№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сыр перзенті


Сыр өңірінің бүкіл өсу-өрлеу кезеңінде, табанынан тік тұрып, тамырына қан жүгіртіп, ел эканомикасы мен мәдениетінің даму тегершігінің тетігіне айналу тарихында аудандарды және облысты ширек ғасырдай уақыт басқарып, айрықша із қалдырып кеткен тұлға Исатай Әбдікәрімовтың қолтаңбасы айрықша.


Ол 1923 жылдың 15 мамырында Жаңақорған ауданының «Өзгент» ауылдық кеңесінде дүниеге келген Исатай Әбдікәрімов Қызылорда педагогикалық институтын, КПСС Орталық комитетінің Жоғары партия мектебін, Гидротехникумды, Ауылшаруашылық институтын тәмәмдаған. Сөйтіп, оқытушы, партия қызметкері, техник-гидротехник, ауылшаруашылығы мамандықтарын иеленген үлкен жүректі, еліне ерен қызмет еткен қоғам қайраткері. Еңбек жолын «Екпінді» газетінен бастаған ол 1941-1945 жылдары әскери мамандықты меңгеріп, полктың партия ұйымын басқарады. Жауапкершілігі мен жоғары білімін, біліктілігін бірінші кезекке қойған соғыс жылдарындағы мол тәжірибесін жинақтаған Исатай аға елге оралысымен саралы, салиқалы партия жұмысына араласады. Облысымыздың Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандарын басқарып, 1972-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия ұйымының 1-інші хатшысы, келесі жылы Республиканың Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы лауазымында болады.
Оның бойындағы көп пенделерде кездесе бермейтін қарапайым және қайырымды қасиеттердің негізі жоқшылықпен өткен ағаның балалық шағынан бастау алатынына бек сенімдімін. Әкесімен бірге шығыр айдап, қауын, тары, бидай егіп, оларды сақпанмен қорғап, ащы термен өзін-өзін шынықтырған еңбегі жатса керек. Кепе, қараша үй, қора-қопсы сияқты қарабайыр қазақтың көшпенді өмірімен біте қайнасқан ортадан шыққан ол ғасырлар қойнауына кетіп бара жатқан, бірақ өзі қимайтын сол бір өткен кезеңді өмірі естен шығарған емес.
Ағасы Жапардың қамқорлығымен интернатқа орналасады. Ашқұрсақ жүрсе де, өзегін талдырмай жарық қоғамға қол іліктірген көпір сынды болды бұл балалар мекені.
Аудандық сотта қызмет істеп жүрген ағасы Жапардың соңына үш әріптің адамдары түсіп, айыбы, «молданың баласы» деп 1938 жылдың қақаған қаңтарында ұстап алып кетеді. Қайран аға, сол кеткеннен оралмайды.
Мектептен соң, бір жағынан қуғынға түскен қара тізімнен қара үзіп кетуді ойлаған Исатай Алматы қаласына жетіп, ауыл шаруашылығы институтына оқуға қабылданады. Бірақ қуаныш ұзаққа бармайды, соғыс басталып, қолға қару алып, жорыққа аттануға тура келді.
Ол әскерде Мәскеу, Тула, Калуга бағытындағы майданда шайқасады. Исатай әскерде жүргенде елдегі кәрі ата-анасына екі рет қара қағаз келген. Екеуінде де әкесі естірткелі келген адамдарды үйіне кіргізбей, «менің балам тірі» деп бет қаратпайды. Жүрегі алдамапты. Жараланған ұлі майданнан аман оралды. Келе сала педагогикалық институт пен жоғары партия мектебін қатар оқып, бітіреді.
Сөйтіп жастай еңбекке кірісті. Жақсылыққа жол ашар жаңа заман орнатуға да белсене араласты. Алғаш комсомол ұйымын басқарған кезеңдердегі нешеме сын сәттер жас жігіттің жігерін жанып, қолынан іс келеріне көзін жеткізді. Қызмет бабында қатар жүріп көңіл жарастырған болашақ серігі Үмігүлсім апамыз да қаршадайынан еңбекпен көзін ашып, етітірілігінен әйелдер арасынан ел басқару ісіне ерте араласа бастаған ерек қасиетімен тапсырылған қай істі болмасын ұршықтай үйіріп атқара білген табанды мінезімен сұңқар жігіттің жүрегінен ойып орын алды. Өмірлік жары болды. Тағдырлары ортақ арнада тоғысқан қос жастың өмір мектебінен алған тәлімдері бар, бір-бірін терең түсініп, небір қиын өткелдерден қол ұстасып, қатар өтті. Жастайынан кеңес қызметінде ширыққан Үмігүлсім апамыз барлық кезеңде ерінің қас-қабағын айтпай ұғып, рухани демеушісі бола білді.
