№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ағаның жолы – аманаттың жолы

Ағаның жолы – аманаттың жолы


Қазақтың дәстүрінде ағаның алдын кесіп өтпеген, маңдайына салып, өнегесін алып, сенімінен шығуға тырысқан ғой. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, текті жандардан алған тәлімін білікті білімімен жандандырып, жалпақ жұрттың жәрдеміне жарап келе жатқан үлкен жүрек иесі, облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ысқақов ағамыздың бүгінге дейін тағдыр-талайына нәсіп болған өмір соқпақтарына қарап осындай ой түйдік. Халық қалаулысының әрбір тындырған тірлігінің мазмұны бір кездері өзі қол беріп, батасын алған аға толқынның ақталған аманатына айналып шыға келіп, талай өзін де тоқырқатқан жайы бар.
Ол қандай аманат?


Туған жерге бір келген сапарында Шалқия кентіндегі Ахмет Адилов атындағы орта мектепке көмек қажет екендігі жөнінде өзіне өтініш түсті. Содан аталмыш өңірден депутат болып сайланған Мәдіхан бауырының алдынан өтіп, өтінішті өзі орындауға бел буып кірісті.
Кенет, кешегі күн естеліктері көл­беңдеп көз алдына келді. 94-жылдар Алматыға қоныс аударып, жеке кәсібімен айналысып жүрген кезі. Ахмет Адиловтың шаңырағына арнайы барып, үлкен кісінің қолын алды. Жанында отырып, тағылымды да ғибратты әңгімелеріне ден қойды. Міне, бірнеше жылдардан кейін аяулы ағаның туған жерінде мектепте болып, жай-күйін жаны ауыра зерделеп, келесі күннен іске кірісті. Сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың алдына кіріп, аталмыш мектепке қазақтан шыққан тұңғыш Тау-кен генералы Ахмет Адиловтың атын беру жөнінде ұсыныс болғанымен соңынан іздеушісі жоқ азаматқа қамқорлық кемдігін айтып және есімі берілетін мектептің іші-сыртын толық жөндеуден өткізу, білім ұясының алдына ескерткіш орнату жөнінде өтініш білдіріп, тиісті қаражатын бөлдіруге қол жеткізді. Біткен іске мерейленген меценаттың ойына бір кездері асыл ағадан алған ақ батасы оралды.
Екінші бір мысал, институтты жаңа бітіріп келген кезі, Тереңөзек ауданының Қараөзек совхозына құрылыс шебері болып қызметке орналасты. Жұмыстың шеті-шегі жоқ. Қысы-жазы малшы қауымға жағдай жасауың керек. Осы жұмыстармен қабат бір уақтары «Тұрғын үй – 91» деген бағдарлама дүниеге келді. Содан совхозда семинар өтетін болып, оған облыстың І хатшысы Еркін Нұржанұлы өзі қатысатын болды. Прорабтың сырқаттанып қалуына байланысты баяндама жасау бұған тапсырылды. Бір апта дайындалып, тәп-тәуір есеп беріп шықты. Бірақ тап-таза орыс тілінде. «Баяндаманы неге орысша жасадың? деген Әуелбековтың сұрағына: Мен мектепті де, институтты да орысша оқыдым, деп жауап беруіне тура келді. Дегенмен сол жолы батыл жігіттің сойы обкомның І хатшысына ұнады. «Ертеңнен бастап бұл жігітті прораб етіп тағайындауға» деп бұйрық беріп кетті.
Бұл амалсыздан прораб ағасының алдына келіп, болған жайды айтып беруіне тура келген, «Дұрыс, – деп қолдады ағасы, – үлкен жақ сені қалап тұрса, прораб болып жұмысыңды атқара бер. Мен құрылыс шебері болып, жаныңда болысып жүрейін, айналайын. «Інісі содырлы болса, ағасы қадірлі болады» дегендей, енді жас келгенде біз сендерге арқа сүйейміз, – деп ақжайлау ниетін бөліскен. Міне, сол кісілердің қамқорлығымен қанаттанып, өзін жаңаша қырда танытуға жанын сала еңбек етуге кірісті.
Жаман болған жоқ. Отыздан жаңа асқан шағында Тереңөзектегі үш ірі ПМК-ны біріктіріп, «Агроөндіріс құрылыс» кооперативі құрылып жоғары жақтың ұсынысымен соның басшылығына та­ғайындалды.
Тула облысы, Новомосковск ауда­нында болып, тәжірибе алмасып, шаруаны табанынан тік тұрғызды.
Одан әрі облыстық агроөнеркәсіп бірлестігі құрылыс бөлімінде бас маман, құрылыс бөлімінің бастығы, болып қыз­мет атқарып, Аралдан Жаңақорғанға дей­ін ауылшаруашылығына қажетті құры­лыс кешендерін, колхоз, совхоз­дарда мектеп, балабақша, дәрігерлік пунктер құрылысын салумен айналысты.
Кеңес өкіметі тарап, нарықтық қатынастарға көше бастаған кезеңде мекемелер қысқарғаны белгілі. Осы жылдары жеке кәсіпкерлікке ден қойып, бұл бағытта да біраз тәжірибе жинақтады. Екі мыңыншы жылдары қайтадан туған жерге оралуға бел буды. Мұнай өңдеу зауытын салуға жер таңдалып, кезең кезеңімен құрылыс басталды. Зауытта АИ-80, дизель отыны, күздік және жаздық отын, мазут М-100 шығаруға лицензия, теміржолмен тасымалдау жө­нінде құзырлы мекемелердің рұқсатын алды.
ҚазГерМұнай компаниясымен бір­лесіп жұмысқа кірісті. Неміс компа­ниясының басшысы Вальдың «Қара­пайым технологиямен болса да нәтиже шығарған қазақтардың осыншалықты еңбекқор екеніне көзім жетті» деп таңқалғанына куә болған сонда.
Одан соң да қосымша резервуарлар салынды. Зауыт қуаттылығы артты. Сол жұмыстардың барлығында біздің кейіпкеріміз – Жанкелді Ойшыұлының кәсіби біліктілігі жоғары бағаланып, «Құрмет» орденін кеудесіне тақты.
Тағы бір еске алатын жайт, қайбір жылдары өзі қызмет атқаратын «Агропром» мекемесінен қайтар жолда «Союзпечать» бөлімшесіне соғатыны бар еді. Онда келіп түскен жаңа кітаптар мен газет-журналға құшағы бір толса, Әбдікәрімов Исатай ағасымен кезекті бір жүздесіп, көңілі екі тоятын. Арқа-жарқа әңгімесінің соңында туған жердің мәселелері төңірегінде де ой бөлісіп, ақкөңіл ағадан неше қилы тапсырмалар да алып үлгіретін. Келешектің міндеті ғой. Нақ соны өз қолымен іске асыра алатынына ол кезде сенімі болды ма, болмады ма, бірақ көреген көкірек жас буынға көп нәрсе аманаттапты.
Бұл кісіңіз 2016 жылдан бастап ата­мекендегі сайлау округінен облыстық мәслихатқа депутат болып сайланады. Содан бастап туған жердегі қараорман халықтың нағыз қамқорына айналып кете барған.
***

