Кемел келешек кепілі
Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиыны – кемел келешектің кепілі. Яғни Мәңгілік Елдің негізі болатын құндылықтарды айқындап, ұлттық идеологияның бағыт-бағдарын көрсетіп берді.
Бірінші тұғыр – Тәуелсіздік. Тәуелсіздік – бағзы замандардан бері ата-бабаларымыз аңсаған баға жетпес байлығымыз, азат күннің алтын тұғыры! Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық және біздің ең қымбат қазынамыз. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында тынбай еңбек етіп, келешегімізді кемелдендіре түсуіміз қажет.
Екінші тұғыр – Бірлік пен келісім. Халықтар достығы, ел бірлігі, мызғымас татулық – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі және мәңгіге солай болып қала бермек. Себебі, ел тыныштығы кез-келген мемлекеттің дамуына жарқын жол ашады. Осы мақсатта Елбасымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясын құрғанын Тәуелсіздік тарихынан жақсы білеміз және Елбасының бұл қадамы өз нәтижесін бергеніне куәміз.
Үшінші тұғыр – Жер. Біздің ата-бабаларымыз дархан даламызды ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, бізге аманаттап тапсырды. Елбасы Н.Назарбаев аманатқа сергек қарап, мемлекеттік шекарамызды шегендеді, айналамыздағы шекаралас елдермен халықаралық келісім-шарттарды бекітті. Ендігі кезекте, елімізді, жерімізді қорғау – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы әрі асыл міндеті.
Төртінші тұғыр – отбасы құндылығы мен салт-дәстүрді жаңғырту. «Отан отбасынан басталады» демекші, өткен тарихымызға зер салар болсақ, қазақ халқы отбасы тәрбиесіне ерекше мән беріп келген және өзгеден бөлек өзіндік салт-дәстүріне айрықша құрметпен қараған. Отбасы құндылығына барынша мән беріп, салт-дәстүрімізді дәріптеп ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан өз құндылықтарымызды сақтай аламыз. Бұл орайда, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық құндылықтарымызды барынша сақтауға және көне дәстүрлерді жаңғыртуға тиіспіз.
Бесінші тұғыр – ұлттық мәдениетті ұлықтау. Бұл үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты, бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар.
Өнегелі отбасы, салт-дәстүр, мәдениет деген ұғымдар бір-бірінен ажыратуға болмайтын үлкен құндылықтар. Біз осы құндылықтарды үнемі қастерлей отырып кемел келешекке көш түзейміз.
Алтыншы тұғыр – білім мен еңбек. ХХІ ғасыр – Қазақстанның алтын ғасыры! Біз жастарымыздың бойына терең білім, саналы тәрбие сіңіру жолында еңбек етіп келе жатқан елміз. Бақыттың кілті – білімде десек, білімді ұрпақ еселі еңбек ету арқылы ғана ел мерейін көтере алады. Білім мен еңбек қана әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдермен теңесуге жол ашады. Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, білімді ұрпақ қана ел игілігі үшін нәтижелі еңбек ете алады және көздеген мұратына жете алады.
Жетінші тұғыр – прагматизм. Қазір біздің мемлекетімізде жастардың жан-жақты білім алуына, қоғам пайдасы үшін еңбек етуіне барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Елбасымыз айтқандай, қолда бар ресурс пен мүмкіндіктерді пайдалануға, нәтижелі жұмыс жасауға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуымыз қажет. Ол үшін прагматизм принциптерін ұдайы басшылыққа ала отырып, уақытты тиімді әрі ұқыпты пайдалануға ұмтылуға тиіспіз. Олай болса, жарқын ел болашағы үшін Елбасымыз ұсынған осы қағидаттар жиынтығын ұрпақ бойына сіңіруіміз қажет. Осылайша, Елдігімізді тұғырлы, Тәуелсіздігімізді баянды ете аламыз. Еліміз аман, келешегіміз кемел, жұртымыз тыныш болғай! Қазақ елі қарыштап дами берсін!
Яхия ШОРАБАЕВ,
Жаңақорған ауданаралық ауруханасының бас дәрігері