№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жебеп жүр бір періште жер бетінде

Жебеп жүр бір періште жер бетінде


Туған жеріміздің түлегі, сыршыл ақын Нұртас Исабаевтың жиырма бес жасқа да жетпей апатқа ұшырып, қол арбаға таңылғанын, бірақ қолынан қаламын тастамай өмірді сүйген, әрбір жарқырап атқан арайлы таңға тәу етіп, шексіз құштарлықпен басын иген ғажайып жырларымен өзгелерден биік тұрғанын екінің бірі мойындаса керек.


Тағдырдың сор өзегін сүйіспеншілік жасымен суарып, суымас махаббатпен нәрлендіріп, мәңгілік әлемге солмайтын гүл сыйлаған нәзік жанды лирик ақынның өмір жолы ғана емес, жүрегінен туған жырлары да өзгеше мұңды, өзгеше сырлы. Ақын жүрегіне сәуле жағып, алғы күнге ұмтылдырған нендей құдырет, нендей күш? Біз бүгін осы бір тылсым сырды өздеріңізбен бөліспекпіз, ойлы оқырман.

Қимаймын сені, басқаға жаным, қимаймын

Жасынан ақындық жолға түсіп, ар­ман қуған Нұртас Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет инсти­тутына оқуға түседі. Осы жерде өзімен бірге оқитын тұнық жанарлы тува қызы Еленаға көңілі ауған екен.
Адамның тағдыры аяқастынан өзге­руі бір- ақ сәтте екен. Елді бір көріп келмекке ауылға келген жігітіміз айран-асыр ата-анамен қауышып, сағынышы басылып болмай, келесі күні-ақ көлік апатына түсіп, ауруханадан бір-ақ шық­ты.
Ғашық жүректер осыны күні бұрын сезгендей, қоштасар күні қиыспай көп тұрған. «Қазақ қыздары тұрғанда мені ұмытасың ғой» деген уайымын да жасырмаған Елена сүйгенінің кешік­кеніне қамығып, Алматыдағы Нұртас­тың ағасының үйіне телефон соққан. Жағдайды сонда білді. Алға­шында облыстық ауруханаға түскен Нұртас Қарағандыдағы ауруханаға ауысып, күр­делі ота жасалғанымен ор­ны­нан тұрып жүріп кету мүмкін болмады. Сессияны мерзімінен бұрын тапсырып үлгерген Елена құстай ұшып жеткен. Нұртас күткен жоқ еді. «Нұртас» деген дауысқа жалт қараған оған қара түнек арасынан күн жарқ ете қалғандай болған сонда.
Нұртас ауруханада ұзақ жатты. Оны жалғыз тастап кете алмаған Елена жанынан шықпады. Көңіл құсасын ақ қағазға ақтарған ақын өлеңінің алғаш­қы тыңдаушысы да өзі. Қолы қалт етсе әңгіме жазуға отырады. Ол прозаға бейім болатын. Нұртас үшін оқуын сырттай бөлімге ауыстырды. Ауруханадан шығарда үйлену туралы ұсынысты да алдымен қыздың өзі жасады. «Тұрып кете алмасам ше? Тастап кетсе қайтемін?» деген қырыққұраулы күмән жаралы жүрегін тілгілеп, бір шешім­ге келе алмай жүрген жігітті жан азабынан арашалауға тәуекел еткен тува қызының қайсарлығына ел-жұрт та сүйсініп, той күні қарашаңырақта бас қосқан туыс-туған шын жүректерімен тілектес болып еді. Екі жас Алматыда тұрып, шығармашылыққа бірге қадам жасады. Меруерт есімді кішкентай бөбекті асырап алғандары да көңіл­деріне көп алданыш болды.
Ал екеуінің махаббаты аңыз болып, ақындардың өлеңіне айналып кете бар­ған. Жан достары болып келетін қалам­гер Ақылбек Шаяхметов бұл екеуі­не былай деп толғана жыр арнапты:
Көңілдерің мөлдіреген арайлы,
Көздеріңе қуанышпен қараймын.
Сырдың суын көрмесем де сендерді,
Сырдың егіз тамшысына балаймын.
Қос қызғалдақ көрсем өмір бағынан,
Сендер ме деп өздеріңді сағынам.
Сағынам да күбірлеймін еріксіз,
Сақтасын деп тағдыр мерген оғынан.

