№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қолөнер – сырлы өнер

Қолөнер – сырлы өнер


Ұлттық қолөнер – бабадан қалған мәдени мұраның ең асыл құнды қазынасы. Облыс орталығында «Дәстүр» қолөнер орталығы қоғамдық қорының жұмысы жанданып, көпшіліктің қызығушылығын тудырып келеді. Қазақ халқы өзінің күн көріс қажеттілігіне үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстың кәсібі етіп, олардың күнделікті тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та құра білді.


Халқымыздың қолөнеріне әдет-гұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш кереует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әр алуан ыдыс-аяқ, адалбақан, асадал, бесік және т.б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасады. Балалық шағымызда әрбір отбасы, әкесі ұлын, анасы қыз баласын күнделікті тұтынатын қолдан жасалған бұйымдарын жасауға баулыса, бүгінгі таңда бәрі ұмыт қалған секілді. Себебі заманауи технологияның күші шет елдер ағылып елімізге өз тауарлардың көлеңкесінде қалдырды. Жалпы алғанда, егемендігіміздің 30 жылдығында еліміздің қарқынды дамуы ел мақтаныштарының ауыз екі сөзінде қалды. Еліміздің жастары заманауи технологияның дамуына еліктеп, тек пайдалану деңгейінде қалды. Ұлттық құндылығымыздың туындылары, өнері бүгінде жалпы халық арасында ұмыт болып барады. Осы ата-баба аманатын насихаттап келер ұрпаққа жеткізуде шеберлердің бірігуі үлкен серпін берді. 2014 жылдан бері еліміздің шеберлері арасында бірігіп насихаттау ұсыныстары кеңінен айтыла бастады. Міне, 2020 жылдың басында ұлттық қолөнер шеберлерінің ниеттері түйісіп, бір орталық құра білді. Қызылорда облысының «Дәстүр» қолөнер орталығы қоғамдық қоры бүгінде бірнеше мекемелермен меморандумға отырып, жастарды кәсіпке баулуда өз күшін тегін насихаттауда.
Атаулы орталық жайында «Дәстүр» қолөнер орталығы қоғамдық қорының директоры Қанат Ақпановпен сөйлескен едік.
– Орталық құрамында отыздан аса шеберлер бірігіп жұмыс жасауда. Орталықтың шаңырағында зерек зергер, шеберлігінде құпиялылығы бар Құдайберген, ағаштан түйін тиген Жәнібек бастаған ақсақалдарымыз артынан ер­ген Мырзабек, Мұрат көкелеріміздің, Марияш, Бақыткүл, Гүлнар, Қаныкүл, Шахаркүл апаларымыздың өсиет тілек­терін Қыздаркүл, Айдана, Айзат, Балжан шебер апайларымыз, жаста болса Мархаббат, ең кенжесі Жасұлан іні қарындастарымыз да әрбір іс шараны тыңғылықты ұйымдастыруда атсалысуда. Орталығымыздың жанашыры, демеушісі, ағаш ұстасы Фахриддин мырзаның да ерен еңбегі еленуі тиіс. Ол кісінің арда қазақтың дәстүрін жандандырудағы зор жұмыстарын өнерден кәсіпке бағыттаудағы ойларын қолдаймыз. Бүгінде орталықтың іс-шарасына еліміздің зиялылары қолдау көрсетіп, ресми басылымдарда жарық көруде. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде әрбір іс-шара барысы, дәстүр тағлымдары насихатталып келеді. «Дәстүр» қолөнер орталығын құрудағы басты мақсат та кәсіптен нәсіп тауып, сол ізбен ғылыми ізденісте, тәжірибеде шәкірт тәрбиелеп, өнер ордасы арқылы елімізге кішкене болса да үлесімізді қосуға шеберлеріміз дайын, – орталық басшысы.
Осы тұста айта кетейік, 2021 жылдың 28 маусымында және 26 шілдеде Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы мен Павлодар облысы Успен ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің өзара жасасқан рухани-мәдени ынтымақтастық меморандумы аясында «Сырға толы Сығанақ» атты этно-думанды шарада «Дәстүрін дәріптеген аудан» атты көрме өткізілді. Успен ауданы мәдениет және тілдерді дамыту орталығынан көшпелі көрме өткізуге ұсыныс жа­салды. «Орда Сығанақ» шипажайында «Тәуелсіздікке тарту» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. 2021 жылдың 30 қыркүйегінде «Қолөнер-асыл қазына» көрме-фестивалі ұйымдастырылып, ше­берлерді облыс әкімі Гүлшара Әбді­халықова Алғыс хаттармен мара­паттады. Ауданымыздағы «Дәстүр» қолөнер орталығының ағаш шебері Пахриддин Садықовтың қайталанбас өнер туындылары да осы орталықта сән беріп тұр.
– Бұл орталықта жергілікті жас қолөнер шеберлері мен зергерлер, сонымен қатар темірден түйін түйіп, сәнді бұйымға айналдырған хас шеберлер бас қосқан. «Дәстүр» қолөнер орталығының мақсаты – болашақта ел тұтқасын ұстайтын азаматтардың бала кезінен қабілетін анықтап, болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар беру. Жас ұрпақтың бойына салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді сіңіре отырып, олар­дың өнерге, шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттырсақ дейміз, – дейді Пахриддин Шәмшідінұлы.
Бір қуантарлығы, ауданымызда атаулы орталықта еңбек етіп жатқан жандар аз емес. Соның бірі кәде-сый жасаудың қас шебері Мұрат Жәрімбетовпен де тілдесіп көргенді жөн көрдік.
– Басты мақсат – он саусағынан өнер тамған қолөнершілер мен зергерлердің басын қосып, туындыларын көпшілікке таныстыру. Халқымыздың ұлттық нақыш­тарын дәріптейтін мұндай орталықтар ұлтымыздың ұмыт қалған дәстүрін қайта жаңғыртып, жастарға үлкен үлгі деп есептеймін. Кейінгі кездері жастар бабадан қалған асыл мұраны ұмыт қалдырып, көненің көзі ретінде қарап жатады. Ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік заттарды жәдігер емес, қолдануға жарамды дүниелер ретінде қабылдаса деген ниетпен жұмыс жасап жатырмыз, – дейді қолөнер шебері.
Қорыта айтқанда, қолөнер біздің рухани байлығымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, ол ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан өнер туындылары. Қазақ халқының қолөнері әлем халықтарына мақтанышпен көрсететін үлкен құнды­лығымыз. Сол себепті де, бұндай орта­лықтар жаңғырып жатса нұр үстіне нұр.

Әсел РЗАЕВА
19 қаңтар 2022 ж. 1 269 0