№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Бір жарық сәуле

Терезеден жарқырай төгілген күн сәулесі бөлме ішіе нұрландырып, көңілге ерекше жылылық құяды. Құтыға отырғызылған гүлге су құйып, терезенің пердесін ысырған Шынар желдеткішті қиялай ашқанда лап етіп ішке енген желкем самалмен бірге көктемнің иісі сезіліп, жанды ерітті.
Біраздан бері саржамбас болып, ауырлаған денесін игере алмай сүлесоқ жатқан Ерекең еңсесін тітктеп отырған күйі бойы бір жеңілдікті қалағандай, сыртқа шығып жүріп қайтқысы келді. Қысымен есік алдында жылтыраған қатқаққа тайып кетіп жазым боп жүрер деп сыртқа шығуға ықырар бермейтін жары Шынар бұл жолы Ерекеңнің тілегіне қарсы болмады. Демеу болсын деп дайындап қойған таяғын қолына ұстатып, қақпаға дейін қатарласа жүріп еді, «Енді сен алаң болма, өзім біраз жүріп қайтайын» деген Ерекең жәй басып көшенің даңғыл жолына түсті.

Төсінде еркелеп өскен туған жердің майда құмы аяқкиіміне жұғып, көзге ыстық, көңілге жақын, алпыс жыл алшаңдай басқан, аяулы жастығының ізі қалған қара жолмен жайлап басып жүріп келеді.
Көшенің қос қапталындағы қаз-қатар тізілген үйлерге дейін қайсысының қадасы қашан қадалып, қарайып бой түзе­гені көкірегінде сайрап тұр. Елдің тұрмыс-тіршілігінің қалай тіктеліп, қалай аяққа нық тұрғаны да көз алдында.
Аудандағы әлеуметтік ны­сан­дардың, халыққа қызмет көр­сету орындарының іске қосылып, игілікке асуында сол кездегі аймақтағы бірден-бір банкінің, яғни, барлық саланы қаржыландырып отырған қау­қарлы мекеменің басшысы ретінде сол кешендердің құры­лысының қайсысына қандай күш, қажыр-қайрат, кеткен шығынның есебі де есте, күні кешегідей көз алдында.
Сан түрлі қиялдың жетегінде, түбі жоқ ойды қуалап отырып, өзінің қырық жыл қызмет еткен қара орнының жанына да тақап қалыпты. Бүгін күн жексенбі болған соң ба, жа­нында ешкімнің қарасын бай­қамады. Еңселі ғимарат өткен күннің естелігіндей көзіне аса ыстық көрінді. Айналасына өзі қадағалап еккізген неше түр­лі тал көшеттері бұрқ етіп бүр жаруға жақын, сидиған сабақтарында қонақтаған дымқыл тамшылар күн шуағына шағылысып, көз жасындай мөлт-мөлт етеді.
Әр тасы, әр кірпішнің қалай қаланғаны санада сайрап тұрған өткен күн естеліктері көңілін елжіреткен Ерекең көкірегін кере күрсінді. Тағдырына мың-мың шүкіршілік еткен тоқмейіл мінезбен өз-өзін жұбатты. Шүкір, елі үшін аз еңбектенбепті. Өткен өміріне өкпесі жоқ. «Жарға біткен жантақты жаннан безген аладының» кебімен, тағдырдың бермесін тартып алардай тәуекелге бел буған талай аламан айқаста ақылы асып, мысы басып, ортақ қазаннан өзіндік үлесін олжалаған кезі аз болмапты. Бірдің емес, мыңның қамын жеген өлермендікпен аймақ ажарына айшықты қолтаңба қалдырыпты. Ол үшін білімділік, сауаттылық аз, жан-жақты кәсібилік, терең мәмілегерлікпен біте қайнасқан мықты ұстанымын серік етіп, өмірдің сан тарауында нешеме тартысқа түскен тауқыметті табиғи дарынымен жеңе алды. Қарапайым ауыл баласының бойына қатар қонған осынша қадір-қасиеттің қайнар көзі қайда жатыр? Осы сәт қиялы балалық шақты шарлап кетті.
