№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Хош, ұлт өнерінің жанашыры

Хош, ұлт өнерінің жанашыры


Өткенде досым Ертай Бекқұл бақилық болып, соның ауыр қайғысымен еңсе көтере алмай жүргенде, тағы бір құрдасым, досым Әбдікәрім Манапов дүниеден озыпты. Бұл хабар еңсені зіл басып, мең-зең күйге көшірді.


Әбдікерім екеуміз мектепті қатар бітірдік. Мен отбасы жағдайына байла­нысты 9-10 сыныпты Ақүйіктегі №55 мектепті бітірдім. Ал, Әбдікерім болса №3 Талап (қазіргі Манап ауылы) сегізжылдық мектепте 9 сыныпқа дейін білім алып, Жаңақорған кентіндегі №51 мектепте жалғастырды. Ол интернатта жатып білім қуды. Ол кезде интернат Төменарық, Ақүйік, Талап ауылында болды.
1969 жылдың күзінде Жаңақорғанда тоғызыншы сыныпта оқитын досым Үсенбек Ермековті іздеп бардым. Бір бөлмеде төрт бала жатады екен. Қасын­дағылармен былай таныстырды: «Әбді­керім, Әзімхан және Махмут. Үшеуі де білімді, өнерлі жастар. Бәрі бір ауылдың түлегі».
Әбдікерім атақты ақын, аудандағы №1 Қызылотау меңгерушісі Манап Көке­новтың ұлы екен. Біз тез тіл табысып кеттік. Оған екеуміздің әдебиет деген қызығушылығымыз әсер етсе керек-ті. Біз оқыған көркем кітаптар және олардың мазмұны жөнінде ойларымыз бір жерден шығатын.
Әбдікерім жан-жақты болатын. Ол журналист-ақын ғана емес, жақсы дом­бырашы әрі суретші еді. Әсіресе графикалық суреттерді керемет салатын. Ол әке жолын таңдап, ақындықтың қыр-сырын терең меңгеруге мән берді.
Сол кездері Әбекең мақалалары мен өлеңдерін аудандық газетке тұрақты жіберіп тұрады екен. Міне, содан бергі 52 жыл арақатысымыз үзілген жоқ. Жаңақорғанға келген сайын интернатқа соғып қордаланған ойларымызды ортаға салып, шер тарқатушы едік.
2000 жылдары «Жаңақорған тынысы» нарыққа қалыптасу кезеңдерінен өтіп, бәсекеге қабілетті болуы жолын іздеді. Осы кезде Түркістан қаласындағы бас­палардан газет шығаруды қолға ал­дық. Осы жұмыспен Түркістанға жиі-жиі барып тұратынмын. Әбекең сол кездері «О, жерлестерім келді! Менің жазу-сызу өнеріне баулып, шыңдаған аудандық басылымға қалай қол ұшымды созбаймын?!» деп өзінің қызметтік көлігін беріп, баспамен сөйлесіп, газеттің сапалы басылуын қадағалайтын.
Әбдікерім көпшіл, қонақжай еді. Жер­лесін көрсе қуанып, оларға қызмет көрсетуге дайын тұратын.
Ол дүниеден ерте озып кеткен анасы Қатира Сүлейменқызы туралы толғанатын, сағынышын тек өлеңмен басатын. Міне, енді жастай айрылған анасының жанынан 61 жылдан соң орын тапты.
Мұның анасы қайтыс болғаннан кейін отбасының жағдайын ойлаған Көкен қария Манапқа қыз бен балаға қамқор жанның керектігін айтып, үйленуге кеңес береді. Содан Манап Марияшпен шаңырақ көтереді. Ол Жанат пен Әбдікерімді туған баласынан кем көрмей өсіріп, бағып-қағады. Әбекең екінші анасы болған Марияшты қатты құрметтейтін. Ол туралы айтқанда:
– Ескіден қалған «Әкесіз жетім жарты жетім, шешесіз жетім шерлі жетім» деген сөз бар. Мен ондай шерлі жетім болған жоқпын! Марияш апам туғанымдай болды. Әрі өзінен кіндік алған іні-қарындасымнан мені бөлектеген емес. Астың дәмдісін маған беріп, киімнің жаңасын бірінші маған алатын, – деп отыратын.
Алматыға бірінші сапары сәтсіз болып, конкурстан өтпей, елге оралды. Сол жылы журналистика факультетіне құжат тапсырған сыныптасым Ертай мен Жұмабай да конкурстан өте алмағаны есімде. Ол кездің талабы жоғары еді ғой!
Әбекең ауданға келгеннен кейін аудандық мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушісі қызметіне қабылданды. 1973 жылы әскери борышын өтеуге аттанды.
1975 жылы Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетіне оқуға түсіп, журналист маман­дығын алып шықты. 1979 жылы Түркістан қаласына қоныс аударып, отбасын құрып, ұрпақ өсіріп, елге қызмет етті.
Түркістанға келген жас журналистке жергілікті басылымнан орын табылмай, аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болады. Жас өнерпазды малшылар мен дихандардың қошеметтеп күтіп алатын құрметті қонағына айна­лады. Оның күйшілігі, ақындығы әсер етсе керек-ті. Әр киносеанст алдында көрермендеріне өз орындауында әннен шашу шашып, еңбек озаттарына арнау шығарады. Жас жігіттің еңбекқорлығы мен ықыласы басшылық тарапынан елеусіз қалған жоқ, 1982 жылы қалалық мәдениет үйінің басшылығына тағайындалды. Ара­да бес жыл өткенде алғыр азамат ау­дандық мәдениет бөлімінің, кейін 1997 жылы қалалық мәдениет бөлімінің мең­герушілігіне көтерілді.
