№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жақсы адам...(ойтолғау)

Жақсы адам...(ойтолғау)

Қырық екі жылдан бері жақсымды асырып, жаманымды жасырып, төрт перзенттің анасы болған Ботакөзімнің анасы – Дариға Мансұрқызы ана сексен үшке қараған шағында дүниеден озды. Бұл жағдай екеумізді де есеңгіретіп кетті.
Жоғарғы Кеңестің депутаты, бір емес, бірнеше шаруашылықтың директоры, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған, барша Сыр еліне сыйлы азамат атанып, өмірден озған Шазында Қарақожаевтай азаматқа асыл жар, өмірдегі қолдаушысы болғанын бүкіл жұртшылық бек біледі. Он бірдей баланы дүниеге әкеліп, Батыр ана атанды. Соншама улап-шулаған бала-шаға ортасында жүріп, аяқ астынан сау етіп келе қалғандарды (бұл қазақта бар әдет) қабақ шытпай қарсы алып, үйінен қонағын үзбеді – оны соңғы қырық жылда көзіміз көрді, өзіміз куәміз.
Немере мен шөбере сүйді – бәріне де ыстық ықыласын аяған жоқ. Бұл – бір жағы ғана. Ол кісінің мені таң қалдырған  айрықша қасиеті – ешқашан ешкімге ренжігенін көрмеппін, ешкімді жамандап отырғанын естімеппін, ешкіммен дауыс қатайта сөйлесіп, жүз шайысты дегенін құлағым шалмапты. Одан да бөлек, елеп айтар ерекшелігі – данагөй мінезі, табанды ақылы, әулет ауызбіршілігін ойлаған, ойлап қана қоймаған, соны сақтауға бар ақыл-ойын арнаған парасаттылығы. Артық айтты демеңіздер – мен осы жасыма дейін дәл осындай Зере-мінез, Нұрила-мінез әйел затын өте сирек көрдім, тіпті көрсем де, саусақпен санарлық-ақ болар, сірә! Келіндерімен келісімпаз, абысындарымен құрбылас, былайғы жұртпен сыйлас жан бола білуі қандай ұлы өнеге! Маған,  былайша алып қарасақ, ене ғой, ел енесін мақтауды жөн көре ме, жоқ па, тіпті қазақшылыққа салып, намыс көре ме – білмедім, ал маған, менің көз алдыма осы кісінің әрбір ісі мен сөзі әрдайым даналыққа суарылған жанның кескін-келбетін әкеле беруші еді! Өмірден озғанына да, барып мәңгі төсегінің басына топырақ салып қайтқанымызға да, міне, бір жетіге тақап қалыпты, ойымнан кетпей қойды – ақыры осы жолдарды жазуды өзіме парыз, өзіме ғана емес, бір қазақ қаламгерініңпарызы деп есептедім! Сосын көп ойландым. Күнбе-күн ойға баттым. Не деп жазуым керек? Көкейде жауабы қиын бір сауал! Жақсы адам деген кім? Білімді ме? Қайдам! Лауазымды ма? Тағы да қайдам! Дүниелі кісі ме? Әй, қайдам! Жақсы адам бола білу дегеніміз,  менің топшылауымша, ең алдымен өзін ешкімнен жоғары санамай, бетегеден биік, жусаннан аласа болып ғұмыр кеше білу шығар-ақ. Жақсы адам болу дегеніміз – ақыл деген батпандай алтынның үстінде отырып та, өзін тым қарапайым қалыпта ұстау ма екен, бәлкім! Жақсы адам дегеніміз- қысқасы, адамшылықтыңасқар шыңына емін-еркін шығып алып,дүние мен байлыққа тоя алмай пысылдап таласқан  пенделерге асықпай көз салып қарап отыру ма әйтпесе.
Ойдан жазып отырғам жоқ осы жолдарды! Өзінен-өзі төгілді десем де болады.
Уа, қазақ! Мына бейдауа, бейопа  өмірден тумысы  ерекжан  – Ана деген асыл есімді ғұмыр бойы ардақтап-әуелете білген, сондай асылдықтың үлгісін бойында аялап ұстай  алған, өлім тұрмақ, бір ауыз ғайбат сөзге  қимас бір пендең өтіп  бара жатқанын сезермісің!
Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ,
ғалым, жазушы, драматург
21 ақпан 2021 ж. 601 0