№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Отыз бес жылдан соң айтылған сыр

Отыз бес жылдан соң айтылған сыр



1987 жылы 16-17-18 желтоқсан күндері Алматы қаласындағы орталық алаңға шыққан жастар шеруі аяусыз басып-жанышталғаны жөнінде кезінде айтуға, жазуға тыйым салынғанымен уақыт өте келе тарихи шындықтың беті ашылып, ақиқат салтанат құрғаны анық. Екі мыңыншы жылдардан беріде ауданымызда осы қозғалысқа қатысқан азаматтарды тауып, әңгімелескіміз келгені, сұхбатымызды газетке жариялауға талап қылып, қатысушыларды, куәгерлерді іздегеніміз рас. Бірақ мен қатыстым деп кеуде соғып ешкім шықпады. Алғаш Динаш Ахметова апамыз редакциямызға келіп, сол кісіден сұхбат алып, газетке жарияладық. Бұған кезінде көкірекке ұялап қалған қорқыныш пен үрей себеп болуы әбден мүмкін. Десе де батырлық деген тасада бұғып жатып, қолайы туған кезде қол көтеріп шығар қаҺармандық емес, бір әттеген-айы, желтоқсаншылар мәртебесі айқындалып, оларға қажетінше қамқорлық жасалады, тіпті үй, пәтермен қамтамасыз етіледі екен деген жорамалдар шыққалы «мен желтоқсаншымын» деп өз-өзін дәріптеушілер көбейіп барады.
Ал шынымен сол сұмдықтың ара­сында болып, жас өмірлері өксіген сол кездегі өрімдей жас ол оқиғаның елесін де ойға алудан шошынып, ондай атты зауал енді қайта басымызға келмесін, балаларыма, ұрпағыма бір кесірі тимесін деген тілекпен жаны ұшына тіреліп жүр. Күні кеше ғана сондай жандардың бірі Құдасов Темірхан деген азаматпен тілдесіп, сұхбат алуыма тура келді. Оған себеп осы азаматтың КазМУ-де оқып жатқан Айдана деген қызы маған «Жас Алаш» газетінде жарияланған, кезінде  фотообьективке ілінген алаңға шыққан желтоқсаншы жастардың суретін жіберіпті. Бір-бірімен білектесіп, қатар түзеп тұрған жастардың ең алдыңғы шебінде біздің осы кейіпкеріміз бен оның досы Бақберді екеуінің мәз-майрам  тұрған суретін қоршап көрсетіп қойыпты. Осы жігітті, яғни әкесі туралы жазуымызды өтінеді. Құп дедік. Суретке тағы көзіміз түсті. Жағалай жамырап, жағалары жайлауда тұрған жастардың қамсыз-мұңсыз кейпі жүрегімізді шым еткізді. Коммунистік партияны қамқор әкесіндей бағалайтын, күн көсемді атамыз деп ардақтап өскен аңғал көңілді халықтың ұрпағы өз тілектерін бейбіт түрде биліктің құлағына жеткізіп, мақсатына жетуді мұрат тұтқанымен ол кездегі басқарушы билік машинасы еркін мүдде атаулыны бұзып-жаншып, жауқаазын үміттің күлін көкке ұшырарын жас өркен қайдан білсін?
Кеше, атаулы күні ауданымыздағы желтоқсаншылар марапатталып,  кеу­делеріне төсбелгі қадалып, құрмет көрсетілгенде олардың арасынан Те­мірхан Қасымбекұлын кездестірмедік. Білуімізше, тізімде болмағандықтан ол жиынға арнайы шақырылмаған құсайды. Желтоқсанға қатысушы ретінде тізімге ілігіп, марапат алып, тіпті әр жыл  мекеме-ұжымдарда кездесулерге қа­тысып, қолында алаңда болып, соққы көрген, қамалып, тергеуге алынғаны жөнінде дәлел-дәйегі жоқ, сол кезде оқып жүргені, оқудан шығарылғаны жөнінде құжаттары болмаса да құр көкірек ұрып, ойдан бірнәрсе құрап жүргендерді де көрген басымыз үлкен істі үндемей бітіретін үлгінің ізін үзбеген ағаны үйіне іздеп бардық. Тілін тауып, әңгіме тиегін ағытудың амалын жасап  әуреміз. Әйтеуір, сырын бүкпей ағынан жарылғанына қуанып қалдық.  Сұрақтарымызға төмендегіше жауаптар өріліп кете барды.
