№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ақиқатты арқау еткен айтыс ақыны

Ақиқатты арқау еткен айтыс ақыны


«Ақын болу міндет емес, азамат болу парызың» деген аталы сөздің астарында ақынды ардақты ететін алдымен оның адамдық болмысы, азаматтық кредосы деген аталы ұғым тұнып тұр. Өйткені ақынның сөзі – ақынның өзі.


Осы тұрғыдан келгенде, Әбілқайырдың бақыты – жұдырықтай жүрегінде Ұлы дала елінің ұлтаны болуға жарасам деген балапан тілектің ұя салуында дер едік. Міне сондықтан да ол «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп қайран халқының қамын жеп өткен Абаймен рухтас, мұраттас.
Қазан айының бел ортасындағы тұтас бір апта жаңақорғандықтар үшін қолда бар алтынның қадірін қайта салмақтап, жарқырата түсуге қадам жасауымен ерекшеленді. Нақтылап айтқанда, туған жеріміздің түлегі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін медалінің» иегері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, ақын Әбілқайыр Сыздықовтың 50 жасқа толуына байланысты оның жүріп өткен жолы мен шығармашылық белестері ел назарына ұсынылды. Оқушы күнінен қара өлеңге құмартып, қара домбырасын жанына серік еткен қаршадай ұл жүрек сөзін жырлаумен жартығасырлық ғұмырдариясын жүзіп өтіп, абыройдың асқарынан танылып отыр, аманшылық болса енді толық бір ғасырдың жағалауына жыр желкенін жықпай, жарқын жүзбен жеткізетініне де сеніміміз кәміл. Десек те, әр төбенің өз қарауылы, әрбір белестің өз безбен талабы болады екен. Аудан басшылығының ерекше қолдауымен бүгін соның бел ортасына бекем жайғасқан белгілі ақынымызды ел көңілінің тұғырына қондырып, елу жылдық мерейтойына мәртебе дарыту арқылы ойлаған мақсатымыз мәреге жетіп, Тәңір тарту еткен талант сыйының салмағын саралап, ақын арманының көкжиегіне бірге куә болып, аяулы ақынымызбен бірдей арқамызға жал бітіп, бір көтеріліп қалғандаймыз.
Ендігі сөзімізді шығармашылық адамының өміріне шырай дарытқан шараларға бұрсақ, қыркүйектің аяғында аудан орталығындағы «Арман» мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова бізбен хабарласып, алдағы күнге Әбілқайыр ақынмен сырлы сұхбатты ұйымдастырып, желіде жариялау талабына бекініп отырғандарын айтты. Ақынмен емен-жарқын жүздесу алаңына қасиетті Құттықожаның баурайы таңдалыпты, көркем табиғат, таза ауада тағлымды әңгіме өрбіткен жыр дүлдүлі өзінің ақын болып қалыптасқан өмір жолынан естеліктер айтты.
«Алғашқы әңгімеңізді ақын ретінде тұсауыңызды кескен тұңғыш өлеңіңізден бастасаңыз. Қай кезде, қалай жазылды?» деген сауалымызға ол төмендегіше жауап берді.
– Кеңестік кезеңде үздік оқитындарды Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жолдама беретін дәстүр бар еді ғой. Осы сапарға аудан атынан ие болып, жиырма күн алғаш ауылдан ұзаған кезімде ата-анамды, сыныптастарымды сағынып, алғаш өлеңім туып еді. Содан бастап көңілімнің ерекше сәттерінде қаламға жүгінетін әдет таптым. Жазуға төселе келе өне-бойы ой қуып, сөз жұптап, өлең қатарын өруге әуестік жеңдеп, сыныптағы өтетін түрлі шаралардың сценарийін жазып беретін қабілетіммен танылып, атым шыға бастады. Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде студенттермен ұйымдастырылатын айтыстарға қатысып, озып шыққан сәтперімде өзіме деген сенімділік орнады. Еңбек жолымды аудандық мәдениет саласында бастауым өнер адамдарымен етене араласып, өз-өзімді жан-жақты дамытып, кәсіби маман болып қалыптасуыма жол ашты» деп ағынан ақтарыла жауап берген. Жалпы, ақынның елу жылдық мерейтойының алғашқы беташарындай болған осы күні Әбілқайыр өзгеше толқыныста болды. Белгіленген орынға бізден бұрын аяқ іліктірген ол қасиетті өңірге қадамын осында мәңгі тыныстаған Құттықожа бабаның басына тәу етуден бастап, кәусар бұлағынан қанғанша сімірді. Бағзы заманнан бастау алған қайнар бұлақтың сұлу сыбдыры сыр айтып, жүр-жүрледі ме, өзге дүниені ұмытып, жылтыраған су ізімен ұзаңқырап кетіпті. Ол жүректі кернеген өлеңдерін осында нәшіне келтіре өзі оқып берді. Атамекенін өлердей сүйіп қана қоймай, махаббатпен жырлаған ақын үніне айнала табиғат құлақ түріп, сілтідей тынып, қосыла тыңдады.
Ақын Әбілқайыр туралы ауданымыздың басшысы, өзі де әдебиетке жақын, өнер өкілдерін өзгеше дәріптеп, мерейін биіктетуді парыз тұтқан пайымды ойларымен бөлісіп жүретін аудан әкімі Руслан Рүстемұлының былай деп жазғаны бар: «Ол қара сөзді қамырдай илеген Құлан Алдабергенұлының, жыршы Құтбай Дүрбаевтың ізі, Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновтың мұрагері ретінде өнер жанашырларымен түйсігі түйіскен, ойы орамдас, көңілі ниеттес нығметтің нышаны секілді» деп өнер адамының болмысын дөп басады. Талант нарқын, поэзияның парқын терең түсінетін биік талғам иесі Әбілқайыр туралы толғамын былай түйіндейді: «Қасиетті Құран Кәрімде де «Ғаламнан бұран адам жаратылды» деген ұғым бар. Ал айтыс – Сыр елінің бауыр басқан төл өнері. Қашан көрсең сахнаның сайыпқыраны болып, салиқалы сөздің самұрыққа біткен қанатындай бауырын кеңге жазып жасын жырды төгіп-төгіп тастайды. Таланты болмаса Әбілқайыр жыр жүйріктері Оразәлі Досбосынов, Айнұр Тұрсынбаевалармен тікелей эфирде үш сағат бойы жекпе-жек айтысқа шығар ма еді?»
Ақын да, жазушы да, жалпы қалам ұстаған қауым, өнер адамдары адамзаттың артық жаратылған өкілдері, өйтпегенде өлмейтін мұраны өмірге әкеле алмас еді. Алла аузына сөз алған ақындық өнер бір басқа, осы маңдайға бұйырған қасиеттің бағын ашуда ақынның өз өмір-тәжірибесінен түйген өнегесі қандай?
Ол ең алғаш ақындық өнерін ауылға түскен келіндердің бетін ашудан бастапты. Ылғи да Манап Көкенов, Қонысбай Әбілов, Шынболат Ділдебаев, Көкен Шәкеев, Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова сынды аға буын ақындардың айтыстарына ден қойып, ақындық сөз қолданыстардың шебер тұстарын тұла-бойынан өткізіп, санаға сіңіруге тырысыпты. Айтыстың ұйымдастырушысы Жүрсін Ермановтың мұрындық болуымен Айтыс ақындары және халықаралық жыршы-термешілердің одағының құрылуы сөз өнерінің мазмұнын кеңітіп, айтыс ақындарына қамқорлық шараларын айқындады. Қазақ айтыс ақындарының кітабы жарық көрді. Үш томдық «Айтыс мәтіндерінің» жариялануы алғы буын ақындардың поэтикасымен, тіл шеберлігімен, жоғары талғамымен жас буынның еркін қарулануына жол ашты. Нарық заманында адымы қысқарып, аясы шектелген айтыс өнеріне дем берген қоғам қайраткерлері Мұхтар Құл-Мұхамед, Бердібек Сапарбаев, Нұртай Сабильянов, Дәулет Тұрлыхановтың еңбегін ел ұмыта қойған жоқ.
Айтыс – қазақтың ертеден келе жатқан асыл өнері. Дегенмен, әр заманның көтерер жүгі, толғайтын тақырыбы әртүрлі болуы мүмкін. Мәселе, соны жүрекке шынайы жеткізе алған сөздің құдіретінде. Ақынның сөзі – ақыл мен өренің өлшемі.Жаңа ғасырда адамзаттық мәселелерді толғаған айтыстың дүлдүлдері жаҺанданудың дауылына жалаң кеудесін тосып бабадан келе жатқан осы киелі өнер көшінің туын жықпай жалғастыра алуы жолында интеллектуалдық деңгейге қадам басты. Айтыскер ақындар қатарында ғылым адамдары, кандидат, докторлардың енуі айтыстың формасын да дамытып, жаңа заманға тынысы кеңге ашып, ауқым аясын кеңіте түсті. Осы орайда өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Жүрсін Ерманның өзі «Айтыс жиырма бірінші ғасырға бармайды» деген қаупі қате шығып, аламанның дүлдүлдері ақпараттық майданның әлі де алдыңғы сапынан түскен жоқ. Бұдан айтыс өнерінің замана көшіне ілесе алатын қауқарының бар екенін байқайсыз. Бірақ қай заманда да айтыстың міндеті – ақиқатты айта білуінде.
