№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Оразаның хикметтері

Оразаның хикметтері


Ислам дінінің басты бес ұстынының бірі – ораза тұту. Ораза құлшылығының ішкі мәні мен маңызы тым тереңде. Шариғатымызда бекітілген әрбір құлшылықта әрі рухани, әрі тәни, әрі материалдық пайдалардың бар екендігі мәлім. Мәселен, намаз – күнәларды кетіруші, жамандықтан тыюшы әрі Жаратушыны еске салушы ғибадат болса, ораза да пендені кемелдікке жеткізер рухани тереңдігімен қоса тән саулығының бір кепілі ретінде белгілі. Бұл жайлы ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ораза – тәннің зекеті», – деген (Ибн Мәжәһ жеткізген). Біз оразаның хикметтері туралы ізденіп, маңызына көз жеткізе түстік.


ОРАЗА – ТАҚУАЛЫҚТЫҢ МЕКТЕБІ
Әуелі Құран аятына мән беретін болсақ, Алла Тағала бұл аятта ораза ұстау бұйрығының себебін: «…тақуа боларсыңдар» деген сөзбен түсіндірді. Яғни, ораза ұстаудағы мақсат – аш жүру емес, тақуалыққа жету. Ал күнә атау­лыдан барынша сақтанып, тіпті күмән атаулыға жоламауға тырысатын тақуалық деңгейі – мұсылманшылықтың, адамшылықтың үлкен бір сатысы. Қасиет­ті Құранда Жұмақтың «тақуалар мекені» деп сипатталғанының өзі көп нәрсені аңғартса керек...
Ғалымдар: «Ислам – үкімдерінің барлығы әділ және тек адам баласының пайдасын ғана көздейтін хақ дін. Бізге бұйырылған нәрселердің барлығында – пайда бар, ал тыйымдарда – зиян бар», – деп түйіндейді. Яғни, ораза ұстау – қиын сияқты көрінгенімен, бізге пайдалы құлшылық; біздің пайдамыз үшін бұйырылған құлшылық. Сонымен оразаның бірінші пайдасы – бізді тақуалыққа бастайды, ал тақуалық Алла разылығына, Жәннатқа жеткізеді...
ЖӘННАТ ЕСІКТЕРІ АШЫЛАДЫ
Ораза құлшылығы – негізі, таңсә­ріден күн батқанға дейінгі аралықта ішіп-жеу­ден және жұбайлық жақын­дықтан бас тарту арқылы көрініс беретін ғибадат. Алайда ораза бұнымен ғана шектелмейді. Оразаның кәмілдігі сонымен қатар көз бен құлаққа, қол мен аяққа да, тіпті сезім мен ойға да белгілі шектеулер қою арқылы толыға түседі. Яғни ораза дегеніміз – жамандық атаулыдан аулақ кету арқылы жүзеге асатын құлшылық.
Бір хадисте «Рамазан – Мүбәрак ай. Ол айда Алла Тағала сендерге ораза ұстауды парыз етiп, Жәннат есiктерiн айқара ашып, тозақ есiктерiн тарс жауып, жын-шайтандарды кiсендеп қойды. Ол айда мың айдан қайырлы түн бар» (Насаий жеткізген) делінген. Яғни, Рамазан айында Жәннат есігі ашық, тозақ есіктері жабық, шайтандар кісендеулі. «Рамазан айында Жаннатың есігі айқара ашылады» деген сөйлемді «Бұл айда сауаптар еселенеді, сондай ақ Қадір түні жасалатын құлшылықтың сауабы 83 жылдық құлшылықтың сауабынан басым болуы мүмкін. Басқа айда орындалмайтын тарауих намазы, ауызашар, пітір садақа, Құран хатым ету секілді Жұмаққа жетелейтін салиқалы, ізгі амалдарды істеу мүмкіндігі көбейеді. Сол себепті Рамазан айында ораза ұстаған адам үшін Жәннат есігі айқара ашылады» деп түсінуге болады.
ОРАЗА – НӘПСІНІҢ ТІЗГІНІ
Оразаның тағы бір үлкен мақсаты ортаға шығады: ораза ұстау арқылы адам баласы өз нәпсісін тізгіндеп, тәрбиелейді. Өйткені тәрбиеленбеген нәпсі иесін жамандыққа, күнәға бастайтыны Құран аяттарында анық айтылады. Ал, «нәпсі» дегенде әуелі адамның ұйқы, тамақ, жыныстық құмарлық секіл­ді тән қалаулары айтылады. Соны­мен бірге, осы тәнге байланудан туын­дайтын менмендік, өзімшілдік сезімі; тәкәппарлық, көре­алмаушылық, мақтан­шақтық, ызақор­лық, өшпенділік, жалқау­лық сияқты жағымсыз құлықтар да – нәпсінің мазмұнын құрайды. Ардақты Пай­ғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінде: «Сіздердің ең үлкен дұшпандарыңыз – нәпсілеріңіз» (Бәйхаки жеткізген) десе, келесі бір хадисінде нәпсімен күресті «үлкен жиһад» деп атаған... Мінеки, оразада осы нәпсі тізгінделеді: ішіп-жеуден ғана емес, артық сөзден, ашудан да тыйылады; тыйып үйретеміз.
Біз ораза кезінде ақылымыз, иманымыз арқылы нәпсімізді бағын­дырып, одан үстем болып үйренеміз. Нәпсімізді атқа теңесек, Рамазанда оны ерттеп мінгендей боламыз.

Дайындаған Әли ТЕМІРБЕК​​​​
17 сәуір 2022 ж. 732 0