№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Еңбек шыңға шығарады

Еңбек шыңға шығарады

Еңбек шыңға шығарады

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың жолын жалғаған жаңақорғандық диқан Арапбек Әбиев 80 жасқа келді. Жақында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалова қабылдап, еңбек адамына ізет көрсетті. Біз де еңбегімен даңқы шыққан жерлесімізді мақалаға арқау етіп, тағылымды сұхбат құруды жөн санадық.
– Мен соғыс уақытында өмірге келген адаммын. Еңбек жолым соғыстан кейінгі қиын жылдары басталды. Еңбекке ерте араласып, жер тырмаладық, масақ тердік, орақ ордық. Ол кездері күріш өсірудің қиындығы бір бөлек әңгіме.
Күріш дегенің бала секілді күтім сұрайды. Себебі, күріш сусыз жерде өспейді. Қалай десеңіз, оның дәні себілген бойда су салынады. Ол шамамен 20-25 сантиметр деңгейде болуы шарт. Дақыл бітік шығу үшін отақ шөптен тазарту керек. Тіпті, күрішпен сөйлесіп, сырын ұғуға тура келеді, – деп күріш егудің қиындығы жөнінде сөз бастады даңқты диқан.
Сұрақты төтесінен қойып, Еңбек ері қалай атанғанын сұрадық. Себебі, осы сұрақ бізде қатты қызықтырды.
– 1975 жылы күріштің гектарына 120 центнерден өнім жинағаным үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді, – деді байсалды қалпынан айнамаған ақсақал.
– Қай жылдары кепкенмен дос болдыңыз?
– 1966-1977 жылдары күрішші болдым. Ал, 1978-1994 жылдары күріш бригадасын басқардым. 1994-1997 жылдары кеңшар директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Жалпы, қолыма кепкен ұстаған жылдары (он жылдан астам) күріштің гектарына 100 центнерден өнім жинаушы едім. 
– Уақыт озған сайын адамның өмір сүру дағдысымен бірге құндылықтары өзгеріп жатады. Сіз кешегі мен бүгінгіні қалай саралайсыз?
–  ХХІ ғасыр технологияның заманы. Кім озық техникаға ие, сол өнімді жұмыс жасайды, өркендейді, өрлейді. Мәселен, біз жерді тегістейтін техниканы көрдік пе? Жылдамдығы жоғары комбайндар болды ма? Әрине, мұндай технологиямен жоғары өнім алуға мүмкіндік мол. Дегенмен, қол еңбегіне басымдық берген біздің заманда өнімнің сапасы мен көлемінен еш қалысқан жоқпыз. Оны көріп те, естіп те жүрміз.
– Мұның сыры неде?
– Біз дақылдың бабын тауып, баламыздай мәпелеп, күтетін едік. Күнделікті әрбір атызды бақылап, күріштің күйін көретінбіз. Ал, қазір кейбір диқандар күндіз-түні күріштің басында болмақ түгілі, аптасына бір рет төбе көрсете ме? Сосын агротехникалық ережелерді дұрыс орындаудың маңызы зор. Яғни күзгі зияптан бастап, минералды тыңайтқыштарды беру, уақытылы жинау да әсер етеді. Егер дақылдың піскен уақытында орақ салмасаңыз, шашып-төгіп аласыз. Гектарына 50 центнер өнімнің орнына 30-35-ден жинайсыз...  
– Бүгінде Сырдария, Жалағаш ауданы күріштің гектарынан 70-80 центнерден өнім алуға дағдыланған. Ал, Жаңақорған мұндай жетістікпен мақтана алмайды. Неге?
– Елбасы шағын шаруа қожалықтарды кооперативтерге біріктіруге басымдық беруде. Себебі, көптің ісі берекелі әрі өнімді болады. Бізде техникасы қауқарлы, кәсіби білікті агрономдары бар кооперативтер құру керек-ақ.
Екіншісі, өнімділігі жоғары күріштің тұқымдарын аудандастырудан қорықпау қажет. Үшіншісі, ғылыммен байланыс орнатып, инновациялық тың тәсілдерді пайдалансақ ұтатынымыз көп.
– Жақында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қабылдауында болдыңыз? Бұл сізге деген үлкен құрмет қой, қалай қабылдадыңыз?
– Әрине, еңбегімізді елеп, марапаттап жатқанына қуанамыз. Кезінде ауылшаруашылығы саласының дамуына қосқан үлесім үшін Социалистік Еңбек ері атағын және Бүкілодақтық ауыл шаруашылық жетістіктері көрмесінің күміс және алтын медальдарымен марапаттады. Еңбектің еленгені адамға үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Мадақ пен марапатқа ие болсаң, шынымен де атқарған ісіңнің нәтижелі болғаны да. Адам үшін халықтың алғысына бөленуден асқан бақыт бар ма?!
– Ел арасында «Қазақты еңбектен ажырап қалды» деген сөздер жиі айтыла бастады. Өзіңіздей ақсақалдың айтары аз болмаса керек-ті.
– Бұл сөзге келісемін. Қазір қара жұмыстан гөрі, қолды қалтаға салып жүретіндердің заманы болды ғой. «Алма піс, аузыма түс» деп жата беруге болмайды. Ешқашан еңбектен қашпау керек. Тек  талпынып, алға ұмтылу керек. Қазір жастардан байқайтыным, «дипломым жоқ» деп сылтауратып жатады. Әй, қарағым-ау, біздің уақытымызда дипломмен жұмысқа тұратындар өте аз болатын. Әркім қолынан келетін іспен айналысып, әйтеуір күнделікті нәпақасын табатын. Сондықтан да, жұмыс істеймін деген адамға қай жерде болса да, жұмыс табылады. Ең бастысы адамда ынта болу керек.
– Атаққа қызыққан сәтіңіз болды ма?
– Айналайын, қызым-ау осы уақытқа дейін атаққа, шенге, таққа ешқашан да қызыққан емеспін. Ешкімнен марапат, мақтау сұрағаным жоқ. Мен марапат үшін емес, еліміздің дамуы үшін, халықтың қарнының тоқтығы үшін еңбек еттім. Атаққа таласатын жандарға жаным ашиды. Олар әр істеген ісінен мақтау күтеді. Алғыс айтса, қуанышын көпке дейін жасыра алмайды. Мен олай күлкілі болып өмір сүргім келмейді. Адымы кең адам – атаққұмар келеді. Елдің өзіне тамсанып, таңырқап жүргенін тәуір көреді, қалайда көзге түсуге, назар аударуға құмар.
– Айтыңызшы, өмірде көргеніңіз көп адамсыз ғой. Қандай адамды құрметтейсіз?
– Бойында намысы бар, ары бар адамды құрметтеймін.  Кез-келген істе, әрекетте, сөзде өзінің адалдығын яғни адамшылық мүддесін жоғары қоя білгені жөн ғой. Ең бастысы таза ниет, бағалы қасиет, адамның сана-сезімі мен ар ұжданы жоғары болса, одан жамандық шықпайды.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әсел РЗАЕВА
06 ақпан 2021 ж. 690 0