№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ана тілегі адастырмайды

Ана тілегі адастырмайды


Уайым-қайғысыз адам бола ма,пенде болған соң түрлі торығуларды бастан кешіп, тіпті кейде түңілулерге де барып қалатынымыз шындық қой. Әр нәрсенің екі жағы бар. Уайымның жүрекке салар салмағымен қоса пенденің арғы-бергісіне есеп беруіне, өмірін таразыға салып, біруақ ойлануына, түйіндеп айтқанда, өз-өзін тануына да жол ашары рас. Тіпті оның адамды тіршіліктің тереңіне бойлатып, адамдық жолға салатын да қауқарын жоққа шығаруға болмайды.


Уайым-қайғы өз алдына мұрат емес,адамдықтың биігіне апарар жолда қажетті де. Соқпай кетуге еш мүмкін емес, бекер орынсыз уайым-қайғының қауіп-қатер әкелуі де мүмкін.
Негізінде, уайым-қайғы адамды адамдық жолға салуға дейін ғана керек екенін түсінуіміз керек. Абай атамыз айтқандай, «Шығар есігін таба алмай уайым-қайғының ішіне кіріп, қамалып қалмақ ол – бір антұрғандық» деген. Орынсыз уайым-қайғыға түсе беру адам өмір сүру қабілетін тоқтатып, іштей мүжіліп, не ауруға, не кеселге ұшырап, өз өмірін жойып жіберуі мүмкін. Сол үшін уайым-қайғыға салына бергенше одан шығудың жолын қарастырған жөн екенін түсіну керек. Осы орайда бүкіл қазақ еліне есімі белгілі, мыңдарға қайыр-шапағатын тигізе алған ер тұлғалы қайраткер ана Бибіжамал Мәлікқызы апамыздың былай деп айтқаны есімде қалыпты:
– Ата-бабаларымыз көзі ашық, елдің діни білімге көкірегін ашқан тұлғалар болғандығынан қуғын-сүргінге ұшырап, Тәжікстан, Өзбекстан жерін паналап, көпшілігіне топырақ туған жерден бұйырмады. Солардың ұрпағы әкем Мәлік майданға аттанғанында мен сәби едім, қайтып ол кісіні көрмедім. Әкеге деген бітпес сағыныштың әсері ме, ерімнің бетіне жел болып тиген емеспін, үкілеп алақаныма салып, айрылып қалардай уайым қылатынмын. Өзі де солай болды, қырық жасында дүниеден озды. Балалардың алды кәмелетке толмаған жас еді, жалғыз өзім қалай асырап, жетілдіремін деген уайым жанымды жегідей жегенде жеңілдікті Тәңір өзі тарту етті. Ол менің намазға тұрған сәттегі жан тыныштығым еді. Аллаға бетпе-бет келгендей құлшылықта тұрғаныңда қолыңды жайып, бар керегіңді оған ғана айтып, жалынып сұрағанның тілегін қайтармайтынына сендім. Осы сенім менің жаныма демеу болып, бар мұқтажымды Алладан ғана сұрадым. Бір кісінің есігін ашып, бетімнің суын төккен жан емеспін. Адал еңбегіме сендім. Балаларымды жетектеп жүріп сауда да қылып, олардың кәсіпке көзін аштым. Бұл өмірде пенделер бір- біріне жәрдемдессе, қорған болса ол да Алланың қалауымен. Оған көзімнің жеткені, бір күні үйіміздің жанында бір үлкен дөкейлер мінетін көліктің қаңтарылып бұзылып, адамдарының сыртта әбіржіңкіреп тұрғанын байқып, «жаурап қалдыңдар ғой, көліктерін жөнделгенше үйге кіріңдер, дәм татыңдар» деп едім, қаладан көмек келе жатқанын айтып, көңілімді жықпай ішке кірді. Қорада тұрған жалғыз лағымды сойып, алдарына тартуға асықтым. Олар менің жағдайымды байқады, кетіп бара жатқанында, «апа, қай кезде қиналсаңыз, қажет болғанда менімен қысылмай хабарласыңыз, қол­дан келген көмегімді жасаймын» деп мекенжайын жазып берді. Үлкен­дерім оныншыны бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдағанша кісі баласына сөз салдырмай өздері жақсы оқып, мамандық та алды. Енді жұмыс табуға келгенде менің сол жігіттерге қолқа салуыма тура келді. Екі айттырған жоқ, балаларымның өмірден өз орнын тауып кетуіне алғашқы себепкерлер солар болды» деп еді Жамал апа. Міне, Алла өзіне сенген пендесіне жердегі өкілдері – адамдар арқылы осындай қамқорлық көрсете алады екен ғой деп ой түйдім.
Шындығына келгенде, еліне, же­ріне, жетім-жесір, қиналған жан­дарға қолұшын беріп қатарға қосқаннан жаны ерекше ләззат алатын қайы­рымды жүректі Жамал апа туралы айта берсе естелік көп. Ол кісінің тағы бір ерекше қасиеті өсек, өтірік айтқан, ғайбатқа жақын адамдарды ұнатпайтындығы. Кімді болсын туыстық қарым-қатынасымен емес, адамдық қасиетімен бағалап, көңілінде аласы жоқ пенделерді ерекше құрмет тұтып, қамқорлығын үзбейтін апаның адамды тани білудегі зеректігіне талай тәнті болдық.
– Сексен жасқа жуық ғұмырында талай тағдырларға таяныш болып, жанының шуағын төккен Жамал апа туралы жүректен төгілген жазбамды оқырмандармен бөліссем деймін.

Жан-жағыңа жан едің, шұғылалы,
Қадіріңді ел-жұртың ұғынады.
Ізлілікті іздерің өнегең мен
Ұмытылмай жүректе тұрсың әлі.

Кір жұқтырмай әруақтың есіміне,
Бөлендің ықыластың бесігіне.
Жарылқап хақ Тағала берген сыйын,
Арнадың көпшіліктің несібіне.

Сан тарау бастан неше күндер өтіп,
Мойымадың тағдырдың тоқпағына.
Сабырлық пен төзімді серік етіп,
Төтеп бердің өмірдің соқпағына.

Атандың көпке ортақ ел анасы,
Сақтаған өзгермейді ел бағасы.
Тарыққандар алдымен сені іздеді,
Жамаулы жазылардай жан жарасы.

Атымтай жомарттығың аңыз болып,
Қамқор болып қиналғанға
демеу болдың.
Рахметіне бөленіп дүйім жұрттың,
Жетім мен жесірлерге жебеу болдың.

Шайдарбек Әшімұлы,
Халықаралық жазушылар Одағының және журналистер одағының мүшесі,
тарихшы-дінтанушы

17 қараша 2021 ж. 396 0