырттай танысты­рып қойыпты. Ол екеуі Қызылордада механизация мектебінде бірге оқиды екен. Содан екеуіміз кездесіп, пойызға отырып келе бердік. Содан бері жетпіс екі жылды артқа тастаппын. Бүгінде әулеттің анасымын. Шалым 2000 жылы өмірден өтті. Жетпіс жасқа да келмеді. Екеумізден өрген он еді, «Батыр ана» атандым, солардан аман қалған жеті ұл-қыздың, олардан тараған немере-шөберенің қызығын көруді маған нәсіп етіпті Алла. Қайтейін, бұған да тәуба, - дейді сүйегі асыл ана.
Сүйегі асыл деп отырғанымыз, сө­зінен де, ісінен де жаңылмаған апа ауыл арасында той-жиынның сәні болып, жақсы сөзін айтып, жастарға батасын беріп, кеу-кеулесе ән де шырқап беретін көрінеді.
Қолындағы ұлы – Серік екеуміз кезінде бір мектепте оқыған едік, жүрегі өте нәзік болатын. Нәзіктігі шығар, бірде қара жолдың бойында тұратын үйлерінің тұсынан зуылдап өте шыққан көлік Серіктің қасынан қалмайтын құйтақандай күшігін басып кетіп, соған бұл шырағым сабақ бойы солқылдлап жылап, тарихтан беретін Хадиша апайдан жақсылап сөз естіген. Осы құрдасымды әңгімеге тартқанымда, көпшілік білмейтін анасының тағы бір қырын айтып берді. Баяғыда мектепте оқып жүргенінде бұл кісі жүгіруден облыстық сайысқа қатысып, Алтын сағат жеңіп алған екен. Қазір де артық сылым еті жоқ, шып-ширақ елгезек бойына сергек көңілін серік етіп, жеңіл қимылдайтын апаның мол ерік-жігердің егесі екені көрініп тұр. Өмір сүру дегеніміз – тоқтап қалмай, қимылдау деген тәмсілді тәжірибеде бекемдеп үлгірген бекзат жандар ғой, шіркін. Тәубасын мың қайталап, шүкіршілігінен шуақ таратып отыр.
Осындайда жанын қинамай, жатып ішіп, жұмыс жоқ деп, өзгеге масыл болғысы келетін жастарды ойлап қынжыласың. Нақ осы ауылда жұмыс жоқ деген бос сөз. Бұл біздің бала күнімізде ойнап өскен ауылымыз. Таң бозынан сүті күрп-күрп сауып алынатын қолдағы сиыр-бұзауды бақташыға қо­сып келу міндеті қаратабан бала-шаға – бізге бұйыратыны жасырын емес. Үшеу-төртеуін алдымызға салып айдап, суы сылдырап ағып жатқан арықты қуалап, өзіміз де түске дейін ойнап қайтатын едік қой. Сол берекесінен ауыл әлі ажырай қоймапты. Біз барғанда үй іргесінен шұрылдап ағып жатқан судың берекесімен көк майсаға оранып, қауын-әңгелегін қорасынан үзіп жеп отырған ағайынның тіршілігін көріп қуандық. Үйдің алдын былай қойғанда, елдің талапты азаматтары ауыл іргесінен 5-10 гектар жер алып, қосымша кәсіп қылуға көптен дағдыланып қалған сыңайлы. Бұл үйдегі менің замандасым да жоңышқа егіп, орып, сатып, қаражат қылып, сегіз баласының нәпақасын содан айырып отыр екен. Үкіметке иек артпай, ешкімге қол жаймай, ерікті еңбек етіп, өнегелі өмір сүру деген осы. Қазекемнің «Құлдай болып бейнет қыл, бидей болып өмір сүр» дегендегі мысалы осы. Бұл да болса ата-ананың үлгісі, солар сызып кеткен өмір жолының жалғасы іспетті.
Бұл үйдің отағасы Ақбай Жұрқа­байұлы қазіргі Қожамберді батыр ауылы, ол кезде Төменарық совхозының №3 фермасында алғаш комбайн айда­ған кісі. Кейін «ДТ-75» шынжыр табан тракторын айдап, қыстыкүні техника жүре алмайтын таудағы мал отарларына шөп тасыды. Кейін келе ауылда егіспен айналысатын бригадаға жетекші болып, мал азығындық дақылдарды өсірумен айналысты. Бидай, жүгері, жоңышқа егіп, оны орып, жинауда ауылдағы бос отырған барлық қыз-келіншекті ұйымдастырып, еңбекке тарту осы кі­сінің жауапкершілігіне артылды. Сонда келіншегі Назым да осындай бейнеттің бел ортасында жүрді. Көктемгі мал төлдеті уағында қаракөл комплексінде жас қозыларды сойып, терісін тазалап, мемлекетке өткізу науқанында тағы да жұмыс қызатын. Бұл жұмыстарда да ерлі-зайып қатар тұрып бейнет қылды.
Өмір бойы адал еңбек етіп, балаларын да осы жолға тәрбиелеген ата-ана үмітін ақтаған перзенттері қатарында –Болаткүл, Дүрбибі, Ғазиза, Ұлболған, Ұлбосын атты қыздары бірі мұғалім, бірі медқызметкер болса, ұлдары – Үмбет әскери қызметкер, ал қолдағы баласы Серік әке шаруашылығын ары қарай жалғап келе жатқан еңбек адамы.
Назым Ұзақбайқызының еңбектері орынды бағаланып, «Ұлы Отан соғы­сының 70 жылдық» «Қлы Отан соғы­сының 75 жылдық» мерекелік медаль­дары, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Бақытын еңбектен тауып, түзу жолдан қиыс қадам ұзап көрмеген кісілік болмыс бесіктен белі шықпаған балаға да жұғысты болатынының дәлелі, кісіге қылдай қиянаты жоқ, тіпті дауыс көтеріп сөйлеуді білмейтін жаны жұмсақ жандардың қабағына қарап өскен қарадомалақтар кішкентайынан орнықты, ортасына жұғымды, бастысы, еңбексүйгіш болып ержетіп келеді. Назым апаның немерелері, Серік пен Жанардың тұңғышы Рамазан ауылда­ғы №162 мектептің мақтаулы түле­­гі, қазірде информатика-робототехника пәні мұғалімі, Рәтбегі – қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі, екеуі де қалада тұрып жатыр. Ислам – «Болашақ» университеті грант иегері, Сымбаты – дизайнер, Ерасыл мен Рақымжаны – оқу озаттары, «Айқанат» білімгерлер сайысының жеңімпаздары, Абылайханы «Мың бала» интеллектуалдың сайы­сында озық танылыпты. Кенжелері – Еркеназ үш жаста.

