№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ер тұғырын ел тіктейді

Ер тұғырын ел тіктейді


Ұлағатты ұстаз, білікті бапкер, спорт жанашыры, бір сөзбен айтқанда нар тұлғалы азамат Қайрат Оралбековтың орны Сыр спорты үшін ойсырап тұр. Қанатының астынан қаншама балапан буынды ұшырды, қазақ елі мақтан ететін балуандар баптады, әлі де спорт саласына берері көп еді. Өскелең ұрпаққа өнеге, үлкенге іні, кішіге қамқор аға бола білген бапкерді еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы тұңғыш турнирдің жалауы Жаңақорғанда желбіреді. Қайрат Пәйізұлының рухына арналған турнирге Ақтөбе, Түркістан, Сыр өңірі мен Шымкент шаһарынан 120 жас балуан келіп, 12 салмақ дәрежесінде бағын сынады.

Үш күнге созылған жарыс жолын жеңіл салмақтағы балуандар бастады. 32 келіде Аралдан келген Дайрабай Берекетке ешкім тең келмеді. 35 келі салмақта ақтөбелік Саят Сисенбайұлы алтын тұңғырдан көрінсе, 38 келіде Шымкент қаласынан келген Алинұр Ағманнан ешкім айласын асыра алмады. Сол секілді, қызылордалық Ислам Русланұлы (41 келі) мен Ерасыл Ерболатқа да (44 келі) алтын бұйырды. 48 келіде Жетібай Жантөре (Шымкент), 52 келіде Қойшыбай Бақдаулет (Жаңақорған), 57 келіде Арсен Нұрбайұлы (Жаңақорған), 62 келіде Даулет Истлеуов (Ақтөбе), 68 келіде Лесбай Дінмұхамет (Шымкент) пен 75 келіде Изахар Роза (Жаңақорған) алтынға қол созды. Ал ауыр салмақ 85 келіде қызылордалық Тәжі Азаматқа қарсылас тең келмеді.
Тартысты өткен турнирде болашақ қазақ елінің чемпиондарын көрдік деумізге негіз десек, кейбірінің өнеріне тәнті болған аға буын марапаттау рәсімінде ақшалай сыйлықтармен марапаттап, есімдерін атап көрсетті.
– Жарыс өте жоғары деңгейде ұйым­дастырылды. Біз шәкірттерді іріктеп алып келдік, еншімізде екі алтын бар. Жалпы Қайратты сырттай танимын, оның спорт саласына қосқан үлесіне қанықпын. Осындай азаматын ұлықтап, бәсі биік турнир беріп жатқан жерлестеріне алғыс айтамын. Келесі жылы міндетті түрде келетін боламыз, – деді ақтөбелік бапкер Мұрат Оразбеков.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастыру алқасының медалі мен дипломына және қонақтарға арнайы Қайрат бапкердің суреті бейнеленген статуетка табысталды. Құрметті қонақтарға шапан-шаттық жабылды.
Жалпы Қайрат Оралбеков жайлы айты­латын естеліктер көп. Қандай шәкірті болсын, әріптестерінің жеткен жетістігі болсын төл басылымға төтелеп келіп, ақпараттандыруды сұрайтын еді. Әсіресе, шәкірті Қанат Мұсабеков орын алса қуанышпен сүйіншілеп келетін еді. «Спорт деген менің екінші өмірім, мен ұстаздарым, өзім бағындыра алмаған шыңды бағындыратын жастарды тәрбиелегім келед» – деп жүгіріп жүруші еді. Бала тәрбиесіне келгенде «балаңды аясаң, аяма» деген ұстанымды ұстайтын. Жанына жақын еркін күрес жайлы айтқанда тірі энциклопедия екенін ел біледі. Бір сөзбен айтқанда, бойына дарығын таланты мен дарынын келешек үшін төге білген тұлға еді.
Бағдарлама сай әуелі «Қайрат» атты естелік кітап оқырманға жол тартты. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев, ел ағасы Мадияр Ахметов, ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтұлы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Бейжің Олимпиадасының қатысушысы, Қайрат ағаның бауыры, әрі төл шәкірті Жасұлан Мұхтарбекұлы сынды саңлақ спорт жұлдыздары мен бапкер інісі Ролан Кешубаев қатысты. Облыстық басқармадан және Сыр өңірінің спорт саласын өрге сүйреп жүрген әріптестер де шарада сөз алды. Сондай-ақ Пәйіз ақсақал мен ағайын-туысы, ағайдың жары Айсұлу мен ұл-қыздары шара төрінен табылды. Қимастарын көз жасымен еске алғандар жарыстың ашылу салтанатында сөз алды. Әріптес-достары мен шәкірттері Бірліктен шыққан балуандар сөз сөйледі. Ыстық ықыласын, жылы лебізін білдірді.
