№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мұғалім – ауыл тынысының модераторы

Мұғалім – ауыл тынысының модераторы


Дүниенің кілті – білімде, ал білімнің кілті – мұғалімнің қолында.Білімнің ғана ма? Жер бетіндегі жақсылықтың, адамшылықтың, ізгіліктің, мейірімділіктің дәнін жүректерге егіп, жарық әлемнің бір – бір жапырағын жайқалтатын осы жандар.
Мұғалім – ұлттың ұстыны. Мұғалім қандай болса, ұрпақ та сондай. Осыдан-ақ ой түюге болады, неге аға буын аса елгезек, тілалғыш, тындырымды, әр істе жауапты? Өйткені ұстаздан алған тәрбиесі сондай. Оларды оқытқан мұғалімнің бүтін болмысы сондай – таза, ынсапшыл, жалған сөйлемейтін, басшыға баладай бағынатын әдебі бір төбе. Осы тақтайдай түзу жолдан ауытқымайтын ұстаз тәлімін алған шәкірттің тәртібі қандай болады?


Ұстаз – шәкірттің ғана ұстыны ма, ол бүтін елдің, қоғамның ұстыны, арқасүйері, тіреуіші, жөн-жоба сілтейтін жолбасшысы. Бір сөзбен айтқанда, ауыл өмірінің интеллигенциясы. Мұны Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов «Алты алаштың басы қосылса мұғалімнің орны – ТӨР» деп мәртебелі мамандықтың дәл бағасын нақтылап кеткен.
Жасыратыны жоқ, соңғы кезде ойлы әлеумет білімнің сапасы неге төмендеп барады деген орынды талап көтере бастады. Жаңаша оқыту технологиясы жүйелі ендіріліп жатыр. Онымен қоса мектеп мазмұны да мейлінше жаңарды. Оқимын деген оқушыға енді не жағдай қажет? Жеткіншектерімізге жүректің жылуы жетпей жүрген жоқ па, осы?
Мектептің жүрегі – мұғалім. Қоғам бүгін мұғалімді екі топқа бөліп тани бастады. Бірі – өз кәсібіне шын берілген, алдындағы шәкіртін адам етіп тәрбиелеп шығудан басқа көздегені жоқ, сол жолда жанын салып еңбек етіп жүрген жанашыр тұлға. Екіншісі – киелі кәсіпке көлденеңнен килігіп күн өткізуге мәж­бүр. Кезінде мамандығын құлай сүйген жүрек қалауымен емес, амал жоқтықтан адасып барып қалып, осылай бүтін ұрпақтың обалын арқаларын аңдамай жүргендер екенін айтпасқа амалымыз жоқ.
Ұстаздықты ұстап тұратын – мінезі. Аға ұрпақтың ұтқан жері осы-ау.
Бір ғана қара тақтаға ақ бормен айшықтап жазған маржан әріп, сиқырлы цифрларымен санамызда өшпестей өнеге ұялатқан апай – ағайларымыз­дың артықшылығы да, міне осында. Шәкіртім білсе екен деп барын салған талапшылдықтары көз алдымызда сол күйінде қалып қойды.
Мен оқыған ауылдағы №162 сегізжылдық мектебінде тәлім берген ұстаздарымыздың бәрі, қазір ойлап отырсам, өз кәсібінің патриоттары болыпты. Екі жүздей ғана түтіні бар аядай ауылда Кенжеғұлова Күлән апайымыздың арқасында көзінде оты барлар ағылшынша сайрап тұратын.
Ал Маматаева Күләш апайымыздың қатал талабымен аптаның бір күнінде мектептегі бүкіл ұстаз оқушылармен қоса тек орыс тілінде сөйлеуге тиіс болды. Үлгілі мектеп үштұғырлылықты осыдан қырық жыл бұрын бастап кетіпті. Осыдан ұтылдық па? Аудандық өнер олимпиадасында да үздік орын алып жүретінбіз. Кәсіби музыка маманы, жұмысын беріліп атқаратын Райхан Нысанбаева апайымыздың арқасында. Бұл кісі Смайыл Нысанбаевтың қызы. Ал Нысанбаевтың өзінің шәкірттері Бақыт Сарбалаевтан бастап Батырхан Жолановқа дейінгі тіл жанашырлары қазақ тілі ғылымы лингвистикасының салқар саласын күні бүгінге дейін көздің қарашығындай қорумен жүр.
Өзі соғыс жауынгері, көрмеген қиындығы жоқ, темірдей тәртіп дағ-дысымен мектептің оқу-тәрбие бағытын қоса басқарып қажыдым деуді білмейтін қағылез ағайымызды біз қандай жақсы көретін едік. Тіпті мый ашитын математика сабағының соңын міндетті түрде «Түсіндіңдер ме» деп аяқтайтын, егер «жоқ ағай, әнебір жерін түсінбей қалдым» десең, «түсінбесең, жолда түсінесің» деп шығып бара жататын қатал Кеңес ағайымыздың өзіне біз қаймықпай еркелегіміз келіп тұратын.
Өйткені біз мұғалімдерімізді шын жүрегімізбен жақсы көрдік. Ал олар бүкіл өмір мазмұнын ұрпақ тағдырына бағыштаған жандар еді. Оларда бұдан басқа мұрат та, мақсат та болмады. Өнегемен өрілген бүкіл өмірлері олардың өзін қойып үрім – бұтағына беріліп, бекзат болмыс – бітімдерінің белгісі биігінде қалып қояды екен. Келешектің үмітін үкілеп, кемел болашаққа бастаған ел көңіліндегі ерекше есімдер –
Әйтілеуовтер, Ибрагимовтер, Шер­мағанбетовтер, Ахметовтер, Үпенов-тер, Илялетдиновтер, Жаманқұловтар, Қансейітовтер, Құдияровтар, Бакиров­тер, Жанәділовтер, Тұрабаевтар, Шер­­ниязовтар, Құлымбетовтер, Тұр­тановтар, Өрғараева, Тілеубаева, Бая­зитова, Хасенова, Огурцова, Илья­сова, Жакиповтар сынды әйгілі әу­леттердің дәремет дарыған дәстүр сабақтастығынан біз осыны ұққан­даймыз.
Бүгінгі заманғы жаңаша оқыту моделін меңгеруде жан-жақты ізденім­паздығы, шығармашылық қуатымен әріптестеріне үлгі болып жүрген ұстаз­дар аз емес. Олардың көбімен әңгіме­лесіп, сыр тарқатқанда ұққанымыз, жан-жүрегімен өз кәсібіне берілген жан ғана осы биікті бағындыра алады.

