№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Орындалған арман


Атамекеннің киелі топырағынан бойға дарытқан талант- қабілетімен нарықтық қоғамның алғашқы қарлығаштары қатарында көрікті қоғамның көшін бастаған батыл жүректі қыздардың бірі – Несібелі Бектасқызы болатын.


Несібелі Жүсіпова – туған жеріміздің төл перзенті. Жайылма ауылында ел басқарған айтулы тұлға Жүсіпов Бектас ағаның шаңырағында бесінші перзенті боп дүниеге келіпті. Орта мектептен соң Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы институтын бітіріп, Президент әкімшілігінде, одан соң жоғарғы аттестациялық кеңесте қызмет атқарды.
Одан кейінгі жылдарда кәсіпкерлік бағытқа қалай бет түзеді, қандай сын-сәттерді байыпты бағындыра білді. Бұл жөнінде кәсіпкер ханымның өзі ой қорытып өрнектеген « Әйелге сауда жасау оңай іс пе?» деп аталатын кітабымен танысқан жан терең қаныға алады.
Өзінің өмірбаянында сонау балалық шақтан бүгінгі күнге дейін тағдыр талайы еш боямасыз шынайы тарқатылады. Неше бір сынға тап болған тұста да талабынан танбай, тәуекелін таяныш еткен имандылық қасиетінің мықтылығына еріксіз тәнті болдық.
Руханиятты қадірлейтін, соның бір туырлығын көтеріп жүруді көңілде берік ұстайтын үлкен жүрек иесі бұдан бұрын аймағымызда өткен елдік шара – Хиссамеддин бабамыздың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекенің мазмұнын ашып, рухани реңкін байытқан бағдарламалар қатарында дінтанушы ғалым Шәмшідін Кәрімнің он жыл бойы зерттеп жазған «Сығанақ саңлағы» деп аталатын кітабының жарық көруіне демеушілік еткен болатын. Сол сияқты атаулы күн аясында ауданда аламан айтыстың өтуіне мұрындық болып, бас жүлдеге автокөлік кілтін тарту еткен еді.
Өзі Алматы қаласында тұрса да туған жерге жиі ат басын бұрып, қашан келсе де қарапайым ағайынның жағдайына қарайласып жүретін нәзікжанды азаматпен бүгінгі сұхбатымыздың жөні бөлек.

– Несібелі апа, көптен ойыңызда жүрген игі іс – мешітті салып бітіріп ел игілігіне берілді. Айтыңызшы, осындай тәуекелді қадамға баруыңыздың сыры неде?

– Мешіт – жердегі Алланың үйі. Әлемнің Раббысының жердегі үйін салу кез-келгенге бұйыра бермесі анық. Осы істің маған нәсіп болғанына сансыз шүкіршілік етемін. Ал енді қай кезде шынайы ниет еттім дегенге келсек, қырық алты жасымда салмақты сырқаттың диагнозы қойылып, санаулы сәттерім қалғандай күйзелгенім рас. Сол күні түс көріппін. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мавзолейінде отыр екенмін, бабаның өзі екен деймін, құран аяттарымен оқып шипасын берсін деп бата қылды. Таңертең сергек ояндым. Бойыма ерекше күш-қуат құйылғандай дәрігердің берген қағазын ысырып тастап ықыласпен кәсібіме қайта кірістім. Осыдан қаражаттың басы құралса мұсылман баласына ортақ мавзолей саламын деп өз-өзіме серт бердім.

– Бұл уақыттар сіздің жеке кәсіпкерлікке ден қойған кезіңіз бе еді?

– Бұдан бұрын омыртқама зақым келіп, алты ай төсекке таңылған кезім болды. Тоқырау заманының тұсы, қызметтен қол үзген сырқат әліме мойымауға тырысып, төсекте отырып, жеке мекемелермен келісім шартқа отырып, экономист мамандығым бойынша есеп-қисаптарын жасап беріп, күнкөрісімізді ажыраттық. Ерім Шалқар өте тамаша азамат еді. Маған рухани дем беріп отырды. Аяққа тұрып өз-өзіме келген соң жеке кәсіппен айналысуға бел будым.

