№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Бір жарық сәуле

Терезеден жарқырай төгілген күн сәулесі бөлме ішін нұрландырып, көңілге ерекше жылылық құяды. Құтыға отырғызылған гүлге су құйып, терезенің пердесін ысырған Шынар желдеткішті қиялай ашқанда лап етіп ішке енген желкем самалмен бірге көктемнің иісі сезіліп, жанды ерітті.
Біраздан бері саржамбас болып, ауырлаған денесін игере алмай сүлесоқ жатқан Ерекең еңсесін тікте отырған күйі бойы бір жеңілдікті қалағандай, сыртқа шығып жүріп қайтқысы келді. Қысымен есік алдында жылтыраған қатқаққа тайып кетіп жазым боп жүрер деп сыртқа шығуға ықырар бермейтін жары Шынар бұл жолы Ерекеңнің тілегіне қарсы болмады. Демеу болсын деп дайындап қойған таяғын қолына ұстатып, қақпаға дейін қатарласа жүріп еді, «Енді сен алаң болма, өзім біраз жүріп қайтайын» деген Ерекең жәй басып көшенің даңғыл жолына түсті.
Төсінде еркелеп өскен туған жердің майда құмы аяқкиіміне жұғып, көзге ыстық, көңілге жақын, алпыс жыл алшаңдай басқан, аяулы жастығының ізі қалған қара жолмен жайлап басып жүріп келеді. Көшенің қос қапталындағы қаз-қатар тізілген үйлерге дейін қайсысының қадасы қашан қағылып, қарайып бой түзегені көкірегінде сайрап тұр. Елдің тұрмыс-тіршілігінің қалай тіктеліп, қалай аяққа нық тұрғаны да көз алдында.
Аудандағы әлеуметтік нысандардың, халыққа қызмет көрсету орындарының іске қосылып, игілікке асуында сол кездегі аймақтағы бірден-бір банкінің, яғни, барлық саланы қаржыландырып отырған қауқарлы мекеменің басшысы ретінде сол кешендердің құрылысының қайсысына қандай күш, қажыр-қайрат, кеткен шығынның есебі де есте, күні кешегідей көз алдында.
Сан түрлі қиялдың жетегінде, түбі жоқ ойды қуалап отырып, өзінің қырық жыл қызмет атқарған қара орнының жанына да тақап қалыпты. Бүгін күн жексенбі болған соң ба, жанында ешкімнің қарасын байқамады. Еңселі ғимарат өткен күннің естелігіндей көзіне аса ыстық көрінді. Айналасына өзі қадағалап еккізген неше түрлі тал көшеттері бұрқ етіп бүр жаруға жақын, сидиған сабақтарында қонақтаған дымқыл тамшылар күн шуағына шағылысып, көз жасындай мөлт-мөлт етеді. Әр тасы, әр кірпішінің қалай қаланғаны санада сайрап тұрған өткен күн естеліктері көңілін елжіреткен Ерекең көкірегін кере күрсінді. Тағдырына мың-мың шүкіршілік еткен тоқмейіл мінезбен өз-өзін жұбатты. Шүкір, елі үшін аз еңбектенбепті. Өткен өміріне өкпесі жоқ. «Жарға біткен жантақты жаннан безген аладының» кебімен, тағдырдың бермесін тартып алардай тәуекелге бел буған талай аламан айқаста ақылы асып, мысы басып, ортақ қазаннан өзіндік үлесін олжалаған кезі аз болмапты. Бірдің емес, мыңның қамын жеген өлермендікпен аймақ ажарына айшықты қолтаңба қалдырыпты. Ол үшін білімділік, сауаттылық аз, жан-жақты кәсібилік, терең мәмілегерлікпен біте қайнасқан мықты ұстанымын серік етіп, өмірдің сан тарауында нешеме тартысқа түскен тауқыметті табиғи дарынымен жеңе алды. Қарапайым ауыл баласының бойына қатар қонған осынша қадір-қасиеттің қайнар көзі қайда жатыр? Осы сәт қиялы балалық шақты шарлап кетті.