Босағасына бақыт құсы қиялаған, төрінде тілеуін тілеген кейуананың күнделікті дұғасын алып, берекетіне қауышқан ерлі-зайыпқа сол үшін қызыға да, қызғана да қарауға болар.

Дүниедегі ең биік жауапкершілік – жақыныңның көңілін тауып, сенімінен шығу. Ешбір ата-ана баласын жаман­дыққа қимайды, көңілі қалса да қарғамайды. Ал шын пейілімен берген ана ризалығын ала білген адамның маңдайы жанды дей бер. Мына заман­дастарым – Серік пен Жанарды осын­дай бақыттылардың қатарына қостым. Оны аяулы аналарының жалғыз ауыз сөз айтпай-ақ жалт еткен жанарынан тануға болады.
Жаймашуақ әңгімесін айтып, ары қарай ауылдың алтыауызын жалын­дырмай жалғай жөнелген кейуананың өзінше әуезіне салып, әндеткенде шырқаған әні мынау болды:
Қатарсыз ай қабағың ашылмайды,
Қалампыр жолға жұпар шашылмайды.
Қалампыр жолға жұпар шашыл­ғанмен,
Басымыз өздеріңмен қосылмайды
Сұрасаң біздің ауыл бел тұрғанда,
Шайқалар аз боз үйім жел тұрғанда.
Басқаның ай мен күнін не қылайын,
Жанаржан, айналайын, сен тұрғанда.
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса елге дәулет құра алмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе, бір Алладан.

Батырдың ауылындағы осындай ер көңілді, батагөй аналарды көріп көңіліміз марқайып оралдық.

Баян Үсейінова

30 шілде 2022 ж. 1 471 0