Қара тікеннен дарыған қасиет
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі аясында ұлт өнеріне елеулі үлес қосқан мәдениет қайраткерлері қатарында киногер Қалила Омаров мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталды. Ол бұл мәртебеге ұлт қасіретін жанымен сезіне білген қайраткерлігімен қол жеткізді.
Оның қазақ сахарасындағы ашаршылықты бейнелеп берген «Жұт», «Нәубет» фильмдері тарихи шындыққа алғаш түрен салған тың тақырып болды. Ұлт басынан өткен қасіретті тірілту бір басқа, қайғы басқан күндердегі қалың ел қанды көз жасына булыққан зарлы үнінің сарынын сүйектен өтердей тітіретіп құлаққа жеткізе алуына шын таңырқаған орыстың өнер сыншысының бұған сұрақ қойғаны бар. «Сен ол ашаршылықты көрген жоқсың. Басыңнан өткергендей қалай толқынысты сезіне алдың?»
Сұм саясат зымиян тақсыретінің мұның тағдыр-талайында ізі жоқ деп кім айтты?
Ата-бабалары Ақтаста жатқан Айқожа ишан Сыр бойына ғана емес, қазақ сахарасына имандылықтың дәнін еккен дін ғұламасы еді. Олай дейтініміз, Жоңғар езгісінен құтылғанымен Арқа төсіне зеңбірегімен бірге шіркеуін ала келген орыстың ең әуелі сахара халқын өз дініне кіргізіп, шоқынды етуге бар айла-амалын жұмсағаны тарихтан белгілі.
Дініне мығым жұрттың бірлігін сөгу білекпен бітпейді. Осыны жүректен өткізген найман елінің атақты биі Ақтайлақ, Шорман сынды тұлғалар Сыр елінен Айқожа бастаған дін өкілдерін еліне алдыртып, ислам дінінің қазығын бекемдеуге күш салды.
Кешегі көкірегі ояу, көзі ашық зиялы қауым болып саналатын Алаш арыстарына жаппай нәубет келген жылдары елдегі қожа-молдалар да қуғын көріп, атып-асу, түрмеге жабу зұлматы басталып кеткені рас. Осындай кездері Айқожаның ұрпағы Омар ишанның да Самархан жаққа бас сауғалауына тура келіпті. Кейін Омаров Қалила бабасының ізі қалған сол жерлерде болып жергілікті халықтан сұрастырғанында Омар дегенді ешкім білмей сарсаңға түскенін айтады. Сөйтсе ол жақта бұл кісіні Қазақ ишан баба атап кеткен екен. Ишан бабасының бас сауғалап жүрсе де басындағы қазақ тақиясын шешпегенін жұрттан естіп білді.
Бертін келе Ишан балалары Уайда, Инаят Өзбекстанның Алмазар деген жерін қоныстайды. Осы жерде қоржынтамда отырғанында келіндері Қадиша толғатып, үйден аулағырақ ұзап, бұрын қазақ бауырлары босып келгенінде мекен еткен, қазірде жермен-жексен үстін тікен басып кеткен ескі жұртта осы Қалиласын жарық өмірге әкеліпті. Шыр етіп дүниеге келген шарананың кіндігі қазағының көз жасымен шыланып, көн боп қатқан топырақта кесілгендіктен бе екен, сор қазақтың тағдыры таңдайына бітіп,тумай жатып шерлі тарихтың таудай аманатын арқаланып алыпты. Кіндік қанымен тұла бойына дарыған сол құса-шерді толқын-толқын тарқату үшін әр туындысын толғатқанда өзін туғанда қиналған анасындай бір өліп-тірілерін өнер адамдары болмаса былайғы жұрт қайдан білсін.
Көрнекті мәдениет және әдебиет өкілдерінің бел ортасында жүріп әлемдік руханият пен өнердің құнарынан шөл қандырған талантты жас одан әрі білімін жетілдірмекке Өнер және Мәдениет институтына оқуға түскен. Бірақ арттан келіп тұрған қаражат жоқ, жағдайдың жұтаңдығы алаңсыз білім алмаққа мүмкіндік бермеді. Оның үстіне бір үйдің арқасүйер тұңғышы, ата-ана өтінішін жерге тастай алмай туған жерге келіп, жұмысқа орналасқан. Бірақ алау жүректі ауылдағы тыныс-тіршіліктің қанағаттандыра қоймағаны рас. Кино түсіру дегенді ойға алу мүмкін емес, құрал-жабдық жоқ. Бірақ, басқа ешжерде кездестіре алмайтын дала мінез, дархан болмыстың сарқыты санаға нұрын төгіп, Манаптың, Әмірдің, Адырбектің, Есіркептің, Бексұлтанның мектебінен өткені бір олжа. Олардың әрбірі бір-бір сықпа құрт сынды. Туған ұлт қадір-қасиетінің бар маңызы, мәйегі осылардың қардай таза табиғатында тұнып тұр.
