Әлі де уақыт бар...
Қасиетті Рамазан айы келіп, күллі мұсылман жұртының көбібір парызын орындамаққа ниеттеніп, ораза ұстап жүр. Бірақ жасап жатқан амалымыз қаншалықты қабыл болатыны бір ғана Жаратушымызға аян. Десе де, адамзаттың асылы Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарымыздың өнегелі істері әрбіріміздің өміріміздің бағдаршамы іспетті.
Бірде Пайғамбар (с.а.у) немерелері Хасан мен Хұсейін кішкене кездерінде ауырып қалды. Уайымдап қалған Али мен Фатима (р.а.) балалары жазылғанда, шүкіршілік ретінде ораза ұстай бастады. Алғашқы күні ауызашарға дайындаған ас-ауқатын, қайыр сұрап келген жетімдерге қиды. Өздері ауыз ашпастан екінші күнгі оразаға ниет етті. Екінші күні де ауызашарға дайындаған тамақты «Құдай үшін беріңдерші» деп келген кембағалдарға берді. Бұл кеште де ауызашпастан үшінші күнге ауыз бекітуге ниет етті. Үшінші күні де дәл осы жағдай қайталанып, ауыздарынан жырған асты табалдырыққа келіп көз сүзген жалынышты тұтқындарға берді.
Кейіннен осыған қатысты аят түсті:
«Олар уәдесін орындады. Ұзын әрі тоқтаусыз қиямет күнінен қорыққандықтан, өздері ұнатып іштей қалап тұрған тамақты бейшараға, жетімге және тұтқындарға берді. «Біз бұларды Алла Тағаланың разылығы үшін қидық. Сендерден қайтарым ретінде алғыс та ештеңе күтпейміз» деді.
Құлшылыққа берілген нәзік жан иесі Рабиға Адауия үшін оразаның орны ерекше еді. Жиі-жиі нәпіл ораза ұстайтын. Бір жолы үйінен тіске басар ештеңе таппай, қатарынан сегіз күн бойы ораза ұстады. Аштық қатты есеңгіретіп, көзі қарауытқанда «апырым-ай, өзімді қолдан қауіпке итермелеп жатқам жоқ па?» деген ой келді. Осы мезет есік қағылды. Көршісі бір табақ сорпа әкелген екен. Үй іші қараңғы болғандықтан, тамақты жерге қойды. Майшамды әкелу керек болды. Шамды әкеліп жаққанда, тамақты мысықтың төгіп қойғанын көрді. Ештеңе етпес, сумен ауыз ашармын деп ойлады. Суды енді іше бергенде, қолындағы тостағаны түсіп кетіп қақ бөлінді.
Шарасыздықпен қолын жайып: – Уа, Раббым, бейшара құлыңды сынап жатырсың-ау, бірақ әлсіреп кеттім, сабырым жетер емес, – деп аһілеп-уһіледі.
Осы сәт ғайыптан бір дауыс естілді:
– Уа, Рабиға, қаласаң, жер әлемнің байлығын үстіңе жаудырайын. Қаласаң, күллі рухани дертіңді жоқ қылайын. Алайда біліп қой, бұндай дерт пен байлық бір жерде тұрмайды!
Бұны естігенде әулие:
– Уа, Раббым, бар есіл-дертім сенде ғана болсын, көңілімді басқаға бұрғызба, – деп күбірлеп дұға етті...
Иә, Рамазан айы айлардың төресі. Жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылатын айда қандай амалдар жасаудамыз. Парызымызды орындадық деп ас-сусыз жүргенімізді місе тұтып жүрміз бе? Мүбәрак айда Алла разылығы үшін жасалып жатқан ғибадаттарымызды әлі де еселей түсуге уақыт бар. Аллаһ тағалам жүрегімізді ынталандырсын!
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА