№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Туған күнінде тұғырына қонды

Туған күнінде тұғырына қонды


Мұсаев Мұхамеджан 1971 жылы 19 наурызда Жаңақорған кентінде дүниеге келген. Аудан орталығындағы № 51 Мұхамеджан Қаратаев атындағы орта мектебінде оқып, 1986 жылы Қызылорда политехникалық училищесіне құжат тапсырады. 1990 жылы әскери борышын өтеп оралады. Еңбек жолын аудандағы «ПМК-11» мекемесінде құрылысшы болып бастады. 1995 жылы Алматы қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Бостандық аудандық ішкі істер басқармасында қатардағы сақшы қызметіне жұмысқа орналасады. Алайда 2 қаңтар 1996 жылы Алматы қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде қарақшылар қолынан қаза табады.


Қызғалдық-ғұмырдың бар өмірбаяны осы ғана. Бірақ артында қалған өнегесі, айта-айта жүрер ерлік ісі, жарық дүниеге құштарлықпен құшақ жайған жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде ұмытылмай келеді. Ерлік иесінің атына көше берілген атаулы күні біз осыны сезіндік.
Ауданда Наурыз тойы аталып өткен 19 наурызбен тұспа-тұс келген Мұхамеджанның туған күнінде айбынды жауынгер есімі кент орталығындағы көшеге берілді.
Салтанатты жиынға арнайы келіп қатысқан аудан әкімі Р.Рүстемов Мұхаммеджан Әуелбекұлының ісі, ғұмырының мән-мағынасы ескірмейтін ерлік шежіресіндей соңынан ерген өрімтал ұрпаққа өнеге болып тарих бетінде қала беретініне тоқталды. Одан әрі сөз алған Қызылорда облыстық полиция Департаменті басшысының бірінші орынбасары Шамшудин Егенбердіұлы батырға осындай құрмет көрсетіп отырған аудан басшылығына өзінің және облыстық Департамент жеке құрамы атынан ризашылығын жеткізді.
– Мен бұл ретте сала басшылығы тарапынан ғана емес, Мұхамеджанмен бір мектепте оқыған, бір көшеде ойнап өскен дос-бауыр ретінде де келіп, рухына тағзым етуді борышым деп санадым. Ол өте алғыр, кішіпейіл, бауырмал азамат еді. Осындай қайғылы жағдайға душар болған ауыр күндерде де ата-анасының жанынан табылдық. Әуелбек көке мен Әзиза апамыздың қалай күйзелгенінің де куәсіміз. Тағдырға амал не? Уақыт – емші. Бүгін оған көрсетіліп жатқан құрметті бүкіл сақшы қызметкерлердің қажырлы қызметін бағалау деп түсінеміз, – деп бала кезгі қимас досының бауырлары – Жұмагүл, Оразкүл, Әлия, Айгүл, Ғалымжан, Әлімжан, Даниярға көңіл қосын білдірді. Мұнан соң аудан прокуроры Дарын Әбіш күллі қазақ баласына өнеге ретінде дәріптейтін ерлік жолына ел құрметінің лайықты екенін айтып өтті.
Келесі сәтте Жаңақорған кенті әкімі орынбасары Жасұлан Бейсенбеков көп алдына шығып, ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы ҚР 1993 жылғы 8 наурыздағы Заңының 14 бап 4 тармақшасы және облыстық ономастикалық комиссиясы отырысының 2020 жыл 31 желтоқсандағы қорытындысы негізінде Жаңақорған кентінде атауы жоқ көшеге Мұсаев Мұхамеджан Әуелбекұлының есімін беру туралы Жаңақорған кент әкімінің шешімін оқып берді. Бұдан соң аудан басшысы Руслан Рүстемов және туыс ағасы Әбиев Әбдібек Мұхамеджанның аты-жөні айшықталып жазылған,алқызыл гүлдермен көмкерілген тұғыр лентасын қиып, салтанатты түрде көше атауы жарияланды. Жиналғандар одан әрі аяулы азаматқа арнайы берілген ас дастарханында болды. Осы жерде арнайы сөз алған ҚР ІІМ Алматы қалалық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы генерал-майор Г.Асыл-Кеней Алғыс хат табыстаса, ҚР Ұлттық Гвардиясының «Оңтүстік» басшылығының атынан «Отан қорғаушының анасы» медалін Мұхамеджанның бауырлары қабылдап алды.

Баян РЕМЕТОВА
22 наурыз 2022 ж. 469 0