№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ерлікке тағзым – елдік міндет

Ерлікке тағзым – елдік міндет

Биыл 15 ақпан күні Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толды. Бұл күні Жаңақорған ауданының Ауған соғысына қатысқан ардагерлері тосын сыйдың куәсі болды. Нақтылап айтқанда, 1979-1989 жылдар аралығында Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлердің ерлік жолын баяндайтын «Борыш» атты кітап жарық көріп, оқырман қолына тиді.


Ерлік ескірмейді, десек те дәуір парақтарымен бірге тарихтың қой­науында қалып бара жатқан қасіретті жылдар елесін сол оқиғаның өз куәгерлері, жорық жолдарында қан кешіп келген майдангерлер естелігімен ел жадында жаңғыртудың маңызы айрықша. Осындай тағылымды міндетті өз мойнына алып, мәресіне жеткізген туған топырағымыздың перзенті, Қызыл­орла облыстық мәслихатының депу­таты Ысқақ Жанкелді Ойшыұлының бұл азаматтығын бүгіннің ғана емес, болашақтың да игілігіне бағытталған құнды жәдігер деуге болады.
500 беттен тұратын энциклопедия­лық мазмұнда құрастырылған жинақ Ауған соғысындағы Кеңес үкіметі басшылығының ұстанған саясаты мен халықаралық сахнадағы сипатын жан-жақты ашып көрсететін хронологиялық деректі құжаттар тізбесінен бөлек соғыс сойқанын бастан кешкен сайыпқыран тұлғалар – Халық қаҺарманы Бақыт­жан Ертаевтан бастап қатардағы жауынгерлердің жорық жолдарынан сыр шертеді.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі бұдан бір апта бұрын Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада өтті. Шараны ашқан облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов аталмыш кітаптың тарихи да, тәрбиелік те, тәлімгерлік те маңыздылығымен қоса өлке руханиятына қосылған құнды жәдігер екендігіне ерекше тоқталып, жоғары бағасын берген болатын.
Жұма күні аудандық Мәдениет үйінде өткен «Ер есімі – ел есінде» атты Ауған ардагерлерінің мерекесіне орай арнайы ұйымдастырылған шара барысында аталмыш кітаптың туған жеріміздегі тұсаукесері жалғасын тауып, салтанатты түрде лентасы қиылды.
Ерлікті дәріптеген елдік шараға екпін берген аудан мәдениет майталмандары сахна төрінде киелі қарасөздің құдіретімен талайына бұйырған қасіретті тағдырды тал мойынмен көтеріп тауаны қайтпаған қайсар жандарға жалын сөз арнап тақпақтатқанда қарлығаш рух қапалы кеуделерді қайта жігеріне мінгізгендей ойлы жанарларда отты жарқыл ойнады. Кеудесінде намыс кернеген, есесін ешкімге бермеген қазақ сол бір сын сәтте де міндетіне мін, Отан алдындағы берген сертіне сын жуытпапты
Шараны ашқан аудан әкімі Руслан Рүстемовтің құттықтау лебізі төмендегіше сабақталды:
– Тарих – уақыт таразысы. Адам­затты қан қақсатқан қасіретті оқи­ғалардың 20 ғасырдағы тізбегінде Ауған соғысының өзіндік ауыртпалығы аз емес. Осы соғысқа 22 мың қазақстандық аттанса, облысымыздан 827 жауынгер қатысып, оның 18-і жат жерде қаза тапты. Ауданымыздан аттанған азаматтар қатарында Мұхтар Нарымбетов бауырымыз май­дан даласында мерт болды. Туған жерімізден азаматтық борышын атқар­маққа аттанған жауынгерлердің күні бүгінге дейін жүрегін сыздатып, жан жарасына айналған қанды қасап қарапайымдылық пен қаҺармандықтың ажал аузында айнымас антқа айналып, біртұтас құдыретті қағидаға айналып кете барар күш-қуатының мысалындай көз алдарынан кеткен емес. Бұл бабаларымыздан мұра болып келе жатқан ерлік пен елдіктің жалғасы. Батырлықтың қарапайым үлгісі тұсауды сақтау боп саналады. Тұсау атын сақтайды, ат ерді сақтайды, ер елді сақтайды.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран. Осы ұлы міндетті абыроймен атқарып, жауынгерлік борышқа адалдық танытқан әрбір азаматтың келешек ұрпаққа ұлағатты өнеге, шынайы тағдырымен ұқтырып тұрған тар жол, тайғақ кешу жолдарын дәріптейтін тарихи құжаттарды жинақтап, одан соң жарық көруіне тер төгіп, тікелей демеуші бола білген руханият жанашыры, халық қалаулысы, ҚР Құрмет орденінің иегері Ойшыұлы Жанкелді ағамызға Жаңақорған халқы атынан зор ризашылығымды жеткіземін.
Салтанатты шара барысында аудан басшысы бірнеше азаматтарға мерекелік марапаттарды табыс етті.
Атап айтқанда, Ысқақ Жанкелді Ойшыұлы Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» орденімен мара­патталды. «Авганская слава» орденімен: Мұстияров Тұтқабай Елеуұлы, Сайфназаров Аюпхан Махамадұлы, «Отан патриоты» төсбелгісімен Әбла­кимов Қуаныш Мұсаұлы, Сегізбаев Фазылбек Ақтөреұлы, Аюпов Жақсылық Тұрғанбекұлы, «Қазақстан патриоты» төсбелгісімен Аманов Кенжебек Исаұлы, Шалкеев Низамуддин Сантайұлы, Жетпісбаев Пардабай Махамбетқазиұлы, «Ауған ардагері» төсбелгісімен Әбшенов Әбдірашид Асанұлы, «10 жылдық» төсбелгісімен Нұрымбетов Қайрат Қайбуллаұлы, Қадіров Әділдің анасы – Қадірова Күләш Шаназарқызы, Әбдукәримов Қабланбектің жары – Қасымова Алтынкүл Ергешқызы, Сыздықов Үсекеннің жары – Сәрсенова Тамара Заманханқызы, Қадыров Әділ­дің жары – Шәймерденова Элмира Әбдіжаппарқызы марапатталды. Сон­дай-ақ, «Борыш» кітабының жарық кө­руі­не атсалысқан Үсейінова Баян Әләудинқызына арнайы аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Келесі сәтте сахна төріне көтерілген аудандық ардагерлер кеңесінің құрметті төрағасы Зинабдин Шермұхамедов жиналғандар алдында ақсақалдық ақ батасын берді. «Жаңақорған аудандық Ауған соғысы ардагерлері және патриот жастар» қоғамдық бірлестіігінің төрағасы Қуаныш Абилакимов өздері көп жыл армандап келген тарихи кітаптың жарық көруіне қамқорлық танытқан тұлғалы азамат – Жангелді Ойшыұлына ауған соғысы ардагерлері және олардың отбасы атынан үлкен рахметін жеткізіп, иығына шапан жапты
Мәдени шара соңы аудан мәдениет қызметкерлерінің концертіне жалғасты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
16 ақпан 2021 ж. 708 0