Егін сап, шығыр айдап күнелткен қарапайым отбасында дүниеге келген Исатайдың сауат ашып, хат тануына ағасы Жапардың қамқорлығы бөлек болғанын айттық. Елде ашаршылық басталып, бүтіндей бір отбасының мүшелерін жалмап жұтқан тажал аузынан әупіріммен аман қалған бұл жанұя қолындағы малын колхозға өткізіп, өлмешінің күйін кешіп, жалғыз баланы Жаңақорғандағы интернатқа берген екен.
Исатай Әбдікәрімов ағамыз өзінің бүкіл еңбек жолдарында үнемі өсу, өрлеуге қол жеткізе білді. Шиелі, Жалағаш, Қармақшы аудандарын басқарған жылдары бұл аймақтарда халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, барлық салаларда бетбұрыстар орын алды. Соның барлығы да еселене түскен ел еңбегінің нәтижесі еді. Өйткені ол ең алдымен халықпен тіл табыса білді. Ел жұртының сүйіспеншілігін серік етті, ықыласына бөленді. Өзінің туа бітті болмысымен, қарапайым да, қайырымды қадір-қасиетімен көп көңілін таба білді. Халықтың шын талаптанса тау қопарар күшін таныды. Сол күшті мықты қуатында басқара білді. Бар қажыр-қайраты мен білім-білігін туған жерді көркейтуге арнады. Бұл бағытта жеке бас мүддесін мүлде жиып қойды. Билік пен лауазымға қызмет етпеді, даңқ оны өзі іздеп тапты. Дәулет пен байлыққа қызықпады, бақ басына өзі кеп қонды. Ол елінің мүддесін бәрінен биік қоя білді. Сол жолда сан рет басын қатерге де тігіп, үнемі қысымда ұстағысы келетін бюрократияның бұ­ғауын үзіп, күрт мінездерге баруға да тура келді. Еркіндікке қарапайым ең­бек адамдары ғана емес, обкомның бірінші хатшылары да зәру болған кешегі уақыттарда небір күрделі мәселелерде қиыннан жол тауып, кез келгеннің тісі бата бермес жоғарғы буындағы басшылармен нәзік дипломатиялық қарым-қатынас ор­ната білгендігінің пайдасын ел көрді. Облысымызды басқарған жылдары ол қарамағындағы сала қызметкерлерін Мәс­кеудегі министрліктерге қоймай жағалатып жүріп, өзі Бас хатшы Л.И.Брежневтің қабылдауында болып, ұтырлы әдістермен көп жетістіктерге қол жеткізді. Оның нәтижесі де болмай қалған жоқ. Облыс экономикасы ілгері дамып, ірі өндіріс орындары қатарға қосылды, маңызды обьектілер өмірге келді. Оның игілігін бүгінгі ұрпақ көріп келеді.
Ағаны жоғары билікке тарту инициа­тивасы Д.Қонаевтан басталғанын Исатай аға кітабында былай деп жазыпты: «…Алматыға қызмет ауыстыру мәселесін сөз қылғанда үндей алмай қалдым. Байқаймын, көңілім астананы қаламайды. Сондықтан:
– Димеке, көрсеткен сеніміңізге риза­мын. Жасым болса біразға келіп қалып еді, әрі бала-шағалы адаммын. Енді қоныс аудармай-ақ қойсам деп едім. Сіздің маған жасаған кеңшілігіңіз сол болсын, – дедім.
– Жарайды… – Димекең келіскендей сың­ай танытты. Алайда, Л.И.Брежневтің тағы бір «Целина» деген кітабын орталық комитетте талқылайтын желтоқсан айы кезінде Д.Қонаев маған «Алматыға келе­сің» деген сөзін нықтап айтты.
«Тәуекел» дедім мен де іштей. Аға­мыздың ықыласы шындап құлаған екен. Енді сырғақтап қашқаным келісімсіз көрінер. Сөйтіп, Республика Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағалығына сайландым».
Бұл лауазымды қызметті бір жыл атқарған уақытта облысымызда тұратын 238 ана «Ардақты ана» атағымен, ордендермен марапатталыпты. Осы кезең­­де КСРО Жоғарғы Кеңесі Прези­ди­умы­ның Указымен жазушылар: Қал­тай Мұхамеджанов «Халықтар дос­тығы», Әбділда Тәжібаев «Октябрь револ­ю­циясы», облыстық «Ленин жолы» газеті «Құрмет белгісі» ордендерін иеленді. Облысымыздың 15 азаматы сол кездегі Қа­зақстанның Жоғары наградасы – Қаз ССР Жоғары Советінің Құрмет грамоталарымен марапатталыпты.
