№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Атаның сөзі – ақылдың көзі

Атаның сөзі – ақылдың көзі


Аттай алпыс жыл қаламын қолынан тастамай қоғамның өсіп-өркендеуіне, адамдарымызды елдік рухта тәрбиелеуде, азаматтыққа үндеп, жақсылыққа жетелеуде сөз өнерін жалау етіп, жасампаз еңбегімен үлес қосып кеткен қаламгер Айдархан Бибасаровты туған жердегі шығармашылық өкілдерінен бөлекше айқындап тұратын бір ерекшелік бар. Ол – жазушының бітім-болмысымен бірігіп кеткен шешендік, шежірешілдік қасиеті.
Қазақтың атақты әулие-ғұламасы МәшҺүр Жүсіп Көпеев былай деген екен: «Естігенін ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан ауызға алып айтуымен үлгі-өсиет қалдырған».
Міне, осындай құйма құлақ қасиетімен бала кезінен қариялардың сөзін қастер тұтып, жадына тоқып өскен жас талап бойына біткен сөз өнерін қару етіп, сол естігендерінің барлығын ақ қағаз бетіне өрнектеп жазып отырудан жалықпапты.


Айдархан Бибасарұлы 1937 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы қазіргі Қожамберді ауылында дүниеге келген. Бастапқы еңбек жолын «Қандыарал» колхозында бастаған ол кейінірек білім жолында Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіреді. Содан соң туған елге оралып, Жаңақорған, Шиелі аудандық газеттерінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарады. 1985 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін он бес жыл бойы Жаңақорған аудандық газетінде редактор болып абыроймен жұмыс жасады. Айдархан Бибасарұлының табиғи тума таланты мен дарыны , парасат-пайымы мен игерген білім-тәжірибесі Қазақстанның тәуелсіздік алуынан кейінгі шығармашылығында айқын көрініс тапқандай. Қоңырат тайпасының бір ұрпағы – Құйысқансыз руының шежіресін тарқататын «Қожамберді батыр және оның ұрпақтары» (1995) , «Өмір – тіршілік жалғасып жатыр» (2013), Хақназар ханның тұсындағы Қазақ хандығының батыр қолбасшыларының бірі болған «Қожамберді батыр» (2015) және ата-қоныс Көкесене түбінде имандылық пен ғибадат үйін тұрғызған оның ұрпақтары жайлы « Қожамберді мешіті» (2009) , Төменарық өңірінен шыққан еңбек адамдарының өнегелі өмірінен сыр шертетін «Дала перзенттері» (2002) және «Өнегелі ғұмыр» (2008), қазан төңкерісіне дейін есімдері Сыр еліне кең танымал болған Құлан Алдабергенұлы мен Шәймен Дәрібайұлы ақындар туралы «Өмір-дәурен» (2009), қиын-қыстау замандардағы абыройлы әйелдердің бейнесін сомдаған «Бес ана – бес тағдыр» (2012), патша өкіметі тұсында болыстық қызмет атқарған аузы дуалы би Қалкөз Сіргебайұлы мен Алаштың ардақтысы Алдаберген Серқұлұлы туралы баяндайтын «Бәйтеректің қос бұтағы» (1999) атты жарық көрген кітаптар соның куәсі. Бұл еңбектердің әрқайсысынан көкірегі ояу, көзі қарақты оқырман халық даналығынан туған небір ғибратты да өнегелі сөздің үлгісін таба алады.
Кішкентайынан зерек болып өскен жастың кітапқа жақын болып өсуіне ең алдымен өз әкесі Бибасардың көп ықпалы болған екен. Әкесінің өтінішімен оның жанында отырып, көп хисса, дастандарды оқып беруді әдетке айналдырған ұланның өзінің де әдебиетке құүмарлығы ерекше артты. Бірде қолына ақын Әбділда Тәжібаевтың өлеңдер жинағы түсті. Онда : «Иілме жас, иімпаздар игенге, күштілерге сен де күш айт, именбе. Бүгін үйрен, жалаң аяқ шоқ басып, ертең өртке лақтырса да күймеуге» деген жалын сөздер мен Бұқар жырау айтқан «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген нақыл өсиеттерін оқи отырып, ақылда шек жоқ екен ғой, деген байламға келген. Оны табу үшін кітаптан қол үзбеу керек екен.
Айдархан Бибасаров 1990 жылдардан бастап шежіре жазуға кірісті. Өзінің ата-тегі жайлы ізденгендерге бұл еңбектердің үлкен пайдасы бар. Сыр бойының атақты батырларының бірі Қожамберді батыр туралы және осыдан екі ғасыр бұрын өмір сүрген Қожамберді ұрпақтарының бірі Мырзан би туралы кейінгігіе өлмес ескерткіш қалдырды.