– Кәсіпті неден бастадыңыз?
– Дастархан-береке деген асыл ұстаныммен алдымен стол, орындық сатудан бастадым. Қала халқынан осы затқа сұраныс көптеп түсті. Әу бастан айналымы өте жоғары болды. Малайзия, Дубай, Қытай, Ресей мемлекетінің сауда нүктелерімен келісім шартқа отырып, жұмысымды жалғай бердім. Осы кәсібімді күні бүгінге дейін жалғап келдім. Сауда-саттықтың өз сыры болады. Біреулер екі есе бағасын қойып, қор қалыптастырғысы келеді. Менің принципім мұнымен келіспейді. Мүмкін, сондықтан, сауда айналымымыз сәтті өріліп келеді. Сатып алушыларым көп. Республиканың түкпір-түкпірінен 500-ге тарта тұрақты көтерме алушыларым нарық өрісін кеңейтіп отыр. Олардың әрқайсысы 4-5 адамды кәсіппен қамтығанның өзінде 2000-дай жанға жұмыс көзін тауып беріп отырмын деуіме болады.
– Кәсіпкерлікте көшбасшылық қабілетіңіз өз алдына, өркениет­тердің үндесуінде үлкен білімдар­лықпен қол жеткізуге болатын мәмілегерлікті мейлінше мең­ге­руіңіз бизнес өрісін биік­теткені белгілі. Осы орайда әріптестеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?
– Бүгінгі қазақ әйелі саясатты да, бизнесті де, үй шаруасын да қатар алып жүре алатын деңгейге жетті. Себебі сол, үзеңгіден аяқ суытып үлгертпейтін нарықтың қатал талабы қыз-келіншектеріміздің тірлікке деген көзқарасын түбегейлі өзгертті.
Кезінде саудамен айналыса­тын­дарды біртүрлі ұнатпай тұратынмын. Тағдырдың маған бұйырған бағы осы болар. Амалын таппасаң бақ та, бақыт та өздігінен келмейді. Сауда да бәйгенің бір түрі. «Жүзден-жүйрік, мыңнан тұлпар» ғана алға суырылып шығады.
Сауда – қызыққанның бәріне құшағын жая салатын, кім болса сол бүйірден келіп қосыла салатын жеңіл-желпі кәсіп емес. Сондықтан, жаңадан сауданы бастағандарға айтарым, нағыз сүрлеуден жол тауып, тар жолдан таймай өту үшін қаншама маңдай тер төгуге тура келеді. Ол үшін білімділік, сауданың ыстығы мен суығы, қызығы мен шыжығын қатар алатын төзім, тұтынушының талғамын түсінетін түйсік керек. Талантты адам ешуақытта жерде қалмайды. Ол – Құдайдың сыйы.
– Ал енді ойға алған мақсатыма жеттім деп есептейсіз ғой?
– Өз-өзіме берген сертім бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жеті жылдан кейін соғып, қомақты қаржы ұсынғым келіп еді, кешен директоры­ның орынбасары Әбдікерім Манапұлы ағамыз қарсы жолығып, сол кісінің қолына ұстаттым. «Жолың болғыр жан екенсің» – деді ол. Бұлай деуінің себебі, таяуда ғана генетиктер бабаның жаугершілікте мерт болған жалғыз ұлы – ИбраҺим Шайхтың денесін тауып, жерленген жеріне белгі қою мәселесіне қаржы қажет етіп тұр екен. Соның менің қаржыммен шешілгелі тұрғаны Тәңірдің маған ғажайып тартуы сынды баба алдында қарыздар көңіліме бір демеу болды. Түркістан телеарнасы, газеттері бейіт басына қойылған ескерткіш белгі жөнінде көрсетіп, жазды.