Ғазиз азамат марқұм болғаннан кейін жары Үмігүлсім Мәмбетқызының өткен күндер туралы естеліктер жинағы «Дүниеден ғажайып бір жан өтті» деп аталатын кітап жарыққа шықты. Биік тұлға рухына ескерткіш ретінде жария­ланған аталмыш жинақта күллі қазақ елі ардақтаған асыл ағаның бүкіл ғұмыры терең қамтылған. Көркем дүниені парақ­таған сайын қайраткер азаматтың өз замандастары, қызметтестері мен көңілі жақын жора-жолдастарының шын көңіл­ден шыққан жылы лебіздері көңіліңді жадыратады.
Көзкөрген, бірге еңбек еткен аза­маттар Исатай ағаның жұмыс бабында туысқандықты алдыға сап немесе рулас жақындыққа бұра тартатын әдетке ешқашан бармағанын, кадр таңдау сая­сатында мамандарды қолынан іс келер білім-білігін, сапалық деңгейін, парасат-пайым дәрежесін сарапқа салып, шешім қабылдайтынын әңгімелейді. Еңбекті оқи отырып, әз-ағаның адами болмысына көзіміз жетіп, өмір бойы пендешіліктен жоғары тұра білген оның өз заманының дара тұлғасы екенін мойындай түсесіз. Қанында бар тектіілік, ақсүйектікке тән асқақ ұстанымына адал, бірақ қарапайым адамдық қағидадан қарыс қадам ажырап көрмеген, қаншалықты биік лауазымдарға көтерілсе де өзін халқынан бір сәт жо­ғары қоюды қаламаған оның осынау қасиеттерінің қайнар көзі қайда жатыр деп таң-тамаша қаласыз. «Алып-анадан» деуші еді, халқының бағына біткен біртуар ұлды дүниеге әкелген анасы жайында қонысымыздың «Қорасан ата» көшесінің тұрғыны Мұсахан Жапаровтың отбасында болғанымызда Исатай атамыздың келіні Бибайша жеңгеміздің аузынан естіген мына естеліктерді келтіре кетсем артықтық етпес деп ойлаймын.
– Апам нақ осы шаңырақта менің қолымда болды. Айта қаларлық ерекше қасиеттері көп еді. Жер қозғалса қоз­ғалмайтын сабырлы мінезді кісі-тін. Көп сөйлемейтін, Айтса айтқаны айнымай келетін әулиелігіне талай мәрте тәнті де болдым. Қанағатшыл болатын. Исатай аға келгенде «Айлығыңнан 20 сом берсең жетеді. Әруақтарға Құран оқытайын» деп отыратыны есімде. Ағамыздың төрт қызы болды. Кенжесі Серік Қонақбаевпен бас қосты. Жолымыз түсіп барған сайын екіқабатты үйлерінің алыс-жақыннан ке­ліп-кетіп жататын ағайын-туыстан бір арылмайтынына өзім іштей сүйсінетінмін. Осыны көргенде ертеде апамның айтқан «Исатайымның бағы Шолпанда болады» деген сөзі ойыма оралады, – деген еді Бибайша жеңгеміз.
...Ия, бұл жарық дүниеде мәңгілік ешнәрсе жоқ Бәрі өз кезегімен. Тағдыр деген сол. Көптің ұғымында «Қазақтың бұрынғы Президенті» атанған ардақты ағамыз 2001 жылдың екінші сәуірінде жарық өмірмен мәңгілікке қош айтысты. Марқұмның денесі өзі туған жерге әкелініп, «Сәдір ата» қорымына қойылатынын естіген қарақұрым халық ешкімнің нұсқауынсыз сол күні Қызылордадан кіреберіс қақпа мен Қожакент ауылына қарай кететін қаражолдың бойына қатарласа тізіліп, жүрегіндегі аяулы азаматтарын аңсарлы ықылас, ақ пейілмен бақи сапарына қимастықпен шығарып салды. Исатай ағаның өз өтініші бойынша зерленген зәулім құлпытас емес, төбесі ашық төртқұлақ зиратта туған жер аспанының қар-жаңбыры қара жер қойнына алған қайран аға мүрдесінің жамылғысын мөлдір тамшылармен жуып жаңартып жатыр.

Серқожа Ыдырысов,
Жаңақорған ауданының
Құрметті азаматы

05 ақпан 2022 ж. 633 0