№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Аға туралы толғаныс

Аға туралы толғаныс


«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі де еліміздің кәсіпкерлік саласына тың серпін беріп, жол бойында сервистік қызмет көрсету дами бастады. Жаңақорған ауданы аумағындағы бөлігінде ең ірі кешенді қызмет көрсету орталғы «Айнұр» кешені мейрамханасы, қонақ үй, май құю бекеті, көлік жөндеу орталығы және көлік тұрағын айтуға болады. Осындай іргелі кешенді дамытуға бар ғұмырын арнап, ел игілігі жолында маңдай терін төккен Марат Әйбешұлының өмір жолы, азаматтық қарым-қабілеті жерлестеріне үлгі-өнеге екені анық.


«Жүрегім әлі жылап жүр...»
Алдымен, кәсіпкерлік кешенді өз күшімен, еселі еңбегімен ашқан Марат Басқожаев туралы жазғанды жөн көрдім. Ол өзгеше қасиетімен дара болған, ақылды да мейірімді аға болды. Бір әкеден тараған бауырым Марат Әйбешұлы 1970 жылы 12 қаңтарда Кеңес аулында дүниеге келді. Кішкентай кезінен-ақ ұқыпты, пайымды, елгезек болып өсті. Ол қатты сөйлеу, жекіру дегенді қаламайтын. Әкеміз Әйбеш мұғалім болды. Күнде кешкісін асымызды ішіп болған соң, шай үстелді жағалай отырып, сабақ оқитынбыз. Әкем мұғалім болғандықтан, түнімен жазу жазып, дәптер тексеріп отырады. Сондықтан тып-тыныш отырып, әркім өз сабағына дайындалатын. Әлі есімде осы Марат ағам маған көбейту кестесін жаттатып отыратын. №239 Кеңес орта мектебін тамамдап, кәсіптік техникалық училищеде білім алды. 1992-1995 жылдары Алматы коммерциялық тех­ни­кумының «Заттар­ды сараптау және азық-түлік заттарын сатуды ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алды. Шындығында ол өте еңбекқор еді. Уақытты босқа өткізгенді, көп ұйықтағанды, бос жүргенді жаны қаламайтын. Бала кезінен ағаш бетіне түрлі суреттерді салып, өз-өзін дамытуға мән беретін. Сол оқушы кезінде жасағаны өз үйінде әлі сақтаулы тұр. Ойынан түрлі заттардың дизайнын ойлап тауып, соны жасағанша тыным таппайтын. Кәсіпкерлікті қолға алғаннан кейін, темірден дарбаза, арба, гүл қоятын оюлы сөре, әткеншек, бассейн тағысын тағы үй тұрмысына қажетті заттаржы жездем Абылай екеуі жасайтын. Тіпті ауыл адамдарына оңай болсын деп, машина үстіне монша орнатып, тапсырыс бергендерге қызмет ететін. Ол мақтанғанды ұнатпайтын. «Мына тірлігіңді елге насихатта, қанша адамды жұмыспен қамтып отырсың.Тынымсыз еңбектенесің. Жастар үлгі алсын. Газетке жазайын»,– десем, «Қой, «Елдің көзі сыншы» демей ме? Халықтың разылығы да жетеді. Маған одан артық ештеңе керек емес», – дейтін еді-ау ағам.
Мараттың кәсіпкерлік жасауына жол ашып, бағыт-бағдар беріп отыратын Есенғали Кенжеғұлов ағамның еңбегі ерекше. Ол кісі өте сауатты, білімді, шаруашылыққа епті кісі еді. Алматыдағы ауылшаруашылығы институтын бітіріп, кезінде совхозда белді қызмет жасаған. Ол кісінің тереңге көз тастап, болашақты болжайтын сарабдал идеялары біздің жақсы азамат болып қалыптасуымызға жол сілтеді. Өзінің артынан ерген бауыры Мараттың тиянақты екеніне сенген болуы керек, жастайынан кәсіпкерлікке баулыды. Марат сол сенімді ақтады. Елге жасаған жақсылықтары да баршылық. Кейде бұзылып келе жатқан ауыр жүк көліктерінен автотұраққа ақы алмай-ақ, жөндеуіне де көмектесіп жүретін. Сол автотұраққа Түркия мен Қызғызстанның арасына қатынап жүрген жүк көлігі бірде бұзылып келеді. Ол Шымкент, Қызылорда қалаларынан машина ұстасын сұрастырып, шақырып, жөндетіп жібереді. Ана кісілер риза болып, алғысын жаудырып кетеді. Сол кезден бастап жүк көлігін айдаған екі түрік азаматы Мараттың автотұрағына келетін болды. Және «Осы жердің ауасы таза, масасы жоқ. Қызметі жақсы», – деп таңдана айтатыны есімізде. Марат та: «Кейін бір жолым түссе Түркияға іздеп барамын, туысымдай болып қалды. Өзге ұлт болғандарымен, сондай мейірімді, адал, шыншыл кісілер екен», – дегені әлі есімді.