Осы жылдары ауылдық мәдениет үйлерінің жұмысын ұтымды үйлестіріп, олардың «халықтық» театр атағын алуына күш-жігерін, білім-білігін жұмсады. Олар дайындаған спектакльдердің сце­нариін өзі жазды. Ауданда бұрын бірде бір «халықтық» атағы бар ұжым болмаса Әбдікерімнің басшылық жасаған кездері оның саны төртке жетті.
Әбекең мәдениет саласын басқарған жылдары еңбекқорлығымен, іскерлігімен танылды. Әсіресе Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге үлес қосты. «Яссауи мұрасы» газетін шығарып, мазмұнды да мағыналы мақалалары арқылы жерлестерін рухани-мәдени байытуға мән берді.
2003-2006 жылы «Шапағат» қоғам­дық қорының басшысы, 2007-2008 жылы «Түркістан-Жарнама» газетінің ре­дак­торы қызметін атқарды. Оның Яссауи мұраларын жақсы білуі басшылар тарапынан ескерусіз қалмады. Аудан әкімінің арнайы шақыруымен 2009 жылы Әзірет Сұлтан тарихи музейі директорының орынбасарлығы мен музей жанынан шығатын «Түрікойсыл» газетінің редакторы болды.
2017 жылы зейнет демалысына шыққанымен музей басшылығы оның білімі мен білігін пайдаланып, ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеуге шақырды.
Әбдікерімнің еңбек жолын айтқанда, оның іскерлік қабілетінен бөлек айтыс ақыны ретінде алаш жұртына танымал екенін айтуымыз керек. Көпбай Омаров, Қалихан Алтынбаев, Қонысбай Әбілов, Әселхан Қалыбаева, Әсия Беркенова секілді жампоздармен сөз сайысына түсіп, сөз барымтасында бәсі биік екенін көрсетіп жүрді.
Оңтүстік облыстың бас ақыны ретінде Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркияда шығармашылық сапармен болып қайтты. Түркия үкіметінің ұйымдастыруымен өтіп төрт жылға созылған телесайыс қорытындысында бас жүлдені олжалады. Өзіндік қолтаңбасы айқындалған айтыс­керге айналды.
Әбдікерім есімі айтыс өнерінде «Әке мен бала айтысы» өнерінің негізін қалаушы ретінде тарих сахнасында алтын әріппен жазылып қалды. 1987 жылы Павлодар қаласында өткен рес­публикалық ақындар айтысында Сыр елінен барған Халық ақыны Манап пен Оңтүстіктің мақтаны Әбдікерім екеуін жұптап, сахнаға шығарады.
Сахна төріне озған әкелі балалы ақындар сайысын ашқан Манап :
– Сахнаға шығардың жұртым бізді,
Орындап тілегіңді тұрмыз енді.
Әке, бала екеуі алдыңда тұр,
Қарсы алсаң ықыласпен жылы жүзді.
Өсіп тұр мәртебеміз болып биік,
Өсірсе әкеге бақ бала сүйіп.
Жолыңды мұрат тұтса бір ғанибет,
Бетімен кетсе егер көзге күйік... – деп сөз бастап баласынан үлкен үміт күтетінін жасырмайды. Осы бір сүтпісірім уақытқа сазылған әкелі-бала айтысының соңын қорыта келе Әбдікерім:
Әзірге сенімге әке, ене алдым ба?
Сіз таусыз ғой, төмпешік мен алдыңда.
Ақындықты ұрпаққа жалғастырам,
Перзенттік сертім осы ел алдында, – айтысты аяқтайды.
Міне, әке мен бала айтысына ширек ғасыр өткенде әкелі бала Айтақын мен Жандарбек Бұлғақовтың айтысы ел есінде.
Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап айтыс сахнасына жас ақындар келуіне орай Әбдікерім де тәлімгерлік жолға түсті. Асқар Дүйсенбиев пен Бекарыс Шойбеков оны қадірлеп, аға тұтты, оның ақыл-кеңесін өнерін шың­дауда жарата білді.
2010 жылы «Қазақстан Республи­касының Мәдениет қайраткері» төсбел­гісімен марапатталса, 2012 жылы «Түр­кістан қаласының құрметті азаматы» атанды.
Оның артында 42 жыл бір шаңырақтың астында отын түтеткен зайыбы Гүлжаухар Мәлкенқызы мен екі ұлы мен бір қызы, он немересі қалды. Үлкен ұлы Алмас «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етіп, әке жолын жалғауда. Қарашаңырақтағы Абзалы – кәсіпкер. Ақеркесі – мұғалім.
Ол жазған өлеңдері мен айтыстарын кітап етіп шығартуға даярлап жүр еді. Амал қанша, баспа көрмеді. Мұны оның ұл-қыздары орындайтынына сенеміз...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

26 қыркүйек 2021 ж. 394 0