№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әлшекейдің елге әйгілі күйлері

Әлшекейдің елге әйгілі күйлері

Қазақ Совет Энциклопедиясының 6-том 154- бетінде: «18-19 ғасырларда өмір сүрген  Абыл, Әлшекей, Әлкей, Байжұма, Дәулеткерей, Дина, Жантөре, Қазанғап, Құрманғазы, Сүгір, Тәттімбет, Түргеш, Ықылас сынды халықтың әйгілі күйші- композиторлары қазақтың ұлттық күй мәдениетінің жан-жақты өсіп, өркендеуіне мол үлес қосты. Бұлардың үздік күйшілік өнері атадан балаға мирас болып, халықтың рухани қазынасына айналды» деген жолдар бар.
Қазіргі күні де қазақ десе күй өнері қатар аталады. Халықтық өнерді көздің қарашығындай сақтау- келер ұрпақтың да басты міндетіне айналуы тиіс.
Осыдан 40-45 жылдай бұрын алғашқы магнитофонды көрдік. Қосдөңгелекті таспаға микрофон арқылы жазылады. Әлі есімде, үйге қонақтар келіп, таң атқанша ән айтып, күй тартылды. Кейін ойласам, сол кісілер әр саланың адамдары, бірақ бәрі өнерден құралақан емес. Бірі домбырамен ән шырқаса, бірі күй төгілдірді. Сол кісілердің бірі журналист, қаламгер Үсен Әбшенов ағамыз еді. Ол кісі 1990 жылы шілденің жиырма үшінде қырық сегіз жасында кенеттен қайтыс болды. Соңында әлі буыны қатып үлгермеген 4 перзенті қалды. Өмірден ерте кеткен қарымды қалам иесі Үсен Әбшенұлының соңында кейінгі ұрпаққа мұра болып өнегелі әңгіме, хикаяттары, күйлері мен журналисттік жазбалары қалды.
Ертеңіне біз магнитофондықосып, түнде үйде болғанқонақтардың әндері мен күйлеріне таңқалдық. Қазанғаптың күйі «Көкіл», Әлшекейдің күйі « Толқын», сол күннен біздің сәби санамызда әрбір нәп- нәзік иірімдеріне дейін берік сақталып қалғаны сондай өзіміз де оны домбыраға салып, меңгеріп өстік.
Үсен ағаның есімі бізге сол кезден таныс еді. Кейін келе ол кісімен аз ғана уақыт болса да бірге жұмыс атқардық. Ол кісі аудандық газетте жауапты хатшы болып істеді. Ол түрлі жанрда қалам тартты. Соның ішінде өнер тақырыбына кең құлаш сермеп, еркін көсілетін. Өйткені ол өнерді түсінетін. Өзі терең білетін тақырыпты зерттеп, зерделеп, кейінгіге қымбат та қастерлі мұра тастап кетті деуімізге болады. Ол Жаңақорғанда Әлшекей деген күйшінің өткендігін, бірақ оның күйлерін топтастыруды, жинақтап нотаға түсіруді ешкімнің қолға алмай отырғанын жоғары жақтың қаперіне салуды да ұмытпады.  Өзі де қарап отырмай күйшінің шығармаларының табиғатына ден қойып, шама-шарқынша талдап, материалдар жаза бастады.
Әлшекей шығармаларына зер сала қарасаңыз-деп жазды ол,- оларда әлеуметтік сипат басым жатады. Айталық, «Толқын» күйінде суреттелетін музыкалық көріністер дария толқынын көз алдыңа елестеткенімен, ондағы айтылатын философиялық түйін өмір толқынын меңзейді. Ал «Шерлі» күйі атынан белгілі болып тұрғанындай, бай есігіндегі жалшылықта өмір сүрген, қойын баққан, өмірі өксумен, жылаумен өткен жалшы бала-Әлшекей өмірінің ең бір аянышты кезеңін суреттейді. Осы «Шерлі» күйі туралы Дүйсен Мелдебеков деген қария былай жеткізген екен: «Мен Әлшекейді «Саразым» деген жерде бірге отырғанда көрдім. Палуан денелі адам еді. Күйшінің әйелі Нәлше біздің қыз апамыз болатын. Сондықтан да етене араласып тұрдық. Біздің түп атамыз Бекмырза Әлшекейдің күйін жете үйреніп бақты. Осы Бекмырзадан Әбдіқадыр інім үйреніп, ел ішіне таратты.» деген ол Әлшекейдің бірнеше күйлерінің шығу тарихымен таныстырды.
 
