№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Намыс туы бәрінен биік (очерк)

Намыс туы бәрінен биік (очерк)

Телефон шыр ете түсті. Батыр ағайының даусын бірден таныды.
– Мөлдір, осы аптада ересектер арасында Байқоңырда  жарыс өтпекші. Сен сол жарысқа баруың керек.
Бәрекелді, ағайының үні баяғыдай саңқылдап әмірлі естілді. Бірақ мұның жөні қалай болар екен.Арнайы мамандық алып келіп, жұмысқа тұрып, одан тұрмысқа шықты, қазірде балалар ауруханасында дербес персоналды жауапты қызметі бар, волейбол ойынынан қол үзгелі қаш-шан.Алты-жеті жылдан бері тиісті шаруасын ғана атқарып жан тыныштығымен өмір сүріп жатқан адам баяғыдай формақуып, жаттығып жүргеннің қатарында тағы жоқ, аяқастынан алқын-жұлқын аламанға қатысып, абырой әпереді деп ойлап тұр ма?
– Ой-бай, ағай, – деді таңқалысын жасырмай, - қолыма доп ұстамағалы қай заман, Мандытып ойнай алмай сіздерді босқа ұятқа қалдырам ғой. Жоқ, уәде бере алмаймын, ағай, ренжімеңізші, - деп қиылды.
Ағайы да алған бетінен қайтпай ағынан жарылды. Оның айтуынша басқа реті келіп тұрған ешкім болмай тұр. Байкенженің  атын волейболмен шығарған мұның мықты қатарлас ойыншыларынан Түркістан жаққа тұрмысқа шығып кеткен Қырмызының да, Гүлнұрдың да балдарының басы бар, тастап шыға алмайды. Ал ана Сунақатадағы Гүлмариямның ата-енесі бірдей қажылыққа барып келіпті, келім-кетімі көп, маған айтпаңыз депті. Әйтпесе Гүлмариям кезінде мықты болейболшының бірі  еді ғой, бірақ мінезі тұйықтың тұйығы, алыс қалаларға жарысқа барғанында басқалар пойызда жол қысқарсын деп шашкі ма, шахмат па, бірнәрсе ойнап шөре-шөре болып жатқанында  бұл қыз алақандай жататын орын ыңғайлап ап  томпиып ұйықтап жататын. Сонда осы Батыр ағайлары күліп, көресіңдер, бәріңнен осы қыз озады, күйеуге де бірінші тиіп кетеді деп әзілдеп айтушы еді, құдайдың құдыреті, расында да мектепті бітіре сала бірінші тұрмысқа шығып кеткен сол болды. Енді ғой, үлкен отбасын меңгеріп отыр, селтеңдеп жүре алмайды деп тұр. Оның қасында мұның еті тірі, жағдайы да келеді, жарып шығып озбаса да ауданның атынан кенже қалмай намысты қорғап қайтуда көмегі қатты керек болып тұр екен. Қиналса да жалынып тұрған ағайының көңілін қимаған Мөлдірдің мақұл деп көнуіне тура келген.
***
Байқоңырда өткен бұл жарыс төрт күнге созылды. Ерлер мен қыздар қатар сынға түскен ересектер қатарында облыстық жарысқа туған ауылы Байкенжеден түлеп ұшқан спорт шеберлері Рауан да, Тілес те, мұның өз ағасы Бауыржан да қатысты. Байкенжеден бөлек Қаратөбенің, Қандөздің қыздарымен командада бір ойнаған Мөлдір расын айту керек, алғашқы күні көңілдегідей ойнай алмады. Келесі күні ғана кемеліне келгендей қаны қызып, қайратына мінді. Тіпті оның бірнеше рет нысанаға дөп тиген доп берулері қарсыластарын омақаса қаптырып, қапыда қалдырды. Бала күнінен бойға біткен  әбжіл әдіс, айрықша амал-әрекеттері сана түкпірінде жарқ еткендей ойламаған жерден оқыс шабуылдарына өзі әрең ілесіп күшіне әбден мініп алған шәкіртінің өзгеше қалпын аңдаған Батыр ағайының өзі тамсана қарап тұрып-тұрып, бір сәт көзіне ып- ыстық жас келді. Ия, неше жылдан бері жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңбектенгенінде бейнеті құр кетпепті,  құлындай кезінен құнттап, желдей шабысқа баулыған жас құрақтың жанына тіпті неше жыл құлыптап ұстасаң да ұшқыны сөнбейтін жалын от жаға біліпті. Оның куәсі, әне, анау көз алдында  көріктей қайнаған көркем қимылымен-ақ көптен оқшау танылып,  күшін дәлелдеген мұның шәкірттері басымдық жағын басыбүтін қолға алған тәрізді. Оның алғы сапында кезінде өзі әбден шыңдап баулыған шәкірті Мөлдір жүр. Осы Мөлдір волейболға 5 сыныптан келді, спортқа алабөтен құмар, өжет қыздардың қатарында еді. Басында олар он болатын. Ұстаздың қатал талабына , шықпыртқан шыбығына шыдамаған алтауы көпке  бармай тастап кетті де, мектепті бітіргенше алған бетінен қайтпаған қайсаршәкірттері қатарында кеше Мөлдірге үміт артып, өтініш айтқаны да сол еді ғой. Үміт ақталды. Аудан атынан барған байкенжелік спортшы жастарымыз облыстық спартакиадада 1 орынды алып, тағы да жеңіспен оралды.
