№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Абай көшесі, №175. Бұл үйде кім тұрады?

Абай көшесі, №175. Бұл үйде кім тұрады?

 Zhanaqorgan-tynysy.kz Бұл сұрақ бізді қатты қызықтырды. Сосын Жаңақорған кентін екіге бөлетін темір жолдан Тәуелсіздік көшесіне дейін ұзыннан-ұзақ созылып жатқан Абай көшесіне түстік. Бағыт – №175 үйдің иесімен танысу. Абай хақында сұрау.

Әйгерім МӘДИҚЫЗЫ
Абайдың 175 жылдығында Абай көшісінің №175 үйінің тыныс-тіршілігімен танысу журналистік қиялымызға қанат бітірді. Әп-сәтте мекен-жайды тауып бардық.
Адамның өзін-өзі, жақындарын тануы тиіс. Бұл – Абайдың ұлағаты. Сондықтан ақынның мерейтойында №175 үйде тұратын тұрғындарды танып-білуіміз тиіс секілді.
Бізді Бақыткүл есімді ана қарсы алды. Оның жүзінен қайсарлық пен жылылықтың өрімдерін көруге болады. Жүрген себебімізді түсіндірдім. Бізді күтіп жүргендей ағыла сөйледі...
Ол Қармақшы ауданының тумасы. Үйдің үшіншісі. Бала кезінен тігіншілік өнерге қызығып өседі. Үйдің көлеңкесіне анасының қара машинасын ұрлана алып шығып, тігін тігеді. Тігін машинкасы да оған бірден иліге қоймайды. Бірде қисық, бірде түзу тігеді. Бірақ қайтпайды. Анасынан қалған мата қиындысынан жарамды заттар тігуді жаны қалайды. Бір күні үйдің қою көлеңкесінде әдетінше қол машинаны сықырлатып тігіп отырған-ды. Байқап қойған анасы сөздің астына алып, екінші тігін машинкасын ұстамауға әмір етеді. Бұған нағашы әжесі араша түсіп: «Бұл қызға тігіншілік қонайын деген де. Ұрыспа! Қайта белін буып, жол көрсет!» дейді. Содан бастап тігін тігудің қыр-сырын терең меңгеруге мән беріп, өзіне, бауырларына түрлі үлгідегі киім тіге бастайды.
Бойжетіп, Жаңақорғанның жігітімен сөзі жарасып, келін болып түседі. Жас келін тағдырдың сынағына ерте ілінді. Осындайда Абайдың «Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме?!» дегені ойға оралады. Не керек, Бақыткүлдің рухы мықты, бойында өнері бар, сондықтан тағдырдың сынына қарсы тұруға кірісіп, бала-шағасы үшін сағын сындырмауға өз-өзіне серт береді...
Қолынан келген бар өнерін салып, бірді екіге жалғап күн кешті. Бала кезіндегі тігін өнері оған қиын сәтте демеу болды. Жұрт базар жағалап жүргенінде көрші-қолаң, ағайын-туыстан тапсырыс алып, тігін тігеді. Ұл-қыздарын жетілдіріп, ел қатарлы болуын қалайды. Сөйтіп, Абайдың: «Құдайдан – қорық, пендеден – ұял: балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма!» қағидасына сүйеніп, перзенттеріне тәлімді тәрбие, сапалы білім сіңіруге мән береді. 
...Біз барғанда да тігін машинасы алдында тұрды. Бір сәтте көңілі құлазып, көз жасына ерік беріп:
– Енді ғана өз-өзіме келе бастаған едім, үлкен ұлым жұмыс барысында қаза тапты. Құдайы асын бердім. Құлыншағымның қабірі нұрлы болсын! Оның артында қалған балаларын көңілге медет етіп отырмын. Он сегізге жаңа толған қырмызы қызғалдағым да мәңгілік мекеніне мезгілсіз кете бар-
ды, – деді.
Тағы да Абайдың сөзі көңілге медет, ойға қуат берді. Абайдың Әбдірахманның әйелі Мағышқа айтқаны ойға өрілді.
– Жылағанды тоқтатып,
Ынсап қылсақ жарайды.
Қоймасаң, қайғы ауыр боп,
Тұл бойыңа тарайды.
Қызыл гүлің суалып,
Ақ көңілің анық қарайды.
Һәммә жанды ауылымен
Патша құдай сынайды.
Бір сен емес, жылатқан
Сыңарын алып талайды.
Бәрімізді аясаң,
Тоқтау қылсаң ұнайды.
Ұмытқаның жарамас
Жаратушы құдайды.
Халық билеген патшалар,
Уақыты жетсе, құлайды.
Дәл уақыты жеткенде,
Талайдың гүлі қурайды.
Рәсүлді алған бұл өлім
Кімнен жөнді сұрайды? – демеп пе еді ағартушы Абай.
– Бәріміз Алладан келгенбіз, Аллаға қайтамыз. Десе де, көзі жәудіреп жетім қалған немерелеріме алаңдаймын. Әке мейірі қашан да бөлек қой, – деді ана жүрек.
Бақыткүл Халыққызы бос уақытында жан азығы саналатын кітапты қолына алып, онымен сырласып, түрлі тағдырлар тоғысқан таңғажайыптан өзін көргендей болады. Абаймен рухтас екенін сезініп, ақынмен мұндасады. Сан сауалына жауап табады.
Иә, Бақыткүл Таубаева Абайдың рухани мұрасын темірқазығына айналдырған. Ұлы ақынның уақыттың төрелігіне бағынбайтын, мәңгілік тақырыптарды арқау еткен құнды мұрасын жадына тоқып, өмірдің сан сынағында қару етіп келеді.
Міне, Абайдың 175 жылдығы аясында Жаңақорған кенті Абай көшесі, №175 үйдің тұрғыны Бақыткүлдің өмір-тынысына қанығып қайттық. Үйіне келіп «әже» деп құшағына енетін тәтті немерелерінің болашағының баянды болуын тілеген ақ жаулықты ананың ақжарма тілегі орындалсын деген тілекпен қайттық.
29 қараша 2020 ж. 1 499 0