№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шебердің қолы алтын

Шебердің қолы алтын


Шебер қолды перизаттың құтханасына бас сұққаннан қолдан жасалған бұйымдары көздің жауын алып, қазақылықтың иісі аңқыды. Жаңа үйде жарасым тауып кеткен қаз-қатар тізілген құрақ көрпешелері мен оюлы жастықтары көздің жауын алып, ерен еңбектің нәтижесін танытып тұр. Қолөнер бұйымдарын жасаудың қас шебері Сәуле Бегімбетованы әңгімеге тартқан едік.


– Ұлттық құндылықтарымыздың бірі һәм бірегейі – қолөнер. Шынайы шебердің қолынан шыққан бұйымдар салт-сана, әдет-ғұрыппен біте қайнасып, қазақ халқының дүниетанымын айғақтайды. Бүгінгі күні ұлттың байырғы мұрасы қайта жаңғырып, жаңару үстінде. Соның ішінде өзім құрақ көрпеше тігу, кілем, алаша тоқу жағына етене ден қойдым.
– Мұндай өнерді игеру екінің бірінің қолынан келмейді. Қайдан үйрендіңіз?
– Анамнан қалған асыл іс қой. Балауса қыз күнімізде анам кілем тоқытатын. Үйдегі үш қыз жарыса кілем тоқып, бір жағы анамызға қолғабыс қылсақ, бір жағынан үйреніп алғанымызға мәзбіз. Жыл сайын жазғы демалысқа шыққанымызда осы кілем тоқу дәстүрлі әдетімізге айналды. Жүнді сабап, жуып, бояп, кейін ұршықпен иіріп берген анамызбен қаз-қатар отырып, кілемге әдемі өрнек салып тоқу, бізге талмай еңбектенуден келетін зор қуанышты тарту етті,– деді ол.
– Клеенкамен түрлі бұйымдар тоқып жүр екенсіз. Бұл интернеттің игілігі ме?
– Солай десек те болады. Тоқыманың түр-түрін ютуб каналынан қарап жүретінмін. Бірде тоқыманы жылтыр пакеттермен тоқығанын да көзім шалып қалды. Бүгінде не көп, дүкеннен затпен келетін пакет көп, сонны кәдеге асыруды мен де ойладым. Және бұл ойым іске асып түрлі бұйымдар тоқуды әдетке айналдырдым. Шәйнектің, табақтың, астына қоятын бұйымдар таптырмайтын сыйлыққа да айналды.
– Сізді дәмді тәттілер жасаудың да шебері деп естідік. Жан-жақты болуыңыздың сыры неде?
– Біз еңбекті жанымызға серік еткен ұрпақтың жалғасымыз. Қазақта «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген мақал тамаша айтылған. Тәттілерді де әлеуметтік желілерден қарап жасап көруді ұйғардым. Бәрі ойдағыдай шыққан соң, дайындауды күнделікті дағдыға айналдырдым. Оны сый ретінде де, жақындарымның дастарханына қолқабыс ретінде де пісіріп беремін. Біреуге қуаныш сыйлаудың өзі кәсібіне береке дарытатындай.
– Негізгі мамандығыңыз өнермен байланысты ма?
– Мен мамандығым бойынша құрылысшымын. Шымкент қаласындағы техникумды, Қорқыт атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрылыс-инженер факультетін бітіргенмін. Бүгінде кенттегі кәсіптік колледжде құрылыс арнайы пәнінен сабақ беремін. Колледж директоры Жомарт Шәуенұлы арнайы тоқыма үйірмесін ашып, қолдау көрсетіп, оқушыларға да маған да үлкен демеу болды. Бұл қалып бара жатқан өнерді қайта жаңғыртып, жастардың санасына бос уақытты тиімді пайдалануды үйретері сөзсіз.
– «Он саусағынан өнер тамған» деген теңеу текке айтылмаса керек. Соған лайықты екенсіз.
– Қазақ халқы аттың үстінде, түйенің қомында жүріп-ақ мәдениет пен өнерді сыңарындай көрген. Бұл қолөнердің балаға берер тәлімі мен пайдасы көп. Ол сызу, математика, тарих, сабақтарымен тығыз байланысады. Оқушының ой-өрісін дамытады. Қолөнерді серік еткен жандар ешқандай қиындыққа бой алдырмай, сабырлы, салмақты болады.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз…
– Отағасы Аманбол Аблазимов мәдениет бөлімінде қызмет етеді. Үлкенім Алмат кәсіптік колледжде, қызым Гүлдана Алматыда мектепте мұғалім, Мақсат пен Азамат студенттер. Азамат спортты жанына серік еткен, талай жүлделердің жеңімпазы атанып жүрген ауданның абыройлы спортшысы. Болашағынан зор үміт күтеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
11 қараша 2020 ж. 897 0