– Мен 1964 жылы 6 қаңтарда сол кездегі Политотдел бөлімшесінде дүниеге келдім. Ауылдағы №196 сегізжылдық мектепте оқып, одан әрі 10-11 сыныпты Өзгенттегі №224 орта мектебінде бітірдім. Орта мектептен соң ДГМСИ-ге құжат тапсырған едім, жолым болмады. Ауылда бір топ жігіттермен Ресейдің Ржев қаласын­дағы ауылшаруашылығы техникумына аттанып, оқуға қабылдандым. Отан қорғау қасиетті міндетімді атқару үшін екі жыл Қиыр Шығыста әскери борышымды өтеп оралдым. Сол жақта жүргенімде Брежнев қайтыс болып, бүкіл қала жұртшылығы күңіреніп, транспорт тоқтап, аза тұтқан сәті есімде қалыпты. 1985 жылы мамыр айында елге оралған сәттен шаруашылықтың жұмысына кірістім. Бригада құрамында егін егу, жинау, техника күтіімін жасау, ауыл шаруашылығының қай саласында да қайраты тасыған жас қатарында қара жұмыстан қашпадым. Бірақ өстіп жүріп кітап оқу құштарлығымнан танбадым. Қолым қалт етсе тарихи, әдеби кітаптарды оқуға қатты құмарттым. Білім алуға деген осы ынтызарлық мені тағы қалаға қарай тартып, келер жыл АЗВИ-дің табалдырығын аттатты. Тағы да емтихан тапсырдым. Мектепте жап-жақсы оқығанмын. Билет сұрақтарына да жақсы жауап беріп шықтым. Нәтижесі қабырғаға ілінетін күні фамилиямды іздеп таба алмадым. Кейін анықтала келе менің жазба жұмысым басқа біреумен шатасып, иеленген адам оқуға түсіп кетті де, мен ілінбей қалдым. Деканат обал болмасын деді ме, шамалы резервте жүре тұр, орын босай қалса орналасасың деп құжатымды ұстай тұрды. Ауыл шаруашылығы жұмысына барып келіп, дайындық курсында жүргенімде қыс та келіп жетті.  Бір күні кешкісін радиодан Кремльде бас-аяғы он сегіз минутта өткен Пленум жұмысы Қазақстан Компартиясы бірінші хат­шысы Дінмұхаммед Ахмет­ұлы Қона­евты орнынан босатып, орнына Ульяновск облысының бі­рінші хатшысы Геннадий Колбиннің тағайындалғаны туралы ақпаратты таратты. Төбемізден жай соққандай күй кештік. Біртүрлі миымызға қабылдай алмадық. Ертесіне таңертең көшеге шыққанымызда Алма­тының кең-кең орталық проспектісін толық кернеген жастар тобының қол­дарына «Әр халыққа өз көсемі» деген транспорант, ұрандарын көтеріп, «Менің Қазақстаным» әнін шырқап келе жатқан шеруіне қосылмау мүмкін емес еді. Қол ұстасып арман-тілектерін айтып келе жатқан кілкіндей жастар жүзі жадыраңқы, ортақ мүддеге осыншалықты бірауыздан біріккен мұратының асқақтығына көңілдерінде мақтаныш та жоқ емес. Мұндай сәттерде күннің суықтығы да еленбейді екен.
– Осы кезеңдегі қимыл-әре­кет­теріңізде сіздерді біреу бас­қарып тұрды ма?
