№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Кітап –мәңгіліктің мұрасы

Кітап –мәңгіліктің мұрасы

Секундтар минутты, минуттар сағатты, сағаттар тәулікті қуалап, шіркін-ай, уақыт бір орында тұрмайды екен-ау! Осыдан бес жыл бұрын жазушы, ғалым, публицист, алаштанушы Жолтай Әлмашұлының 60 жасқа толғанын тойлап, астына ат мінгізген мерейлі мерейтойға куә болған едік. Дәл осы ақпан айында жазушы 65 жасқа келіп отыр...
Қаратаудың қасиетін бойына сіңірген Жолтай ағамыз бір тынбайтын, үнемі ізденіп, еңбекпен шығармашылығын шыңдап жүретінін жақсы білеміз. Қаламгердің қаламынан «Найзашың», «Пенде мен періште», «Жеті жебе», «Ел мен елес», «Тоғыз тұңғиық», «Күлкі мен көз жасы» және т.б ондаған туынды туса, жаңа бетбұрыс, тың бағыттағы «Қаратау қаһары» атты кітабы жарық көргенін әлеуметтік желі арқылы білдік. Қысқа романдарды біріктірген туындының ерекшелігін автордың өзінен сұрап, кітап, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру төңірегіндегі ойымен бөлістік.
– Бүгінде Қаратаудың қыраны ретінде 65 жастың бел-белесін бағындырып, абырой-беделіңіз асып, ұлттың мақтанышына айналып отырсыз. Аға, мерейлі жасыңыз құтты болсын!
Әр белеске шыққан сайын артқа бір бұрылып, өткен кездерді електен өткізетін сәттер болады ғой! Қырашыңызды сағынасыз ба? Туған жеріңізді еске алғанда ең берінші ойыңызға не келеді?
– Рахмет! Алла разы болсын! Сенің құттықтауың мен үшін бір кісінің емес, бүкіл Жаңақорған жұртының жүрекжарды ықыласындай болып көрінеді. Туған топырақтың ықыласынан ыстық не бар мына фәниде!
Туған ауылым – «Қырашты сағынасың ба?» деп сұрап отырсың. О-о, оның сағынышы бір бөлек әлем ғой, сөзбен айтып жеткізуге болмайтын ерекше тылсым десем артық емес, сірә! Осы жасыма дейін қазақ топырағын былай қойғанда, жер жүзінің біраз жерлерін шарлаған жағдайымыз бар екен: Қытай, Англия, Чехия-Словакия, Мәскеу, Қырым, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, т.б. елдің тамаша да әсем жерлеріне табанымыз тиіпті. Алайда, неге екенін өзім де айта алмаймын, түсімде ылғи да өзімнің кіндік қаным тамған шағын ауылым – Қырашымды көріп жатам. Тағы да қазіргі қос шатырлы, зәулім-зәулім заманауи үйлерін емес, баяғы менің бала күнімдегі бәкене, төбесі қамыспен көмкерілген қалпында қалқып тұрып алады. Сол көзге ыстық ескі үйлердің ара-арасында бір сыныпта оқыған бала күнгі достарыммен – Маутанмен, Өтеппен, Манатпен, Тұрсынханмен, Әубәкірмен, Сейілбекпен, тағы бас­қаларымен шапқылап ойнап жүрем.
Бұл не деген ғаламат! Міне, азамат үшін туған топырақтың құдіреті деген осы-ақ шығар! Соған қарағанда қай перзенті болмасын, ең алдымен бақытты, бәлкім, бүгінмен салыстырғанда қиындау кездер шығар, сөйтсе де бақытты балалық шағын есіне түсірер! Соңғы бір-екі жылда жол түспепті, мына COVID деген пәлекет те кесірін тигізді, екі рет ауырып тұрдық, бара алмай, сағынып жүрген жағдайымды да жасырмайын...
– Қос қуанышыңыз қабат болып, «Қаратау қаһары» кітабыңыз баспадан шығып, ақжолтай жаңалықты сүйіншіледік те. Кітап қолымызға тиген жоқ. Бір білетініміз, уақыт ағымына сай жазылған қысқа романдар топтамасы ретінде қызығушылығымызды арттырып отыр. Сонымен, тың туындыңыз несімен ерекшеленеді? Соны талдап, таразылап берсеңіз...
