№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Облыс бойынша 80-ге жуық клуб үйі керек

Облыс бойынша 80-ге жуық клуб үйі керек


Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері мемлекеттік орган басшыларымен бірлесіп көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді. Партияның аудандағы филиалында өткен қабылдауға облыстық мәслихат депутаттары Мәдіхан Бекжанов, Жанкелді Ысқақ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова және аудандық мәслихат депутаты Зағипа Әбжалелова қатысты. Халық қалаулылары аудан тұрғындарының өтініш-тілектеріне назар аударып, сұрақтарына тұшымды жауап берді.

Бұл жолы тұрғындардың жеке басынан гөрі, мемлекеттік нысандардың мән-жайы көбірек талқыланды. Әсіресе, клуб үйлерінің мәселесі кеңінен сөз болды. Алдымен Өзгент ауылының тұрғыны Құрбанбек Нұрмахан клуб үйінің жаңа ғимараты қашан бой көтеретінін сұрады. Мира Рахымжанқызы жоба-сметалық құжаты дайындалып, келесі жылы конкурс өтеді, содан кейін іске кірісетінін жеткізді. Демек 2020 жылы Өзгентте жаңадан клуб үйінің іргетасы қаланып, заманауи мәдениет үйі есігін ашады.
Одан кейін М.Нәлібаев ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Мира Таубаева қыс мезгілінде от жағу мәселесі қиындық туғызып жататынын, осыған байланысты штат бөлуін сұрады. Бұл мәселе ауыл әкімінің құзырында тұрған шешім деген депутаттар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягоз Айдосовамен бірлесе біржақты етеміз деген жауап қатты.
Шалқия кентінде де клуб үйі шешімін таппаған. Мұны елді мекен әкімі Әбдімәулен Сабырханов пен клуб үйінің меңгерушісі Ғалымжан Дүйсенбаев айтып, шешілуіне ықпал етуді сұрады. Шыны керек, аядай ауылдардың өзінде клуб үйлері бар, ал 3000-нан асатын тұрғыны бар Шалқия кентінде клуб үйі жоқ. Тек №86 мектептің мәжіліс залын кәдеге жаратып жүр. Өнер ұжымдарына депутаттар осы мәселеге байланысты жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Әзірге мектепті пайдалана тұруға ұсыныс айтты. Өйткені мектеп тек бір ауысымды ғана. Сондықтан, үйірмелерді түстен кейінгі мезгілге ауыстыруын оңтайлы шешім деп санайды.
– Қазір облыс бойынша 80-ге жуық клуб үйінің ғимаратының құрылысы тоқтап тұр. Себебі облыстық бюджеттен қаржы әзірге қаралмайды. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті пайдалана тұруға тура келеді. Ал біз осы мәселе бойынша әлі де жұмыс жасай беретін боламыз, – деді Жанкелді Ойшыұлы.
Тағы да бір айта кетерлігі, қазір мемлекеттік – жеке меншік әріптестік аясында клуб үйлерін салуға болады. Мәселен, Өзгент клуб үйінің құрылысы осы мәселе бойынша шешімін тапқан. Келесі кезекте аудандық мұражай мәселесі қайта көтерілді. Мухамади Мырзахметов жазыла-жазыла жауыр болған тақырыпты қайтадан ортаға салды. Иә, ғасырға жуық тарихы бар музейдің бүгінгі келбеті өте нашар, тіпті жаңбырлы күні төбесінен су ағады. Сондықтан рухани жаңғыру аясында аудандағы жалғыз мұражайды салып беруді өтінген жаңақорғандықтардың тілегі келер жылы орындалатынын депутаттар жеткізді.
Қабылдау соңына қарай Ержан Сарбасов есімді азамат «СКЗ-U» ЖШС-нің бас директоры Мәдіхан Әріпұлынан жұмыс сұрай келіпті. Оң шешімін табуға ықылас танытатын өндіріс орнының басшысы аудандық басылымның да тұрақты оқырманы, әрі жанашыры екенін сөз етті. Газетке жазылу науқанында 100-ден аса қызметкері төл басылымға түгел жазылады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
04 желтоқсан 2019 ж. 671 0