-Ералы, тұр, күн шығыпты. Күн! Жарқырап тұр,-деп ұйқыдан оятқан алты жасар інісі Уәлидің шыр-пыр даусынан оянған жас өрен: Қане, шын айтасың ба?- деп төсегінен ұшып тұрып, терезеге жүгірген. Інісінің «күн шығып тұр» деген сөзі құдды бір «апам келді, апам!» дегенмен бірдей әсер еткен. Әкелері соғыста, анасы ауруханада жатыр, әркімге бір жаутаңдап, кіріптар болғысы келмеген, күнкөрістің қамы балапан иықтарына түскен бұл екеуі өз нанын өзі тауып жеуге әрекеттеніп, есек жеккен арбаға отын артып әкеп, сатып ілдалдалап жүріп жатыр еді. Қатарынан күн жауып, қол­дары кесіліп қалғандай болған. Қарасаңшы, жарқырап күн шығып тұр. Күн! Кәдімгі ана алақанын, ана мейірімін, ананың ыстық құшағын қалай аңсаса анау күнді де бұл екеуі солай зарыға күткен. Тарыққан адамның көңіліне табиғаттың өзі таяныш екен-ау. Төрт құбыласы түгел, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ пендеге жаңбырың не, күнің не, айырып жатсын ба, мына қос жеткіншектің күн қабағын бағып, жабырқаған жандарына мына күннің күліп атуы ауырып жатқан анасының жазылып үйге оралғанымен бірдей қуаныш сыйлағаны-ай. Табиғаттың әр құбылысынан қуат алып, жанындай жақсы көрген мөлдір сүйіспеншілік Ерекеңнің бала қиялындағы сол кезеңдердің өшпес ескерткішіндей мәңгілік сақталып қалып еді.
Апасы Салһа, өзінен үш жас кіші інісі Уәли, өзі-үшеуі де мектепте өте жақсы оқыды. Салһа апасы Сұлтан Сартаевпен мектепте бірге оқыған. Бойжеткен әпкесін Ташкент жақтан құда түсіп алып кетті. Әпкесі барда да бір бел еді ғой. Оған анасындай арқа сүйеп, тұрымтай қалпымен қарабарқын арқаламай, тым болмаса тәтті ұйқысын қандырып тұрар ма еді. Қыз деген осы екен, қанаты жетілгенде өзінің алтын босағасын тауып, өзге ошақтың отын түтетеді. Жат жұрттыққа жаралған соң не амал, айттырған жерге ұзатылып кете барды. Ұзатылар сәттегі апасының айтқан сыңсуы әлі құлағында: «Жылқы ішінде ала жүр, ұстай алмай бала жүр. Анам дімкәс, бауырым жас, көзімнің қырын сала жүр». Бұл әпкесі Салһаның жанынан шығарған өлеңі емес, бұрыннан халықтың аузында келе жатқан жыр, бірақ сол сәтте әпкесінің аузынан шыққан қос қатардың соншалықты қымбат, соншалықты аяулы, соншалықты қастерлі болып естілгені-ай. Өйткені бұл әпкесінің кетіп бара жатқан сәттегі ағайын-туғанға артта қалған бауырларын табыстап айтқан өтініші ғой.
Інісі Уәли екеуі шүберек қалтаны асынып, сабақтан бір күн қалмай үздік оқуға тырысып бақты.
Заманның қиын кезі. Соғыс біткен соң да, еңбек армиясына жегіліп, елге кеш оралған әкелерінің саушылығы кем, бір күн ауру, бір күн сау, жалғызілікті аналары болса жас балаларын жетімсіретпей, жетілдіремін деп жүргенде аяқ астынан жазым болып, жарақат алып, мүгедектікке ұшырап еді, бұрынғыдай тау жарып, тас тесетін қайраты жоқ, қазан-ошақ қасынан ұзай алмай қалған.
Балалықпен ерте қоштасқан қос ұлан алаңсыз ойнау дегеннің не екенін білместен, бейнетпен ер жетті. Ерте тұрды, кеш жатты. Күні бойы қара жұмыстың соңында салпақтап, қас қарая жарығы жылтыраған жетілік шамның жанында сығырайып сабақ жазатын күндер сырғып өтіп жатты.
Қарындары тоя тамақ ішпесе де көңілі тоқ ағалы-інілі, бір-бірін қара тұтып, қаяу­лы көңілдің қара бұлтын серпіп, бірін-бірі жан шуағымен жылытты. Қос қарашығының бір бидайды бөліп жеген тату­лығына ата-ана да дән риза болып, ақ баталарын жау­дырумен өтті.