Мырзан би Қоңыраттың Қожамберді руынан шыққан. Қызылқұм өңірінде туып өсіп, қазақтың үш жүзіне ғана емес, көршілес өзбек халқына да аты танымал болған, артына небір өнегелі сөз, тілек-бата, билік-төрелік үлгілерін қалдырған. Ол кезінде тарихи себептермен жан-жаққа бытырап кеткен құйысқансыз руының шежіресін жинап, қағазға түсірген. Қазақтың соңғы ханы Кенесарыға бата бергені туралы мәлімет бар. Оның рухани мұрасы ауызекі қалыпта ел ішінде сақталған, айтқан сөздері мен биліктері әртүрлі жазба деректерде де көп кездеседі. Бірақ би сөзінің бұрмаланып басқа біреулерге телініп айтылып жүрген тұстары да көп. Міне осы олқылықтың орнын толтырып, Мырзан би туралы жан-жақты зерттеп, оның сөзін жадына тоқыған көзі тірі ақсақалдарды аралап, айтқандарын қағазға түсіріп алуға құнттылық танытқан Айдекеңнің еңбегі құр кетпеді. «Мырзан би және оның шәкірттері» деп аталатын құнды еңбек осы сөзіміздің дәлелі. Ол қолжазбаның соңғы нүктесін қойып, Алматыдағы ұлы Әлімжанға және немересі Лаураға табыстап кетіпті. Бауыры, жазушы-ғалым Бақытжан Сатершиновтың сарапшылығымен кітаптың баспадан шыққанына да екі жылға жуықтады. Біздің бүгінгі мақсатымыз осы кітап туралы аз-кем оқырманға жеткізу.
ХVІ ғасырда өмір сүрген Хақназар ханның жүзбасы болған Қожамберді батыр ұлдарына: – Сендер шаңырағымның иесісіңдер, ұрпағымның ішінен сөз бастайтын шешен де, елге иелік ететін көсем де, қол бастайтын батыр да шығар, – деп айтқан екен. Жасынан әділдік пен шындықты ту етіп ұстаған Мырзан би Қоқан бектерінің елге жасаған қиянатын ханға жеткізбек болып Бұқара мен Қоқанға аттанып, Сыр бойындағы келеңсіз жайлардың бірде-бірін жасырмай жүйелеп айтып бергеніне қанағаттанған хан: Ел иесі әділ болмаса жердің үстінен асты жақсы деген. Біз қан төгуге құлықты емеспіз. Бірақ зұлымдық жасаған пенденің жазасыз кеткені дұрыс емес» – деп Түркістан бектеріне жағдайды тексертіп, жөнге салған екен. Сөйтіп Мырзанға қарап: Қазақ баба, Сыр бойы халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін Бұқара, Қоқан жұрты біле бермейді. Сол жақтан түскен арыз-шағымдардың әділ шешімін табу үшін сіздей парасатты ұлық адам керек, – деп өзіне кеңесші болуға ұсыныс тастапты. Мырзан би келіскен. Ел қамқоры болған осындай аяулы атамыздан ұрпақ қалмапты.
Мырзан би туралы көнекөз ақсақалдардың бірі Құрманбек қария жазушыға былай деп баяндайды: «Әкем Тұрымбет Көккесене, Сығанақ аймағында 1808 жылы дүниеге келіпті. Жастайынан зерек болған. Бозбаланың байыптылығын аңғарған Мырзан би бір келген сапарында Тұрымбетті өзімен бірге Арқа жеріне алып кетеді. Әкем сол жолы бимен бірге даңқы Сыр бойына жеткен Шорманның Мұсасының ордасында болыпты. Мырзан дастархан үстінде өзбек, қырғыз, қазақ, түркітектес халықтардың Ташкент, Бұқара, Қоқан, Үргенішті аралаған кезде көрген білген салт-дәстүрлерінен баяндайды. Үнемі ауыл-ел әңгімесінен аспайтыннан басқаны естімеген жұртшылық ауыз аша тыңдайды. Мұсаның даулы жерлерде топқа салар Сақау есімді білікті кісісі де сол жерде отыр екен. «Жүйрікке жүйрік кездессе аяғы тыпыр-тыпыр» дегендей ыңғайлы кезеңін күтіп, бір кезде астау-астау ет тартылып, жұрт асқа жапатармағай бет бұрғанда ғана аузына сөз тиіп: – Қоңыраттың биі, – депті даусын кекештене шығарып, құлағың шұнақ, құйрығың шолақ па? Тамақты жей бергенше сөйлеңіз. Бұл сөз шынбайына батса да сабыр сақтаған Мырзан асықпай отырып қолындағы жілігін астаудың шетіне ойып:
–Уа Шорманның биі, – депті даусын үй іш­ін­­дегілер тегіс естірдей айбарлы шығарып.