– Бұл шеруге ешкім де алдын-ала дайындалып немесе біреудің жоспарымен шыққан жоқ. Әркім өз жүрегінің үкіміне бағынып, таза азаматтық тұрғыда  талап-тілектерін жеткізуді мұрат санады. Өйткені ұлттар теңсіздігі ушығып, халықтың шыдамы шегіне жеткен кезі еді. Қазақты менсінбеушілік, оның ана тілін аяққа таптау мәселелері күн сайын ушыға түсті. Жоғары оқу орнына түсетін қазақ студенттерінің үлес салмағы он бес пайыздан артпауы тиіс болса, қазақ мектептері жаппай жабылды. Алматыда бір ғана қазақ мектебі қалды. Кез келген мекеме, тіпті дүкен, сауда және тамақтандыру орындарында қазақ баласын кемсіту, орысша сөйлеуін талап ету, ауылдан келгендерді кемсіту жағы асқына түсті. Қазақ баласының сәт сайын намысы тапталып, іштей қорланып жүретін жағдайға жетті. Осы жағдайда тұтас мемлекеттің тағдырын қазақтың менталитетінен мүлде бейхабар өзге ұлт өкілінің қолына беру мүлде құрметсіздік, ұлтты аяқасты ету, мүддесін елемегендік екенін жап-жас өрендердің өзі жете түсініп, жылы орнында жата алмай таңды әрең атырғаны, елең-алаңнан қолдарына түнімен өздері жазып шыққан плакаттарын алып, ұрандатып шыққаны көрер көзге белгілі жайт еді. Бұған біреу арандатты, алдын-ала дайындады деген долбар бос сөз. Сол жастардың қатарында мен де, сол кездері кинотехникумда оқып жатқан досым Бөлеков Бақберді де ешкім үгіттеп жатпай-ақ жастардың тобына өз еркімізбен барып қосылдық. Барлығымыз хормен «Менің Қазақстаным» әнін қосыла шырқап, бір-бірімізді рухтандырдық. Мына әрекетіміздің шынайы дұрыстығына жан-жүрегімізбен сендік.
– Сіздердің осықадамдар­ың­­ызға аға буынның көзқарасы қандай болды?
– Қазір ойлап қарасам, олардың көбі ақыл тоқтатқан, біздің ақкөз ерлігімізді іштей қолдағанымен басқарушы саясаттың зұлымдығынан жапа шегетінімізді жақсы білген және бізді одан сақтандырған екен. Осы ойын жасырып-жаппай ашық алаңға келіп, мирофонмен жеткізген Халық Қаһарманы, әнші апамыз Роза Бағланованың «Айналайындар, тараңдар, қан төгіліп, қасірет шегіп қалуларың әбден мүмкін. Қайтыңдвр үйлеріңе» деп ескертуінің астарында үлкен шындық жатыр екен. Ол күндері алаңға шыққан жастарды жаппай айыптап, «маскүнем, нашақорлар» деп баға берудегі мақсат халықты шатастыру болса керек. Осы сөздерді біздің радио мен телевидение жағы талмай қайталаумен болды. Жастар келіп жеткен Үкімет үйін милиция тобы қоршап, жастарды кері шегіндіру үшін өрт сөндіргіш машиналарынан ыстық су, көбік шаша бастады. Бұл аздай әлден уақытта қолдарында қаруы бар солдаттар жастарды аяусыз ұрып, ақ қардың үстін қызыл-ала қан еткені талайдың ашу-ызасын тудырды. Сол күні шыққан жастар ашумен кекке булығып келер күні қарсылықтарымызды тағы жалғадық. Жалаңаш қолмен, тек билікке қойған талаптарын жеткізбекке соңына дейін сапта болуға ұмтылған табанды жастарға келер күн бұдан да ауыр жазаны даярлап қойған екен. Кіл детдом балаларынан жасақталған аяу, мүсіркеу дегенді білмейтін «Метель» арнайы тобы жеткізілгені белгілі болды. Олар ұл, қыз демей, қолдарына түскенді аяусыз  жазалауға көшті. Ақыр аяғы бас сауғалап, Бақберді екеуміз Шевченконың бойына түскенімізде соңымыздан қуғын бар екенін білдік. «Одежда» дүкеніне кіріп кетіп, пальто киіп көрген болып тұрмыз. Бәрібір соңымыздан