№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бала ақынның байламы

Бала ақынның байламы

Манап Көкеновтің кіндік қаны тамған киелі топырақта ақындардың шықпауы мүмкін емес. Киелі өнерді дәріптеп, Манап ақынның дара жолын жалғап, жыр додада жүйрік екенін байқатып жүрген жас ақындардың есімдері ел аузына іліге бастады. Айтыс өнері бойына құт болып қонған Ринат Тасмағанбеттің ақындық жолындағы алғашқы қадамына қарап, болашағына үлкен үмітпен қарадық.

Ақындық текпен келетін қасиет. Құдай көмейге сөз салмаса, сөз бәйгесінде дараланып, көптің көңіліндегі сөзді тауып айту қиын. Біздің кейіпкеріміз Талап бекетінде көп балалы отбасында туған. Жеті перзенттің екіншісі. Оның есімін Ринат Зайытовтың құрметіне қойыпты. Ондағысы сөз жүйрігі болсын деген ниет ғой! Ата-анасының осы тілеуін Ринат шындыққа айналдырып келеді.
–Айтыс – халықтың қазы­насы. Ақын­­дық киелі өнер. Сондықтан бо­лар, айтысты үзбей көріп, оның жылдан жылға дамып келе жатқанына дән ризамын. Мен үшін Ринат Зайытовтың айтыскерлігіне жетерлік ақын жоқ. Ол үнемі халықтың мұң-мұқтажын, мен қарекет-қамын ашып айтады. Сонысымен қадірі биік. Осы деңгейде өз балаларымды көргім келеді, – деді әкесі Сәбит Ахантаев.
Ринатқа ақындық қасиет әкесінен дарыған. Әкесі жас кезінде талай жыр додада топ жарған ақын еді. Жолдастары мен туыстарының арасында шығарған өлеңдерін айтып, тамаша кеш сыйлайтыны бар. Ал, әкесіне нағашыларынан дарыған-ды. Әжесі Қаламқас Байымбетова қара ұйқасқа шебер болса, нағашы атасы Мұқан Байымбетов Ұлы Отан соғысының ардагері, ақындығымен танымал еді. Міне, «жігіттің жақсы болуы нағашыдан» дегендей Ринаттың түп нағашылары ақындық өнерді ұстаған жандар болса, Ринат осы ақындықты дамытуға бел буған екен.
Дарынды ұл 4-сынып оқып жүргенінде алғаш рет аудандық жасөспірімдер айтысында бақ сынады. «Біссіміллә, бастадым сөздің басын» деп сөз бастауынан-ақ, шабыты шалқар екенін байқатты. Алғашқы додасын-ақ, болашағы мықты ақын болатынын көрсетіп, «Алғыс хат» иеленді. Осыдан соң, оның айтысуға деген талпынысы бекіп, кіл мықтылармен сөз жарыстырып жүр.
Алтын домбыраның үш мәрте жеңімпазы Мұхтар Ниязов ауданға арнайы келгенде Мұхаммедәлі мен Ринаттың тартысты айтысын көрген еді.
– Біссіміллә, бастадым сөздің басын,
Айтатын сөзімізді ел тыңдасын.
Ағамыз ат шаптырып келген кезде,
Қалайша манаптықтар сайрамасын?! – деп жырлаған ақын баланың ақ жүрегінен қалай айналмайсың? Тілінен бал тамған баланың ойы жүйелі, сөзі салмақты. Домбырасын қағып-қағып, сөзін жүректен суырып, жүрекке жеткізеді. Бесінші сыныпта оқитын жас баланың жолын байламай, жол көрсетер жан болса алған бағытынан таймайтыны анық.
Сөз саптауды саралап, талантын даралап жүрген Ринат Тасмағанбет:
– Домбыраны жетік меңгермесем де, айтысуды жаным қалайды. Әкем маған, ең оңай қағысты көрсетті. Сонымен, сахнаға шығып бақ сынап жүрмін. Алдағы уақытта мақамдарды меңгеріп, ырғақтарды үйренуді мақсат етудемін. Түбі, Ринат Зайытовтай үлкен айтыскер боламын. Бұл менің арманым! – деді бізге берген сұхбатында.
Сынып жетекшісі Гүлсана Бексұлтанова дарынды баланың сабақ үлгерімі мен тәртібі жақсы, сыныпта озат оқушы екенін айтады. Әдебиет пәнін ерекше ықыласпен оқитынын, айтыс көрсе соны тыңдауды ұнататынын айтты. Мектеп ұжымы жас ақынның алғашқы жетістігімен мақтанатынын, әрі қолдайтынын жеткізді. Талапты жастың талай биікті бағындырып, ел игілігі жолында жалындай беретініне біз де үміт арттық.

Гүлнар ӘБДІШЕВА
09 ақпан 2021 ж. 920 0