МЕКТЕП МАЗМҰНЫ БАСҚАРУҒА БАЙЛАНЫСТЫ

Тұтас тағдырларды бір тоғыстырған, тоғыз ай бір табалдырықты басып, бір есіктен кіретін киелі мекеніміз – білім ошақтарына басшылық етуге кез-келгеннің тәуекел ете бермесі анық. Бір баланың жағасы қисайса жаның қоса күйзелетін жауапкершілігі тағы бар. Ал сол таудай қиындықты басшы қалай еңсереді? Қарамағындағы педа­гогикалық ұжыммен бес саусақтай жұмылған бірлік те болғанда ғана.

Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба дегендей, өз анамның мектеп басқарған тәжірибесінен түйгенім, ол кісінің біреуді жерден алып, жерге салып сөккенін көрмеппін. Оларда жұмыс уақыты деген болмады-ау деймін. Баламыз ғой, кешіккесін мектепке жалаңаяқ құмды кешіп отырып жетіп барып жылтыңдап кабинетінің терезесінен сығалаймыз. Көбінде алдында оңаша отыратын өз мұғалімдермізді көреміз. Бірде өзіміз қатты қорқатын тарихтан беретін қатал апайымыз жылап отырғандай көрінді. Сөйтсек, өзіміз сияқты қарапайым өмір сүреді деуге қимайтын асыл жандарымыздың да пенделік проблемалары, мойнына түскен тағдыр ноқтасын үзіп кете алмағанда таусылар, тауы шағылар кезі болады екен ғой. Соны екінші ата-анасы – басшысына айтпағанда кімге айтады?