***
Ералы, тұр, күн шығыпты. Күн! Жарқырап тұр, – деп ұйқыдан оятқан алты жасар інісі Уәлидің шыр-пыр даусынан оянған жас өрен: Қане, шын айтасың ба? – деп төсегінен ұшып тұрып, терезеге жүгірген. Інісінің «күн шығып тұр» деген сөз құдды бір «апам келді, апам!» дегенмен бірдей әсер еткен. Әкелері соғыста, анасы ауруханада жатыр, әркімге бір жаутаңдап, кіріптар болғысы келмеген, күнкөрістің қамы балапан иықтарына түскен бұл екеуі өз нанын өзі тауып жеуге әрекеттеніп, есек жеккен арбаға отын артып әкеп, сатып ілдалдалап жүріп жатыр еді. Қатарынан күн жауып, қолдары кесіліп қалғандай болған. Қарасаңшы, жарқырап күн шығып тұр. Күн! Кәдімгі ана алақанын, ана мейірімін, ананың ыстық құшағын қалай аңсаса анау күнді де бұл екеуі солай зарыға күткен. Тарыққан адамның көңіліне табиғаттың өзі таяныш екен-ау. Төрт құбыласы түгел, қанағаны қарқ, сағанағы сарқ пендеге жаңбырың не, күнің де, айырып жатсын ба, мына қос жеткіншектің күн қабағын бағып, жабырқаған жандарына мына күннің күліп атуы ауырып жатқан анасының жазылып үйге оралғанымен бірдей қуаныш сыйлағаны-ай. Табиғаттың әр құбылысынан қуат алып, жанындай жақсы көрген мөлдір сүйіспеншілік Ерекеңнің бала қиялындағы сол кезеңдердің өшпес ескерткішіндей мәңгілік сақталып қалып еді.
***
Артықшылық дегенді Алла ешкімге алалап бермейді екен. Бабалары Қайып қажыға жаяу барып қайтқан кісі екен. Ал әкелері Мұхамеджан арабша сауатты, діни білімі бар болумен қатар елдің баласын оқытып, көзін ашқан. Өз ұлдары Ералы мен Уәли де білімге аса құштар болып өсті. Ералы орта мектептен соң Ташкент қаласындағы есеп-кредит техникумының банк ісі факультетіне оқуға түседі де, оны үш жылда аяқтайды. Одан әрі С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің экономика  факультетінде білімін жалғастырады. Алматы ауыл шаруашылық инсти­тутының толық курсын финанс және кредит мамандығы бойынша тәмам­дайды. Еңбек жолын 1957 жылы Қарақалпақстанның Бируни мемлекеттік банктің аудандық бөлімшесінде бух­галтер, 1958 жылы Жаңақорған ауданына ауысып, банк есепшісі болып қызмет атқарады. Ол кезде банк бастығы Махметжан Сапарбаев ағамыз болатын. 1976 жылдан бастап Ералы аға 20 жыл осы банктің бастығы болып қызмет атқарады. Жары Шынар екеуі мәуелі бәйтеректей жайқалып, он бір ұл-қызды мәпелеп өсіреді. Ал інісі Уәли Қайыпұлы Семейдегі автожолдар техникумына оқуға түсті. Кеңес армиясы қатарында әскери міндетін өтеп, Шарқияда, ПМК Тяжстрой мекемесінде абыройлы қызмет атқарды. Жары Тұрсынкүл екеуі 5 ұл-қызды тәрбиелеп жетілдірді.
«Су басы бұлақ болса да,
Ақыры құяр теңізге.
Жақсыдан қандай туса да,
Тартпай қоймас негізге» – деген қандай ақиқат сөз.
Қарапайым еңбектің қадір-қасиетін танып, содан бақыт тауып, содан өсіп-өркендеген кім болсын өз бейнетіне сүйенуді өмірлік мұраты санайды екен. Қарғадайынан ел қатарынан қалмау жолында талмай әрекеттеніп, соры қалың бейнетті жеңіп, мектепте де өте үздік оқуға талпынған ұланның өзі балалы-шағалы болғаннан кейінгі ұл-қыздарына қойған басты қағидасы-жақсы оқы, ерінбей еңбектен, адам болуға ұмтыл деген айшықты талаппен ұштасып жатты. Қат-қабат сапырылысқан қызметтен қол тие бермесе де, бала-шағаның тәрбиесіне көңіл бөліп, әрқайсысының білімін, қабілетін әкелік сыншы көңілмен саралап, жөн-жоба, бағыт-бағдар беріп отырды. Желкілдеп өсіп келе жатқан қарашықтарының қалай жүріп, қалай тұрғандары, мінез-қылығы, тіпті сөйлеу мәдениетіне дейін қалт жібермей, қадағалап ретті жерінде қатал талап та қоя білді.
Тоқсаныншы жылдардан кейінгі өмірге енген нарықтық қатынастар жоспарлы жүйенің тас-талқанын шығарумен қатар, қоғам мүшелерінің қастерлі қағидасына айналған қалыпты өмір сүру ережелеріне сына қағып, сансыратып қойғаны рас. Айласы көптер аяқастынан мұрты майланып шыға келді. Халық мүддесін көздеп, көп игілігін көздің қарашығындай сақтайтын адалдық дегеніңізден атсамсыған алпауыттар аттап өтіп, ойына келгені орындалып жатты. Бар ғұмырында тірнектеп ілім жинап, ізгілік, адамгершілік жөнінде мораль атаулыға көңілі жетік болғанымен, қалтасы жұқаның адымы кесіліп, «қысқа жіп күрмеуге келмейтін» бір заман туды.
Кісі өзгеге батыл бағыт нұсқап, жолбастаушы болу үшін өзінің басты ұстанымына алдымен өзі сенімді болуы керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ералы Мұхамеджанов туралы ол кісінің әріптес ізбасары Жаңақорған аудандық қазынашылық басқармасы ширек ғасыр басқарған Дәулет Қалыбаев былай деп әңгімелейді:
– Жаңақорған өңірінде әр кезеңдер­де халыққа қалтқысыз қызмет еткен, ауданның әлеуметтік-эканомикалық да­муына зор үлестерін қосқан басшылар аз болған жоқ. Сондай ағаларымыздың бірі де, бірегейі банк саласын 1972-1994 жылдар аралығында табан аудармай 22 жыл бойы басқарған Мұхамеджанов Ералы Қайыпұлы еді.
1979 жылдың маусым айынан осы банк бөлімшесінің кредит инспекторы болып жұмысқа орналастым. Сол күннен бастап 14 жыл бойы кредит инспекторы лауазымынан банк басқарушысының орынбасарына дейінгі өсу жолында Ералы Қайыпұлының тікелей қара­мағында жұмыс жасап, ол кісінің ұлағатты тәлім-тәрбиесін алғанымды әр кезде мақтан тұтамын.
Өмірден көргені көп, түйгені мол Ерекең өзіне де, өзгеге де талап қоя біле­тін, тәртіптің адамы еді. Олай жасамаса да болмайтын, себебі ол кезде аудан бойынша бір ғана банк ірі-ірі әрі салалы (егін де, мал да, құрылыс та, балабақша да т.б.) 15 кеңшарға, соншама ауылдық кеңестер, ауданның тұтынушылар ода­ғының құрамына кіретін 10-нан аса дербес сауда ұйымдары, Шалқия кеніші, құрылыспен айналысатын қаншама жылжымалы механикалық колонналар және тағы да басқа көптеген шаруа­шылық есептегі құрылымдар мен бюджеттік мекемелерге кассалық қыз­мет көрсетумен бірге, әлеуметтік саланы қоспағанда, барлық жоғарыда аталған кәсіпорындардың жыл бойына үзбей қажетті уақыттарында иесие алуларын қамтамасыз етіп отырды. Бұл айтуға ғана оңай, ал мұның бәрі үлкен ұйымдастырушылықты, ыждағатты жұ­мысты және жауапкершілік пен тәртіпті талап етуші еді, – дейді.
Ендігі орайда айтарымыз, өткенін ұмытпайтын, жақсыны ұлықтайтын аудан тұрғындарының базынасы бар. Ол Ералы Мұхамеджанов бастамашыл болып, құрылысын жүргізген қазіргі аудандық қазынашылық басқармасы отырған ғимарат алдына аяулы азаматқа ескерткіш ретінде бюсті қойылса, кент көшелерінің біріне есімі берілсе дейді. Бұл көптің тілегі.

Баян Үсейінова,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
30 қаңтар 2022 ж. 662 0