№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Мәуелі бәйтерек


Мәуелі бәйтеректей жапырағы кеңге жайылған әулеттің бірі – Әлиевтер жанұясы. Бұл отбасын теміржолшылар әулеті деп айтуға әбден негіз бар. Тіршілігі теміржолмен біте қайнасып, темірдей тәртіпке бағынған Әшірбай ақсақалдың әулеті аудан халқына жақсы таныс. Себебі бұл отбасының барлық мүшесі ел экономикасының күретамыры саналатын күрделі салада еңбек еткен. Әшірбай ақсақал мен Налбибі анадан он бір ұрпақ – 55 немере, 141 шөбере, 25 шөпшек тараған. Әбдіманап, Әбдімүтәліп, Әбдіәшім, Әшіргүл, Құрбанкүл, Әбділла, Сейділла, Рахматтілла, Ізәтілла, Құдіретілла, Айдархан, Мадина есімді ұл-қыздары бүгінде бір-бір әулеттің тұтқасы болып отыр.


«Орынбор – Ташкент» теміржол бой­ын­дағы шағын бекетке бүгінде пойыз тоқтамайды. Бірақ, қандай да бір себеппен пойыз тоқтайтын болса, оны қамтамасыз ететін 4 бағыттамалық бұрма, 10 бағ­даршам қашан да жұмыс істеп тұр. Осы пойыз жолдың бойында өсіп-өнген отбасы, заманның ағымымен уақыт өте келе аудан орталығына қоныс аударып, бүгінде кенже ұлдары Айдархан қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Біз арнайы қарашаңыраққа барғанымызда жан-жақтан әулеттің үл­кен-кішісі, келіндері мен немерелері, шөберелері жиналып, өткен күндерді еске алып, мәре-сәре болып жатыр екен. Ә-дегеннен әулеттің үлкені Әбдіәшім Әшірбайұлын сөзге тартып, тарлан тарихқа түрен салдық.
– Әшірбай әулетінің ата қонысы осы Жайылма станциясы. Әкеміз осы мекенде 1912 жылы туып-өсіп, өмір бойы теміржолда жұмыс істеген. Небәрі 53 жасында 1965 жылы өмірден озды. Бүкіл тағдыры темір жолдың темірдей тәртібімен тығыз өріліп, шойын жолдың қауырт құрылысымен сабақтасып өрілді деуге болады. Ол уақытта екінші дүниежүзілік соғыс басталып, теміржол саласында әскери тәртіп орнатылып, теміржол қыз­меткерлері соғысқа шақырылмай, броньмен қалдырылатын. Әкеміз соғысқа бармаса да, ауылдағы жауапкершілігі мол жұмыстың бейнетін арқалаған еді. Шүкір, балаларының барлығы да әке жолын қуып теміржол саласында азды-көпті жұмыс істеді. Содан бергі уақытта Әшірбай ұрпағының төртінші буыны теміржолда тер төгіп, әулет жолын жалғастырып келеді. Жасыратыны жоқ, балалық шағымыз шойын жолдың бойында өтті. Тепловоздың айқайы, темір доңғалақтардың гүрсілі бала кезімізден құлаққа таныс. Өзім бүгінде Алматы қаласында тұрақтасам да, ауылымның жаңалықтарынан хабардар болып отырамын. Елге келген сайын сол күндер көз алдыма еріксіз оралып, өткен күндерге деген сағыныш көңілімді кернейтіні бар, – дейді әулеттің үлкені.
Үлкен ағаның әңгімесін әрі қарай ортаншы ұл Әбділла Әшірбайұлы жалғайды.
– Әкеміз Әшірбай өмірден тым ерте кетті. Артында тоғыз ұл, үш қыз қалдық. Әкем қайтыс болғанда үлкен ағамыз Әбдіманап Ташкент қаласындағы Транспорт инсти­тутының құрылыс факультетін тәмәмдап, дипломын қорғап жатқан еді. Үшінші ағам Әбдіәшім әскер қатарында болатын. Анамыз небәрі 45 жасында әкемізден айырылып, он екі баланы бауырына басып, біздің барлығымызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтығы шоқтырмай өсірді. 2003 жылы 83 жасында өмірден қайтты. Әкеміз бен анамыз 1939 жылы отбасын құрып, жиырма алты жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, артында өшпес із қалдырды. Әкем мен анам жанұя татулығы бірлікте деп ұдайы айтып отыратын. Жастайымыздан екеуінің бір-біріне қабақ шытып, рен­жіскенін көрмедік. Тіпті ағайын-туыс, көрші-қолаңмен әй-шәй десіп көрген емес. Мұнысының өзі біз үшін үлгі боларлықтай, – деді Әбділла аға бізбен әңгімесінде.