Қайырымдылық – асыл қасиет
Мұқтаж отбасыларына жәрдемін аямай, үнемі көпшілдігімен елдің көңілінде қалған бауырымның артында игі істер көп-ақ. Айтар болсам, Талап ауылына бұрылыстағы аялдаманы өз қаржысына істеп берді. Бір соғыс ардагерінің үйін жөндеуге қаржылай көмек берді. Әрі осындай жомарттығын жаһанға жар салуды құп көрмей, қайырымдылықтың ізгілік жолын байқатты. Ал, өз бауырлары мен қарындастарына саялы ағаштай, көп көмек көрсетті. Қаржылай да, рухани да қолдап, көмек қолын созып, бір көтеріп тастайтын. Ақ пейілді ағаның ағайынға, досқа деген құрметі ерекше болды. Оның берекеге толы шаңырағында талай белгілі тұлғалар батасын беріп, дәм татып еді. Гүлнұр жеңгеміз де қонақжайлығы мен көпшілдігімен құрметі артты. Атап айтсам, Қазақстан Діни Басқармасының бас мүфтиі болған Әбсаттар Дербісәлиев, Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев, Сенат депутаты болған Ә.Бакиров, бірнеше облыстың әкімі болған жерлесіміз Бердібек Сапарбаев т.б. беделді тұлғалар жиі жүздесетін еді.
Осындай керемет ағамызға арқа сүйеп өстік. Адалдық пен адамгершілік, кішіпейілділік, ағайынға құрмет пен бауырмалдық өн бойынан табылған ағамның келмес сапарға аттанғанына сене алмай, әлі күнге жүрегім қан жылайды. Талай шөлдеген жолаушының сусынын қандырып, өзегі талғанға асын беріп, қолынан келгенінше елге қызмет жасады. Оған да шүкіршілік. Дегенмен жасаймын дегенін жасай алмай арманда кеткені арқамызға батады. Артында алты бала мен жары қалды. Аллаға шүкір, балалары тату, ақылды. Мектептегі ұлы мен қызы үздік оқиды. Бір келін түсірді, бір қыз ұзатты. Ал үлкендерінің бәрін оқытты.Үш немересі бар. Қазіргі уақытта үлкен ұлы Ғабидин Маратұлы әкесінен алған үлгісін жалғастыруда.
Кәсіпкерлік кешені туралы сөз өрбітсем, 1992-1993 жылдары жол бойы жолаушыларына қызмет көрсету бойынша кәсіпкерлікті қолға алды. Қазіргі Батыс Европа-Батыс Қытай автожолының бойында жолаушыларға тамақ-шай ұйымдастыру үшін шайхана жұмысын бастады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойындағы Талап аулына бұрылыста орналасқан Марат ашқан кәсіпкерлік орны бүгінге жолаушыларға үздіксіз қызмет жасап келеді. Алғаш 1993-1994 жылдары 20 орындық дәмхана және автокөлік доңғалағын жамау, дәнекерлеу шебер­ханасы ашылды. 1997-1998 жылдары май құю бекеті қолға алынды. Кәсіпкерліктің алғашқы 5-6 жылын отбасымен атқарды. Бұл жерде әпкесі Алмагүл мен жездесі Арыстанбеков Абылайлардың ерекше еңбегін атап өтпеске болмайды. Бауырға деген құрмет пен кішіпейілділікті ту ете білген ағайындылар кәсіпкерліктің алғашқы кезінде біраз қиыншылықты да көрді. Қолмен атқарылатын жұмыстар, таңнан кешке дейін жалғасқан тынымсыз еңбек түн жарымы ауғанша жалғасатын. Жолаушылардың көңілінен шығу үшін бар күш-жігерін жұмасаған олардың еңбегі еш кетпеді. 2009 жылдан бастап кәсіпкерліктің көлемін ұлғайтып, бұрынғы дәмхана орнына «Айнұр» кафесін тұрғызды.

Кәсіп – көптің несібесі
Қазіргі уақытта жүк көліктеріне арналған 60 орындық автотұрақ жасалған. Оған қоса көлік жуу орны, 12 орындық жазғы душ алаңы, көлемі үлкейтілген автошеберхана салынды. Кішігірім автобөлшектер сатылу қолға алынды. Ал кафе сыртында 80 адамға арналған арнайы жабдықталған арнайы тамақтандыру орны салынды. Осы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ет-сүт өнімдерін дайындайтын арнайы шаруа қожалығы құрылып, қазіргі таңда жолаушыларды таза отандық тамақ өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.Сондай-ақ жақын маңдағы ауыл тұрғындарынан 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Айнұр» кафесі бүгінде айнала-ауылдың қонақ күтетін дәмхана халыққа қызмет ету жағынан маманданған орынға айналған. Бір әулеттің бар-жоғын түгендеп, басшылық жасап, әулетіне ұйытқы, үлгі бола білген Басқожаев Марат Әйбешұлы тағдырдың жазуымен өмірден озып кетті. Өте еңбекқор, ағайынға мейірімді, айналасына қамқор, биік адамгершіліктің асқақ бейнесін танытқан аға бейнесі есімізде мәңгі сақталады.
«Айнұр» кафесі қасынан «Талап ауылына қарай «Таза су» бағдарламасы бойынша ауыз су магистралі және газ жүйесі өтуде. Алайда тұрмысқа қажетті су мен газды қосуға бетбұрыс жасаса, сервистік орталықтың қызмет ету мүмкіндігі артып, дами түсуші еді. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында үкімет тарапынан осы мәселеге көмек болса деген ұсынысымыз бар.

Роза Басқожаева
17 ақпан 2021 ж. 809 0