Әбілқайыр ең алғаш 1988 жылы ақындар айтысына қатысып, облыстық жас ақындар айтысының бас жүлдесін қанжығалады. Ал 1995 жылдан бастап республикалық ақындар айтысына қатыса бастады. Қазақстанның халық ақындары Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілев, Қуаныш Мақсұтов, Лена Әбдіхалықова, Серік Ыдырысов, Аманжол Әлтаев, Кенжебай Жүсіпов, Оразалы Досбосынов, Мұхамеджан Тазабеков, Бауыржан Қалиолла, Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Ақмарал Леубаева, Кәрима Оралова, Айнұр Тұрсынбаева, Ринат Зайытов, тағы да басқа айтыс ақындарымен бірнеше мәрте сөз додасына түсті. Республикалық ақындар айтысында дара шығып, Жүрсіннің жүйрігі атанды.
«Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» өз арының алдында адал, елінің еркесі, халқының қалаулысы, қоғам оны керек етеді ме, етпейді ме, бұл сол қоғамның жоқшысы, жанашыры.
Толқынның асау ағынындай ақындық арын өз алдына Әбекең аудандық Мәдениет саласын басқарған кезеңдер көп жетістіктерге жетті. Өнер адамының өмірінде әсіресе 2003 жылдың орны бөлек. Осы жылы «Сырдың үздік ақыны» ретінде дәріптелді. Облыста «Жыл адамы» номинациясын иеленді. Облыстың бас ақыны атанған Әбілқайыр Сыздықов Республикалық ақындар айтысында 4 рет бас жүлдені қанжығасына бөктерді. «Дүбірлі дүрмек» атты кітабы жарық көрді.
Әбекең аудан мәдениет саласын басқарған жылдары қаншама талапты өренге қаиқорлығын жасады. Ауылдық жерлерде өтетін өнер шараларына алдын­дағы ұстазы Адырбек Сопыбековпен бірге ақпараттандыру саласынан өзіміз де қоян-қолтық жұмыс жасадық.
Бұл жетістіктердің барлығы жауқазын шағынан үкілі үміттің жалына жармасып, жанұяда он төрт баланы өсіріп, тәрбиелеген Әбілпатта ағамыз бен Асма анамыздың еңбегін ақтаған талапты ұлға тағдырдың бұйырған зор нәсібі. Әбілқайырдың әлі де елге бергенінен берері көп.
«Жасымас жігерің от, намыс жалын,
Белгілі мыңмен жалғыз алысқаның.
Сен біздің пірімізсің, қайран ата,
Ұрпаққа ұлы мұрат табыстадың.
Түлеп ұшып Абай жыр мекенінен,
Өлеңмен елге қызмет етемін мен.
Даңғыл жолды бетке алып Абай салған,
Ұстадым қара өлеңнің етегінен»
Ел көңілінің төріндегі тұлға, ақын Әбілқайырдың сыры да, шыны да осы.
Әбілқайыр аламан сөз бәйгесінде суырып салма қабілетімен, жүйрік ой, жүректі импровизациялық мәнерімен дараланған дарын иесі ғана емес, тереңнен толғап жыр сүзген жазба ақындығымен де танымал. Лирик ақындығын дәріптейтін бір ғана «Түн» деген өлеңіне зер салған ақын жанының мүлде тосын табиғатына тамсанбасқа амалы жоқ.
«Ия, достым, түнге айтамын мұңымды,
Түнге айтпай, кімге айтамын сырымды?
Естелікті есіме сап бұрынғы,
Түн түрткіілеп жаздырады жырымды.
Солай достым, түнді күтем сағына,
Түн артынан түн келсе деп тағы да.
Жымыңдаған жұлдыздармен сырласып,
Бір жұбаныш таба аламын жаныма.
Түн. Түн мен үшін сырға толы тыныштық,
Бүгін тағы жыр жазуға кірістім.
Қалың ойдың құшағына жетелер,
Түн мен үшін сондай қымбат, тым ыстық.
Қайта оятып тіршіліктің барлығын,
Түн артынан себелейді таң нұрын.
Ертеңімді ойлап жатып осылай.
Қалың ұйқы құшағында қалғыдым».