***
Байкенже ауылындағы Есенбаевтар отбасын «Спортшылар династиясы» деуге болады. Әкелері Сағынбай Төменарық ауылында туған. Мектепте жүрген кезінен спорттың барлық түрімен айналысыпты. Отбасын құрап, жұмыс бабымен Байкенжеге қоныс аударып, сол кезде жаңадан ашылып жатқан ГРП өндірісіне алғаш жұмысқа тұрғандардың бірі екен. Келіншегі Роза осындағы гаражда диспетчер болып істеген. Кейін Байкенже  өз алдына құрылып, осындағы кітапхананың меңгерушісі болыпты. Отбасында дүниеге келген үш ұл-қыздың үшеуі де спортқа құмар болып өсіпті. Үшеуінің де ұстазы осы Батыр ағайлары. Осы ағайының қарамағында  бәрі волейболды таңдады.  Тіпті Батыр ағайың байкенжеліктер туыла сап волейбол добын ұстайды деп сүйсіне айтатынын талай естіп жүр. Мұның сыры неде екен? Бәлкім, ұрпақ сабақтастығы деген осы шығар. Негізінде, үйдің басшысы немен айналысса, нені пір тұтып, нені бас көрсе артқы буын да сол ізбен жүріп, сол үлгіні өнеге тұтпай ма? Әке ізімен екі ұлы да – Дінмұхамеді мен Бауыржаны кішкентайынан спортқа жақын болып, тіпті күні бүгінге дейін одан қол үзбей келеді екен.   Осы екі ұл ержетіп, үйленіп, екеуінің де алып келген келіншектері кезінде волейбол ойнаған қыздар болып шыққаны қызық болды. Дінмұхамедтің келіншегі  кезінде Қазалының командасында ойнаған екен, негізгі мамандығы ауылдағы емханада әлеуметтік қызметкер, ал Бауыржанның келіншегі Аида бүгінде енесінің орнында кітапханашы болып істейді. Ол да волейболдан Жаңарықтың жұлдызын жандырған қыз. Бүгінде Дінмұхамедтің екі қызы – Ақнұр мен Ақбота Байкенже волейбол спортының жүгін өрге сүйреп келеді.
Ағалары  Дінмұхамед пен Бауыржанның қасынан бір елі ажырамай, спортқа етене өскен Мөлдірдің волейболға сүйіспеншілігі тіпті ерек болды. Спорттың бұл түріне тек қызығу аз, оның өз талаптары болады екен. Күн сайын жаттығу, қашықтықтан секіру, таңертең, кешке жүйелі жүгіру дегені бар, ондайда ағайлары белесебетпен ілесіп отырып, бұларды  ауыл айналдыра жүгіртеді. Жан қинамай, жалқауланып, тоқтап қалып жатсаң арқаға шыбық тиюі де әжеп емес. Кейде аяққа, қолға қорғасын байлап жүгіртеді. Есесіне ертеңіне ойында аяғың жеңілденіп кеткендей қауырсындай ұшып жүресің. Мұны бірақ ата-ананың қабылдауы қиын, баласының арқасынан шыбық ізін көргенде, ойбай өзім саусақ ұшын тигізбейтін қарғамның  қабырғасын қызыл ала қып, кім ол сонша,  құрысын, шығып кет деп шыр-пыр болып жатқаны. Мақсатынажан-тәнімен беріліп, берік шыдамды серік еткен шымыр жан шық дегенге шыға қоймайды екен, қайта одан сайын өршелене түсе ме, ақыры отбасындағы ағалы-бауырлы үшеуі де алған беттен қайтпай, алар көкжиекті бағындырып, ала доптың қыр-сырын толық біліп, бабына жетіп барып бір-ақ тоқтады.