«Жіп жүгіру» күйі
Ел Түркістан базарына жылына екі ет қатынайды екен.   Бірінде қыс азығын, бірінде жаз қажетін алу үшін.  Бірде күйші базарлап қайтып келе жатып, жолай бір байдың үйіне түседі. Бай қызы өрмек тоқып отырған күйі қозғалмай, қонақтарға дәстүр бойынша құрмет көрсетіп, төрге шығаруды білмейді. Елемеген сыңай танытқан бойжеткеннің қылығы күйшіге ұнамайды. Керегеге ілулі тұрған домбыраны алып, төкпе күйді тарта жөнеледі. Төпелеген күй шегіне жетіп, әуелеген тұста қыз өрмектен құлап түсіп ізет қылады. Келген кісінің тегін емесін білген үй иесі кәде сый жасап аттандырыпты.
«Терісқақпай» күйі
«Терісқақпайдың» мазмұнына зер салсаңыз, кешегі қапас заманға лағнет айтып, болашақтан үміт күткен бір үнді аңғарасыз. Әлшекей күйінің шырқау биігі – «Шерлі» емес, осы күй тәрізді.
«Сыңсу» күйі
Кешегі зарлы заманда бір шалға малы үшін сатылып кете барған бойжеткеннің сыңсуы – Әлшекейдің «Сыңсуында» айнақатесіз шер төгіп, естіген жанның төбе-құйқасын шымырлатарына әркім-ақ куә. Осы тұста «Қандыарал» елді мекенінің өкпе тұсында «Шекер қащқан» деп аталатын жердің тарихи атауымен да осы күй астарласып тұрған тәрізді. Шекер деген қыз өзін атастырған шалдан қашып жүріп, осы құмда адасып, опат болған екен.
«Шалқыма» күйі
Ал «Шалқыма» күйінде шалқып-төгілегн ғажап сурет бар. Ерте көктемде жайлауға көшкен ұзын көштің сән-салтанаты, тай-құлындай тебіскен құрбы-құрдастың күлкісі, жеңге мен қайын әзілі, бойжеткен назы, қысты артқа тастаған мезгілдің жазы елестейді.
Естіген кісінің құлағының құрышын қандырар қанық бояулы, күмбірі терең, үні аяулы Әлшекей күйлерінің қай-қайсысы да тыңдарман жанына өте жақын. Әрбірі әлдеқандай тарихи оқиғаларға байланыс­ты өнер иесінің жүрегін жарып шыққан шынайылығымен қымбат.
Әлшекейдің есімі мен мұрасын мәңгі есте қалдыру мақсатында өткен ғасырдың соңын ала «Талап», кеңшарында «Әлшекей атындағы» ұлт-аспаптар ансамблі құрылған еді. Ол көп өтпей тарап кетті. Бүгінде аудан орталығында Әлшекей атындағы өнер мектебі жұмыс атқарады. Әлшекей мұрасын қайта тірілту жөніндегі бар жауапкершілік те осы ұжымның мойнына артылып отыр. Ал бұл елдік мәселе.
Гүлнар АБДИШЕВА,
Әлшекей атындағы өнер мектебінің,
домбыра сыныбының мұғалімі,
домбыра бөлімінің жетекшісі
09 ақпан 2021 ж. 819 0