– Жалпы, әдебиет айналасындағы кей әріптестерім әзіл-шынын араластырып айтады екен: өзі өмір бойы мемқызметте жүрсе де қаламы қолынан түспепті, қалай бос уақыт тауып жүрген деп; әсте кержалқау, еріншек емес, көп жазуға машықтанған, тынымсыз еңбектенеді,  роман тудырудың шебері деп; бұл – бір жағы мақтауы шығар, екінші  жағынан сан қуып жүрген жоқ па дегендей астарлы мысқылмен тіл безеу ғой баяғы.  Бұрын бұндай «қысыр» әңгімелерге  аса мән бермеуші ем, елемеуші ем, енді жауап айта кетейін. Мен қатарлы қаламгерлер де аз еңбектенбегені мәлім, көбісі-ақ осы жасында аз дегенде он, тіпті онан да көп кітап шығарып үлгерді. Бірақ олардың кітабы көбіне шағын жанрды жағалайды, әңгіме, новелла, эссе, повесть болып келеді де, араға жылдар салып, жинақ ретінде ұсынылады.
Өз басым әуелден роман жанрын қаладым. Алдымен «Ұмытылған ұрпақ» (алғашқы атауы – «Жетім жұлдыздар») жазылды, бұл өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы. (Бұл шығарманың бірінші бөлімі өз кезінде «Жалынның» бәйгесінде аталып өтті). Сосын «Оянған ұрпақ» деген роман жаздым, бұл шығарма 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10-жылдығына орай өткізілген әдеби байқауда жүлделі болып, мемлекеттік тапсырыспен басылып шықты. Ал, 2007 жылы ең көлемді роман-ди­логия – «Күлкі мен көз жасы» жарық көрді. Еңбек 2010 жылы республика мемлекеттік сыйлықтың номинанты болғанын да еске сала кетейін. Осы үш романға (арасындағы майда-шүйде жазбалар осы романдарға дайындық кезінде қағазға түскен) бақандай 20 жыл уақытымды арнаппын. Алпыс жасқа толу қарсаңында мемлекеттік тапсырыс арқылы «Кең де тар дүние» деген жалпы атпен үш томдық кітабым басылып шықты. Үшеуі өткен ғасырдағы үш тарихи кезеңді, үш қомақты қиянды қозғап-қамтыған кең тынысты романдар сериясы. Ендеше, сараптап байқаңыз – бұлар, қанша елемеуге тырыссақ та, жиырма жылға салмақ болар сүйекті еңбек емес пе!..
Енді «Қаратау қаһарына» келейік. Бұл кітап екі шағын романның басын біріктіреді: «Қария мен құмырсқа» және «Қаратау көкжалымен қоштасу». Екі шығармадағы оқиға да осы ХХІ ғасыр басында өтеді: бірінде – талай уақыт елге ес болған абыз қарияның қартайған шағындағы тіршіліктен теперіш көруі, сөзінің қадірі қашуы, жас ұрпақтың өмірге тым жеңіл-желпі қарауына қынжылуы болса, екіншісі – жасы жетіп, ел Анасына айналған кейуананың фәниден бақиға жол салар тұстағы көңіл толғанысы мен өткенге іштей есеп беруі. Қысқасы, бір қария мен бір кейуана өмірі айналасындабүгінгі қоғамның ілгекті сәттері мен ішкі қатпар-құпиясын қотара ақтаруға тырыстық. Әлбетте, роман болған соң, оның ішінде неше түрлі қақтығыстар мен тартыстар қосарлана өріліп, негізгі кейіпкерлердің даралық келбеті желілене тартылып  отырады. Тілін тым қоюлатпай,  барынша жеңіл жазуға тырыстық (Заман талабы да солай).  Оқып шығуға оңтайлы. Сөз ретінде айта кетейін – бұл екі қысқа роман да өзім жоғарыда айтып өткен трилогиялық романдар топтамасының логикалық жалғасы іспетті, былайша түсіндірсем, үш романның эпилогы. Өйткені мұнда да оқырмандарға бұрыннан таныс образдар мен бейнелер арагідік көрініс беріп, ішінара оқиға ортасында кездесіп қалып отырады. Бүгінгі күні, алпыс бестің биігінен қарап отырып, менің қиялыма келген бір ой: жоғарыдағы барлық романдар топтамасын алдағы басылымдарда «Қаратау қаһары» деген жалпы атпен жарияласам ба деймін (Мұны ең алғаш сіздердің басылымда айтып отырмын!)...
– О, аға, «Қаратау қаһарын» тездетіп қолға алуға ықыласымызды арттыра түстіңіз. Жазарыңыз таусылмасын!
Сыр перзенті, жазушы Жақау Дәуренбеков: «Қазіргі кітап жападан-жалғыз, автор да оқырмансыз. Ойы алаң, көңілі далаң. Біресе қаламына қарайды, біресе заманның қабағына қарайды. Қош бол, кітаптар заманы, демеске амалы жоқ. Мойындамайын десе де, сорақысы сол – үйінде кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келеді. Міне, бізді ойландыратын ұлы сұрақ осы. Жауабын кім айтады, жолын кім табады?» деп толғаныпты. Осы толғаулы сұраққа сіз қалай жауап берер едіңіз?
– Біз қай нәрсеге де бір кезеңнің ғана қайырмалы көрінісімен ХХІ ғасырдың бас кезіндегі бұлталақ ахуалмен баға беруге бейімделіп бара жатқандаймыз. Кітап –ғасырлардың құрдасы! Кітап – мәңгіліктің мұрасы! Ол бір ғасыр, он, тіпті жүз ғасыр жасауы да мүмкін. Жүз ғасырдан соң жарық дүниеге келетін ұрпақ кітап оқуға қалай қарайды? Кітапты қалай бағалайды? Оны қай көреген дөп басып айта алар?
Сосын да айтарым – жазушы екенсің, жазушы деген ардақты атты иеленген екенсің, жақсы, мағыналы, ойлы, парасатты шығарма жазып қалдыруға ұмтыл. Күлдібадам дүниенің көкжиегі тар, адымы тартыншақ. Ондай туынды әрбірден соң, өзіңнен бұрын «өліп» қалуы да ықтимал. Өлмес шығарма жазып қалдыру, сөз жоқ, әр қаламгердің әуезе-арманы! Әрине, қай қаламгер болмасын, көз майын тауысып жазған туындысын өз замандастары қызыға оқыса екен, бағаласа екен, қадіріне жетсе екен деп іштей мінажат-үміт етері тағы бар. Онсыз бола ма?  
– Мемлекеттік деңгейде қолға алып, ұлттық идеологияның бір басымдығы ретінде мән берілсе кітап оқу дәстүрін қалыптастырудың жолы да, амалы да табылады. Ғалым, жазушы, публицист, зиялы азамат ретінде айтыңызшы, кітап оқымайтын, ойланбайтын буынның өсіп-жетілуі жаһанданудың жанығуынан емес пе?
– Мен бұл жайынан бір емес, бірнеше рет айттым да, жаздым да. Біз кешегі кеңестік кезеңдегі кітап оқытуды да, бүгінгі уақыттағы «кітап оқытпауды» да көріп келе жатқан аға буынбыз. Жас ұрпақтың әдеби-көркем және ғылыми-танымдық кітаптарға бет бұрып, ықыласпен оқуы үшін бірнеше алғышарттар орындалуы керек.
Біріншіден, балабақша жасындағы бүлдіршіндерге өз ұғымына сәйкес келетін жұқа кітапшаларды көбірек таратып, оқуын қадағалап, түсінігін сұрап отыру.
Екіншіден, мектеп жасындағы ба­лаларға да бағдарламадан тыс әдеби кітаптар ұсынып, қосымша бақылау жасаған дұрыс.
Үшіншіден, жоғарғы оқу орын­дарындағы студент-жастардың да кі­тапқа оралуына ықтиярлы болуымыз аса қажет.
Ал, түптеп келгенде, кітап оқуға бетбұрыс жасау – мемлекеттік саясаттың бір құрамдас бөлшегіне айналмай болмайды.
Көркем әдебиетті оқытуға мүдделілік – жас адамның имани-адами болмысының қалыптасуындағы алғашқы баспалдақ. Біз осы жерден мүлт кетпеуіміз керек-ақ. Өйтпесек, жақын уақыттардатасжүрек, мейірімсіз, әдеп-дәстүрден алшақ дүбара ұрпақтың өсіп-жетілуіне өз қолымызбен «соқпақ салып» береміз. Ондай ұрпақ жер бетін қаптаса, қоғамға және өмірге тигізетін орасан-зор кедергілері мен зияны туралы ежіктеп айтып жатпай-ақ қояйын. Әлден құлағымыз естіп, көзіміз көріп отырған жоқ па!
Жаһандану – бұл жерде сылтау емес, бәрі де кәдімгі ұлттық тәрбие мектебіндегі даңғыл жолдың тұйықталуы мен  керектітетіктердің қолдан шығып бара жатқандығы.