***
2007 жылдар болу керек, облыс көлеміндегі кәсіптік білім беретін мектеп курсанттары арасында волейболдан Қызылорда қаласында жарыс өтетін болды. Кәсіптік мектептің сол кездегі директоры Тастаев Нұрберген ағай өтініш айтып, жетінші, сегізінші оқып жүрген байкенжелік волейболшы қыздардан Қырмызы мен Мөлдірді өзі басқаратын кәсіптік мектеп атынан ойыншылар командасына қосып алып барған. Сол жарыста да жас шамасы жағынан кішкентай қыздар сомаладай қыздардан жасқанбай, ойынды үздік ойнап, мектепті 1 орынға шығарып бергенінде балаша қуанған Нұрберген ағайдың қыздарға жағалай қалтасынан ақша таратып бергені әлі есте.
Ол кездері жүлдеге ақша алу деген жоқ. Қандай ірі жарыстарға барсаң да орын алғандар кубок пен дипломды қанағат тұтатын. Жарыста озып шығудың мәні мүлде сыйлық алумен өлшенген емес. Бір ғана мұрат –  «намыс» деп аталар құндылықты қолдан бермеу жолында жан алып, жан беріскен талай сәттер өтті ғой. Сондай жүлдегер  атанып қайтқан сапарларда еншіге алған кубокты қолдарына қыса ұстап толқып келе жатқан жалын жүректің  бәрінің алқалап келе жатқаны бір жай ғана сары жезді темір ғой десеңіз қателесесіз. Солжалтыраған сары жезді қанжығаға ілуүшін әрбірі жанын да бере жаздағанын ұмытпаңыз. Ақиқатына келсек, бүкіл атамекен, туып өскен аймақтың ары, абыройы, айбары осынау жеңімпаздықтың символы саналар қасиетті тұмарда тұнып тұр.
Арқалағаны елдің намысы ғой десек те, кешегі қиын кезеңдері спортшылардың қаржы жағынан тығырыққа тірелетіні рас еді. Ондайда алыс сапарларды ойға да алмай жылы жауып қоюға тура келеді. Бірақ қызған аламанның дүбірін естісе елеңдеп тұра алмайтын бәйге атындай жан тыныштығынан айрылатын жаттықтырушылары Батыр Бабаевағайларының білек түріп кіріскен батыл бастамаларының арқасында бұлар бармаған жер қалмады. Қазақстанды түгел аралап шықты деуге болады. Мұның есінде, Теміртауға барған сапарларында барлығы аядай бөлмеде аялдап, ыстық тамақты да ұмытып, құрғақ аспен жүрек жалғаса да жеңісті қолдан бермеген. Сол жолы облыс атынан барған бұлардың қатарындаЖалағаштан Гүлжан деген қыз, өзімізден Сымбат Бекназарова, Айгүл  Камалова бар, бұларды ағайлары өзі оқыған Қарағанды қаласының көрнекті жерлерінеқыдыртқаны бар.  Ал мынау жақын деген Аралдан бастап Қызылордаға дейін табанда билет табылмай талай рет пойыздың тамбурында тұрып барған да кездері де болды. Бұл жанкештіліктің астарында өздері сүйіп қалаған спортқа деген айнымас адалдық жатыр еді.
Бала кезден бойға сіңген сол әдет, сол дағдының ұшқыны бұл қыздың бойынан әлі де өшпеген. Рас, өмір деген дәлдеп көздегеніңді мүлт жібермеуге болатын волейбол добы емес екен, бірақ тағдыр басқа не сынақ салса да сағын сындырмай, жақсылыққа ұмтылып,қайраты мен ақылына сенгеннің жұлдызы жарық боларына бек сенімді қаракөздің ендігі үміті – әлпештеп аялаған перзентінде. Ол қазірде 4 сыныптың оқушысы. Ол да анасы тәрізді спортты жанындай жақсы көреді.

Баян Үсейінова,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
27 ақпан 2021 ж. 975 0