Апталық бағдарлама ақын шығармашылдығына арналды

Әбілқайыр Сыздықовтың 50 жылдық мерейтойына бағытталған бағдарламаның алғашқы шарасын аудан орталығындағы «Ордакент» жастар ресурстық ККМ жастары ұйымдастырды. Ал аудандық мәдениет үйінде өткен шара шымылдығын жас ақын Азамат Тәуекел ақынға арнаған құттықтау сәлемімен ашты. Мерейтойға келушілер аудандық кітапхананың көшпелі көрмесімен танысып, ақын туралы мол мағлұматтарға қауышты.
Мерейтой иесі Әбілқайыр Сыздықов бүгінде көпке танымал ауданымыздың жас өнерпазы Есқара Бейбітовпен жыр бәйгесінде бақ жарыстырды.
Жиналғандар Төменарық ауылынан келген Байкенжеевтер отбасының кішкентай бүлдіршінінің тұсау кесу дәстүрін тамашалады.
Келесі күні аудандық орталық кітап­ха­нада ақын Әбілқайырмен «Сыр-сұхбат» кеші өтті. Онда руханият өкілдері бас қосты. Шара аясында аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшылығы ақын иығына зерлі шапан жауып, саланың Құрмет грамотасымен марапаттады. Ақын оқыған аудан орталығындағы №3 мек­теп интернаты басшылығы алтын ұядан түлеп ұшқан шәкірттеріне алғыс сезім­дерін білдіріп, тарту-таралғысын жасады. Шара барысында кітапхана директоры Әсем Тілеубергенова сөз алып, ақын шығармашылдығына арнайы бәйге жарияланып, содан жүйрік щыққан екі талапкеріміз – жас ақындар Мадияр Оспанов пен Ерсұлтан Мұстафаевқа арнайы диплом мен сыйлық табыс етті. Авторлар өз шығармаларын дүйім жұрт алдында оқып берді. Сондай-ақ аудан орталығындағы №110 мектептің 11 сынып оқушысы Сатыбалды Асылзат ақынның «Мен қаазақпын» өлеңін жатқа айтып берді. Шараны Қазақстан Журналисмтер Одағының мүшесі Баян Алаудинқызы жүргізді. Осы күні түстен кейін Түгіскен ауылында «Өлеңмен өрілген өмір» атты облыстық фестиваль ұйымдастырылды.Манап ауылында облыстық жас ақын­дардың айтысы өтті. Ақын Әбілқайыр Сыздықов «Шеберлік сағатын» өткізді.
«Арман» кенттік мәдениет үйінде «Ұлы өнерді ұлықтаған дара тұлға атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Байқауға қатысқан үміткерлер Әбілқайырдың өлеңдерінен жатқа оқып, орындау мәнері, сахналық әдебі жөнінен көрермен талғамының таразысынан өтті.
Мақсат – ақын өлеңін жатқа оқу ғана емес, ақын жанының күйініші мен сүйінішін шын түсініп, танығанда ғана оны жүрекке жеткізуге болады. Осындай биіктен танылған өнерпаздар қатарында Шалқиядан келген жас өреннің жанарынан сорғалаған мөлдір жасты көргенде жалған өмірдің баянсыздығын басынан өткергендей болған өрімталдың өресінің биіктігіне таң қалғанымызды жасыра алмаймыз. Мүшайра қорытындысында Бас жүлдені аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері Айжарқын Найманбай иеленді. Бірінші орынға Шалқия кентінен Шәдібеков Әбунасыр, екінші орынға жас талап Айару Қалман, үшінші орынға байкенжелік Дәуренова Сымбат ие болды.
Мерейтойдың келесі күнгі шарасы Төменарық ауылдық кітапханасында жалғасып, «Жыр арқауы – Жаңақорңан» атты жыр кеші ұйымдастырылды. Кеште жас толқын оқырмандарға ақын өлеңдерін тарту етті. Ал Сунақата ауылында облыстық жазба ақындар мүшайрасы өтті.
Апталық қортытындысында «Семсер сөз – серпін жыр» тақырыбында респуб­ликалық ақындар айтысы болып өтті.
Айтыста үш жұп өнер көрсетті. Бірінші болып өнер көрсеткен Тараздық Қанат Мырзахан мен Нұр-Сұлтандық Мейірбек Сұлтанхан. Екінші болып Нұрмат Мансұр мен Алматыдан келген Рүстем Қайыртай айтысса, үшінші өнер көрсеткендер Қызылордадан келген Мұхтар Ниязов пен Түркістанннан келген Бекарыс Шойбек айтысты тәмамдады.
Осы күні арқалы ақынға аудан әкімі Руслан Рүстемов қалың көрермен және өз әріптестері алдында абыройын асқақтатып, 5 млн теңгенің сертификатын табыс етті.
Сөз сүбесі сүйегінен өткен ақын жыр аламанынан кетпейді. Бұған жүз жасқа дейін қолынан домбырасы түспей жыр бұлағын селдетіп өткен Жамбылдың болмысы дәлел. Өнерге шын берілген ақын тағдыры осылай түйінделсе керек. Ендеше, Әбілқайыр ақынға да жүз жаса, айтыстың айы оңынан туып, алақанға салған Алаш жұртының алдында аман-есен, мәртебеңіз биіктей берсін дегіміз келед.

Баян Үсейінова,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

26 қазан 2021 ж. 737 0