– Өзің ғана емес айтқаныңа көне бермейтін тілің де сақау екен. Ақылы келген асып сөйлейді, шамасына қарамай тасып сөйлейді. Байлық түбі бақыл, қазына түбі ақыл екенін білмейсің бе? Ешкі егіз туса да қойдан көп болмайтынына, ит сегіз туса да елден көп болмайтынына көзің жетпей жүр ме? Атадан алтау тусаң да бір жалғыздық бар, құлағым шұнақ болса сұңқар шығармын. Құйрығым шолақ болса тұлпар шығармын. Біздің жақта құйрығы ұзынды итке, құлағы ұзынды есекке теңейді. Дастархан үстінде етектен ала кеттің. Соған қарағанда сол екеуінің бірі боларсың. Кітапта әуелі тағам, сосын кәләм дегенді білмейді екенсің, құдайдың маған берейін десе баласы жоқ па, саған жіберейін десе бәлесі жоқ па?
Он екі қанат ақ орданың ішіндегі қошеметтеп отырғандар бидің мына сөзіне қайран қалыпты. Сақаудың үні өшіпті. Тамақ желініп болғаннан кейін Арқа жұрты биді құрметтеп шығарып салыпты.
Айдекең Мырзан би туралы ел арасында сақталған әңгіме мен деректерді жинау мақсатында мұнан әрі Бегімбеттің Сейітбегі, Күнтуғанның Дүйсенбісі, Салмырзаның Арыстанбегі, Сапардың Нұғманы сияқты көзі тірі ақсақалдарды жағалап, бидің бітім-болмысы мен атқарған қызметін ауызша айғақтар арқылы бекемдеуге тырысады. Мырзан бидің шынайы келбетін беріп қана қоймай сол заман мен қоғамның бейнесін де шынайы көз алдыңа әкеледі. Ұстаздың жолын жалғастырғандардың қатарында Құтпанбетұлы Нәлібай, Сіргебайұлы Қалкөз, Алдабергенұлы Серқұл, Тұрабайұлы Әбділда, Сіргебайұлы Нұржан сынды атақты би-болыстардың, сондай-ақ жаңа қоғамда ел басқарған атпал азаматтардың, атап айтқанда, Жантілесов Байгенже, Өткелбаев Өскенбайдың, Мәмбетұлы Кенжебектің, Шадиков Мәжиттің, Мырзан есімін ұлықтаған ғұлама жазушылардың, мұрагер азаматтар мен баба рухын биікке көтерген арулардың есімдері аталып, олардың жүргізген биліктері, ғибратты әңгімелері мен үлгі тұтарлық істері сөз болады. Әсіресе, даңқы шартарапқа тараған атақты Қалкөз би мен алаштың ардақтысы болған Серқұл Алдабергеновтің өмірі мен өнегесі туралы Айдархан Бибасарұлының екі қайтара басылып шыққан «Бәйтеректің қос бұтағы» атты кітапта кеңірек сипатталады.
Атақты биді ұстаз тұтып жолын жалғастырған Қожамберді ұрпақтары ішінде Шәймен сынды Қыр мен Сырға белгілі ақын шыққан. Қалдарбек Найманбайұлы осы бабаларының өлең жырларын, билік төреліктерін жастайынан бойына сіңіріп өскен. Бақыт Сарбалаев – қазақ қаламгерлерінің ішінде сын жанрының өрістеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген бірегей тұлға. Атасы Сарбала бір қауым елдің биі болған көрінеді. Әділ сөйлеу, шындықты айту Бақыттың бойына бабалардың қасиетінен дарыған. Ал, Сарбаланың бабасы Құтпамбет Мырзан бимен замандас болған екен. Ал танымал мәдениеттанушы, дінтанушы, философ Бақытжан Меңлібекұлы Сатершинов:
–Мені ғылым биігіне шығуыма талпын­дырған ауыл ақсақалдарынан естіген ойға толы, ақылға қонымды сөздері, – дейді.
Бабалар рухына тағзым ету ұрпақтар парызы. Мемлекет басшысының кешегі елге жариялаған жолдауында тарихты тірілтудің маңызы терең нақтыланды. Осы бағытта қаламгерлерімізге де артылар міндет жүгі ауыр.
Алдымызда аға ұстазымыз болып, мол тәлімін қалдырған Айдархан Бибасаровтың өнегесі біздер үшін таусылмас азық.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

13 қаңтар 2021 ж. 950 0