***
Бір күні екеуі асүйде отырып, сыртта аттарын атап дауыстаған кім екен деп балконға жүгірген. Төменде қолында дәу магнитофон ұстаған сазгер Аман­гелді Сәндібаев пен Марат Омаров қатар тұр. «Это песня вам посвящено» деп екі езулері екі құлаққа жетіп тұр. Бұл туған «Қимаймын сені» әні еді. Бұл туралы сазгер өзі былай дейді: «Алматыға келе жатқан сапарымда ақтаулық бір келіншек маған Нұртас ақын жайында айтып, тамаша өлеңіне ән жазуыма кеңес берді. Ақынды арнайы іздеп келіп, таныстым. Бір қарағаннан тағдырлы жанның тазалығы тәнті етті. «Қимаймын сені» өлеңін ұсынды. Жазып көрейін дедім. Ақынның орнына өзімді қойып оңаша қалдым. Өмірімде сезініп көрмеген толқынысты бастан кештім. Кеудемде бір үн тамылжып тұрып алды. Бұл махаббат жыры еді».
Бір-бірін терең ұғысқан егіз жүректі жарып шығып, ақын мен сазгердің екеуінің де есімін шар­тарапқа кең жайып жіберген ән мынау еді:
«Тілеймін сені, сұраймын сені тағ­дырдан,
Жан құрбым менің, жанымды оттай
жандырған.
Сезімім менің жаңарып, қайта
жаңғырған,
Жолыңда сенің,жолында сенің жан
құрбан.
Жанымда енді жүрмесең, жаным,
болмайды,
Өзіңсіз көңілім өмірге тасып
толмайды..
Айрылсам сенен болады өшпес сол
қайғы,
Тек сенің адал сезімің мені қолдайды.
Өзіңсіз жаным бақытым сәл-ақ
болмашы,
Жайнашы гүлім, жанымда жүрші,
солмашы.
Аялап өтер бақытым болшы, аяулым,
Қолдашы мені, қасірет-қайғым
болмашы.
Қимаймын сені, басқаға жаным,
қимаймын,
Сондықтан сені, өзімді оймен
қинаймын.
Сыйлаймын қалай өзгеге жаным
мен сені,
Өзіңсіз сірә, дүниеге енді
сыймаймын».

Адам болып
ғұмыр кешу бір бақыт

Ата-ана үшін перзент бақытынан қымбат ешнәрсе жоқ. Қыздарының Тува әдебиеті көкжиегінен табылып, ғылым жолына түсуін қалаған ата-ана тілегін жерге қалдырған Елена науқастанып қалған анасының жайын білмекке Қызыл қаласына аттанған. Бірақ сол жолы қайтып Қазақстанға жол жабылғанын білді ме, білмеді ме?!
Ата-ана қарсылығын жеңе алмаған ару елде қалған егіз қанатының сыңарын аңсаумен, жылаумен қаншама күндер, түндер өтті. Ал ақсұңқар ақын мұңлы кеудені алау жырдың маздаған отымен жылытып, әр таңды сағынышпен қарсы алып, қалың жұртын қараөлеңмен сусындатудан танбады. Ол өмірді сүйді. «Ғашықпын, өмір, саған!» өлеңінде:
Болса да тағдыр қиын, өмір сараң,
Таусыла жаздаса да менің шарам.
Аңсаған арманыма жетпедім деп,
Айтпаймын өкпе-реніш, өмір саған.
Басса да уайым бұлты жиі еңсені,
Шуақты тамаша өмір сүйем сені.
Халқым бар, бауырларым, достарым
бар,
Адамға тірек болар сүйенсе елі.
Солар ғой тілегім де, жүрегім де,
Қаншама қимас жандар жүр елімде.
Ғашықпын әрқашанда өмір саған,
Өшпейді махаббатым жүрегімде!
Арада қаншама жыл өтсе де сүй­геніне көңілін суытпаған ақын оны жазғырмайды. Өзін жазалаған тағ­дырға да кінә артпайды.
«Таби­ғаттың заңына бас иемін,
Қабыл­даймын сырқаттың жиі емін.
Жыр жазып, қиындықпен күресемін,
Өйткені мен өмірді шын сүйемін.
Алысып, тағдырымның күйіменен,
Әлі де өмірді мен сүйіп келем.
Аспан­да қалықтаған қыран құстай,
Самғатып, шақырады биікке өлең” – дейді. Оның қаяулы көңілін жұбататын да, күн сайын еліктіріп, сиқырлы әлемге жүр-жүрлеп, сыр ашатын да осы бір аққанат арман ғана.
“Тағдырыма налымай жарытпаған, Сезім барда дүние жарық маған” деп сенген ақынды осы арманы алдамаса екен деп тілейсің іштей.
Ақын Нұртас Ибрагимұлының әр жылдары жарық көрген “Бастау”, “Көкейкескен”, “Өмірді сүю”, “Ұлықпен сырласу”, “Қимаймын сені”, “Ғашық жүрек” жыр кітаптары және “Өмірге құштарлық” романы бүгінде әдебиет сүйер қауымның қымбат жан серігін айналып, әр үйдің төрінде тұр.

Баян ҮСЕЙІНОВА
27 желтоқсан 2020 ж. 1 357 0