Бұлар Жаңақорған театры сахнасында қойған Әмір Мәжитовтың «Бір үзім нан» пьесасы Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын қозғап, оның негізгі себепкері Кенес үкіметінің ұлттарға жасаған қиянатының салдары екенін ашық суреттейтін тұңғыш қойылым болатын. Ол ел астанасы – Алматыда өткен халық театрлары байқауында Бас жүлдені иеленді. Осы кезде театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Ауыл мәдениеті, қала мәдениеті деген болмайды. Біз тұтас қазақ мәдениетін жасап жатырмыз» деуі ауыл өнерпаздарына бұрынғыдан да ауыр міндет арқалатты.
Қалиланы Алматыға алдыртып, сол кездегі «Қазақтелефильмнің» директоры Кәрім Танаевқа тапсырғанда «звонокпен» келген балаға сенімсіздеу болып отырған басшыға блокнотына жазып қоя берген қазақ кинолары туралы сын-ескертпелерін оқып берген жастың пікірі ерекше әсер етіп, болашағына үлкен сенім артады. Барлық қадамына әкелік қамқорлығын аямайды. Соның нәтижесінде Қалила осы кезеңдері Алаш арыстары – Мағжанды, Міржақыпты, Садықбек Сапарбековты тынбай зерттеп, зерделеуге көшті. Осы бағытта ол Қазан, Ресей, Орынбор, Уфа архивтерін ақтарып, мол деректерге қанығады. Ол осы жолда он төрт жылын сарқыпты. Осындай қияпат ізденісті еңбектің арқасында «Алашорда» фильмі дүниеге келді.
Тұлғаны тану –
тұтастыққа
негіз қалайды
Тарихты жеке адамдар жасайды. Қай жерде жүрсін көкірегі шежіре, аузы дуалы, сөзі уәлі жанды кездестірсе болды, микрофонын ыңғайлап, айтқанын түгел жазып алуға тырысатын қасиетін қырық жылдан бері қоя алмай келеді. Сол еңбегі зая кетпеді. Кеудесі алтын сандық қариялардың аузымен қаншама қастерлі тарих хатқа түсіп қалды. Ауыздан ауызға әкеден балаға құймақұлақ арқылы жететін тарихта кінәрат болмайды. Өйткені естігенін дәлме-дәп қоспасыз, боямасыз кейінгіге аманаттау жазылмаған дала заңы. Осы орайда Қалиланың жеке қорында ел-жер тарихына, хандар мен руларға қатысты қаншама құнды жәдігерлер сақтаулы тұр. Оларды кезегімен, орнымен жарыққа шығару арқылы өлке тарихына зор үлес қосып келе жатқан Қалиланы 2016 жылдары ауданға әкім болып келген Руслан Рүстемұлы өзі қолдап, қаржы бөлдіріп, өз идеясымен «Туған жерге тағзым» экспедициясы ұйымдастырылды. Ол аймағымызда жатқан бүкіл әулие-әнбиелерді түгел қамтумен қатар Сығанақ, Көккесене, Құмиян сынды тарихи ескерткіштерді көрерменнің көз алдына тосып, толық мәлімет алуына жағдай жасады.
Жер тарихы – ел тарихы. Айқожа, Хиссамеддин әулиелер туралы пьесамен қатар алты атаға ұран болған Көкен батыр туралы деректер жинағын қазір толықтыру үстінде. Көп бұрын Ноғай аталары тарихы туралы да ізденіп, біраз материал жинақтап қойған. Дағдарыс кезеңде қаржыға келіп тұсалып, өкініш білдірген сол ағайынның ақсақалдарын «ең басты асылымыз, сынықтың көзі – өздеріңізге үлгіргенімізге тәуба. Төрт құбыласы түгелденген тарихи шежірені іздеп келетін төбесі тесік ұрпақ табылады» деп жұбатқан.
Ал негізінде документалист-кинорежиссер, 50-ге тарта деректі фильмдер авторы, Қазақстан Жастар Одағы және Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, енді міне, жаңа жыл қарсаңында «Құрмет» орденін иеленіп отырған Қалила Нематуллаұлы кеше елге келген сапарында биыл шығармашылдығына қырық жыл толуына орай ел алдында есеп берді. Өзі алғаш түлеп ұшқан, ең алғаш «Бір үзім нан» пьесасында ойнап, орыс Федордың ролін сомдаған киелі сахнасында енді бүгін өзі туралы жазылған Дінмұхаммед Әбжаппаровтың «Жанталас» атты психологиялық драмасы сахналанды. «Арман» мәдениет үй» ұжымы ұйымдастырған шараға театр сыншысы Айзат Қадыралиева, белгілі режиссер Бақытбек Темірбеков бастаған өнер және мәдениет қайраткерлері келді. Көрсетілімді көпшілік онлайн арқылы YouTube арнасынан тамашалай алатынын ескертеміз.
Баян ҮСЕЙІНОВА