Қарымды қаламгер, жазарман журналист Серікхан Жүзеев «Қайрат» атты естеліктер топтамасын құрастырып, кітап жазды. Кітап авторы: «Мен Қайрат ағамен іні-бауыр болып араласып жүргеніме қаншама уақыт өтті. Маған кездескенде кітап жинақ шығарсақ деп едім, өскелең жастарға бір өнеге өрімін қалдыру мақсатым деп жүруші еді. Көзі тірісінде орындалмағанымен, біз оны жасадық, кітапқа қолтаңба қалдырған жандарға рахметім шексіз» деп жылы лебізін білдірді. Ал, Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек балуан ауданның жас балуандарының Жақсылық Үшкемпіров пен Қайрат Оралбеков арман еткен олимп шыңын бағындыруына тілек білдірді.
Спорттық шараны ақпараттандыруға жергілікті БАҚ өкілдерімен қоса, Қайрат ағамыздың досы республикалық «Спорт жұлдыздары» спорт журналының бас редакторы Жандос Аянбек ағамыз арнайы келді.
– Қайрат Пәйізұлымен жұмыс жасап келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Қолынан келгенше аудан спортын өрге сүйреп,, денешынықтыру пәнінің ұстаздарына алға адымдау үшін барын берді. Алматы және өзге қалаларда өтетін семинарлар мен басқа да жиындарға пән мұғалімдерін жетектеп жүретін. Жас ұстаздарға мотивация беру үшін марапат биігіне көтеріп, мадақтап жүрді. Аға буынның кеудесіне мдел тағып, есімдерін ұлықтап жүрді. Міне, ол кісінің азаматтығы, мәрттігі осында. Бір сөзбен айтқанда, өз ісін шынайы сүйген жан еді, – деді әріптесіміз.
Айта кететіні, Қайрат ағай елдегі беделі биік «Спорт жұлдыздары» журналының ұйымдастыруымен өткен үздіктер шеруінде «Үздік аудандық спорт әдіскері – 2018» номинациясын жеңіп алған болатын.
Алпамыс батыр атындағы спорт кешенінде өткен облыстық ашық турнирге қолдау көрсеткендер аз болмады. Облыстық білім басқармасының дене шынықтыру және АӘД пәнінің әдіскерлері, Махмут Рахымжанов басшылық ететін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, №7 порт мектебінің директоры Исламхан Боранбаев, «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының ерікті жастары, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері және кітаптың тұсаукесеріне кітап көрмесін ұйымдастырған аудандық кітапхана директоры Әсем Тілеубергенованың ұжымы атсалысты.
– Қайрат бауырымыздың арманы көп еді, тек спорт саласында ғана емес, қоғамда қиналған қазағына қол ұшын соза бліді. Елге болысып, жастарға жол сілтеп, аға буынға ізетті інілігін көрсетті. Дархан мінезді, кең пейіл, көркем мінезді, нағыз қазақтың нар тұлғалы жігіті деген атқа лайықты өтті. Бүгінгі турнирге атсалысып, ұжымдас, әріптес ретінде жүрген жігіттер мен ауданның жалынды жастарына, ағайын-туыстарына үлкен алғыс айтамыз. Әсіресе, аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов пен білім бөлімі қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Елшібек Сатиршиновке ерекше рахметімізді айтамыз. Құдай қаласа бұл турнир дәстүрге айналып, жыл сайын көлемін кеңейтіп, республикалық жоғары деңгейде өткізуге дайынбыз, – деді Қоғамбек Бейсенбиев.
Иә, Қоғамбек ағамыз ұйымдастыру ісінің үздігі екеніне бүгін тағы куә болдық, сондай-ақ, аудандағы еркін күрес бапкерлері мен Сыр өңірінің төрешілері де табандарынан тік тұрып қызмет етті. Сонымен алыс жақыннан келген спорт сүйер қауым балғын балуандардың бәсексіне куә болып, ниеттес болған көпшілік ризалығын білдіріп қайтты.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
15 маусым 2021 ж. 868 0