– Аға, қаламгердің төлқұжатындай боп кететін туындысы болады ғой! Сіздің ауқымды зерттеулеріңіз бен құнды романдарыңыз көп. «Қаратау қаһары» сондай төлқұжат туындыңыздың бірі болатынына сенеміз. Айтайын дегенім, бұл соңғы кітабыңыз емес ғой! Алдағы уақытта қандай тақырыпта қалам тербеу ойда бар?
– Төлқұжат-туынды дегенің жанға өте жайлы естілетін тіркес екен.
Рас, алдымыздағы көптеген қаламгер ағаларымызды еске алсақ, дереу бір не екі шығармасы көз алдымызға келе қалады. Мысалы, Әуезов десе «Абай жолы», Нұрпейісов десе «Қан мен тер», Соқпақбаев десе «Менің атым Қожа» болып жалғаса береді. Бізде ше? Осы жайынан әзірге ойланбаған екем. Алайда, өзімізше тарқата айтып кетуге болатын жағдаят бар. Мен жаңа сөз басында айтып өттім, 2007 жылы «Күлкі мен көз жасы» деген роман-дилогия жаздым, оны оқырман біршама жақсы қабылдағандай. Ондағы оқиға – ХХ ғасыр басындағы аласапыран, байлардың басына түскен ауыр сынақ, қолдан жасалған «кәмпеске», жазықсыз жер аудару мен байлардың  туған жерден амалсыз сытылып қашуы  іспетті қат-қабат шытырман болатын. Соны жазу үстінде ойланғам: осы қойын мыңдап, жылқысын жүздеп, түйесін тоқсандап, ешкісін егіздетіп... – бар үкілеген арман-мүддесін сол алдындағы малының үстіне «жабу» еткен таза ниет бай-бағландар да болған ғой; оларды арқасынан қағып, жаңа өкіметке тартып, байлығын ғана емес, ақыл-парасатын дажөнімен пайдалану орнына  сәбет өкіметі көпе-көрінеу қара қиянат жасап, абыройын төгіп,  елден қашуға мәжбүрлік жасамады ма деп...Міне, осы жоталы ой күні кешеге дейін миымның бір бұрышында «түней жатып», ұзап кетпей жүрді де қойды. Осыдан 4-5 жыл бұрын «Олигарх және олимп» деген қысқа роман жазғаным бар. Бүгінгінің байлығы тасыған адамы – ол олигарх! Ол кім? Қандай пенде? Арамнан мал жинаған, тек қара басын ойлаған арамза ма, жоқ бойындағы адами сезімін жоғалтпаған, жөні түзу жандар қатарына қосуға болар жұмыр басты ма? Былай қарасаңыз, менің «Күлкі мен көз жасында» жеткізбекші болған жалау-түйінім мына «Олигарх және олимпте» де қайтадан жылтың етті. Тағы да сол ұйық ойға маталыппын. Ашығын айтайын, өзі жүз беттен сәл-ақ асатын осы шығармаға оқырмандар тарапынан аса көп қызығушылық бола қояр деп ойлаппын ба? Роман «Күлкі мен көз жасынан» да танымал болып барады. Ол әуелі орыс тілінде Мәскеудегі «Худлит» баспасында (2020) басылды, Ресейлік жазушы, әдебиетші, сыншылар Елена Крюкова, Флюр Галимов, Юрий Ковалев, т.б. «Литгазета», «Север», одан өзге де  басылымдарға (әлеуметтік желі өз алдына) тұщымды рецензиялар жариялап жіберді. Сосын, өткен жылдың басында Түркиядағы «Бенгю» баспасынан түрікше кітап боп басылып, оған түріктің танымал профессор-ғалымы Орхан Сүйлемез көлемді мақала арнады. Айтпақшы, башқұрт ағайындар Жазушылар Одағының арнайы сыйлығымен марапаттады осы шығармамызды...
Енді «Қаратау қаһары» өз оқырмандарына жол тартты ғой. Іштей бұл еңбегіме де үмітім зор. Көрерміз. Бағасын мен емес, қалың көпшілік, алдияр оқырман айтпас па! Төлқұжат еңбегім қайсы – оны енді сіздер оңаша салмақтай беріңіздер...
– Уақыт бөліп келелі әңгіме құрғаныңыз үшін алғыс білдіремінШығармашылығыңыз шарықтап, жаза беріңіз!
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
20 ақпан 2022 ж. 421 0