№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!


Ата-бабамыздың танымында Наурыз адам мен табиғаттың «жаңаруы», жаңа өмірдің бастамасы ретінде қабылданған. Ұлыстың Ұлы күні деп аталуының мәнін ел аузындағы аңыз былай түйіндейді: «Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татыпты. Бұл күн – Ұлыстың ұлы күні болып белгіленеді».


Наурызда Самарқанның көк тасы ериді. Наурыз мейрамында бұрын ренжісіп жүргендер өкпе-ренішін ұмытып, татуласады, бір-біріне кешіріммен қарайды. Таң атысымен ағайын-туыс, көрші-қолаң үй-үйге кіріп, құтты болсын айтады, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде көкпар, қыз қуу, қазақ күресі секілді ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады, ән шырқалады, би биленеді, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.
Ертеде ата-бабаларымыз Ұлыс күнін жыл басы санаған. Жаңаның хабаршысы, жақсылық жаршысы Әз Наурыз қазақ елі үшін қашан да қасиетті, киелі саналған. Алдағы жылдан үмітті пенде пейілді кеңге салып, жақсылық жоралғысын жасаған. Ер азаматтар қос қолдасып амандасып, төс қағыстырса, әйелдер жағы құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады, арнайы даярланған дастархан наурыз көжемен толығады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, ру, ағайын, дос-жаранды бір дастарханнан дәм таттырып, табыстырған, соқа бастыны үй-жай еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Қараңғы түсе екі жерге екі үлкен от жағылады. «Алас, алас! Пәледен қалас!» деп айнала төңіректі отпен тазалап шығады. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан, тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрі халық ойындарымен (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, айқыш-ұйқыш, ақ серек пен көк серек, алқа қотан, т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Сынық ыдыс, кетік аяқ сындырады. Ескі-құсқыдан арылады. Жұп шырақ жағады.
Наурызда күн мен түн теңеледі, жұлдыздар теңеседі, яғни Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің бойында тізіле орналасады. Есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқайды. Халықтың ежелгі наным-сенімінде бұл күні жер-көкті жарып ерекше дыбыс, яғни гуіл естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана еститін көрінеді. Осы күні бүкіл табиғатта, тіршілік иесінде, өсімдік, жан-жануарда ерекше сезім оянып, айрықша күш-қуат, рахман нұры құйылады. Соны білген халқымыз «Әз болмай, мәз болмайды» деп Наурызды асыға күткен.
Байқағанымыздай, Наурыз мейрамының пайда болу тамыры тым тереңде жатыр. Наурызға жайылған дастархан да молшылығымен ерекшеленетін. Астан бұрын және кейін аруақтардың жанына медеу болар деген ниетпен дұға бағышталған. 7 түрлі дәмнен әзірленген наурыз көжені мерекелік дастарханның міндетті де басты тағамы ретінде ұсынуының да мәні зор.
Бір жақсысы, бүгінде бүкіл Қазақ елінде Наурыз мерекесін тойлау бір ізге әбден түсті деуге негіз бар. Ұлыстың ұлы күні жер-жерде тәрбиелік мәні орасан ұлттық мүддеге негізделген түрлі іс-шаралармен өтіп жатады. Мысалы, «Бұлақ көрсең – көзін аш» атты дәстүрлі бұлақтардың көзін ашу рәсімі мен ұлттық киім киінген басшылардан бастап ресми қонақтар, ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері қатысады. Мұндай салт «Ұлыстың ұлы күні көңіл ақ болсын!» деген наурыздық тілектерге жалғасады. Саябақтарда қатар-қатар киіз үйлер тігіліп, Наурыз ауылдары бой көтереді. Тұс-тұсқа қазан қойылып, жиналған қауымға Наурыз тағамдары – бауырсақ, наурыз көже, қазақша ет, басқа да ұлттық тағамдар таратылады.
Дала сахналарында мерекелік концерттер қойылып, «Наурыз айтысы» өткізіледі. «Қасиетті халық тойы – Нұрлы Наурыз» атты театрландырылған көріністер қанат жаяды. «Табиғаттың оянуы», «Аластау рәсімі», «Көшкеруен» көрінісі, «Салт-дәстүр» көрінісі, «Қызғалдақтар» биі, «Шашу», сәбиді бесікке салу, бүлдіршіндердің тұсауын кесу сияқты қойылымдар көрсетіледі. Ұлыстың ұлы күніндегі кең тараған шарт – алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласқан. Бұл күн – кешірім мен мейірімге, үміт пен сенімге толы ерекше күн деп есептеледі. Кездесіп қалғанда, бір-біріне «Аманбысыз, армысыз. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ұлыс береке берсін, бәле-жала жерге енсін!» деп, өзара реніштерін ұмытып, кешіретін болған.
Наурыздағы жаңару – ішкі дүниеңнің өзгеріп, кешірім алып, күнәсіз, таза өмір сүру. Тек сонда Құдай адамға көз қырын салып, пенденің арман-тілегі орындалмақ. Жаратқан ие мынаны айтады: «Аспан – Менің тағым, ал жер – тіреушім секілді. Сонда сендер маған арнап қандай үй сала алар едіңдер? Тынығып демалатын орным қай жер болмақ?! Осы әлем түгелдей Менің қолымнан шығып, пайда болды емес пе? Ал Мен көз қырымды салатындар: күнәларына шын жүректен өкініп, сөзімді терең қастерлеп, іске асыратындар». Ендеше, жаңа жылда жаңаша өмір сүріп, ақ батаға кенелейік, ағайын!
Наурыз – достық пен еркіндіктің де мерекесі. Олай болса, Наурыз құтты болсын! Төрт түлік сүтті болсын. Асқа толсын қазаның, кең пейілді қазағым! Еңбегің жемісті болсын, жан-дүниең жаңарсын, көңілің сүттей ағарсын! Жаңа жыл ұлысты болсын, Еліміз ырысты болсын! Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген наным бар. Ендеше, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болып, еліміздің қуаты арта берсін дегіміз келеді.

Әсел Рзаева
20 наурыз 2021 ж. 3 659 0