***
Ешкімнің қарасы көрінбе­генге қапа бола қоймаған Ерекең қайта жаны тыныштықты қалап, бақ ішіндегі оңаша орындыққа келіп жайғасты. Соңғы кездері алдағы жарқын күндерден гөрі, өткенге көп ой жіберіп, жүрген-тұрғанының, алған-қойғанының бәрі-бәрін сарапқа салып, салмақтауға көшкен ол өз-өзіне деген сыни көзқарасының қарабұлттай қаптап кеткеніне ешкімді жазғыра алмады. Бұл өмірдің заңы болар.
Ғұмыр дегеніміз – бір жарық сәуле, ұйықтап жатқан кісінің көрген түсіндей ғана нәрсе екен. Дүние мен ақыреттің арақашықтығы да сондай. Көзді ашып жұмғандай. Осынау көзді ашып жұмғандай, тәтті түс секілді қымбат өмірдің әрбір сәті Ерекең үшін елеусіз қалған емес. Арттырғаны, артында қалдырған перзенттері. Бәрі де өмірден өз жолдарын тапты. Әке – балаға сыншы. «Осы балам осындай болады-ау» деп іштей жорыған топшылауы дөп келіп жатыр. Бәрі де өздігінше оқып, өздігінше талаптанып, өз соқпақтарын табуда. Ешқайсысы үшін есік қағып, кісі алдында кіріптар болған кезі жоқ екен. Ұл-қыздарына сол үшін риза. Бәрін де бақты, қақты. Қатарынан кем етпеді. Еңбекке тәрбиеледі. Қарапайым еңбектің балаң көкіректі кернеген менмендік пен кібірліктің кірін айнадай жуып тазартып, асқақ адамгершілікке, ізгілікке бастайтынына көзі жетіп, ойы қанықты. Қасиетіңнен айналайын, еңбектің қадірін сол үшін де бәрінен артық бағалайды.
«Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғысы сонымен жүреді» Тұңғышы Абыдынның мектепте оқып жүрген кезі­нен аса жауаптылығы, құнттылығы, өзінен кейінгі іні-қарындастарына талапшыл­дығы, ата-ана үшін кәдімгідей арқа сүйер күш, екінші тыныс болғандай. Ата-ана баланың тілегіне құлақ асып санаса білудің маңызы зор екен. Мәселен, музыкаға қабілеті бар өнерге құмартқан қл-қызының бетін қақпай, қанаттандырып, қабілетін ұштау үшін арнайы орында білім алуына жағдай жасауға ұмтылған Ерекең: «Жақсы оқысаң пианино сатып әперемін» деп қызықтырса, дәрігерлікті таңдаған баласына тонометрді сыйға тартып, «Қане, қан қысымымды өлшеп жіберші» деп таңдаған кәсібіне одан сайын тарта түсетін. Соның барлығынң астарында балам адам болсыншы, елге қажет, көпке қызмет көрсететін маман болсыншы деген ізгі тілек тұрушы еді. Үміті алдамапты. Бүгіндері жетіліп бәрі де бір-бір саланың мықты-мықты мамандары болып отырған перзенттеріне дән риза.
Жақында ғана үрім-бұтағы, ағайын-туыс, дос-жар болып Ерекеңнің алпыс жылдығын атап өткен. Шын пейілден атқарылған достық ниетке көңілі тасыған Ерекең бір күн өмір сүрсең де адамдардың арасын жалғап тұрар бір күш бар. Ол – көңіл сыйластығы екен деп ұлы жаңалық ашқандай тебіренді.
Өмірінің алды-артына жалқы сәт көз жіберіп, «Мен бақытты ғұмыр кешкен екенмін» деп жар салғысы келген сонда.
Осылайша ой түйіп орнынан көтерілген Ерекеңді санасының түкпірінде жарқ еткен бір жарық сәуле алғы күнге қарай жетелей жөнелді.

***
Одан бері де сырғып жиырма жыл өтіпті. Ералы Мұхамеджановтың бүгінде өзі жоқ, бірақ тәрбиелеген шәкірттері жетерлік. Олар Ерекеңнің өзі болмаса да көзі.

Баян ҮСЕЙІНОВА

25 шілде 2020 ж. 523 0