Иа, «Бір бала бар әкеге жете туады, бір бала әкеден өте туады». Даналарымыздан қалған бұл нақыл сөз Әшірбай ақсақалдың отбасына қарата айтылса керек. Темір­жолшылар әулетінен шығып, әке жолын абыроймен жалғаған ұрпақтары барлығы да бүгінде елге сыйлы азаматтар. Балаларынан бөлек немерелері Бақытжан, Болат, Сұлтанқұл және күйеу баласы Құлахметов Бегей теміржолда еңбек етті. Сондықтан болар, бүгінде ата жолын қуған Әлиевтер әулетінің өнегелі жолы көпке үлгі.
Осы тұста кенже қыздары Мадина Әшірбайқызы да ағаларының сөзін жалғап, әке мен анаға деген сағынышын әдемі әңгімемен кестеледі.
– Мен ес білгелі әкеміз бен анамызды айналасындағылар өте құрметтеп, іскерлік қасиетін, ұйымдастырушылығын, парасат-пайымы мен адамгершілігін, кез келген істі бастаса, аяғына дейін жеткізбей тынбайтын табан­дылығын ерекше айтып отыратын. Көзі ашық, көкірегі ояу әкеміздің ой-өрісі кең әрі жан-жақты еді. Ал, анамыз Налбибі «Бар байлығым – балаларым» деп білді. Он бір баланы өмірге әкелген батыр ана тағдыр жолында бар мен жоқты тел емді. Қатал тұрмыстың қақаған аязын да, арайлы күндердің шаттық пен шуағын да көрді, – дейді ол тебірене.
Ата-ананың алдындағы парызды өтеу де үлкен міндет. Әкесі мен анасы үшін Құдіреттілла ұлдары арнайы қажылыққа барып, дұға етіп қайтыпты.
– Үлкен атасы анамызға «Үндемес келін» деп ат қойған екен. Оны өзімізде көріп өстік. Шалғай ауылдарда тұратын туыстарымыздың балалары біздің үйде жатып, мектепке баратын. Сонда анам үлкен қазанға ас пісіріп, бір дастархан басында ас ішіп, барлығымыз бір үйде аунап-қунап өстік, – деп, өткен күндерді еске алды.
Расында, әке мен ананың аялы алақаны мен ыстық ықыласы кім-кімді болмасын тебірентпей қоймасы анық. Әкесінен небәрі бір жасында қалған кенже ұлы Айдархан Әшірбайұлы:
– Әкемнен ерте қалдым. Бірақ, үлкен бауырларымнан әкем туралы есті есте­ліктерді көп естіп, әкемнің өміржолына қанып өстім. Теміржол мамандарына арты­латын сенім қашанда жоғары. Олар пойыз қозғалысы қауіпсіздігінің сақта­луына бірден-бір жауапты тұлға ғой. Өзім де әкемнің ізімен біраз жылдар осы салада қызмет еттім. Шойын жол қызметкерлерінің жұмыс сағат сайын сараланып, жіберілген кемшіліктердің қайталанбауы үшін сақтық шаралары ұдайы жүргізіліп отыратыны белгілі. Сын сағатта дұрыс шешім қабылдай білу әрбір қызметкердің парызы. Сол себепті, бұл саланың қызметкерлеріне үлкен құрметпен қараймын. Үлкен аға­ларымның сөзінен әкемнің обал-сауаптан қорқатын жүрегі кең қолы таза жан болғанын, ешқашан тәубесінен жаңылмай, абыройдың тек адал еңбекпен ғана келетінін балаларының санасына мықтап құйғанын естіп өстім. Әкемнен қалған осындай әдемі естеліктердің өзі менің болашақ өміріме үлкен бағыт-бағдар берді десем қате айтпаған болар едім. Әкемнің аялы алақанын сезініп өспесем де, анамның ыстық құшағында алаңсыз аунап-қунап ер жеттім. Анам үнемі. «Адамды адам қылатын адал еңбек пен жақсы мінез. Қандай қиындық келсе де уайымға берілмеу керек. Өмірдің қуанышын да қиыншылығын да елмен бірге көрдік. Көптің тілеуі жақсы болады. Ынтымақ бар жерде, ырыс бар. Біз көрген қиыншылықтарды ұрпағымыз көрмесе екен. Заманың бейбіт болса, жұмақ деген сол» деп, құлағымызға құйып өсірді, – дейді әулеттің кенжесі.
Түйіндей айтқанда, теміржолшылар әулеті тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайратымен қуатты Қазақстанның эко­номикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлесін қосуда. Өйткені, айшылық алыс жерлерге аман-есен жетуде, жолаушының жол азабын азайтуда, оған қоса жүк тасымалының қарқынды дамуында темір­жолшылардың темірдей тәртібі мен­мұн­далап тұр. Мұның қатарында ынтымағы ұйысқан Әлиевтер әулетінің еселі еңбегі елге үлгі. Ата-ананың өмірдегі жетістігі-осы. Ешқайсысы жаман болған жоқ. Өсті-өнді, жетілді. Енді міне, үлкен отбасының мерейін тасытып отыр.

Әсел РЗАЕВА
01 наурыз 2022 ж. 1 142 0