Дарияның ар жағынан Оспан Қал­дарбеков бастаған бір топ шаруа аса ауқымды бұйымтаймен келді қабылдау­ға. Жиырма бестей жеке шаруашылық бірігіп, тірлік жасамақ екен. Бұл жақсы бастама ғой. Жоспарлары адам қызығарлық: Мал бағатын комплекс ашамыз дейді, құдық қазамыз дейді, шөп турайтын цех ашамыз дейді, мал соятын пункт саламыз дейді, кооператив құрып, бизнес-жоспар жасаймыз деп, жұтынып тұр. Осы жұмыстардың барлығына басты тетік – электр желісін тарту, тіреліп тұрған мәселе осы екен. Біздің депутатымыз өкілеттігін пайдаланып, облыс әкіміне кіріп, барлығын жан-жақты дәлелдеп, 65 млн теңге ақшаны шаруалардың есебіне аудартып беріп электр желілері де, подстанция да іске қосылды. Баяғы аға аманаты осы жерде сарт етіп ойға оралды.
Бұл кісінің ел үшін атқарған еңбектерін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Біз тек қана Аманаттың ақталуы турасында өзіміз түйген бірді-екілі өмір түйіндемесін мысал етіп алдық.
Ал жақында ғана жарық көрген Ауған соғысы ардагерлеріне арналған «Борыш» кітабы, бұл майдан даласында мерт болып, мәңгі рухқа айналған жауынгерлер мен елге есен-сау оралса да, сұмдық күндердің елесі әлі де жадыларынан өшпей, жарасы сыздап жүрген қайсар азаматтардың ерлігіне тағзым ретінде тасқа басылып қалған қымбат мұра деп санаймыз.
Міне, осы кітапты шығаруда өзі ізде­ніп, облыс көлемінде ауған жауынгер­лері туралы деректерді жинақтап, келешек ұрпаққа ұсынған ағаны тарих аманатын көтере білген Нағыз азамат деуге әбден болатындай.
Осындай азаматтар аман тұрғанда қасиетті бабалар рухы мәңгі жасай бермек.
Жаңа дәуірдің желкенін алып келген жаңа жылдың қарсаңында жолданған Мемлекет басшысының Жолдауын жарқын көңілмен қолдаған депутат ағамен көтеріңкі көңіл-күйде болған әңгімемізді әзірге осымен түйінделік.

Баян ҮСЕЙІНОВА
18 наурыз 2022 ж. 398 0