Ал, мешіт жөнінде тоқталсам, Алла үйінің әрбір тасын ең сапалы деңгейде таңдап, өзім жеткізіп беріп, барынша сәулетті болуына күш салдым. Алла үйінің сән-салтанаты жердегі уақытша пенделер қатарында өз мекен-жайымыздан әлдеқайда артық болуы керек. Ол бәрінен биік, әдемі болса екен дедім. Жүрек қалауым мен жанкешті еңбегімді салып жүріп, мақсатымды ақырына дейін жеткізе алғанымды зор қуаныш санаймын. Бұл менің жылдар бойғы арманымның жемісі.
– Бұған дейін де көптеген қайырымдылық қадамдарыңыз туралы естіп жатамыз. Жаңа­қорғанда үйі өртке оранып, күйзеліске түскен замандасыңыздың көзінің жасын сығып жүріп, қайта шатырын қарайтқан шаңырағына жасау-жабдықты көш-көлігімен қоса өзіңіз көтеріп, қолы қысқа жандарды бір қуантқаныңыздың өзі таудай жақсылық қой. Тізбелей берсек, мұндай ізгі амалдарыңыз аз емес, солай емес пе?
– Мүмкіндігі болса, садақаны жария етпеген жақсы. Дегенмен, көңіліміздің бір бұрышында жоқ-жұқанаға жәр­демдесу талабы тұрады.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын. Алматы қаласындағы жеке емдеу орталығының өтініші бойынша ішімдік, есірткіге тәуелділіктен арылу бағытында ем-дом алып жатқан сырқаттарға көмектесіп тұрдым. Әр емделушіге ай сайын 1000 доллар қаражат жұмсалады екен. Алты айға 6 мың доллар төлеуің керек. Мен осы қаржыны беріп отырдым. Өйткені, әрбір тағдырдың аржағында нешеме жәутеңкөздердің тұрғаны жанымды аяздай қарыды. Солардың тұрмысын жеңілдеткім келді. Еңбегім еш кетпей, тәуірленіп, шынайы өмірге оралғандардың жанұясынан, ата-ана, жан-жары, ұл-қыздарынан алғыс толы хаттар да алдым.
Бес саусақ бірдей емес, шыққаннан кейін қайта баз қалпына түсетін ойсыздықты көріп, өкінген кезім де болды. Сөйтсек, тәні ауруды емдеп түзете алмайды екенбіз, алдымен адамның жаны сау болуы маңызды. Жаны саудың – тәні сау. Ол үшін жас кезінен тазалыққа, салауаттылыққа тәрбиелеудің мәні зор. Адамгершіліктің дәнін жастардың бойына егудің басты кілті – иманда, баршаны имандылыққа бастайтын ғибадат орны – мешіт. Сондықтан жиған-тергенімді осы бағытқа жұмсауға тастүйін бел буып кірістім. Тағылым мен мейірімнің мекенін туған жер төріне әкеп қондыру талабым осыдан туды.
– Бұл жолда көмек-қолдаулар болды ма?
– Мешітке орын таңдауда жас-кәріге қолжетімді жағын мақсат етіп едім. Ниетім оңғарылды. Мешіттің арғы қапталынан жаңадан мектеп үйі түсіп жатыр. Жас өскін жас шыбық тәрізді, қалай исең солай иіледі. Мектептен қайтқан жасөспірімнің жолында ойынхана емес, сырахана да емес, туралыққа тәрбиелеп, түзу жолын нұсқар мейірім мекені – мешіттің тұруы жақсылықтың нышаны. Осы жерден нәсіп болғанына қатты қуандым. Айналып келгенде, барлығы Алланың қалауы.

ТҮЙІН: Әңгімеміз осы жерден түйінделді. Жасырып не қылайық, осындай нығмет нәсіп болған бауырымыздың табысы үшін біздің де төбеміз көкке жеткендей болып, қуанып қайттық.

Баян ҮСЕЙІНОВА

29 наурыз 2022 ж. 445 0