қуып келіп, көліктеріне салып алып кетті де, Фрунзе (қазіргі Медеу) ауданы түрмесіне қамап, арнайы құралдармен әбден сабады. Тергеуге алып келіп, бір сұрақты мың қайта­лап, ыза-кегімізді қайнатты. Бойымызды өлшеп, төрт қырымыздан фотосуретке түсіріп алды. Әрқайсымыздан жеке-жеке түсінік алып, құжат жасады. Мен 2008-ші болып тіркелдім. Қуықтай камерада осынша жан қалай сыйып жатқанын, көбінің кінәсі де жоқ, біреулерін үй киімімен есік алдына нан алуға немесе қоқыс төгуге шыққан кезінде ұстап алып кетіпті. Түннің жарымы болғанда бөлімнің бастығы бізді қайта тергеді. Қазақ жігіті екен. Бір орыс майор екі сержантымен жауап алып, түсінік талап еткенін айтып, «ешқандай көтерілісте жұмысым жоқ, ауылдан келген қазақпын, киім алайын деп дүкенге кіріп едім» деп ақталып жатырмын. «Қарапайым ауыл адамы екенсің, көмегім болсын, босатайын, бірақ сұраусыз сотталасыңдар» деді әлгі. Бірақ босату үшін мені біреу қол қойып, кепілдікке алып кету керек екен. Мен қаладағы бөлеме хабар бергіздім. Түн ішінде көше тола қарулы күзет, комендант сағаты жүріп жатыр, оларға ұрынбай қалай жеткенін қайдам, бөлем отырған жерімізден досым екеумізді кепілдікке алып кетті. Сол кезде барып байқадым, алаңда сапер күректің жүзі қалың күртемнің арқасын қақ айырып тастапты. Тоқтатып мінген таксист толық орыс еркек екен, жетер жерімізге дейін сыбап, одан сайын зығырданымызды қайнатты. Өз жерімізде осынша бишаралыққа ұшырағанымызды мойындап, қыларға еш қайран жоқ, өз-өзімізді әрең басып отырмыз. Бөлеме зияным тимесін деп іштей тұншығып, оқимын, білім аламын деген арманым іште өліп, барлығын жиып қойып, ел  тынышталған соң ауылға қайттым.
– Содан соң барлық жауапкер­шіліктен құтылдыңыз ба?
– Жоқ. Тергеудегі құжат, суретпен соңымнан іздеп енді  ұлттық қауіпсіздік комитеті қвзметкерлері іске кірісті. Егістік басында жүрген жерімнен ауданға шақыртып, райком партияның кабинеттерінде жай киім киінген орган адамдарының нешетүрлі қитұрқы сұрақтарына жауап беруге тура келді. Бұл да жүйкеге ауыр салмақ екен. Әкем он жасымда өмірден өткен, анама бұл жағдайды білдірмеуге тырысып бақсам да, іштей жанымды жеп, жүйкем жүндей түтілді. Тіпті санаға түскен осы ауыртпалықтың зардабы әлі де үрейлі елесімен жүректі сыздатады. Мүмкін, сондықтан да желтоқсанға қатысқанымды ерлік санаудан гөрі айыбын арқалап қалудан қорынған қорқыныштан енді-енді құтылып келемін.
– Сіздің жарыңыз Сейілова Бей­сен­күлдің де желтоқсанға қатыс­қаны туралы айтылады.
– Ия. Ол Бірлік ауылындағы мектепте оқыды. Мен онымен Алматы­да жүрген кезімде танысқанмын. Ол да сол бір күндері өзі оқитын шеттілдер институты қыздарымен бірге алаңға барып, қол ұстасып тұрыпты. Біз 1987 жылы ақпан айында тұрмыс құрдық. Бейсенкүл бұл кезде оқуын бітіріп келіп, 24 партсьзд мектебіне жолдамамен жіберілген кезі болатын. екеуміз бас қосқан соң ол ауылдағы орта мек­тебіне ауысты. Қазірде Жаңақор­ған агроколледжінде ағылшын тілі пәні­нен сабақ береді. Төрт перзентіміз бар.
Иә, желтоқсаншы осылай дейді. Көмейде кептеліп, әлі қанша сыр қалды. Мүмкін, сондықтан да оған атақ-марапат емес, Тәуелсіздіктің атқан әрбір таңы қымбат.
Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
12 желтоқсан 2021 ж. 780 0