«Сыр сандық» сыр айтады
Оқырмандар үшін тағы бір жаңа кітап жарық көрді. Студенттер сарайында «Сыр сандық» атты Сыр ақындарының антологиясының тұсауы кесілді. Жинаққа Сыр өңірінің жетпістен аса ақынның өлеңдері енгізілді.
Жаңа жинақтың тұсаукесер рәсімінде қазақ поэзиясының гладиаторы атанған Шаһизада Әбдікәрімов, филиология ғылымының кандидаты Шанжархан Бекмағанбетов, айтыскер ақын Серік Ыдырысов, балалар ақыны Қуат Адис жас таланттарға жылы лебізін білдіріп, батасын берді.
Кітаптың жарық көруіне жастар жанашыры, облыстық мәслихат депутаты Мағжан Ералиев демеушілік жасады.
– Сырдағы жас ақындар антологиясы алғаш рет жарық көріп отыр. Бұл қуанарлық һәм құптарлық жайт. Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан жас жыр жүйріктерінің жолына сәттілік тілеймін. «Сыр сандықтың» халқына айтары көп болсын. Алдымдағы асқар тау ағаларымның жоқтығына жабырқап жүруші едім. Бүгін жайқалған жас толқынның көптігіне сүйсініп отырмын. Сіздерге айтарым, өлеңге адал болыңдар. Сонда ғана шығар шыңдарың биік болады, – деді ақын Шаһизада Әбдікәрімов.
Міне, сонымен көптен күткен жас ақындардың жыр жинағы осылайша оқырманға жол тартты. Бағасын өзіңіз бересіз.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