Бүгінгі білім саласын басқарып отырғандардың жанашырлығын, жау­апкершілігін алдыңғы ұрпақтан кем деп айта алмаймыз, ал бірақ қара­мағындағылардың бөтеннен әділдік іздеп, тіпті араша сұрап сот есігін қағып жүргенін көргенде намыстанасың. Ба­лаларымызды кімдер тәрбиелеп жатыр деп тіпті ызаң келеді. Бір-бірімен соттасудан қолы тимей жүргенде білім сапасы қайда қалады?
Осы кезге дейін көрген, көңілге түйгеніміздей, ұжымның әдеп әліп­песі алдымен сәлемдесуден бас­талады. Бір-ақ нәрсе айқын, бала бағбанының жүрегі жұмсақ болуы керек. Валентин Распутиннің «Учи­тельница французского языка» деген әңгімесін білерсіздер. Сондағы 5 сынып оқушысы – жазушының өзі. Жетім өскен. Бастауыштан соң аудан орталығына барып оқуына тура келіп, анасының досының үйінде жатып оқиды. Ауылдан анасының аз-маз беріп жіберетін азығынан бөлек сүт алып ішетін тиын үшін «чики» деп аталатын ақша тігіп ойнайтын ойынды жетік меңгеріп алады. Тіпті көп ұтып қойып балалар қорғансыз мұны сабап та жібереді. Сынып жетекшісі – француз тілінің апайы көзінің көгергенін байқап не болғанын сұрайды. Бұл құлап қалдым деп өтірік айтады. Бірақ шындығын кластағы бір оқушыдан астыртын білген ол оқушысының сүтке қалай қолы жетіп жүргенін біледі. Сабаққа дайындалу үшін кешкісін оқушысын үйіне шақырады. Дайындықтан соң балаға қарап өзінің бала күнінде монетаны дәлдеп атып ойнайтын әлгі ойынды сағынғанын айтып бірге ойнауға ұсыныс білдіреді. Шәкірті таң қалса да келіседі. Біраз ойнаған соң мұғалім ойынды қыздыру үшін ақшаға ойнауға тілек білдіреді. Әрине мұғалім өтірік жаңылып баланың көбірек тиын ұтып алуына жағдай жасайды. Осындай ойынның үстінде үйге көрші тұратын мектеп директоры келіп қалады. Ойын қызығымен даудырасып оның келгенін байқамай қалған екеуіне айыбын еріксіз мойындауларына тура келеді. Мұғалімді «бейбастық» әрекет үстінде кезіктерген директордың ертесіне оны жұмыстан шығару жөнінде бұйрығы шығады. Сөйтіп өзі келген Кубаньға қайтуға жолға шыққан мұғалима жас қыздың мұның басынан сипап «жақсы оқы» деп ақылын айтуы сіздің де көңіліңізді босатады. Мұның алдында баланы аяп, мамасының атынан салған посылкесін оқушысы намыстанып алмай қойған – мұғалім, мұны сіз жіберіп отырсыз, деген, өйткені біздің ауылда макарон жоқ... Еліне кеткен аяулы мұғалімі – Лидия Михайловна бұл жолы нағыз өзінің сәлемдемесін жіберіпті. Азық-түлік, содан кейін үлкен әрі қып-қызыл үш алма. Бұған дейін ол алма дегенді тек суреттен ғана көрген еді.
Өзінің осы әңгімесі туралы ки­нофильм түсірілгенде соны көріп отырып жазушының өзі жылаған екен. Тақсыретті балалығы есіне түскен болар.
Міне, осы шағын сюжеттен не тәлім түюге болады? Дариядай терең ұстаз жүрегінің кеңдігін, намысты қолдан бермес өжет баланың өткірлігін, ұс­таз ұстанымына қойылар тәртіптің қаталдығын. Осы үш таған бірігіп, сол кез адамдарының асқақ бейнесін көз алдымызға әкеліп тұр.
Керісінше, бізде жағдайдың барлығы жеткілікті, не киемін, не ішемін деген мәселе жоқ, бірақ адамдық биігімізден аласарып, үлкен-кішіміз бірдей намыс­сыздыққа жұтылып, ұсақтап бара жатқандаймыз. Жатсақ-тұрсақ бізді бір ой мазалайды. Талмай, тарықпай бір тіреуді іздеп келеміз. Ұрпақты бұдан құтқаратын бір күш бар. Ол күш – адамзат алдында тұрған ҰСТАЗДАР армиясы. Біз оларға сенеміз. Олармен біргеміз.

Баян ҮСЕЙІНОВА
19 сәуір 2022 ж. 1 149 0